Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін мен тін 6871 13 пікір 4 Қыркүйек, 2018 сағат 11:43

Бүгінгі – «провокатор», ертеңгі – террорист

Қазақстанның Білім және ғылым министрі өткенде өңкей журналисті жиып, брифинг өткізген еді. Сағадиев «сарбаздары» һәм БжҒМ қабылдап жатқан өзгерістерді егжей-тегжейлі сол кезде жаздық.  «Бәрекелді» дейтін жерінде біз де бәрекелдіге бастық. Десе де сол жиында бір дүние ескерусіз қалды.

Академик Сағадиевтің министр баласы мектептердегі бірыңғай форма жайлы айтты. Соның ішінде діни сипаттағы киім үлгілері мектептерге жарамайтынын тілге тиек етіп, даудың нүктесін қойғандай болды.

Министр не деді? Министр: «Хиджабқа келер болсақ, мектептерде хиджабқа тыйым салынған. Біздің позициямыз өзгерген жоқ. Оқшаулап оқытуға келсек, оқшаулап оқыту мен діни оқытуды шатастырмаған жөн. Оқытудың түрі қандай болса да, мектеп бағдарламасы бірыңғай. Ол солай болып қалады. Сондықтан, кез келген оқыту түрі, кез келген мектепте ортақ. Ол – мемлекеттік жалпы білім беру стандарттары бойынша жүргізіледі. Біз қабылдаған бағдарлама бойынша жүргізіледі. Бұл бәріне қатысты», - деді.

Министр сөз түйінін түйіндей келе, министрліктің бұл шешімі жұрттың қолдауына ие болады деп сенетіндігін жеткізді.

Осыған дейін Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасы да мектептерде хиджаб кию мәселесіне үн қосып, министрліктің сөзін сөйлеген еді.

Естеріңізде болса, былтыр дәл осы мектеп формасына қатысты жұрт ішінде дау туды.  Қазақстандағы жалпы білім беретін мектептерде хиджаб киген оқушыларды мектепке кіргізбеген еді. Бұған наразы болған ата-аналар балаларын мектепке жібермеуге дейін барғаны белгілі.

Біз бірлі-жарым статистикаға көз жүгірттік. 2009 жылы жүргізілген жалпыхалықтық санақтың нәтижесі бойынша Қазақстан халқының 70,2 пайызы мұсылман дінінде екен. 26,2 пайызы христиан дінін ұстанса, 2,8 пайызы құдайсыздар қатарында тіркеліпті. Ол кезде халық саны 16 миллионның төңірегінде болды. Соңғы есеп бойынша Қазақстан халқының саны 18 миллион 272 мыңнан асып жығылды. Жоғарыдағы көрсеткіштер де аз-кем өзгерді. Ресми жүргізілген жалпыхалықтық санақтың нәтижесі болған соң, біз есепті сол 70 пайызбен қарастырдық. Қазақстан мұсылман дінін ұстанушылар жөнінен ТМД-да 4-орында тұрады.

Мұнымен не айтпақпыз? Министр Сағадиевке сыбаға тартып, сазайын берейін деген ойымыз жоқ. Керісінше, ұсыныс айтпақпыз. Жалпы білім беретін оқу орындарында діни сипаттағы киімдерге тыйым салғанын жоғарыда министрдің өзі де айтты.

Бұған қоса, жалпы және арнайы білім беретін мекемелерде діни жоралғыларды жасауға Заң жүзінде тыйым салынуы керек екенін ескертуді жөн көрдік.

Бұлай деуімізге, өткендегі Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы спорт мектебінде болған оқиға себеп тудырды. Осыған қатысты қоғамда қызу талқы болды. Спорт мектебінің бірнеше тәрбиеленушісі ұстаздың тыйым салуына қарамастан, қасақана арандатушылық әрекет жасады. Провокация жасау арқылы, ұстазды жоғарыдағы исламшыл топтың талауына салды. Ақырында ұстазды жұмыстан қуып, жұрт алдында кешірім сұратты.

Кейін белгілі болғандай, бесіктен белі шықпаған бұлардың дәстүрлі емес діни ағымның жетегіне ергенін ата-аналары айтты. Балаларының бәлеқорлығы үшін ата-аналары кешірім сұрап, олардың қандай діни жоралғы жасап жүргенінен хабарсыз екендіктерін жеткізді. Ал ол балалар – кәмелет жасқа толмағандар еді. Міне, мәселе қайда жатыр?

Қазақстан халқының басым бөлігі ислам дінін ұстанатыны рас. Статистика солай дейді. Оны жоғарыда көрдік. Десе де, 70 пайыз жұрт өзін мұсылман деп таныған біздің қоғамда ислам дінінің бүгінгі келбеті көкейтесті мәселе болып тұр. Біз елдегі дәстүрлі емес діни ағымдар жайлы сөз еткенді жөн көрдік.

Бүгінгі Қазақстанда маңызы зор мәселелердің бірі – діни экстремизм және терроризммен күресу. Діни экстремизм мен терроризмге ел де, Елбасы да қарсы. Президент Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің 2011 жылғы 22 шілдедегі отырысында құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдарына экстремизм көріністерін қатаң және жедел түрде тоқтатуын тапсырған.

Қазіргі уақытта ҚР сот шешімі бойынша заңмен тыйым салынған экстремистік ұйымдарға «Хизбут-Тахрир», «әл-Каида», «Таблиғи жамағаты», «Асбат-әл-Ансар», «Әлеуметтік реформалар қоғамы», «Орталық Азия можахедтер жамағаты» «Аум Синрике», «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы», «Түркістанның ислам партиясы», «Джун-Аль-Халифат», «Такфиризм», «Сұр қасқыр», «Мұсылман бауырлар», «Күрд Халық Конгресі», «Өзбекстанның ислам қозғалысы», «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс», «Лашкар-и-Тайба», республикалық қоғамдық бірлестік «Сенім. Білім. Өмір» ұйымдары жатады.

2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданды.

Осы жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік тіркеуден өткен соң ғана діни ұйымдар өз қызметін Қазақстанда жүзеге асыра алады, сонымен қатар 3 баптың 11 тарауында айтылғандай «Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелмеген дiни бiрлестiктердiң қызметiне, сол сияқты Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дiнге көзқарасын айқындауда, діни бірлестіктердің қызметіне, дiни жораларға және (немесе) дiндi оқып-үйренуге қатысуына немесе қатыспауына қандай да бiр мәжбүрлеуге жол берiлмейдi».

Президент осы Заңды негізге ала отырып, бірқатар тапсырма да берген. Міне ол тапсырмалар:

-жоғары білікті мамандар мен дінтанушылар, теологтар мен имамдарды даярлау;

-Қазақстандық патриотизмді үгіттеу және насихаттау;

-бұқаралық ақпарат құралдарымен белсенді ынтымақтастық; үздіксіз қоғамдық-ағарту жұмыстарын жүргізу;

-дін саласындағы мемлекеттік саясатын жүзеге асыру, діни экстремизмге байланысты мәселелерін талдау;

-экстремистік бағыттағы ұйымдар мен топтар жөнінде ақпарат беру;

-қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайту мақсатында конфессиялар мен ұлттар арасындағы конструктивті диалогті дамыту;

-жасөспірімдерді рухани және патриоттық тәрбиелеу жолында облыстың қалалары мен аудандарына білікті теологтар, әншілер мен ақындардан тұратын керуенді жіберу;

-жас жеткіншектердің дұрыс әлемдік көрінісін қалыптастыру үшін орта және жоғары оқу орындарында діни тақырыптарға фильмдерді көрсету;

-жастардың демалыс және бос уақытын өткізу мәселелерін жақсарту; үлкен қалаларда ғана емес, сонымен қатар кіші аудандарда клубтар, демалыс орталықтары, спорт мектептері және басқа да әлеуметтік-мәдени мекемелердің белсенді жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

-жастардың әлеуметтік және материалдық қауіпсіздік деңгейін арттыру;

-жас мамандарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу;

-жастар үшін тұрғын үй құрылысы бағдарламасына қолдау көрсету.

Мектептерде діни сипаттағы киім үлгілеріне тыйым салған Сағадиев мырза, жалпы және арнайы білім беретін мекемелерде діни жоралғылар жасауға да тыйым салуы керек-ақ.

2018-2019 оқу жылы басталды, міне. Ертең-бүрсігүні қыздарын хиджабсыз мектепке жібермейтін ата-аналардың дауы қайта қозады. Немесе интернаттарда діни жоралғы жасап, өзін бір, өзгелерді екі дауластыратын шала сауатты «арандатушылар» тағы шығады. Ал сол интернаттағы тәрбиеленіп жатқан бала интернеттегі псевдо діни көсемдердің көлгірсіген көп сөзіне еріп кетпесіне кім кепіл? Бүгінгі «провокатор» ертеңгі – террорист. Сондықтан, министрге және бір ескерту, бұл.

Біздің ұсынысымыз:

1.Мектептерде, жалпы және арнайы білім беретін мекемелерде намаз оқуға;

2.Мектептерде және жатақханаларда намаз және өзге де діни жоралғыларды жасауға;

3.Жұма күндері сабақ уақытында намазға баруға;

4.Діни сипаттағы бұйымдарды (таспих, мисуақ, тақия т.б.) мектепке әкелуге және насихаттауға;

5.Діни сипаттағы оқу құралдарын, кітаптар, аудио және бейне жазбаларды мектепке әкелуге тыйым салынуы керек.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373