Жексенбі, 24 Қазан 2021
Саңлақ 3358 2 пікір 10 Қыркүйек, 2018 сағат 11:29

Андорра-Қазақстан: Біздің құрама қарсыласынан 100 есе қымбат

Бүгін Қазақстан құрамасы UEFA-ның жаңа жобасы Ұлттар лигасы аясында екінші матчын өткізеді.

Еуропа чемпионатына қатысуға мүмкіндік беретін бұл турнирді Қазақстан құрамасы сәтті бастай алған жоқ. 6 қыркүйек Астанада Грузия құрамасын қабылдап, 0:2 есебімен жеңіліске ұшырады. Сөйтіп, топ көшбасшысы үшін таласта грузин футболшылары ырықты орынға шығып алды.

Болгариялық бапкер Станимир Стоилов бастаған Қазақстан құрамасы бүгін Андорра құрамасына қонаққа барады. Егер бұл ойында жеңіске жете алмаса, онда Еуропа чемпионатына барсақ деген үмітіміз ертерек өшуі мүмкін. Біздің футболшылар бұған дейін Андорра құрамасын екі мәрте жеңген. Бірақ, ол кездегі Андорра мен қазіргі Андорра құрамасын салыстыруға келмейді. Адам саны 80 мыңнан аспайтын шағын мемлекеттің футболы жақсы даму үстінде. Дәл қазіргі таңда олар Қазақстанның оңай олжасына айнала қоюы екіталай.

Ерекше айта кетерлігі, бұл елдің құрамасы жартылай кәсіби футболшылардан құралған. Кейбір ойыншылары Қазақстанмен футбол ойнау үшін негізгі жұмысынан сұранған екен. Ал еліміз футболшыларының жағдайы қандай екені бәрімізге белгілі. Қарапайым халқы қоңырқалта күн кешетін Қазақстанның футболшылары ақшаны күреп табады. Елімізде доп қуалағандарға төленетін жалақы өзіміз қатарлы дамушы елдердің бәрінен жоғары. Бейресми деректерге сүйенсек, құраманың бас бапкері Стоилов мырза қазақ футболшыларына қалай доп тебуді үйреткені үшін жылына 2 млн еуро жалақы алатын көрінеді.

Қос құраманың FIFA рейтингісіндегі орны: Қазақстан - 116, Андорра - 130. Германияның атақты transfermarkt сайтының мәліметіне сүйенсек, қазақстандық футболшылардың трансфер нарығындағы жалпы құны 20,5 млн еуроны құрайды. Ал Андорра футболшылары бар болғаны 225 мың еуро. Қазақстан құрамасындағы бір Дмитрий Шомконың өзі бүкіл Андорра құрамасынан 10 есе қымбат. Оны аз десеңіз, біздің құрамадағы ең жас ойыншы Еркебұлан Сейдахметтің трансфер нарығындағы бағасы 300 мың еуро тұрады. Демек, 18 жастағы шабуылшы да Андорра құрамасынан қымбат.

Естеріңізге сала кетейік, аталған ойын 10 қыркүйектен 11 қыркүйекке қарған түнде Астана уақыты сағат 00:45-де басталады.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

2 пікір