Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2797 0 пікір 15 Наурыз, 2011 сағат 05:49

Владимир Антипин. Cібірліктердің орыс болғысы келмейді

Соңғы кездері: «Сібір Ресейден бөлінеді» деп байбалам салушылар көп. Елдің шығысына қарай ойысқан сайын ол жерде «Қытайдан төнер қауіпке» сенетіндер аз.

Сарапшылардың ортақ пікірінше, болашақта Сібірді Ресейден тартып алғысы келетіндер болса, олар жатжұрттықтар емес, сібірліктердің өздері болмақ. Шығыста ешқашан Мәскеуді көрмеген, ол туралы жақсы сөз естімеген ұрпақ өсіп-жетілді. Соңғы халық санағы кезінде «ұлтын» «сібірлік» деп көрсеткендер рекордты көрсеткішке жетті. «Русский репортер» тілшісі осы Сібірге, яғни 5-10 жылдан кейін Кавказдан да зор бүлік шығуы мүмкін аймаққа барып, қауіптің қалай пайда болып жатқанын өз көзімен көріп қайтты.

Расында да олар өте көп!

Соңғы кездері: «Сібір Ресейден бөлінеді» деп байбалам салушылар көп. Елдің шығысына қарай ойысқан сайын ол жерде «Қытайдан төнер қауіпке» сенетіндер аз.

Сарапшылардың ортақ пікірінше, болашақта Сібірді Ресейден тартып алғысы келетіндер болса, олар жатжұрттықтар емес, сібірліктердің өздері болмақ. Шығыста ешқашан Мәскеуді көрмеген, ол туралы жақсы сөз естімеген ұрпақ өсіп-жетілді. Соңғы халық санағы кезінде «ұлтын» «сібірлік» деп көрсеткендер рекордты көрсеткішке жетті. «Русский репортер» тілшісі осы Сібірге, яғни 5-10 жылдан кейін Кавказдан да зор бүлік шығуы мүмкін аймаққа барып, қауіптің қалай пайда болып жатқанын өз көзімен көріп қайтты.

Расында да олар өте көп!

- Сібірлік болып жазылуға мүмкіндік берілді ме? Мен мұны бұрын неге естімегенмін? Осы уақытқа дейін: «Мен кіммін? Орыспын ба, татармын ба?» - деп басымды қатырып жүрдім, - дейді Новосібір студенті Алексей Қасымов. Ол халық санағы кезінде ұлтын орыс деп көрсеткен. Ал Алексейдің әкесі - татар, шешесі - орыс. Онымен «Ресей үміті» атты жанармай бекетінің жанындағы шағын кафеде әңгімелестік.
- Әрине, мен сібірлікпін. Иә, орыс та, татар да емеспін, сібірлікпін. Бұл қызық естіледі екен, - деді Қасымов көңіліне жағымды сөз тапқанына қуанып.
Сібірде Алексей секілді «қызықшылдардың» көптігіне қарап, күлкің бірден тыйылатын тәрізді. Халық санағының ресми қорытындысы әлі жарияланған жоқ. Десе де, Ресей статистикасы аймақтық басқармасының қызметкерлері Түмен, Омбы, Новосібір, Кемер, Краснояр, Үркіт, Барнаул және Саха тұрғындарының көбісі сібірлік болып жазылғанын жасырмайды. Красноярдағы аталған басқарманың бір қызметкері бейресми оңаша әңгіме кезінде былай деді:
- «Сібірлік» ұлт - статистикалық ауытқу­шылық та, эльфтер, орктер және атланттықтар секілді «әзіл-қалжың» да емес, медициналық нақтылыққа айналды. Өткен халық санағында бұл адамдардың көбі өздерін орыспыз деп санаған еді. Арада небәрі сегіз жыл өткеннен соң, олар сібірлік болып шыға келді.
Бұдан соң статистика қызметкері сыбырлап сөйлей бастады:
-  Расында да, олар өте көп! Егер санақшылар өз ісін адал атқарғанда, сібірлікпіз дейтіндердің саны одан да арта түсер еді. Санақшылардың көбі үй-үйді аралаған жоқ, анкеталарды үй кітапшаларындағы мәліметтермен толтыра салды. Ол мәліметтерде тек қана орыс не өзге ұлт деп қана көрсетілген.
Бастапқыда халық санағы кезінде «сібірлік» болып жазылу идеясы  интернетте тарады. Көп адам бұған жастардың кезекті «флешмобы» ретінде аса мән бермеген. Әйтсе де, бұл идеяның виртуалды кеңістіктен шығып, жергілікті халықтың арасына осылайша кеңінен тарап кететінін бастамашыл­дар­дың өзі күтпеген еді. Тіпті санақ қарсаңында Сібірдегі мемлекеттік БАҚ-тар сібірлік деген ұлттың жоқ екенін, ұлтын орыс, украин, татар, еврей деп көрсетуін өтінді. Эфир уақыты мен газет беттерінің дені осындай үгіт-насихатқа жұмсалды.      
- Мен өзімді сібірлікпін деп сезінемін, - дейді красноярлық блогер Александр Коновалов. - Ресейді түгел аралап шықтым, сонда біздің өзге ресейліктерге ұқ­са­майтыны­мызды түсіндім. Біз орыстардың кім екенін де білмейміз. Кеңес өкіметі кезінде орыс мәдениетін жоғалтып, «кеңес халқы» болдық. Бүгінгі күні орыс дегеніміз - абстракциялы ұғымға айналды. Біздің еліміз Русь емес, Ресей деп аталады. Сібірлік деген бұдан гөрі нақтырақ. Мен Үндістанда тұр­ған кезімде, үнділер «Сен өзге орыстарға ұқсамайсың. Мұның сыры неде?» деп сұрайтын. «Олар - мәскеуліктер, мен - сібірлікпін» деп, оңай түсіндіретінмін. Елімізде де, шетелдерде де орыстардың имиджі нашар. Бірақ бұның сібірліктерге әсте қатысы жоқ. Демек, сырттан қарағанда да, біздің әртүрлі болғанымыз ғой.
Александр Коновалов «Біз - сібірлікпіз!» атты ұранды көтеруші. Шындығында, ол тек  сібірліктердің көңілінде көптен жүрген ойды бірінші болып айтушы ғана. Дей тұрғанмен, ол өзін жікшіл деп есептемейді. Айтуынша, санақ кезінде сібірліктердің қыр көрсетуі - Ресейден бөлінуге шақыру емес, жартылай колонияға айналған өз ахуалына федералды биліктің назарын аудару.    
- Қазір іс жүзінде митинг өткізуге тыйым салынған. Халық санағы наразылық білдірудің бірден-бір жалпыұлттық мүмкіндігі болып қалды. Бюджеттен көл-көсір ақша алып жатқан Кавказбен салыстырсақ, біздің жақтың халқы одан да қатты наразы. Кавказ - ештеңе де өндірмейді. Несіне ренжиді? Мұндағылар орталықтың біздің есебімізден өмір сүріп отырғанын жақсы біледі. Меніңше, бізге шынайы федерализм керек. Орталықсыздандыру жүргізіліп, жергілікті өмірді қайта жандандыру қажет. Сонда елдің өкпесі тарқайтын болады. Мәскеуден бөлінуге келсек, бұған қарсымын. Оның бір себебі - бұл жерде бізді басқара алатын да адам жоқ.

Сібірліктер темекі тартпайды

Канск шағын қала. Краснояр қаласынан 300 шақырым жерде. Үйлері тозған. Жолдары ойдым-ойдым. Адамдардың жүздерінде түңілу бар. Краснояр, Новосібір және Омбыны есепке алмағанда, Сібірдің қалалары бір-біріне өте ұқсас: кәсіпорындардың дені жабылған, ал жұмыс істеп тұрғандары мәскеуліктерге тие­сілі. Ол кәсіпорындардың кейбірі Петерборда, қалғандары - Кипр және Виргин аралдарында тіркелген. Зауыт, фабрика және шахталардың қожайындары жергілікті жердің мұң-мұқтажына пысқырып та қарамайды.
Канск де жаңа салынған құрылыс - тек қана екі тұрғын үй мен жеңіс аркасы. Ол арканы қала мэрінің не үшін салғаны да белгісіз. Бұдан басқа әкімшілік қызметінің ізі де жоқ. Петербордан келген адамдар ұйымдастыратын, жыл сайын өтетін Кан кинофестивалі қаладағы ең басты оқиғаға айналды. Бұл - сібірліктерді Ресейдің қалған өңірлерімен байланыстырып тұрған жалғыз ғана мәдени шара.
- Біз болашағы жоқ қаланың тұрғындары болып есептелінеміз, - деп сөзін бастады жергілікті кәсіпкер Олег Черноморский. - Мақта-мата фабрикасы әлдеқашан тоқтап қалған. Әскери бөлімдер таратылған. Бұрын жергілікті халық орман ағашын қырқып, өңдеумен күн көретін. Қазір орман ағаштарының қожасы - мәскеуліктер. Енді біз тек қана орманды сыртынан тамашалай аламыз.  
Саяхаттап жүргеніме бір апта болған кезде мен мына жайтты анық түсіндім: сібірліктер «мәскеуліктер» деп Мәскеу тұрғындарын емес, өздерін Америкадағы британ әкімшілігі өкілдеріндей ұстайтын әлдебір қатыгез қауымдастықты айтады. Ол қауымдастық өкілдері - тонаушылар. Қазба байлықтарды тасып әкетеді, жергілікті халыққа шыны моншақ бергендей арзымайтын жалақы, зейнетақы, инфрақұрылымды сақтап тұру үшін азын-аулақ қаржы береді. Сөйте тұра, олар өздерінің біртұтас халық екенін ұдайы жергілікті халықтың есіне салып кісімсінеді. 
Бұл жерде Орал тауының арғы жағында не бар екенінен мүлде хабарсыз ұрпақ өсіп келеді. Оларға Мәскеуге барғаннан гөрі Қытайға барған әлдеқайда арзанырақ. 
- Қытай қатты таңғалдырды, - дейді Черноморский. - Жақында Манжурияда болдым: аспанмен таласқан зәулім үйлер, хайвей - нағыз ХХІ ғасыр. Шекараның біз жақ бетінде жұртта қалған Забайкалск қаласы бар. Бұдан соң Ресейде тұрып жатқаныңа ұялады екенсің. Манжурияны жапондардан азат еткен орыс сарбаздарына қойылған ескерткішті қытайлардың қалай құрметтейтінін көргенде, өз еліңнен безіп кеткің келеді. Өйткені Ресей өлілерді былай қойғанда, тірі ардагерлерді есіне де алмайды.
Олег - шағын компьютер фирмасының иесі. Онысы шалажансар күйде. Қалалықтардың сатып алуға деген қабілеті айына екі рет оянады. Бірі - зейнетақы бергенде, екіншісі - әлеуметтік жәрдемақы таратқанда.
- Меніңше, жаңа ұлттың пайда болуы - халықтың қарсылығы, - дейді Черноморский. - Сібірден мұнайды, көмірді, ағашты, руданы тасып әкетеді. Мұнда әкелетіні  - радиоактивті қалдықтар. Қалжыңдап тұрған жоқпын: жақында есігімнің алдына радиоактивті қалдықтарды әкеп төгіп тастады. Сібір - XVII ғасырдағыдай отар ел. Қазір бодандық салықты мұнай, газ және көмірмен алмастырды. Бар нәрсені біздің аузымыздан жырып әкетуде. Сібірді Мәскеуден тағайындалғандар басқарып отыр. Олар отарлық әдіспен жұмыс істеуде. Әрине, Төлеевтен басқалары. Мәскеу снобизмі көңіліңе келіп қана қоймайды, зығырданыңды қайнатады. 
Қазір Кемеревода тұрмыз. Красноярдан 500-ден аса шақырым жер. Бұл жақтағы халықтың көңіл ауаны да жоғарыдағыдай. Менің алдымда Василий Попок деген танымал журналист отыр. Оның отбасы халық санағы кезінде түгелдей сібірлік болып жазылды. Попок өз ұстанымын қарапайым әрі нақты түсіндіріп берді.
- Кавказ Мәскеумен соғысты. Соңында оны сатып ала салды. Кремль орыстарға ақша шығарғысы келмейді. Орыстарды сатып алғың келмесе, енді сібірліктерді сатып алуға тура келеді. Кімнің қымбатқа түсетінін әлі көре жатармыз!
Менің әке-шешем де Сібір мен Ресейді екі бөліп атайтын. Қазір мәскеуліктер секілді сібірліктердің субэтностық келбеті қалыптасты. Сананы тұрмыс билейді деген. Орыстардың аймақтық бір тармағы боламыз ба, бөлек ұлтқа айналамыз ба, ол жағы билікке тікелей байланысты. Украиндар да бір кездері ұлыорыстық халықтың субэтносы болған. Шешім қабылдайтын адамдар мәскеуге қарсылық белгілерін аңғара алуы қажет. Өйткені бұл наразылық қазір тек қана экономикалық мәселеге тіреліп тұр. Бейнелеп айтқанда, Газпром мұнарасын Петербордан Жаңа Уренгойға көшіруге әлі де уақыт бар. Сонда бәрі дұрыс болады. Мәскеу шенеуніктер тыныш өмір сүретін Залесский қаласына айналады. 
Алпысты алқымдап қалған Попок бір сәт үнсіз қалды да, әңгімесін жалғастырып кетті:
- Жалпы ерке, жайлы тұрмысты ұнататын, еркетотай мәскеуліктен гөрі, өзіме сібірлік болған ұнайды. «Мықты сібірлік» идеясы мен сияқты қарттарға ұнағанда, орыс жастарын қалай еліктіріп кететінін өзіңіз бажайлай беріңіз.
Новосібірге қайта келдік. Аймақтық экстремизмге қарсы тұру жөніндегі департамент қызметкерімен сөйлесіп отырмын. Ол өз аты-жөні мен шенін көрсетпеуді өтініп, былай дейді:
- Мен мемлекеттік құпияны жариялайын деп тұрғаным жоқ. Қазір полиция реформаланып жатыр. Көзге түсіп, жұмыстан қысқарып қалуға бастықтарыма себеп тауып бергім келмейді.
Мәскеуліктер үшін сібірліктердің қозғалысы орынсыз, күлкілі көрінеді. Олар Ресейден ешкім бөлініп кетпейді деп сенеді. Мен де солай ойлаймын. Қауіп басқада. Орыс болудан бас тартқан адам, орыстарға тән іс-әрекеттен де бас тартады. Көпшілік үшін орыстар деген кімдер? Бәрінен бұрын олар - алқаштар, бейшаралар мен көмпістер. Жиырма жыл бойы осыны құлағымызға құйып келді. Орыс болудан бас тарту арқылы адам алқаш, бейшара, көмпіс болудан қашады. Біз жастардың бір тобын бақылап жүрміз. Олар өзін сібірліктерміз деп танығаннан кейін арақ ішіп, темекі тартпайтын болды. Санадағы бұл өзгеріс - билікке қыр көрсету. Билік орыстарды қалай басқаратынын біледі. Ал сібірліктерді қалай басқармақ? Сібірліктер өздерін біреулердің басқарғанына көне қоя ма? Ол да - үлкен мәселе. Айтпақшы, мен де темекіні тастадым.

Сібір «содырлары»

Сібірде интернет-қалжыңбастары мен идеялық салт бастылардан бөлек, Орал тауының Шығыс жағында жаңа мемлекет құруға ұмтылып жүрген жақсы ұйымдасқан құрылым да бар. Олардың іс-әрекетін жергілікті халық әзірге үнсіз мақұлдайды. Бұрынғы милиция арнайы жасағының жауынгері Александр Будников экстремизмге қарсы күресушілердің басты нысанасы. Оған және оның серіктеріне қатысты төрт бірдей қылмыстық іс қозғалды. «Қару қолданып Сібірді Ресей федерациясынан бөліп алуды көздейтін экстремистік топ құрды» деген күдікпен Будниковке айып тағылып отыр. Ол өзі мен әріптестерін «русич» деп атайды. Бұл, әрине, сібірлік деген сөз емес. Орыс та емес.
- Біз Ресеймен конфедерация құруды жақтаймыз. Қалай десек те, бұдан қашып құтыла алмаймыз. Мәселе - оның қалай іске асатынында, яғни қан аз төгіле ме, көп төгіле ме, бар гәп осында, - дейді Будников.
Сібірді Ресейден бөлу туралы алғашқы идея бұдан бір жарым ғасыр бұрын пайда болыпты. Алғашқы жікшілдер жергілікті халық алдында беделді еді. Патша өкіметі бұл мәселені былай шешті: бөліну саясатының идеологтары Николай Ядренцев пен Григорий Потанинді тұтқындап, Ресейдің солтүстік губернияларына көшіріп жіберді.

XVIII ғасыр
1721 жылы Петерборда Сібірдің бірінші губернаторы, князь Матвей Гагарин дарға асылды. Қатал жазалауды көруге бірінші Петрдің өзі келген. Оның денесі 7 ай бойы Биржа алаңында ілініп тұрған. Рес­ми құжаттар бойынша, Гагарин қазынаға қол салып, туысқандарына ерекше қамқорлық көрсеткені үшін, патшаның кәріне іліккен. Кейбір деректер бойынша, ол Ресейден Сібірді бөліп алуға ұмтылған көрінеді. Тіпті алғашқы әзірлік ретінде қару-жарақ жасап шығара бастапты.

XIX ғасырдың ортасы
Петерборда сібірліктердің жерлестігі құрылды. Оның жетекшілері Сібірді Ресейден бөлуді қалайтын Николай Ядринцев, Григорий Потанин және Серафим Шашков деген идеологтар еді. Жікшілдік идеясын Герцен мен Огарев те қолдаған. 1863 жылы Ядринцев пен Шашков «Сібір патриоттарына» атты үнпарақ таратады. Онда Сібір өз халқының болашағы үшін Ресейден бөлініп, Америка секілді штаттардан тұратын Сібір республикасын құруға шақырған.

ХХ ғасырдың басы
Революциялық көңіл-күй жікшілдердің жаңа толқынын тудырды. 1917 жылы май айында Үркітте облысшыл-автономистердің жиыны болды. Сібірдің қоғамдық ұйымдар конференциясы аймақтың автономиясы туралы қаулы қабылдайды. Қар мен тайганы еске түсіретін ақ және жасыл түсті Сібір жалауының жобасын да бекітеді.
Сібір автономиясы екі оттың арасында қалды. Бір жағынан, большевиктер, екінші жағынан, адмирал Колчак әскері бүйірден қыса бастады. Кеңес үкіметі орнаған соң, жікшілдердің біразы шетелге бас сауғалап кетсе, қашып үлгермегендері түрмеге қамалып, соңынан атылды.

Дерек пен дәйек
Сібір жікшілдігінің тарихы

ХХ ғасырдың аяғы мен ХХI ғасырдың басында
1989 жылы Томск қаласында Сібір жерінің конфедерациясы атты егемен ел құруды жақтайтын «Сібір» атты комитет құрылды. Кеңес одағының ыдырауы орталыққа қарсылық үрдісін күшейтті. Томскіде Сібірдің тәуелсіздігі атты партия пайда болды. Оның жетекшісі Борис Перов «биліктің отарлық құрылымы алынып тасталсын» деп ашық мәлімдеді. Сібірдің тәуелсіздігін жариялап, өз партиясын жаңа елдің жоғарғы мемлекеттік органы ретінде тануға шақырды.  
1993 жылы Краснояр өлкелік кеңес депутаты Вячеслав Новиков жергілікті радио арқылы өзінің Краснояр өлкесінде егеменді Енисей республикасын құру үшін бар күш-қайратын жұмсайтынын айтты.
Уақыт өте келе тәуелсіздік үшін күрес толқыны саябырсыды. «Сібір» комитеті секілді ұйымдар мен Сібірдің тәуелсіздігі партиясы серкелерінің алауыздығы кесірінен өмір сүруін тоқтатты. Шешенстанға әскер кіргізілген соң номенклатуралық жікшілдік аяқталғандай болған.

Владимир Антипин, «Русский репортер»

«Жас қазақ» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502