Ақтауда алаяққа алданғандар наразылық білдірді
Сенімге кіріп, сан соқтырды. Ал ақтаулық келіншектердің миллиондаған теңгесін алып, қыруар қарызға батырған адамдар әлі күнге жазаға тартылмай жатыр. Алданған әйелдер наразылықтарын білдіріп, прокуратура алдына жиналды. Бұл туралы "КТК" арнасы хабарлады.
Бір ғана Сәнгүл Аманжолова 35 млн теңгесін жер алып беремін дегендерге ұстата салған. Ағия Жүсіпова мен Перизат Тажиева есімді келіншек банктен 440 млн теңге несиені оңай шығарып береміз деп сенімге кіріпті. Істі тездету үшін алдын ала соманың 10 пайызын талап еткен. Үлкен ісі үшін қаражат қатты қажет болғандықтан Сәнгүл Аманжолова 35 млн теңгені қарызданып-қауғаланып тауып берген.
Алайда, артынша уәде еткен несие түгілі, өзінің берген ақшасын ала алмай қалды. Қолында ол адамдардың кінәсін айғақтар іске дәйек болар дәлелдері болғанмен, бір жыл бұрын қозғалған іс әлі орнынан жылжымай тұр. Тіптен, күдіктілер болғанмен, істі жабамыз деп жатқан көрінеді.
Ал, бостандықта жүрген Жүсіпова мен Тажиеваның атына осы уақытқа дейін алданған тағы бірнеше адамнан арыз түскен. Әзірге прокуратура мен полиция бұл жағдай бойынша тіс жармай тұр.
Сәнгүл Аманжолова, жәбірленуші:
-Бас прокуратурадан көмек сұраймын. Істің ақ пен қарасын шешіп берсін. Тажиева Перизатқа қатысты тағы біреу 7 миллион берген. Әкімдік арқылы жер шығарып береміз деп. Тағы біреуден 12 млн алған үй алып береміз деп алдаған. Төрт эпизод жиналып тұр. Соның өзінде менің ісімді қысқартып жатыр.
Abai.kz