Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 5655 3 пікір 7 Қыркүйек, 2018 сағат 18:09

“Алаш туы астында” атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті

Бүгін Алматыда “Алаш туы астында” атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Фильмнің бас кеңесшісі - Мәмбет Қойгелді. Режиссері – Ерген Тоқмурзин. Сценарий авторы - Болат Мүрсәлім.

Фильмнің идеясы түсінікті. Алаш қызметі мен автономия құру жолындағы күрестері баяндалған.

Туынды негізінен үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлім - “Оян, қазақ”!

Онда Алаш қозғалысының қалыптасу кезеңі, қазақ баспасөзінің бастаулары, Дума жұмысына араласу мен ұлт-азаттық көтеріліске көзқарас мәселелері айтылады.

Екінші бөлім “Жарияланбаған автономия” деп аталған. Мұнда 1917-1920 жылдардағы Алашорда үкіметінің қызметі туралы баяндалады. Яғни, "Алаш автономиясы жарияланды ма? Алаш әскері қалай жасақталды?" деген сауалдарға жауап іздейді.

Үшінші бөлім – “Қатерлі өткел”. Голощекиннің қырғыны мен Сталиндік репрессия жылдарындағы Алаш тағдыры бейнеленген. Тағы бір айта кетерлігі, деректер жинау барысында  Ресейдің Қазан, Уфа, Петербург, Мәскеу қалаларында біраз түсірілім жұмыстары жүргізілген. Яғни, түсірілім тобы Алаш қайраткерлерінің ізі қалған Таврия сарайына, Қазан, Петербор университеттеріне, Мемлекеттік мәжіліс өткен бұрынғы “Сібір” қонақүйіне ат басын бұрған. Негізінен, фильмде басы артық эмоция жоқ және дерекке бай.

Мәмбет Қойгелді, тарихшы, фильмнің бас кеңесшісі:

- Тарихшы ретінде айтарым, Алаш тақырыбы туралы ең алғашқы концептуалды басы бүтін фильм осы. Мұндай фильмді мен осы уақытқа дейін көрген жоқпын. Осындай тамаша фильм үшін Болат Мүрсәлімге көп рақмет! Өздеріңіз көрдіңіздер, Қазан, Петербург, Мәскеу, Семей, Алаш қозғалысына қатысты орталықтардың барлығында болып шыққан. Және жүйелі зерттеу бар. Сондықтан фильмге артқан үмітім ақталды деп есептеймін.

 Айгүл Ісмақова, ғалым: 

- Алаш идеясын жоқтап отырып жасап шыққан мына  дүниеге риза болып отырмыз. Осы кезге дейін Алаш туралы сөзбен ғана айтатын құжаттық деректерге сілтеме жасап беретінбіз. Енді мына фильм арқылы жастарға, студенттерге насихаттауға болады. Фильм өте жақсы түсірілген.

Бір ғана ескертуім, жалпы планда Ахаңды алдыға шығарған екен. Дұрыс, ол кісі Кремльде қызметте болды. Бірақ, Әлихан ол партияның төрағасы ғой. Біздің тұңғыш Президентіміз. Сондықтан, бірінші планда Әлихан,  қасында Ахмет тұрса дұрыс болар еді.

Сосын, Алашорда автономиясы жарияланбады деген деректермен ғылыми ортаның өкілі ретінде келіспеймін. Себебі, ол кезде Алашорданы мойындайтын Ресейде үкімет болған жоқ қой. Мәселен Ресей тарихшылары Лев Толстойдың ислам дінін қабылдағаны туралы шындықты айтпайды. Өйткені, олар өздерінің ұлттық мүддесіне қайшы келеді деп есептейді. Сол сияқты, бұл жерде де ұлттық мүдде алғашқы орында болу керек деп есептеймін.

Қалила Омаров, режиссер:

- 1994 жылы мен “Алаш туралы сөз” деген фильм түсіргенмін. 2008-2009 жылдары да “Алашорданы” түсірдім. Ол кезде осы Болат Мүрсәлім менің сценарий авторым болды. Сосын Сергей Азимов “Әлихан мен Мұстафа” деген кино түсірді. Сосын жақында “Тар заман” сериалы шықты. Одан кейін Талдықорған театрында Ерсайынның “Алаштың Әлиханы” деген қойылымы көрсетілді. Енді солардың бәрін қорыта келіп бүгінгі кино жайлы айтарым мынау. Бүгінгі көрермен шындығын айтқанда деректі материалдарға тойған. Алашты тек Мәскеумен ғана қарым-қатынаста болғандай етіп көрсетуге өз басым қарсымын. Яғни,  біржақты болып тұр. Алаш идеясы негізі қазақтың өзінің екіге бөлініп, бір-бірімен айтысқан идеясы ғой.  Яғни, сол кездегі зиялы қауым екіге бөлінді де, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллиндер большевиктік идеяны әкеліп, халықты екіге бөліп, артынан ертіп кетті. Алашшылардың артынан ергізбей қойды. Ол жерде сатқындық та бар, бәрі де бар. Сол кездегі ұлт деградацияға ұшырады. Соның нәтижесінде біз 29 жылдардағы қырғын басталды. Олардың бәрін тізіп берген большевиктердің көсемдері. Сөйтіп, алаштықтардың басы кеткеннен кейін қазақтың бас көтерері қалмады. Міне, осы тұрғыдан алып қарап, бұл фильмге кең обьективті түрдегі анализ жасау керек. “Алаш, Алаш” деп вертикаль түрінде қарамай, горизанталь қырынан да ашу жағын ойлауымыз керек. Бізде осы жағы жетіспейді.

Әрине, Алаш партиясы мен көсемдері, жалпы, Алашорда идеясы - қатпары көп, күрделі тақырып. Оны шашыратып алмай халыққа жеткізу де оңай емес. Бірақ, бүгінгі қоғамда бұл тақырыптың аз да болса өнер мен мәдениетте көрініс тауып жатқанына қуаныштымыз. Тағы бір айта кетерлігі, “Қазақфильм” киностудиясының өкілдері бұл туындыны Қазақстанның барлық өңірінде көрсетуді жоспарлап отыр екен.  Тіпті, республикалық арналарға да ұсынатындарын айтты. Ал, фильмді көруге келген Сүлеймен Демирел атындағы университеттің студенттері фильмді өз оқу орындарымен қатар, басқа да ЖОО-ларда көрсетуге өтініш білдірді.

Демек, Алаш идеясы бүгінгі Тәуелсіздік идеясымен астасып жатқан ғұмырлы дүние.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

 

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435