Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3373 0 пікір 5 Қыркүйек, 2018 сағат 12:08

«7-20-25» бағдарламасы. Қарыз алуға 26,7 млрд теңге сомасына 2255 өтініш қабылданды

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің биылғы "Бес әлеуметтік бастама" атты бағдарламалық мақаласында ең әуелі Қазақстан халқын баспанамен қамту мәселесін сөз етті.  Үйсіз жүрген халықты жеңілдетілген бағдарлама арқылы тұрғын-үймен қамтамасыз етудің өзектілігіне тоқталды. "7-20-25" бағдарламасын ұсынды.  Міне, бүгін сол туралы сөз етеміз.

«7-20-25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2018 жылғы 10 қыркүйектегі жағдай бойынша қарыз алуға 26,7 млрд теңге сомасына 2255 өтініш қабылданды. Оның ішінде 18 млрд теңге сомасына қарыз беруге 1514 өтініш мақұлданды» деп хабарлады жуырда Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Ең әуелі осы бағдарламаны жүзеге асырумен айналысатын «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ-қа хабарластық. Сыртқы коммуникациялар қызметі «Құзырлы мекемеге 6 қыркүйекке дейінгі ахуал бойынша 24 млрд теңгеге 2008 өтініш түскен, соның ішінде 16 млрд теңгеге 1300-ден астам несие мақұлданды» деген ресми мәлімет берді. Арзан ипотеканы алуға өтініш бергендердің көшін Астана, Алматы, Ақтау қалалары бастап тұр.

Ал 10 қыркүйек күні Ұлттық банктің баспасөз қызметі ­«7-20-25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2018 жылғы 10 қыркүйектегі жағдай бо­йынша қарыз алуға 26,7 млрд теңге сомасына 2255 өтініш қабылданды. Оның ішінде 18 млрд теңге сомасына қарыз беруге 1514 өтініш мақұлданды» деген басқа ақпаратты жария етті. «Қазақстандағы құрылыс компанияларының салып жатқан үйлері қымбат. Солардың бірі – «BI Group» компаниясы. Алматы мен Астанада «7-20-25» бағдарламасымен үй алуға өтініш бергендерге тек «BI Group»-тың үйлерін сатып алуды міндеттеп жатыр» деген ақпаратты құлағымыз шалған. Осы сауалды «Баспананың» баспасөз қызметіне тікелей жолдадық. Айбар есімді азамат «BI Group» бойынша ондай міндеттеме жоқ. Алматы, Астана, Атырау, Ақтау қалаларында 25 млн-нан, өзге өңірлерде 15 млн-нан аспайтын жаңа бастапқы үй болса, кез келген құрылыс компаниясының пайдалануға берілген үйлерін сатып алуға болады» деп жауап қайырды. Қош делік.

«Біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегендей, еліміздегі миллиондаған баспанасыздардың арасынан 1514 адамның ғана жолы болғанына таңданып отырғанбыз. «Баспана» ипотекалық ұйымы Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасы бо­йынша сатып алуға болатын бар-жоғы 1500 пәтер қалғанын хабарлады. «Қазіргі кезде бізде «7-20-25» бағдарламасы бо­йынша тұрғын үй тапшылығы байқалады. Нарыққа жасалған талдау көрсеткендей, 2018 жылдың шілдесінде еліміздегі 3000 пәтер бағдарламаның талаптарына сәйкес келді. 1500-ден астам адамның өтініші мақұлданды, яғни қалғаны 1500 пәтер ғана» деп мәлімдеді «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ-тың басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков ОКҚ-дағы брифингте. Тығырықтан шығатын жолды табу үшін бағдарламаға өзгеріс енгізілді. «Баспана» компаниясы жергілікті атқарушы органдарға «7-20-25» бағдарламасы бойынша жаңа үйлер нарығындағы ұсыныс­тарды ұлғайту мақсатында 150 млрд теңге бөлмекші.

Бұған қоса, «Баспана» ипотекалық ұйымы екінші нарықтағы (бұрын пайдаланылған үйлер) үйлерді сатып алуға мүмкіндік беретін «Баспана хит» арнайы жобасын дайындады. Алғашқы жарна баспана құнының 20 пайызын құрайды, пайыздық мөлшерлеме – 10,75 пайыз, несиелеу мерзімі – 15 жылға дейін. Айт­пақшы, Қ.Алтынбеков қазақстандықтардың жоғары табысты талап етуге қатысты сауалына жауап берді. «Мамандарымыз мынадай талдау жасады: егер екі адамнан тұратын отбасы 10 млн теңгенің үйін аламын десе, 2 млн теңге алғашқы жарнасын төлейді. 8 млн теңгені банктен несиеге алады, ай сайынғы төлемақысы – 56 мың теңге, олардың табысы 120 мың теңгеден кем болмауы тиіс. 300000 теңгені ешкім сұрамайды» деді ол.
«Мен не деймін, домбырам не дейді?» депті біреу баяғыда. Сонда баспаналы болудан үмітін үзген 741 адамның өтініші неге мақұлданбады? Тағы бір дерек. 2018 жылдың 28 тамызына дейінгі ахуал бойынша ең көп өтініш қабылдаған банк – «Центркредитке» 1758 адам өтініш беріп, нәтижесінде 653 адамға қарыз берілген. Ал 1105 адамның өтініші неге мақұлданбаған? Мұны банктің өзінен білмек болып, Астанадағы Қабанбай батыр даңғылындағы «Центркредитбанк»-ке бас сұқтым. Өзін «несиелік менеджермін» деп таныстырған Сымбат Мұратов өтініш бергендердің көпшілігінің несиелік тарихы, табысының аздығы, басында баспана тіркелгендігі кедергі болатынын айтты. «Ең алдымен қарыз алуға өтініш берген адамның несиелік тарихына, айлық табысына қараймыз. Басқа банктерден алған несиесін төлемейтін адамдар болады. Олар бұл бағдарламаға үміткер бола алмайды» деді банк қызметкері. Оның айтуынша, «7-20-25» бағдарламасымен үй алуға үміті бар адамның айлық табысы 300000 теңгеден кем болмау керек. Кеше бір адам құжат тапсырыпты. Ай сайын 200000 теңге жалақы алады. Екі баласы бар. Жұбайы – декреттік демалыста. Жаңадан салынған үйден үш бөлмелі пәтер алғысы келген. Айлық табысын 25 жылға 7 пайызбен есептесек, ай сайынғы төлемі 141355 теңге болады. Төлемдердің жалпы сомасы 42406751 теңгені құрайды. 200000 теңгеден 141355 теңгені шегерсек, 58000 теңге қалады. Бұл ақша ай сайын өзін, отбасын асырауға жетпейді. Сол себептен қоса қарыз алатын адам іздеу керек. Оның табысы 300000 теңгеден кем болмауы тиіс.

«Баспана хит» не ұсынады?

«7-20-25» бағдарламасына қатыса алмаған қазақстандықтар «Баспана хит» жобасына елең ете қалғаны анық. Енді есептеп көрелік. Егер пәтердің құны 12 млн теңге болса, Астанада оған тек бір бөлмелі пәтер сатып аласың. Алғашқы жарнасы 2,5 млн теңгені құрайды. Пайыздық мөлшерлемені 10,75-пен санасақ, ай сайын 107611 теңге шығады. 25 жыл бойы осындай соманы төлеп отырасың. Экономистердің есептеуінше, осы қарыз бо­йынша 9800000 теңге артық төленеді екен. Тағы бір есеп-қисап. Мәселен, бір адам банктен 11,6 млн теңгеге 7 пайызбен 25 жылға қарыз алды делік. 25 жылда төленетін пайыздардың сомасы 12995916 теңгені құрайды. Түптеп келгенде, 24595916 теңге төлеу қажет. Ай сайын 81986 теңгеден төлегенде, 300 төлем жасалады. Демек, қарыз алушы адамның жалақысы кем дегенде 165000-280000 теңге болуы шарт. Ал еліміздегі орташа жалақы көлемі 158000 теңгені құраса, кейбір азаматтар 60000-84000 теңге айлық алатын болса, олар бұл бағдарламаға қалай қатысады? Ал 25 млн теңгеге ипотекалық несиені рәсімдеймін десеңіз, қалтаңызда 6 млн 250 мың теңге болуы шарт. 25 жыл көлемінде: 300 ай бойына 170000-нан банктің қарызын қайтарасыз, 300-ді 170000-ға көбейтсек, 51000000 теңге шығады. 26000000 теңгені артық төлейсіз. Әрине, мұндай қаражатыңыз болса…

Қит етсе Ресейдегі жаңалықты көшіруге, үлгі тұтуға құмармыз ғой. Онда неге көп балалы отбасыларға арналған ипотекалық бағдарламасын үлгі етпейміз. 2018 жылдың 1 қаңтарынан 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін екінші немесе үшінші баласы дүниеге келген ресейлік отбасылардың жылдық мөлшерлемесі 6 пайызбен берілетін ипотеканы алуға мүмкіндігі бар. Мұндай жағдайда ипотека бірінші нарықтан (жаңадан салынған үйден) пәтер сатып алуға рәсімделеді. Сондай-ақ, 2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін ипотекаға үй алған отбасы 2022 жылдың соңына дейін 2-нші немесе 3-інші баласын туатын болса, несие бойынша қалған қаражатын 6 пайызбен қайта қаржыландырады. Екі жағдайда да 6-дан жоғары пайыздық мөлшерлеменің жауапкершілігін мемлекет өз мойнына алады. Ал 7 маусымда «Тікелей желіде» көп балалы отбасы мүшесінің сауалына жауап берген Ресей президенті Владимир Путин 2018 жылға дейін туған, яғни бағдарламаға кірмейтін отбасыларға да 6 пайыздық ипотеканың ауқымын кеңейтуге тапсырма берді. Бұдан былай тек 2-нші, 3-інші бала ғана емес, 4-інші, 5-інші және т.б. бала туғандар да аталған бағдарламаға қатыса алады. Ресей үкіметі бұл мақсатқа 9 млрд рубль бөлді.
Біз де неге осылай етпейміз? Бір немесе екі бөлмелі пәтерге 25 жылға қарыз алып, қартайғанша күткеннің несі дұрыс? Қазақ – ежелден көп бала өсіріп келген ұлт. Бірақ сол жылдар бойы армандаған баспанасын алғанда 1 бөлмеде қысылып өмір сүре бере ме? Мысалы, халқы тығыз қоныстанған Түркістан облысы мен Шымкент қаласында бір немесе екі бөлмелі пәтерлер сатып алу өте тиімсіз. Және «7-20-25» бағдарламасының шарттары бойынша шектеулі сома – 15 млн-ға дейін. Шымкентте мұндай ақшаға тек екі бөлмелі пәтер ғана аласың. Екі бөлмелі пәтерде 5-6 баламен қалай тұрасың? Елімізде, әсіресе үлкен қалаларда қазір қаншама үйлер салынып, қаңырап бос тұр. Сол үйлерді үйсіз қазақтарға арзандау етіп неге үлестірмейміз? Тым болмаса Ресейден үлгі алып, әр бала туған са­йын ипотеканың пайызын неге азайтып отырмаймыз? Мысалы, Оңтүстік Корея, Жапонияда мемлекет үйді 1 пайызбен қарызға береді. Біздің Үкімет пен Ұлттық банк неге сондай бағдарлама жасамайды?
Мақаламыздың басында Атырау, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстарында бірде-бір адам «7-20-25» бағдарламасымен үй алмағанын сөз еттік. Солтүстік Қазақстан облысында – 1, Қызылорда облысында 2-ақ адамның өтініші мақұлданған. Ұлттық банк да­йындаған бағдарламаның нақты жағдайды толық ескермей, кедергілермен атқарылып жатқанын Парламент депутаттары да ашық айтуда.

Берік Дүйсенбинов, Мәжіліс депутаты:

– Еліміздегі баспанаға мұқтаж жандардың саны 2,5 млн-нан асады. 2018 жылдың 29 тамызында Ұлттық банк пен «Баспана» ипотекалық компания­сы таратқан ақпаратқа сүйенсек, үй алуға небәрі 1803 адам өтініш беріп, оның 1190-ы ғана мақұлданған. Бұл деген 1 пайыз да, промилле де емес. Көп болса промилленің жартысы. Әрине, мұндай көрсеткіштерге көңіл толмайды. «Ақ жол» партиясының депутаттары сайлаушылармен кездескенде осынша мардымсыз нәтижелердің себептерін анықтадық. Шындығында, оған жергілікті мемлекеттің органдар мен бағдарламаның өзіндегі кейбір шарттар кедергі. Жергілікті атқарушы органдардың қолында баспанаға мұқтаж мыңдаған жандардың тізімі бар. Ендеше, неге тізімдегі азаматтарға қоңырау шалып, бағдарламаның қыр-сырымен таныстырмайды? Үйдің кезегінде тұрған адамдардың тым болмаса 1 пайызы қатысқанның өзінде бүгінгідей 1-1,5 мың емес, кем дегенде 25 мың адамды үймен қамтамасыз етер едік. Кейбір аймақтарда бағдарламаның шарттары жергілікті ерекшеліктерге сай келмейді. Мысалы, еліміздегі ең халқы көп, орташа жалақысы ең төмен өңірлердің бірі – Түркістан облысы, Шымкент қаласы. Ал бағдарлама шарты бойынша үйдің бағасы 15 млн-мен шектелген. Шымкентте ондай бағаға 2 бөлмелі пәтер сатып аласыз. Бұл – әділетсіздік. Шымкентті Алматымен теңестіріп, мегаполис деп жарияладық қой, неліктен үйдің бағасын екі есеге дейін төмендетіп отырмыз? Бір қуанарлығы, еліне жанашыр әкімдер шамасы келгенше бағдарлама шартындағы осы олқылықтардың орнын толтыруға тырысуда. Мысалы, Шымкент қалалық әкімшілігі кейбір әлеуметтік топтарға көмек қолын созып, алғашқы жарнаның жартысын төлеуді өз мойнына алған. «Қала салушылар» қауымдастығы соңғы жарты жылда негізгі құрылыс материалдарының бағасы күрт өскенін хабарлады. Мысалы, цемент бағасы екі есеге, қорытылатын металл екі жарым есеге қымбаттаған. Мұндай жағдайда бағдарламада көрсетілген бағамен үй салу өзін-өзі ақтамайды.

Төлен Тілеубай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377