Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Алашорда 7432 11 пікір 5 Қыркүйек, 2018 сағат 09:39

Тұран Елінің  патшасы Сары Оғлан Қараханның өсиеті

1. Қара қытай қаптаса,

Ыслабан  жиенннен  жақын  жоқ!»

 

2. «Жөгіт» келсе, «Желік туды» дауыл көтереді!

 

3. Ай бетінде Айдаһардың сүйегі бар.

 

4. «Ұлу жылы» істеген  жақсылығың,

Ұлы  күндерге  саналады.

Ұлу  жылы  туғандар,

Күрең  жолға бармасын!

Күлбадам  атқа  мінбесін!

Жұлдыздан хабар келсе,

Ілімнен  қадір  кетеді!»

 

5. Диханшылық – судың, дәннің, жердің,

Нұрдың  сырын білгенге  қонады.

 

6. Тәні сұлудың сәні  тайса,

Ары  бірге  төгіледі.

Ары, жаны  сұлудың,

Сәні  тайса, иманы  жабады!

 

7. Керей көшпейді, көршісі жылап келмесе...

Керей көшсе,  дауыл тұрар!

 

8. Қытай көршісінен қорықса,

Қорған  салар!

 

9. Сүйегім керей болған соң,

Етімді Тұранға турап бердім!

Тұран Керей болғанда,

Жаһанды сұрар едім!

Керейдің сырттаны ұлыса,

Бөрісі сегіз туғаны!

Керейдің батыры атқа отырса,

Қытайдың  батпағы көбейер!

 

10.  «Құсілімде» қынадай болдық,

«Тұңғы» белде шіріді.

Қыран тұғырдан құс алды.

«Құсшөлдеген» жұт  келді,

Жусандай  қалдық!

Кер Атаның Керейі

Жаһанды «Би Самбы» сұрады.

«Үш қаһабат» құлады!

«Дамас Тәңірқұт Көкті» келді.

Бәйтеректей шайқалды.

«Баһанды» алды  болды! – депті.

Түсіндірме:

«Құсілім» - топан судың қайтып, тіршіліктің жанданып қалыпты деңгейге түсуі.

Қынадай  болдық – дегені, тұқымымыз  көп  болды. Бізге  тиер, қарсы  шығар  жау  жоқ  болды деп, Тұңғы - белде  шіріді  сөзі,  яғни қанжар  қынынан  суырылмай  бейбіт  заман  орнады  дегені. «Би» - дегені  жеті  саны, «Самбы» - дегені  қарақшыдай  жау  торуылдап, жердің бетін жеті айналып шықты, «Үш Қаһабат» - «Жұмыр Жер жаһандағы ең биік Қазығұрт тауы үш рет құлады» - дегені. «Дамас Тәңірқұт Көкті» - «Көкте бір ғана  билеушінің  бар  екенін мойындадық!» - дегені. «Баһанды алды» - деген сөз, ел болып, бір  көсемге  бағынып, бір ілімді, яғни Исламды мойындадық!»  - деп айтқаны. «Баһан» - Елбасшы, яғни «Көсем» - дегені. «Бисамбы» - Жеті  қарақшы, яғни  «Құсілім» заманында Жаһанды жеті рет  жаулап алған, жеті рет жұт келді» - дегені...

 

Құл  Мәлік, Құм  Білді  Данышпан  Керуен  жырау.

Осы  Киелі  Әулие, әрі  Данышпан, көңілдің  қаймағын  ұстаған, Алып  жырау  Тараз  шаһарында  өмір  сүрген. Сары Оғлан  Қарахан  патшаның «Ноқталы»  ұстазы  болған. Керей Ұлысының жеті  Ордасы  осы  Данышпанның  ақыл-кеңесімен  жүрген. Біздің  заманымызға  осы  Данышпан  жыраудың  аты  тіл  салтымызға  еніп, таңданыс сезімінде болған  кезде  айтылатын: «Ой  пірім –ай!»  және  «Мен  саған  «Құмбіл»  болдым!» - деген сөйлемдер  осы  Бабаның атынан  бастау  алыпты.

Құм Білді Данышпан, Сары Оғлан  Қарахан  патшаны  таққа  отырғызып, өзі  бастаған  жеті  Ұлысты  да  оның  қарамағына  кіргізеді. Өзі Ұлы Ата-Бабалардың  ежелгі өсиет, салт – дәсүр ізімен Жер Жаһанды кезіп, Ел аралап Ұлы Бабаларға зиярат  жасап, араға жиырма бір жыл  тастап Таразға оралып, Сары Оғлан Қарахан  патшаға  келіп  сәлем  береді:

- О жалғанда, жалған, «Құмжалған»!

 Жер  беті  қанша  шайқалған?!

 Тәңірқұттан сұрасам,

Жалғанның  құлпын  аш  дер ем!

Амур  Дария  Забурым!

Суран  Дария  Жамұшын!

Оларда  мендей ойланған!...

Уа,  Жамағат,  жол  болсын!

Жол басында  Ел болса,

Өсиет алар Ұл болсын!

Сақ Абадан  қоспайын,

Етек  жалғардан  қозғайын,

Қаһары һайбарлы  хандардан, 

Қаһары сел болса да,

Тектілерге келгенде,

Әділдісін көргенде,

«Тіл керуенге» байланған!

Балһары Қазақ Нұр бұлақ,

Қазақтан тарап  Ту  болып,

Төрт  Құбыладан  олжа  алған!

Атажұрттан  қашқандар,

Атажұртқа  оқ  атқандар,

Ақ  сүтін  шенге  сатқандар,

Өз  босағасында  құл  болған!         

«Үшайкер», Тараз, «Кереку»,

«Шираз», «Отбасыр», Сайрамнан,

Құл Мәлік, Құм Білді, Құл Керлер,

Маған  дейін  киелі  толар  үш  болған!

«Қамбалыңа» - қанағат  тарт!

Тартпағандар  екі  дүниесі  қор  болған!

Дүниеге  қыз  келсе,

«Төс бұлақтың»  сырын  айт!

Дүниеге  ұл  келсе,

Қазығұртқа  ақ  беріп,

Кер Сақ Аб «Сансыз Бабаның»

«Төрт Құбыладағы» ізін  айт!

Жұмыр Жаһанға  аунаған

Қазақ  Қаһанның  жолын  айт!

Балбалыда  «Құсы»  қалған,

Үшбау Жәділер  қаншау  кім  білген?!

Күн тұтылса, ай толар!

Төрт «Асарымен» жыл  толар!

Төрт «Жұмазбен» ай  толар!

«Қос  алақан киелі  жас»,

Жылым  Барыс, Тайсойған!

Уа «Халпешім!»

«Уәл Баһан» Сары Оғлан! – дейді. Бұл  кезде  Сары Оғлан Қарахан патша  41 – ге  аяқ  басқан  шағы  екен.

Ежелгі Сақ тілінде айтылып, ұмыт бола бастаған сөздерге түсіндірме:

«Тәңірқұттан» - Көк Тәңірінен» - дегені. «Халпешім» - сөзі, «Жағдайың  қалай?» - дегені болса, «Уәл Баһан» - жарты әлемді билеуші, Тұран Елін тұтас біріктіруші, Елбасы! – дегені. «Асар»-деген сөзді үш айды толтыратын «бір тоқсан» - деп  түсіндік.  «Жұмазбен» - сөзі, қазіргіше бір апта  деген  ұғым. «Үшайкер» -Үшайғыр Тубайлар Ордасы-бұрынғы  Ақмола, қазіргі  Астана  шаһарының  орнында болған қала. «Кереку» -Керүкі, Кер Үкітай Қаһан, Үкаш Атаның туылған қаласы. Қазір бұл шаһардың орнындағы қала отаршыл орыс патшасының атымен «Павлодар» - деп аталады. Бұл Қаһарлы Һаһан асыл темірден сапалы бұйымдар мен қарулар жасайтын шеберлерді, жаңа темір үлгілерін ойлап тапқан алымдарды қатты қолдаған Елбасы. Бұл жасалған өнімдердің сапасын сынау үшін терең құдық қаздырып, оны өте қатты тастармен  өргізіп, арқанға байлап құдыққа тастатқан. Егер қару-жарақ түрлері немесе бұйымдар майыспай, сызат түспей шықса «Сапалы» - деп саналып, шеберлерге сыйлықтар мен «Зеркер», «Дула», «Була» - деген атақтар берген. Ұлы Қаһан  дүниеден өткен соң, өзі қаздырған құдығының қасына, қазіргі  ОҚО, Кентау  шаһарына жақын жерге жерленген. Бұл Ұлы Текті Әулие - Қаһанның мазаратының басына алыс-жақын жерлерден келіп зиярат етушілер жыл бойы келіп жатады. Өкінішке орай, тарих бұрмалаңының әсерінен кейбір діндәрлар Керүкі Қаһанды арабтан дін таратуға келген «батыр - абыз - бап» - деп, теріс түсіндіріп келеді...

«Шираз» - бұрынғы Яссы, қазіргі  Түркістан  шаһарының  ескі аты. Яссы – ежелгі Сақ заманында бұл  қаланы: «Игі жақсылардың жиналатын мекені «Сақ» шаһары» - деп  атаған, алайда кейін келген арабтардың «Сақ» - сөзіне  тілі  келмей  «Яссы» - деп  кеткен. «Отбасыр» - қазіргі Ташкент шаһарының ежелгі Сақ заманындағы  аты.

«Құмжалған» - сөзі: «Қанша дүние-мүлік, байлық, мал-жаның болса да бұл дүниеден ешнәрсе  әкетпейсің! Тура жолға түс!» - деген, данышпандардың пенделерге айтылған ескертуі. «Қамбалыңа» - патшаларға арналып айтылған: «Атқарған ісіңе, жинаған дүниеңе  қанағат  қыл!» - деп тұр. «Қос алақан киелі жас» - «жасым  70 –ке  келді» - дегені. «Төс бұлақтың» сырын айт! – бұл жерде «Бұрынғы өткен Ұлсай Емер, Бибі Фатима  сияқты Ұлы, асыл, киелі  Аналардың  өмір-насиятын, тәрбиесін, өнегесін  айт! – дегені.

Сары Оғлан Қарахан патша–бұл  қаһарлы патшаға  Алты Алаштан  тараған  Тұранның  341–Қағанат Елі қарап тұрған. Астанасы Тараз шаһары. Қағанаттардың Тулары «Үшай-кер»- «Үшайғыр Тубайларда» тұрған. Ұлы Тұранның Шығыс Құбыласы Тынық мұхиты, Батыс Құбыласы Күлтөккен (Помпей, Адриатика теңізі), Солтүстік  Құбыласы  Ала Қар Мұз қабатты (Тундра, Арктика жағалауы) жерлер, Түстік Құбыласы Үнді мұхитына  дейін  жеткен. «Ой пірім–ай»-бұл сөз кейін үндестік заңымен  «Ойпырмайға»  айналып  кетті.

«Құсы» қалған – атақты, аты Төрт Құбылаға мәшһұр болған, таңды-таңға жалғастыра тарих, өсиет, насият, дастандарды жырлаған және нақылдар мен өсиеттерін  жайын  тастар «Балбалыға»  қашап жазып  қалдырған Жәдді-жыраулардың санының қанша екенін  ешкім білмейді  дегені. Бұл Жәдділердің жайын тастарға қашап жазу жазатын, құс тұмсықты  иіліп  асыл  темір  қоспаларынан арнайы жасалған мұқалмас, өте берік, тас бетіне бедер салатын аспаптармен  жұмыс жасайтын «бәдізшілік»  өнерлері  де  болған.

Кейінгі  қанқұйлы, Ел басына  ауыр күндер туған  замандарда  осы Ұлы Бабалардың асыл мұралары «Тас кітабі» іспетті «Балбалы» тастардың  көбі  жоспарлы  түрде жойылып жіберілген. Кейін келген отаршылдар өздеріне үйлер салғанда іргетастардың  астына  салып жіберген жағдайлар да кездескен.

 

Ежелгі Тұран Елінің шекарасы (Европалықтар «Тартария» - деп атаған. Европа музейлерінен алынған.

 Қарахан  патша  мен  оның  құдай  қосқан  қосағы Өз  Анай  Шайқұрдың  жалғыз  перзенті - Айша  Бибі  Айкерүлім туралы.

 Тұран Елінің билеушісі - Сары  Оғлан Қарахан  патшаның  құдай  қосқан  қосағы Өз  Анай  Шайқұр  Анамыз  Айша  Бибіден  басқа  отыз  жеті  құрсақ  көтеріп, он  екі  рет  егіз  туған.

Айша  Бибі ең  үлкені, тұңғышы  болған. Бұдан  басқа  ұл-қыздары  екі-үш, әрі  кетсе  жеті  жасқа  толғанда  қойнынан қара жылан шығып, бәрі де дүниеден оза берген. Тараз  шаһарының айналасында орналасқан Айша  Бибі  мазарының  төңірегінде «Қос Бармақ», «Құс қонар», «Қос бұрым», «Қос Ләйім», Алда қосар» т.б. осыған ұқсас аттас  кішкентай зираттар болған. Осының барлығы Өз Анай  Шайқұрдың  құрсағынан  өрбіген  сәбилердің  моласы болған.

Қарақан  патша  ең  соңғы  туылған  егізін  «Қос және Талма» -  деп  атап, жөргегін  жерге тигізбей  Өз  Анай  уыз  сүтін  емізіп  болған  соң: «Мұндай  патшалығы  құрысын!» - деп «Құйынтабан» жүйрігіне мініп, Құдай қосқан қосағын егіз ұлымен, қызметші-лерімен бірге елден алып Арқаға қашады. Арқаның  даласының шетіне жетіп, Өз  Анай  қос егізін емізгесін, екеуі де сол жерге  қалжырап  шаршаған  соң  дем  алуға  жата  кетеді. Түсінде  бір  әулие  аян  береді:

«Ай  Қарахан! Сен  ғұмырыңа  жетерлік  ырыс, өзіңнен  аспайтын билік, терезесі  тең  келмейтін патшалық  сұрап  едің! Енді неге тағдырыңнан қашып  бара  жатырсың?! Қайт кері!!!» - деп қаһарына  мінеді. Қарахан  ұйқысынан  шошып  оянса  Өз  Анайда  тәтті  ұйқыда  екен. Қос  ұлын  көрсе  ортасында  шұбар  жылан жатыр, сәбилердің  денесі  суып  қалыпты. Сол жерде тілін кәлимаға келтіріп, Ордаға қайтып оралады. Өз Анай  отыз  жеті  құрсағын  берсе де ешқашанда Аллаға тіл тигізбей өтіпті. Халықта мынандай сөз  өрбіген: «Қарахан  қу  басы  қалыпты» - деген. Бұл  сол  заманнан  жеткен, қайғылы  оқиғалардан  хабардар еткен сөз екен.

Айша Бибі анасынан бұрын дүниеден озған. Өз Анай Шайқұр қызына кесене  тұрғызғанда  өзіне  және  Қараханға  да  сол  жерден  орын  белгілейді.

Айша  Бибінің  азан  шақырып  қойған  аты – Айкерүлім. Өз Анай - сөзінің  мағанасы, қандай қайғы болса да атан өгіздей көтеріп мойымайтын азамат, деген текті  ұғым. Өз  Анай  Шайқұр  қызынан, күйеуінен  кейін, тоқсан  үш  жасында  дүниеден  озады.

Қарахан  патшаның  азан  шақырып  қойған  аты – Сары Оғлан, оның әкесі Сары Оғанақ Балқаш Гүрхан. Ал оның әкесі Бірға Таныш Таңжарық жұлдызшы, алым  болған.

Түсіндірме: Сары Оғанақ  Балқаш  Гүрхан - Қытай  елін  билеген  және  салық  алып  тұрған, ислам дінін  қолдаған  азамат.

«Қалың  жұрт» - қазіргі  Қаңлы  тайпасы.

Сары Оғанақ  Балқаш  Гүрхан  түйенің  ең  жүйрігі - «Ой  қолтық»  тұқымын  мінген.

«Ой  қолтық» - түйе (Бұл  киелі  жануар). Бұл  жануардың  мойыны  келте, әрі  шудалы және екі  қолтығы  тықыр  келген. Мұндай  түйенің  тұқымын «Желмая» депте  атаған. Бұл  түйенің  тұқымдарының  осы  заманға  жетпей  жойылып  кетуі, бұл  жануар  тек  талдың  жапырағын  жеген, ылай  су  ішпеген, боталаған  кезде  адамның  көзіне  түспеген. Бір  адамға  ғана  үйреніп, бөтен  пендеге  жоламаған, қаһарлы келген, табаны  қызған  кезде  жүз  шақырымға  тыным алмай  шапқан. Бұл  түйеге  алдымен  адамның  мінезі  сай  болуы  керек. Қанды  жорыққа  үйренген «Ой  қолтық» түйеге  бейбіт  кезде  қызыл  көрсетпеген, себебі  шайнап, таптап, қан төгіс  істеуінен  сақтанған.

Ал шайқасқа  кірерінде  аламан  сарбаздардың  алдына  шығуға  кимелеп  ұмтылып  тұрған. Неге  үйретсеңде, соны  тез  қабылдаған. Кер Атаның тұсында  осындай  түйенің  мойнына, арқасына  сәбилерді  іліп  қойған. Осындай  әрекетке  үйренген  түйе  бала  жыласа  болды, дереу  анасына  адаспастан  алып келген. Әр ананы  исінен  таныған, сәбиге  бөтен  жанды  жақындатпаған.

 

Айша Бибінің анасының  аты - Өз Анай Шайқұр.

Бабыр  Алым  Бақанастың  қайратын  берсін!

Өз  Анай  Шайқұрдың  сымбатын  берсін!

Таңсәуір жұлдызшы  Әл Фарабидің  ілматын  берсін!

Қарахан  патшаның  қайыспас ынтымағын  берсін!

(Дербісалдыұлы  Қанай  Датқаның

 Шалқы Биге берген батасы).

 

Өз  Анай  Шайқұр, Арғұн  елінің  төрт  тайпасынан  құралған «Ұлы  Баш» - атанған: «Жеке  жұрт», «Қалың  жұрт», «Байқы жұрт», «Таңғы жұрттан»  құралғандарды «Ұйзын»  деп  атап, кейінерек  «Төрт Ата Айыр мүйіз» - елі  аталған жұрттың қызы.

Халқының саны көбейіп, іргесі  кеңейген соң «Қалың жұрт» өз алдына Ту көтеріп, Тектілерден «Бата» алып бөлініп шығады. Осының ізінше ағайындарына өкпелеп  «Таңғы  жұртта» өз  алдына  бөлініп  шығып, Қара  Шаңырақ  «Жеке  жұрт»  пен  «Байқы  жұртқа»  бұйырып «Ұйзын» атанады. Бұл қазіргі - Үйсіндер.

 

Айша Бибінің  анасына  сұрақ  қоюы.

Айша  бибі:

- Мен қандай ерге  тұрмыс  құрайын?- деп  жеті  жасқа  толғанда  анасына  сауал  қойыпты. Сонда  анасы  толғанып  тұрып  былай  депті:

- Өз қатарыңды  таңдасаң  қадірің  кіндігіңе  дейін, иманың  тізеңе  дейін  болар. Ал, өз  қадірін, Ел  қадірімен  тең  қойған, қырықтың  қылышын  қынабында  сынаған  азаматқа барсаң, шашыңның  ұшына  дейін «Нұрлы»  болады! - деп  жауап  беріпті.

Сондықтанда  Айша Бибі  өз  қатарына  өшпенділікпен  қараған. Себебі  өз қатары болғасын небір  менмін  деген  бозбалалар  екі  иығын  жұлып  жеп, ат  ойнақтатып  келеді  екен.

 

Айша  Бибі  Айкерүлім  туралы.

Айша Бибі заманында жаннан асқан, реңіне көз сүрінетін өте сұлу қыз болып өседі. Әкесі қызын кішкене күнінен бастап атқа отырғызып, еркелетіп, бес қаруды қолдануды да үйретеді. Айдай көркіне бойына біткен бұла күші де сай, қару қолдану мен сайыскерлік шеберлігіне жасынан құмар болып өскен, небір мықты қылышкер, сайыскер ұстаздардан сабақ алып жаттыққан патша қызы есейе келе әкесіне: «Мені жекпе - жекте қандай  жігіт  аттың  үстінен  аударса  сол  жігітке  күйеуге шығамын!» - деп шарт  қояды.

Айша Бибі сұлу дидарын ешқашанда ешкімге көрсетпей жасырын ұстап, екі көзін ғана  ашық қалдырып бет-перде киіп жүрген. Сайысқа шыққан жігіттер мен  жекпе – жекке  түскенде  сол  ер жігітке бетін  бір ғана көрсетіп  өткен. Сол уақытта, көңілге жағымды сұлулық сиқыры мен сұсын  көрген пенденің санасы мен ерік жігері тұзақталып, есінен танып, буын – буыны  босап, ерке қылықты айдай аруға күш қолдануға да дәті дауаламай,  қыздан  жеңіле берген.

Қыздың  әкесі  мұндай  сынаулардан жалығып  ел  ішінде  абыройы  төмендей  бастайды. Бірақ  келушілер  неше  түрлі  сыйлық – тарту  жасап  тоқтамайды.

Арада  жеті  жыл  өткенде  бұл уақиғалар Арқаның дуалы ауыздысына жетеді. Абыз  қария келіп қызға емес әкесіне жолығады. Есен – саулық пен сауынның жайын сұрасып, солығын басқан соң ғана барып, әңгімені тың сүреннен бастап:

- Уа, туысқан! Әз қызыңа сұлусың деме!

Қос йығыңа шайтан мінеді!

Сүйенішім десең бойыңа иман бітеді! – дегенде, Сары Оғлан (Қарахан) патша долданып:

- Тереңіңдегі түйінді шешіп түсіндір! Шешпесең басыңды өзім емес, тура сол қызыма алдырамын!» - дейді. Осы  кезде  қария  патшаны сабырға шақырып, шарт қояды.

- Ертең жепе – жектің алдында маған малдың  бір  тостақ  толатын  бауыздау  қанын  алдыр! Соны басыңа және бетіңе жағамын да сайыс басталғанша көрсетпеймін! Сынақ жібін үзгенде барып бетіңді ашамын. Мынау келіп тұрған жігіттердің кез – келгені жекпе – жекке  шықсын, осыдан сол жігіт құласа басымды ала бер! – дейді. Патша қонағының қолқасына қатты ойланып, ақыры келісімін беріп уағдаласады.

Ертеңіне сайыс басталардың алдында қыздың әкесінің басына, бетіне қою қара қанды жағып, бет-перде кигізіп қояды. Жігіт пен қыз екі жақтан шауып шығып бір–біріне  жақындай  бергенде қыз жұтына келіп бетін ашқанда, қария қыздың атын дауыстап атап, патшаның бет – пердесін сыпырып алады. Қыз әкесінің түрін көріп аттан айқайлап, шалқалай құлайды. Қыз содан есін жинай  алмай көп ай  жатып, бетін әжім басып келбетіне кінарат түседі. Айша Бибі Тәңірдің ісіне тәубе жасап, тақуалық  жолға мойнын бұрып, құдайы  беріп, бейнеті  адал диханшыға тұрмыс құрады. Күйеуі Айша Бибінің құрметіне өз қолымен ағаш отырғызады. Бұл ағаш тобылғының бір әсем түрі екен. Кейін халық Айша Бибінің ағашы деп құрметпен қарайды. Сол ағаштан Айша Бибі өз қолымен аса таяқ, домбыраның шанағын, келіндердің бетін ашатын таяқ істейді.

Ал  осы уақиғадан кейін әкесінің  азан  шақырып  қойылған  аты ұмытылып  Қарахан  атанып кетеді.

Асқан сауатты әрі дәулетті болған Айша Бибі үлкен алымдардан білім алып, кейін өзге алымдармен ілім таластырады, кейін көріпкел, әулие атанады. Кітаптар жазып, мешіт ашады. «Бибі» - деген сөз Ислам діні келген уақытта туындаған. Мұндай атақ білімді қыздар мен аналарға ғана берілген. Ислам діні келгеннен кейін Айша Бибі Әз Анамыздың жазған өсиет, насият, мұрахаттарын заманында небір ұлы алымдар, ұлы қаһандар мен патшалар мойындаған. Айша  Бибінің «Сұлулық пен зұлымдық» атты  кітабының өзі үлкен дүние. Бұл мұрахатын он тоғыз жылда өңдеп, жазып бітіреді. Мұқабасы мен беттеріндегі әрбір теріні бір алтын тіллаға илетіп, әбден тазалап, бит тайып жығылардай жылтыратып өңдеген.

Айша Бибі кітап жазардың алдында түрлі бояларды дайындап алған. Сол дәуірлерде өмір сүрген «Қос бармақ» - деген жыландардың уы мен тісін пайдаланыпты. Бұл жыландар аузын арандай ашып, жауын тілімен орап алып, таңдайындағы жабысып тұрған жалғыз тісін батырып, уын жіберіп өлтіргесін ғана барып жемтігін жұтқан. Осы жыланның тісі мен уын алып, оны қарақұрттың уымен араластырып, оған арқар мен таутекенің өтін және түрлі гүлдердің күлтелері мен сабақтарын қосып қайнатып сұйық бояу жасаған.

Сол замандарда болған, кейін ғасырларда жойылып кеткен киіктің «қаранақ» - деген тұқымының мүйізін алып, өзегін суырып, өзектің орнына дайындалған сұйық бояуды құйып, мүйіздің ұшына жыланның тісін орнатып, әрбір парақ бетіне әріп жолдарын түсіреді. Мүйіздің ұшына жыланның тісін орнатуы, бұл тіске салмақ түспесе сұйық ерітінді бояу сия бөлінбейді, ал қолдың салмағы түсіп жазған соң әрбір жасалған бояу үнемделіп, ұзаққа жеткен. Аса улы сия терінің кішірейіп, тозуына мүмкіндік бермейді, әрі бұл улы сияларды қолдану кітаптарды кеміргіш жәндіктерден сақтауды да қамтамасыз еткен. Және бұл кітаптарды ұрлаған адам баласы да ұзаққа бармаған.

Кітаптың әрбір бетін, үшбу парақтарын «таңбалы таяқша әріптермен» жазады. Таңбалы таяқша әрпі он төрт құрама әріптерден тұрған. Бұл әріптерді әлімсақтан бұрын «Құсілім» заманында пайдаланған. Айша Бибінің кітабын оқитын адам сұқ саусағына арнайы оймақ киіп парағын аударып отырған, немесе қосжапсар егіз көзді таяқшамен қысып ұстап әрбір парағын осындай әдіспен оқыған.

Айша Бибі Әз Ананың өсиеттерін Жер Жаһанға таратушы Сәкүм Солай Сунақ қожа, Әл Фараби, Баласағұн, және Шыңғысханның жаһан танушысы Дасқұт Жәдді. Мінген түйесі: «Қостана» тұқымды болған.

Айша  Бибінің  әулиелік  сөздері:

1. «Сұлулық - Құдреттің күші, Астамшылыққа  ұрынса – Шайтанның  айнасы!».

2. «Қыз кезіндегі сұлулық – етегі  көтерілсе  төсекпен  тең!».

3. «Қыздың сұлуы – көңілдің шайтаны,

4. «Сөздің сұлуы – иманның қаймағы!»

5. «Сұлу – сұлу емес, сүйегі асыл  болмаса

6. «Сүйегі асыл - асыл  емес

Аржағында  ақылы  болмаса!»

7. «Өрістегі айғыр жүгенсіз  болса,

Байтал  құлынсыз  болмас!

Үйдегі  қатын  жүгенсіз  болса,

Жүрген  жері «түленсіз»  болмас!».

8.«Жүгенсіз жылқы адам тебеді, жүгенсіз қыз ел өсегі!»

9. «Сұлу қызға ер қызығар, ақылды қызға ел қызығар!»

10. «Тектінің қызы тура  қараса – Иманынан  ұяласың,

Тексіздің  қызы тура қараса – Туғанынан  ұяласын?!

Сені  де  Ана  туды ма? – деп  қиналасың!»

11. «Ер аяқ жау келгенде  қадірлі,

Ит аяқ  жалағанда  қадірлі,

Ер аяқты ит аяққа теңеген әйел,

Жер қауып  көмусіз  қалсын!»

12. «Келіннің сәлемі – шаңырақтың туы!

Ердің  сәлемі – елшінің  жолы!»

 

Айша  Бибі  Әз Ананың  өсиеттері:

- «Киелі өсиеттерді айту оңай, «Ұялы жазудан» оқу қиын. Адам оқығанда екі көздің нұры мен бірге, ой, ақыл, сана, сезім жазуға түседі. Осы кезде өсиеттің иесі жеті қадамда рухымен қарап тұрады. Омыртқаның қан тамырына ауырлық толық түседі. Бұрып айтсаң, бұрып істесең, ісің де, сөзің де сұйылар. Бұлжытпай орындап, бұрмай айтсаң, сәулесін жүрегіңе тосар, істеген ісіңе, айтқан сөзіңе Алланың нұры құйылар»! – депті.

Осы өсиетті Әбу Насыр Әл Фараби Тәңсәуір Отырар шаһарынан қуылып, шығып бара жатқанда қартайған шағында Ха-дүр Сом Тайжал Ғамсар Ғайып Ханға өз ойын айтып түйіндейді. Тараз шаһарында алпыс сегіз күн болып, «Үшайғыр Тубайларға» барып, одан ары түркі әлемін аралап, зиярат жасауға  аттанады.

- «Шайтан  қаннан  қорқады, сондықтан  әруақтарға  бағыштап аша – тұяқ  шалып тұрыңдар. Жер  бетінде  ілімнің  құдретін шайтан  азғырып  аяқ – асты  болғанда, соғыс  болады, қан  төгіледі!  Ілімді  қадірлей  біліңдер»!

 

*    *    *

- Тектінің  тұқымына  екі  ару  аз  болады,

 Жалғыз  ару  сыңары  жоқ  қаз  болады!

 Көнесі  тозса,  бөз  болады!

 Сүйегі  асыл  болса  да,

 Жеңсіз  көйлек  кигенде

 Төсегін  тартып  қор  болады!

 Тектілер  жарын  таңдап  алмайды,

 Тартып  алмайды, таң  атқанда  нұр  төгілсе,

 Тауығы  өзі  шақырады!

 

                                                    *    *    *

- Тектінің киелісінде үш омыртқада қасиеті күшті: желке және жүрек тұсында, сегіз  көзінде. Тектінің  жолын  кеспе! Ұстаның  басын  алсаңда, қолын  кеспе! Ұстаздың  ілімін  кеспе, ізін  баспа! Көкірегі  көр  соқырға  жол  көрсетсеңде, тұқымын  шашпа! Тектілер еліңді  шаппайды, әділін  айтса, еліңді  ереуілге  көтерер! Тектінің  тектісі  болады, екі  дүниеде  несібесін  сұрар! Жүктінің де жүктісі болды, екі  дүниенің босағасында туар! Тектінің кедейі болмайды, Керейі болады, ерніңе  тисе  көмейің толады!

- Ханнан қасиет  тайса,

Арысы жоғалар!

Тектіден қасиет тайса,

Арыстан  намыс жоғалар!

Тектінің киелісін байқасаң,

Һаял болсаң күймелі  шаңырағыңа шақыр!

Қыз болсаң түймелі бұлақтың пірі еткейсің!

Тектінің  киелісі  жүрген  жерде,

Қан төгілмейді, дән төгілер!

Қой қозысын тоқты болсын деп тілейді,

Әр Ана баласын Текті болсын деп тілейді! 

Тектілер төріңді сұрамайды, төңірегіңді сұрайды.

Тараз шаһары он түрікті шақырса

Он саусаққа бірдей несібе тиер!

Таразда озып, қалдым дегенді естімедім.

Тараз шаһарына келсең Қазымын деп айтпа.

Алым данышпаннан қазынаң толар ақыл сұра!

Тектінің Ордасы «Үшайғыр Тубайларда»!

Қазыбасы Таразы шаһары!

Ілімнің Ордасы Отырар!

Құяр өзені Талас!

Шақырар бұлағы Гүрілде.

Бақытты жанмын, өңімде көрсем, ұяламын түсімде...

                                       

                                                                      *   *    *   

- Аяғы  ауыр  келіншек  кез-келген  уақытта  шомылмау  керек. Ай  толғанда  ғана, міндетті  түрде  шомылуы  керек! Себебі  іштегі  сәби  әр  айда  шапан  киеді, яғни  бұл  қан  алмасады дегені. Аяғы ауыр келіншек  мезгілсіз  суға  шомыла  берсе, іштегі сәби  көріксіз  болуы  мүмкін. Және  туылғаннан  кейін де ауруға  шалдыққыш  болады, себебі  жаңа ай туылғаннан бастап ай толғанға дейін, Алланың  құдретімен  сәбидің  табиғи  тіршіліктегі  несібесі Анасының тәнімен  беріледі. Міне  осы  құбылыстар  ай  толғанда  ғана  тоқтайды  екен. Ал  аяғы  ауыр  келіншек  бұл  тәртіпті  бұзбастан  ұстай  білсе, іштегі  сәби  көрікті, шыдамды, иманды, текті  болып  туылады  екен.

Аяғы  ауыр  келіншек  күнге  шашын  жаймауы  керек, іштегі  сәбидің  сүйегі  борпылдақ  болады. Себебі шаш  әрқашанда  күн  сәулесін  бірінші  тартады. Ал  ай  сәулесіне  шашын  жаюға  рұқсат. Ай толғанда түнде  көлге  ері  екеуі  түсуге  болады  немесе  жанында  тағы  басқа  жақын  адамдары  болса  да  жетерлік.

 

*    *    *

- Қыздың  қылығы  бойына  жарасар,

Әйелдің  қылығы  еріне  жарасар!

Қыз  қолына  гүл  ұстап  жүрсе,

Жігіт  жанында  Нұр  ұстап  жүреді!

Қыздың  қылығы  көбейсе, бойжеткені!

Әйелдің  қылығы  көбейсе,

Босағада қазық  жоқ  бос  кеткені!?

Қыздың  қылығын  ер  көтерер!

Әйелдің  қылығын  сор  көтерер!

Әйел қызбын  десе,

Қырық  қадам  алыс жүр!

Бәле  іздегені!...

Қыз  әйелмін  десе,

Жетегіңе  ал!

Некесіз  ұл,

Тексіз  пір  тумасын!

Бала  іздегені!

 

Айша  бибі  Әз  Ана:

 

- «Он  үшімде  Орданың  гүлі  болдым!

Он  бесімде  сұлулықтың  құлы  болдым!

Қырық  жасымда « жолы  жіңішкенің» – Пірі  болдым!»

Ұл  туса – «босағаңның»  қарауылы,

Құт – берекенің  қазығы, жаудан қорғасын!

Қонақ  келсе, құшақ  жайып қарсы  алсын! 

Қыз  туса, төріңнің  жалауы,

Жатқа  барса  төркінім  дейді!

Жағалай  барса, жайлауың  кеңійді»!

«Бестаңба» - кітабынан. Түсіндірме: «Бибі» - білімді  деген  сөз.

 

Әлиасқар Байғұтұлы (22.03.1898ж.–21.03.1981ж.) – Ұлы Сыпыра шежіреші. «Бестаңба», «Ізбөрі», «Ғасыр Табақ насияттары» кітабынан «Құсілім», «Қадым», «Ықылым» замандарынан қалған баға жетпес жәдігерлерді жеткізуші, басты бұлақ көзі.

Ақпантай Әлиасқарұлы (02.02.1962 ж. – 10.05.2009 ж.) – ерекше қабілет иесі, құйма құлақ, қазіргі заманғы «үн таспаның» қызметін атқарып, халқына мол жәдігерлерді, мұрахаттарды жеткізіп  кеткен «Екі дүниенің арасын жалғаушы «Дәнекер!»

Асан Тұрабаев – бұл ұлы мұраларды тұңғыш рет қағаз бетіне, үнтаспаға жазып алған тарих танымгері, өнертанушы.

Шежірені ғалам тарихымен салыстырып, жүйелеп, қалпына келтіріп халқымызға жеткізуші, түсіндірме жазып, ғаламторға, баспаға дайындаған Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,  Ілесбек Байжанов.

Шымкент шаһары

Abai.kz

 

 

 

 

 

11 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3525