Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3609 0 пікір 3 Қыркүйек, 2018 сағат 00:06

Демографиялық жағдай әр өңірдің экономикасына тікелей әсер етеді

2015 жылдан бері қолға алынған Күнгей жұртын теріскейге алдыртып, сондағы тіршілік қазанын қайнатуды көздеген Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аудару жобасы еліміздің оңтүстігі мен солтүстігінің халық саны тепе-теңдігін қалыптастыруға мүмкіндік турдыратын бірегей бағдарлама екені сөзсіз. Бұл жобаның басты мақсаты оңтүстік өңірлерде халық саны тез өсіп, еңбекке жарамды адамдардың жұмыс табуы қиынға соғатын, ал солтүстік өңірлерде жұмыс күші жетіспейтін жағдайды жөнге салу.

Қазақстанның солтүстік өңірлерінде кадр тапшылығы сезілу себебі халықтың өзге жаққа қоныс аударуы салдарынан болса керек. Ал өзге жаққа кеткен сол мамандардың орнын оңтүстік тұрғындары басуы мүмкін.

Еліміздің солтүстігінде жұмысқа тұрғысы келетін оңтүстік тұрғындарының саны жыл санап артып келеді. 2018 жылы рекордты көрсеткішке жетуі мүмкін. Бұл туралы еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев мәлімдеді.

- Биыл қоныс аударғандар саны артып жатқанын айта кету керек. Өйткені солтүстікте жұмысқа орналасқысы келетіндердің қатары көбейіп келеді. Шартты түрде айтқанда, биыл рекордты көрсеткішке жетеміз. Оңтүстік өңірлерден солтүстікке 9 мыңға тарта адамды көшіруді жоспарлап отырмыз, — деді Әлтаев Астанадағы брифингте.

Ол еліміздің солтүстігінде көшіп келген адамдардың мамандығы бойынша бос жұмыс орындары бар болғандықтан еңбекпен қамту мәселесі қиындық тудырмайтынын атап өтті.

- Солтүстік өңірлерде мамандар өте тапшы. Өйткені солтүстік облыстардан Астанаға немесе Ресейдің кейбір өңірлеріне кетіп жатқандар көп,— деді вице-министр.

Оның айтуынша, солтүстіктен оңтүстікке қайта қоныс аударғандар саны өте аз, өйткені көпшілігі отбасымен қалып, көшіп кетуді жоспарлап отырған жоқ.

Бұдан бұрын еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова өткен жылы оңтүстіктен солтүстікке көшіп барған 19 адам қайта олралғанын хабарлаған еді.

Оңтүстік Қазақтан облысында  2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыс халқының саны 2 914 054 адамға жетті. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 1,2 пайызға артық. Нәтижесінде республика бойынша облыс бала туу мен табиғи өсім көрсеткіштері бойынша бірінші орында тұр. Бұл туралы облыстық статистика департаментінің бастығы Айдар Әбілдабеков мәлім еткен болатын.

Салыстыру үшін айта кетейік, алдағы он-жиырма жылда солтүстік өңірлерде тұрғындар саны 900 мыңға кеміп, жұмыс күшінің жетіспеушілігі үлкен проблемаға айналуы ықтимал. Сол үшін оңтүстік жұртын солтүтсікке көшуі халық үшін де, мемлекет үшін де пайдалы шешім болар еді.

Биыл Түркістан облысынан теріскейге көшуге — 665 отбасыдан өтініш келіп түскен. Олардың ішенде Қостанай облысына қоныстануға ниет білдірушілердің саны – 272. Бұның 50-і Сарыкөл ауданына қоныс тебуді көздеп отыр.

Төрехан Омаров, Шымкент қаласының тұрғыны:
– «Асар» шағынауданында тұрамын. Онда тұрмысы төмен 50 отбасы бар. Барлығымыз да бағдарламаға қатысып солтүстікке көшпекпіз. Сол мақсатпен Сарыкөл ауданына барып қайттым. Жол шығынымызды Жаңабай Ағабеков есімді депутат көтерді. Онда 1 ауылдан 17 үй табылды. Сол баспананың иелерімен сөйлесіп, үйді аламыз деп уәделестік. Одан бөлек өтінішіміз бойынша 30 гектар жер телімі беріліп отыр. Оны да көрдік. Сол жерге картоп, сәбіз, пияз екпекпіз. Осылайша, солтүстіктің әл-ахуалын көтеруге және демографиясын да арттыруға күш саламыз.

ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Нұржан Нұрашевтың айтуынша, қазір солтүстік өңірлерде жұмыс күші жетіспей жатыр. Ал оңтүстік өңірлерде халық саны тез өсіп, еңбекке жарамды адамдардың жұмыс табуы қиынға айналуда. Сондықтан да, 2019 жылы солтүстікке 700 отбасын көшіру жоспарланған.

Жаңабай Ағабеков, облыстық мәслихаттың депутаты:
– Оңтүстіктен-солтүстікке жобасы 2015 жылдан бері қолға алынды. Міне, содан бері осы бағдарламаның басы-қасында жүрмін. Жыл сайын солтүстікке көшуге ниет білдіретін жандармен бірге сол аймақтарға барамын. Осы сапарымыздың барысында Қостанай облысының Сарыкөл ауданына бардық. Тұрғындар баспана таңдады, жұмыс орындарымен танысты. Мектеп, балабақша жұмысын көрді. Сапар барысында Ы. Алтынсарин, Қарасу аудандарында да болдық. Мұндағылар да оңтүстікқазақстандықтарды қабылдауға дайын екендерін жеткізді. Осында келіп халық арасында үгіт насихат жүргіземіз. Солтүстікке қоныс аударуға шақырамыз. Себебі, ол жақта халық аз. Маман тапшы.
Сөз соңында Түркістан облысынан солтүстік өңірге көш түзеген ағайындардың мөлшерін анық білу үшін статистикалық мәліметке орын берейік:

2017 жылы 5 Түркістан облысынан:
Шығыс Қазақстан облысына — 98
Қостанай облысына — 30
Павлодар облысына — 69
Солтүстік Қазақстан облысына -184 отбасы қоныстанған.

Ал 2018 жылы қоныс аударуға:
Шығыс Қазақстан облысына — 364
Қостанай облысына — 272
Павлодар облысына — 380
Солтүстік Қазақстан облысына 690 квота бөлініп отыр.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377