Жексенбі, 26 Қыркүйек 2021
Тарих 6116 5 пікір 20 Қыркүйек, 2018 сағат 11:14

Ер Жабай батыр елеусіз қалды

Алдымен ақпаратты жазайын. Алматыда осыдан 300 жыл бұрын өмір сүрген Ер Жабай батырдың рухына арнап ас берілді. Ғылыми-практикалық конференция өтті. Тарихшы ғалымдар мен қаламгерлер бас қосқан жиын тақырыбы – «Тіккен туы жығылмаған Ер Жабай». Ер Жабай батырдың 338 жылдығына орайластырылған жиында батырдың Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі ерліктері егжей-тегжейлі баяндалды. Рас, тарихшылар үшін Ер Жабай батыр жіті зерттелмеген тақырып. Десе де, хас батырдың ерлігі Бұқар жырау, Тәтіқара, Үмбетей, Шал ақындардың жырларында кездеседі. Ер Жабай Қанжығалы қарт Бөгенбайдың серігі, Абылай ханның тіректі батырларының бірі болған. Ол туралы кейінірек жазамыз.

Сонымен, Алматыдағы алқалы жиында не айтылды? Айтайық... Енді екі жылдан кейін Ер Жабай батырдың 340 жылдығы тойланады. Дүбірі дүниеге естілетін тойдың жайы осы жиында талқы болды. Ұсыныстар айтылды.

Ер Жабайға ескерткіш орнату керек

Мысалы, Ер Жабай батырға еліміздің бірқатар қалаларында ескерткіш орнату ұсынылды. Қайда? Қызылжар, Астана секілді қалаларда. Неге? Тарихи деректерде Ер Жабай Қарабиұлы 1680 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданының территориясында дүниеге келген деп жазылады.

  1. Батырдың жерленген жерін анықтап, мазар тұрғызу;
  2. Батыр Жабай Қарабиұлының атына көше беру;
  3. ҚР Қорғаныс министрлігінің орталық мұражайына Ер Жабай Қарабиұлының жеке бұйымдарын, құрал-саймандарын қою; (Батырдың кейбір заттары оның тікелей ұрпақтарында сақтаулы)
  4. Батыр атында қоғамдық ор құру; (Аталған қор Жабай батыр туралы деректерді топтастырумен айналысады)
  5. Қазақстан тарихы және өлкетану оқулықтарына енгізу, ЖОО тарих және әдебиет мамандықтары бойынша Жабай батыр ерлігін зерттеу магистрлік және докторлық диссертацияға тақырып ретінде бекіту, ЖОО студенттеріне «Жабай батыр атындағы стипения» тағайындау, Ер Жабай туралы деректерді жинап, республикалық басылымдарда жариялау;
  6. Ғылыми-практикалық конференция материалдарын жинақ етіп шығару ұсынылды.

Аталған жиынға жазушы, Еуразия жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенұлы, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері Әбубәкір Қайран, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Алмас Ахметбекұлы, Зиябек Қабуки-Шоқан, Нәбижан Мұқаметxанұлы, Уатқан Сәипіл, Әбділдә Салықбай, Айбын Әубәкір секілді есім-сойы елге белгілі азаматтар мен Жабай батыр ұрпақтары қатысты.

Әр қазақтың арғы тегін сұрасаң, бір батыр шығады

Біз ілкіден ұлтты қасіреттен құтқарар Толағай текті бір ұлды, батырды іздейміз. Батырдың рухына тәу етеміз. Құдайдан сұраймыз. Құдай да бізге біз сұраған алыптарды аямай берген. Қазақ даласында батырлардың көп болуы – оның сол кездегі геосаяси орналасуына және стратегиялық соғыс жағдайы орасан зор ықпал еткені рас. XVIII ғасырда қазақ елінің қай түкпірінде болмасын, батырларымыз ел мен жерді қорғау жолында шайқасқан. Қазақстан аумағындағы мыңдаған, тіпті он мыңдаған батыр бар десе таң қалмаймыз. Өйткені, әрбір қазақтың арғы тегін сұрасаң, міндетті түрде бір батырдың есімін кездестіресіз. Ол заман жаугершілік заман еді.

Ұлы Далада әрбір ер адам жауынгер болуы міндетті. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Бұл туралы ХІХ ғасырдың басында Қазақстанда болған Я.Гавердовский: «Әскери іс қырғыздар (қазақтар – автор) үшін ізгілікті кәсіп, сондықтан да онымен бүкіл халық айналысады (!) Қарудың мәнісін білетіндердің семсері, ең болмағанда пышағы болуы тиіс және ру басылары шақырған бойда жасаққа келіп қосылуы қажет»,-деп жазды.

Қаруы болуы көшпелілердің арасында өте беделді және құрметті деп саналған. Мысалға қарусыз қазақты құрылтайға кіргізбейтін. Олардың дауыс беру құқығы болмады, бұл далалықтар үшін намысқа тиетін масқара болып саналған.

ХХ ғасырдың басындағы белгілі қазақ зерттеушісі Қошке Кемеңгерұлының пікірінше, «қаруы бар жасөспірім өзінен жасы үлкен болса да, қарусыз адамға орын бермеген». Дала жағдайында туған жерді қорғауға тура келді, қарулы адам және оны епті пайдалана білетін адам құрметке лайық болды.

Бұл туралы сол дәуірдің басқа да зерттеушілері атап көрсетеді, мәселен, Л.Мейер: «Халық жиынында қарусыз адамның дауыс беру құқығы болған жоқ» деп жазады.

Осы ойларды саралай отырып, өскелең ұрпақ және кәсіби тарихшылар осындай ақтаңдаққа толы батырлар заманын зерттеуді қолға алуы керек деп ойлаймыз. Сондықтан да жоғарыдағы Ер Жабай батыр ерліктері туралы конференцияда ұсынылған ұсыныстар орынды һәм орындалуы тиіс, әрине.

Сонымен біз сөз етіп отырған Ер Жабай кім?

Жабай батыр Қарабиұлы 1680 жылы қазіргі СҚО, Жамбыл облысының аумағында дүниеге келген. Қанжығалы қарт Бөгенбайдың серігі,  Абылай ханның тіректі батырларының бірі болған. Ол керейден шыққан Қожаберген мен оның інісі Дәстем сардардан тәлім алған.  Орта жүзде Абақ керей, Көнсадақ руынан шыққан дейді.

Жабай батырдың есім-сойы бірқатар тарихи жыр-дастандар мен көркем шығармаларда, ғылыми еңбектерде кездеседі. Енді солардың бірсыпырасына тоқталайық...

Профессор Зуфар Сейтжанұлы өзінің ғылыми мақаласында «Жәнібек батыр жау (қалмақ) қоршауында қалған кезде қазақтар қарап тұрмай лап қояды. Жаппай шайқас басталады. Бұл шайқаста Жәнібек ғана емес, Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай, Ер Жабай секілді батырлар ерлік көрсетті», деп жазыпты.

Ер Жабай туралы Бұқар жырау да жазған екен. «Бұдан бұлай исі қазақ Абылайдың туы астында жиналуы керек, - деді Бұқар жырау. -Абылай қол астындағы елін қорғауға тиіс. Ол қорғамаса Бөгенбай, Жабай, Сары сынды батырлар бар. Солар қорғайды...Бұл арада сендер әзірге қазақ жерінің барлаушылары ғана болып қала тұрасыңдар.» Ілияс Есенберлин. Көшпенділер. 2-кітап. 3-бөлім. 464-бет.

Ер Жабайдың есімі Сарышуаш жыраудың толғауында да айтылады. Қазақ-қалмақтың жаугершілік заманында үйсінде Сарышуаш жырау деген көріпкел әулие өткен. Қабанбай батырдың науқасы сал тартып жатыр дегенді естіп, Сарышуаш шешен елінің игі жақсыларын ертіп, көңілін сұрауға барады. Сонда осы толғауды айтады: «Уа, Қабанбай, көзелім!»

Уа, Қабанбай, көзелім,

Ескіден қалған көз едің.

Жақсы мен жайсаң жиналса,

Жылқыда қылаң, боз едің....

****

Когүн деген бір заңғар,

Кезегіне алғанда...

Үркер мен айдай тоғысып,

Қылыш, найза қағысып,

Жекпе-жек ұрыс салғанда,

Бұдан да жан қалмас деп,

Қалың қазақ қайғырып,

Күдер үзіп қалғанда...

Жасаған ием жар болып,

Қапысына келтіріп,

Ер Когүнді өлтіріп,

Тауасар сынды батырың,

Басын кесіп алғанда,

Матайдағы Майлыбай,

Қасқарауда Молдабай,

Дулаттағы ер Бөкей,

Тәттібай мен Олжабай,

Керейдегі ер Жабай,

Көкжарлы Барақ, Тұрсыметбай,

Көтеріліп көп қазақ,

Ата аруағын шақырып,

Айқай-сүрең салғанда,

Қаракерей Қабанбай,

Ту түбінде тұрғансың... Жазып алған Тарих ғылымдарының кандидаты Әбдікерім Хасенов. https://abai.kz/post/13860

Ер Жабай қазақ-қалмақ соғысының қаһарманы. Қазақтың әскербасыларының бірі.

«Жабай 1715­-1758 жылдар аралығында жоңғар-­қалмақ басқыншыларынан және Едiл сыртындағы қалмақ шапқыншыларынан, түрiкпен феодалдарынан туған халқын, оның жер­-суын қорғау жолындағы азаттық соғысқа белсене қатысып, үлкен ерлiктер көрсетiп, батыр, мыңбасы, сардар деген әскери атақтарға ие болыпты», деп жазады Абай Тасболатов. «Ер есімі ел есінде». http://el.kz/kz/news/archive/%D0%B1%D0%B0%D2%9B%D1%81%D0%B0%D1%80%D1%8B-%D0%B1%D0%B0%D1%82%D1%8B%D1%80-%D0%BC%D0%B5%D0%BD-%D0%B4%D3%99%D1%83%D0%BB%D0%B5%D0%BD-%D0%B1%D0%B0%D1%82%D1%8B%D1%80

Ер Жабай Қарабиұлының ерліктері Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жырында баяндалады.

Қарабиұлы Ер Жабай

Жиырма алтыда жасы бар.

Қырылған елге жаны ашып

Жауға шапты аянбай.

Дұшпандарды тойтарды

Тіккен туы жығылмай, – деп жырлады. Сонымен қатар Жабайдың ерлiктерiн Бұқар, Тәтiқара, Үмбетей, Жанкiсi (Керей), Жанақ (бiрiншi), Көтеш, Шал, Салғара ақындар да жырлапты.

Ер Жабай Қарабиұлы туралы Ер Жәнібек Бердәулетұлы туралы тарихи деректерде де жазылған екен.

«Жәнібек Сарысу бойындағы 125 жастағы абыздың батасын алып, Торғай, Тобыл, Есілді басып, еліне қайтып келе жатқанда жол-жөнекей ат шалдырып отырған екі кісіге жолығады. Олар -  Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбай батырлар екен. Екі батыр жөн сұрасқаннан кейін, Қалмақтың ханы Қоралдай елге тыныштық бермегендіктен Хан Абылай жасақ жинап жатқанын айтады. Сөйтіп, Жәнібек те батырлармен бірге жасаққа қосылады. Міне, осы топта Бағаналы Барлыбай, Шұбар тулы Жаулыбай, Найман Барақ, Сүйіндіктен Олжабай, Уақтан Бармақ батыр, Керейден Шақабай мен Ер Жабай, Шыңғыр батыр, Малайсары, Өжет туған Өтеген болған» делінеді. Баяхмет Жұмабай. «Бес Қиссаның берері – батырдың биік беделі». http://kerey.kz/?p=2515

«1729 жылдың соңынан басталған соғыс, 1730 жылдың көктемінде жоңғар әскерлерін тағы да ойсырата жеңді. Жәнібектің жас батыр атана бастаған кезінде де оны уақ пен керейдің әйгілі батырларының тәрбиесіне алғаны жайында әр түрлі аңыз бар. Арғы жағы Ер Көкше, Ер Қосай, Сартоқай, Жанат, Сәменбеттерден басталған сол ерлік өнегесінің жалғаушылары – уақ Бармақ батыр, керей Шақабай, Барақ, Жабай, Ботағара батырлар Жәнібекке әрі ұстаз, әрі аға болған деседі». Жәди Шәкенұлы, «Жәнібек батыр» деректі зерттеулер. 2014 жыл, Алматы.

«1723 жылы «ақтабан шұбырындыда Жоңғарлар ең алдымен өздеріне тырнағы көп батқан Жабай батырдың елін, былайша айтқанда, Көнсадақ ауылдарын уыттанып келіп ерекше қатты шабады. Жаугершілік кезінде Жабай батыр өзі Ташкент жаққа жолаушылап кетіпті. Жабай қайта оралғанда елінен әрең бес ақ үй қалған екен. Жабай батырға көңіл айта барған Жәнібек батырға Жабай батырдың әйелі батырдың төл аты көктоқалды мінгізеді. Кейінгі бірнеше жорықта осы көктоқал атпен Жәнекең жекпе жекке шыққан екен деседі». Бұл жазушы Шәміс Құмарұлының жазғаны. «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар сериясымен» шыққан «Ер Жәнібек» атты деректі зерттеу кітабы. 50-60 беттер.

Жәди Шәкенұлы, жазушы, Еуразия және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі:

-Жоңғар шапқыншылары қазақ даласына алғаш басып кірген 1711-1723 жылдардағы жоңғарлардың алты-жеті дүркін сұрапыл шабуылын еске алар болсақ, сол шабуыл кезінде Жабай батырдың 30-40 жастағы дер шағында, ақылы мен қайратының кемелді шағында болғанын білеміз. Бұл жайында Қытайда, Шыңжаңда, Моңғолияда жазылған әдебиеттерде бұрын көп ұшырасатын. Соның бастыларын атап кетер болсақ, Жабай батыр ерліктері жайындағы аңыз-әфсаналар және нақтылы тарихи-деректер тарихшы Асқар Татанайұлының, жазушы Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері Шәміс Құмарұлының және моңғолиялық жазушы Сұлтан Тәукейұлының еңбектерінде кездеседі.

Зиябек Ермұханұлы, Тарих ғылымдарының докторы, профессор:

- Соңғы уақытта жергілікті БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде "қазақтарда батыр көп, жоқ жерден батыр жасап алады", деген пікір жиі айтылып, жазылып жүр. Негізі қазақта батыр көп болғандықтан еліміз осындай деңгейге жетіп отыр деп есептеймін. Қазақ батырын зерттеп, зерделеуден шаршамау керек, жалықпау керек. Ғылыми конференциялардың ұйымдастырылуы жақсы ғой, әрине, бірақ ғылыми дессертация не монография жазылып, зерттеу жұмыстары жүргізілмей тақырып тарихта бекітілмейді. Алдағы уақытта Ер Жабай туралы ғылыми монаграфия жарық көреді. Осыған ұқсас зерттеу еңбектері көбейсе, Жабай батырдың аты өлмейді.

Түйін. Алатаудың қос етіген емен жайлаған қазақ пен қырғызды айтамыз, біз. Міне, сол қырғыз туғандар «Манасымен» мықты. Рухы һәм қуаты сол «Манас» жырында жатыр. «Манас» жырын сай-сүйекті сырқыратып толғағанда еңкейген кәрісі де, еңбектеген баласы да теңселіп кетеді. Қырғыздың генетикалық коды мың жылдан бері жырланып келе жатқан «Манаста».

Әрқайсысының ерлігі дастан боларлық батырлар бізде де бар. Қазақта мыңдаған, он мыңдаған батыр бар. Біз солардың қайсысын тиісті деңгейде ұлықтап жатырмыз? Бір мысал, Жетісуда «Мұқыры» деген жер бар. Қазақ-қалмақ соғысында қазақтың Бағай дейтін батыры қалмақтың Мұқыры дейтін батырымен жекпе-жекке шығады. Бұл шайқаста Бағай батыр Мұқырыны жеңген. Әлгі жер ертеде «Мұқыры өлген жер» деп аталып жүріп, ақыры «Мұқыры» аты берілген. Ал сол Мұқырыны өлтірген қазақтың хас батыры Бағайдың аты бірде-бір елді-мекенге берілмеген. Міне, жағдай осындай.

Қазақтың тарихы бұл. Тіккен туы жығылмаған Ер Жабай да, Ер Бағай да қазақ тарихындағы шешуші шайқастарға қатысқан батырлар. Өкінішке орай, бүгін олардың есімдері рулық деңгейде ғана айтылып жүр.

Біз неге батырды іздейміз деген сауалға қайта оралайық. Иә, батырлардың ерлік дастандары қазіргі қазақ жастарының бойына рух бітіреді. Бүгінгідей алағай да, бұлағай заманда ұлт болып ұйысуда, жастарға отансүйгіштік тәрбие беруде батырлар дастаны айрықша маңызға ие екені сөзсіз.

Әуелгі ақпаратпен түйіндейік. Ер Жабай Қарабиұлының рухына ас беріліп, ғылыми конференция өтті дедік. Бізше, бұл рулық, топтық деңгейде емес, Республика көлемінде өткізілуі тиіс шара еді.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

5 пікір