Жұма, 22 Қараша 2024
Деп жатыр 34264 145 пікір 24 Қыркүйек, 2018 сағат 15:22

Жарқын Жеті - қандастар арасындағы уаххабилік бағыттың көсемі

Abai.kz ақпараттық порталы - ашық пікірлер алаңы. Белгілі дінтанушы, ғалым Зікірия Жандарбектің елімізге "Жарқын Жеті" деген жанама атпен белгілі қоғамдық белсенді Серікжан Біләшқа қатысты мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз. Серікжан бауырымыздың қарсы айтар уәжі болса, оған да портал бетінен мінбер беретінімізді ескертеміз. 

Abai.kz ақпараттық порталы

Бүгінгі күні қазақ халқы өз тарихындағы ең ауыр кезеңдердің  бірін басынан кешіріп жатыр десек артық айтқандық емес. "Ертеңгі күні қазақ халқы тарих сахнасында қалады ма, жоқ па?" – деген сұрақтың күн тәртібіне енгеніне де біраз жылдың жүзі болды. Мүмкін бұған көпшілік сене де қоймас. "Қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк. Бұдан артық не керек?" - айтатындар да табылар. Дегенмен, қазақтың қазіргі жағдайы кісі аярлық десем, артық айтқандық емес. Бұрынғы ғасырларда қазақ қаншама дүрбелеңді басынан өткерсе де, жаугершілікті басынан кешірсе де, дәл мұндай ала-ауыздықты, рухани тұтастығынан айырылып, тоз-тоз болғанын басынан өткермепті. Елдіктен айырлып, өзгеге бодан болған шағымыз да  да қазақ қоғамында дәл осы қазіргі кезеңдегідей ауызбірліктің кеткен кезі болған емес. Қазіргі қазақ қоғамының басын біріктіріп тұрған тіл ғана. Әйтпесе, бүгінгі қазақ дініне, тіліне, саяси ұстанымына қарай жіктеліп отыр. Бірі – Батысшыл, бірі – Шығысшыл, бірі -  орысшыл, бірі – қытайшыл т.б. болып кете береді. Осылардың салдарынан  қазақ дініне қарай уаххаби, салафи, сопы, иеговашы, кришнаит т.б. дін ағымдар жетегінде жүр. Мәдени ұстанымдарына келетін болсақ, қазақы болмыстан түгелімен ажырадық десек болады. Бар азғындық қазақ қоғамына тән болып отыр.  Жезөкшелік дейсің бе, гейлер дейсің бе қазіргі күні қазақта бәрі бар. Мұның барлығы айналып келгенде Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің  ұлттық идеологиясының болмауы, ақпараттық кеңістікті өзгелердің қолына ұстатуымен байланысты екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы үміт отын жаққандай болып еді. Ол бағдарламаны іске асырушылардың сауатсыздығынан әзірге оң нәтиже беріп жатқан жоқ. Керісінше, ғылым, білім саласы шетелдік жаһандану үдерісін жүргізушілердің жетегінде кетіп, қазақтың болашағын құрдымға бастап барады. Осындай қиын кезеңде қазақтың дәстүрлі діні мен мәдениеті шеттегі қазақтарда сақталып қалар деген үміт болатын. Өкінішке орай, олардың басында қара бұлт үйірле бастады. Әсіресе, Қытайдағы қазақтардың жағдайы екі жылдың жүзі болды ауырлап кетті. Оған кінәлі  алдымен Қытай үкіметі емес, өзіміздің қазақ арасынан шыққан «әсіре діншілдер» екендігін көргенде таң қалмасқа шараң қалмайды. Білім саласының маман болған соң қол астыңда тәрбиеленіп жатқан жастардың рухани болмысына, тәрбиесіне мән бере қарайсың. Мысалы, 2010 жылға дейінгі Қытайдан келген қазақ жастарының ұлттық рухы мықты, қазақ десе жанып тұратын. Ал, 2015 жылдан бастап, Қытайдан келген жастар арасынан уаххабиліктік танымдағылардың көбейгеніне таңданып жүрдім. Олармен сөйлесіп, кері қайтармақ болған әрекетімнен нәтиже шықпады. Қатып қалған. Осының себебін өткен жылы Қытайдағы зобалаң туындағанда барып түсіне бастадым. Уаххабизм олардың арасына да өз уытын жайып үлгеріпті. Ақпараттық құралдардың хабарынан мәселенің дінге қатысты туындап отырғаны белгілі болды. Қытайдағы қазақтар тағдырына алаңдаған халық, қоғам белсенділері ар жақтағы қазақтың мұңын Қазақстан үкіметінің басшылығына, Қытай билігіне жеткізу жолында біраз еңбектенді. Оларға соңынан әлемдік ақпарат та Қытайдағы қазақ мәселесіне алаңдаушылық білдіре бастады. Халықаралық ұйымдар да  қалыс қалған жоқ. Алайда, бұл мақаланың мақсаты - олардың барлығына талдау жасап, кім не істегенін көрсету емес, осы қытай қазақтарының жағдайының ушығуына ықпал еткен негізгі факторды анықтау болғандықтан сөзді ары созбастан негізгі тақырыпқа көшкеніміз дұрыс.

Соңғы бір жылдың көлемінде Қытай қазақтарының тағдырына алаңдап, солар үшін жан пидалық жасап жүрген жігіттердің ішінде Жарқын Жеті дегеннің аты жиі есітіле бастады. Өзі белсенді, шешен. Айтқан сөзі мірдің оғындай. Нысанаға дөп тиеді. «Атажұрт» ұйымы арқылы Қытайда қуғынға түскен ағайындарға жәрдем қолын созып, материалдық көмек көрсетіп жүргенін БАҚ құралдарынан оқып, сүйсініп жүрдік. Сөйтіп жүргенде «Abai.kz» сайтына «Жарқын жеті деген кім? Ағартушы ма, әлде арандатушы ма?» мақала шығып біраз мәселенің бетін ашты. Содан бері тірнектеп біраз материал жинадым.

Жарқын Жетінің шын аты Серікжан Біләш екен. Жинақтаған материалдарым біртіндеп Жарқын Жетінің кім екенін анықтауға мүмкіндік берді. Оның «Мың бір сапар» атты шығармасында жарияланған материалдары оның нағыз уаххабилік бағытты Қытайдағы қазақтар арасына таратушы, басты уағызшы болғанына көзім жетті. Енді сол «Мың бір сапар» атты шығармасынан қысқа бір үзінді келтіріп көрейік. "Бақсысы жоқ, құмалақшысы жоқ қазақтың әулеті бар ма екен осы? Түген әулие, түген көріпкелдің атағын есіткенде тайлы-таяғы қалмай шұбыратын қазақты шайтан иектемей қайтсін?! Бақсысы мен балгеріне, құмалақшысына құдайдай ұйыған қазақ адаспай кім адассын! Бақсысы мен балгеріне нанған қотыр тайыншасын табу үшін Алланың қарғысы тиген бақсыға жүгінетін, Алланың ең жек көретін күнәсін істеуден қорықпайтын қазақ, Аллаға серік қосудан қорықпайтын қазақ құрымай, кім құрысын?!

Біз Алланың кітабы бойынша талдау жасап көрелікші. Жаңағы сөз жақпайтын дүнген мен ұйғыр, сіздің айтуыңыз бойынша болғанда, сіздің жинаған ақпаратыңыз бойынша болғанда, күндіз мешітіне барып, кешке көршісінің тауығын ұрлады делік. Ал, қазекең тойына жарты байлығын шашып тастап, жомарт болып, бай болып, жасап, ешкімнің ала жібін аттамай тек қана, жоғалған қотыр тайы үшін бақсыға шауып барды делік. Таразыға салып өлшеңдерші. Қайсысының күнәсі ауыр екен? Көршінің ғазабына қалу дегенің, Алланың азабына қалудың қасында ештеңе емес. Асса тапқан саубынан, жиған иманынан қайырар. Ал Алланың шектеген, тыйған, Алланың ең жек көретін күнәлі ісін істеген жаңағы бақсышыл қазақтың хәлі ол дүниеде қиын болмақ! Әрине бұл дегеніміз жаңағы тауық ұрлағанның күнәсін ақтағанымыз емес. Екеуі де күнә. Бірақ, бақсышылдың, мүшіріктің, Аллаға серік қосушының күнәсі кешірілмейтін күнә! Мейлі жаңағы бай, ақкөңіл қазақ, жомарт қазақ, өзінің бүкіл ұлын, туыс-туғанын жалғыз өзі асырап отырсын! Ұлы ғана емес, күллі адамзатты, жер бетіндегі жеті миллиард адамды жалғыз өзі асырап, бақса да, бақсыға сенгені ұшін, құмалақшыға барғаны үшін, аспан мен жердің арасын толтырардай сауапты еңбегі болса да, баратын жері тозақ болмақ! Осындай күнәдан қаш қазағым. Алланың азабына қалдыратын күнәдан арыл қазағым!.

Міне осы берілген үзіндінің өзі Жарқын Жеті - Серікжан Біләштің кім екенін, Қытайда қазақтар арасында қандай бағытты уағыздағанын көрсетіп тұр. Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, дәстүрлі діні толығымен жоққа шығарылып, уаххаби болмасаң, тозаққа барасың деп уағыздауда.  Жарқын Жеті осы бағыттағы уағызы 2009 жылдың күзінен бастап айтылып келіпті. «Сен қазақ», «Күлтегін» сияқты сайттарды жаулап алып, Шыңжанды мекендеген бар қазақтың санасын улайды. Осы Жарқын Жеті уағыздарының кесірінен ол сайттар жабылып тынады. Қобда, Жеменей аудандарында «Витчат» желісін пайдалана отырып, «Жамағат» атты топ құрып, сол арқылы діни уағыздар жүргізеді. Ал, ол уағыздардың нәтижесін қандай болғанын мына бір мысалдардан көре аламыз. Сауан ауданында шашлық сататын бір жігіт пайда болып, уаххабилікті ашық уағыздай бастайды. Оны жақтаушылардың саны көбейіп, 200-де асады. Олар одан жайлауға шығып, Халифат туын көтеріп, кәпірлермен соғысқа шығатынын ашық мәлімдейді. Сақшы орындарынан барғандармен қақтығысқа түсіп, оларды қуып шығады. Қазір ол аудан жабық аудандар қатарына еніпті.

Екінші бір осыған ұқсас оқиға Тола ауданында болған. Кенже деген жігіт 20-30 жігіттен топ құрып, ұйымдасады. 2012 жылы Астанаға келіп, Садуақас Ғылмани мешітіндегі уаххабилермен кездесіп, сол жерден Сирияға аттанады. Әлі күнге Сирияда жүрген көрінеді. Жалпы Шыңжан қазақтарынан Сирияға оннан аса жігіт кетті деген хабар бар. Осылай мемлекеттік жүйеге ашық қарсылық жасалып, саяси күреске айналу ықтималдығы күшейіп бара жатқанын көріп отырған Қытай өкіметі тыныш отырады дегенге кім сенеді? Оның үстіне өздеріндегі уаххабилердің қазақстандық уаххабилермен арадағы байланысын бақылап отырған Қытай өкіметі қатал шараларға барды. Соның себебінен болса керек, Қытай Қазақстанды өздеріне қауіпті елдердің қатарына жатқызыпты. Оған ешкім араласа алмайды. Шыңжандағы қазақтың бар қасіреті осында. Оған алдымен Жарқын Жеті - Серікжан Біләш бастаған «әсіредіншілдер» кінәлі деп тұжырым жасауға толық негіз бар.

Жарқын Жетінің бұл әрекетінен кім ұтты? Кім ұтылды? Ұтылған қазақ қана. Өзінің ата қонысында отырып, тағдыр тәлкегімен Қытайға бодан болған халық күні кешеге дейін өзінің рухани, мәдени дербестігін сақтап келіп еді. Қытай экономикалық реформалардан кейін шеткі аймақтарды игеруді, ол жердегі халықтарды біртіндеп қытайландыру саясатын жүргізе бастады. Бірақ, ашық, өктем түрде емес, асықпай жүргізуді бастаған болатын. Ал, Шыңжан қазақтары арасында діни-радикалды топтардың пайда болуы қытай өкімет орындарына қытайландыру саясатын ашық жүргізуге мүмкіндік берді. Күні кеше Қытайға барып келген Расул Жұмалының мақаласында осы мәселе көтеріліпті. "Сонда бұл Жарқын Жеті кімге қызмет  істеп жүр?" деген заңды сұрақ туындайды. Оған негіз де жоқ емес.

Мысалы, «Фейсбукте» Заңғар Алтай өз парақшасында мынадай деректерді жариялады. «2015 жылдары қытайдағы Юүннан-Гүйжу-Тайланд бағытындағы мигранттық жол талқандалған соң соң Жарқын Жеті Қытайдың әлеуметтік желісі болып саналатын wechat желісінде 500 адамдық ондаған жабық топтар құрып, «Қытай Қазақтарын Қазақстанға көшуге үгіттеймін» –деп іс жүзінде көптеген ұлтын сүйетін қазақ жастарын өзіне тартты. Олар Жарқын Жетіге имандай сенді. Бірақ Жарқын Жеті қытай Қазақтарына көші-қон жайлы емес, қайта қытай саясаттарына қарсы үгіт-насихат таратып, «Қытай үкіметі Қазақтары Америкадағы үндістер сияқты қырып жатыр, жойып жатыр!» деп тағы да Қытай құқық қорғау орындарының көзіне түсті. Алайда бұл Қазақстанда жатқандықтан Қытай құқық қорғау орындары Жарқын Жетінің аудио үндеулерін таратқаны, сақтағаны үшін қарапайым халықты ұстай бастады. Оның соңы ақыры 2017 жылғы жаппай тұтқындауға алып келді. Бұрын «Жарқын Жетімен» кездескен, оның жазған мақалаларын таратқан, оқыған, әлеуметтік желіде бөліскен мұғалімдер, студенттер жаппай тұтқындалды. Тіпті сот үкімі шығып 10 және 7 жылға сотталғандар да бар деген ақпарат шықты (Дүйсен Бағдал, Сарқытжан, Нұржан қатарлы мұғалімдер).

Бүкіл Қазақстанды шулатқан "Сайрагүл Сауытпай сотында" Сайрагүл сот алдында « Қытайда Жарқын Жеті тобына ерген адамдарды өлім жазасына,немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруда!" деп ресми түрде мәлім етті. https://www.youtube.com/watch?v=kimmSqdi0DQ

Олай болса ол жақтағы Қазақтардың сотталуы үшін Қытай қызыл үкіметіне сылтау тауып беріп, Қытайдағы Қазақтардың ұлтшылдарын су бетіне шығарып, Қытайға көрсетіп беріп отырған Серікжан Білаш емес пе?
Қазірге дейін Серікжан Білаш Қазақстанда Қытайға қарсы қанша жерден айғай салып, үндеу жариялап жатса да оның туған апкесі Фатима Білаш Алтайда өз қызметін істеп жатыр деген сөз бар. Және Серікжан Білаштың бұрынғы әйелі Сайрадан бір қызы бар. Қазір Үрімжі қаласында тұрады. Оларға Қытай үкіметі неге қысым көрсетпейді? Өзі айтқан "Конслагер-ге" неге қамамайлы? Егер қамаған болса өзі неге Қытай үкіметінен туыстарын,(бұрынғы әйелін босатуды талап етпесе де) бауыр еті баласын босатуды неге талап етіп, өзгелерге үйреткен сияқты неге «Видео арыз» жасамайды? Осы деректерді салыстыра келе Жарқын Жеті, яғни Серікжан Білаш "Қытайдың Қытайдағы қазақтар үшін құрған қақпаны үшін қызмет етіп жүрген ойыншысы емес пе?" деген ойға келеді. Себебі: осы кезге дейін осындай адамдар арқылы ел ішіндегі Қытайға қарсы ұлтшылдарды, діншілдерді ашыққа шығарып, соңында жаппай тұтқындаған әдістерді Қытайдың комунистік партиясы тибетте, ұйғырларда қолданып көрген тәжірибе бар. Шетелдегі ұйғыр ұйымдары мен ұйғыр топарының біраз бөлігін «Қытай қаржыландырады!» деген болжамдар Германияда, Түркияда нақты дәлел-фактпен анықталған болатын. Тіпті Түркия үкіметі біраз ұйғыр ұйымдарын тексеріп,тұтқындаулар жасады. Бұрын Қытайға қарсы күш ретінде саналатын ұйғыр күші қазіргі кезде «Қытай күші» ретінде бағалана бастауы соны айғақтайды".

Заңғар Алтайдың бұл деректері кез-келген адамға ой салады. Жарқын Жеті қазақтарға қарсы пайдаланып отырған қытайдың өз адамы емес пе? Оның үстіне Серікжан Біләштің Қытай фирмаларының Қазақстан нарығына кіруге жағдай жасап, ортада делдал болған кездері болғанын жоғарыда біз сілтеме жасаған материалда жүр. Сондықтан, Жарқын Жетінің Қытайдың өз адамы болу ықтималдығын ешкім жоққа шығармайды.  Оған қоса, "Жарқын Жетінің екінші бір күштерге де қызмет жасап жүрген жоқ па?" деген заңды сұрақ туындайды. Ол – Жарқын Жетінің уаххабилік-салафилік идеологияны тарату бағытындағы белсенділігі. Бұл бағыт қазіргі күні өзінің тәуелсіз саясатын жүргізбек болған мұсылман елдеріне қарсы қолданылатын АҚШ бастаған Батыс елдерінің басты идеологиялық қаруына айналды. Біз оны «Араб көктемі» мысалында көре аламыз. Тунис пен Ливия, Мысыр елдері басынан кешірген оқиғалардың негізгі қозғаушы күші осы уаххабилік-салафилік бағыттың өкілдері болатын. Ол саясаттың  жалғасы Сирияда әлі халықты қанға бөктіріп жатқанына өзіміз куәміз. Бұл діни бағыттың Орталық Азия елдерінің барлығына тарап үлгергенін және белгілі дәрежеде бұл елдерде де қауіпті қозғалыс тудырғаны белгілі. Тәжікстанда осы ағымның салдарынан бірнеше жылға созылған азамат соғысы орын алса, Өзбекстан қатаң шаралардың арқасында ғана мұндай қырғыннан аман қалды. Қырғызстандағы жағдай да күрделі. Осыдан үш жыл бұрын Бішкек мешіттерінің біріндегі имам өз уағызында жұма намазына жиналғандарға «Сирияға барып не қыласыңдар? Соғыссаңдар осы жерде жетеді ғой, - деп уағыз айтқанына куә болғанын шәкіртіміз айтты. Ал, еліміздегі діни ахуалды қандай екенін тәптіштеп жатудың қажеті жоқ. 2011-2016 жылдар арасында елді дүрліктірген террактілер орын алды. Бұл уаххабилік-салафилік бағыттың әрекеті соңғы жылы біршама белсенділігін бәсеңдеткендей болғанымен, жұмысын тоқтатты дегенге келмейді. Белсенділігін бұрынғыдай жария жүргізбегенімен, астыртын әрекетін тоқтатқан жоқ. Әсіресе, шағын және орта бизнес арасында олардың үлесі қомақты. Демек, қоғамда уаххабилік салафилік бағыттың өз жақтастары бар және олардың қаржылық мүмкіндіктері жеткілікті. Есесіне олардың жұмыстарын ашық мешіт имамдары жүргізуде. Уаххабилердің басты ұстанымы болып табылатын «Аллаға серік қосу» деген тақырып, мешіт имамдарының уағызында айтылатын басты тақырып десе болады. Ол қазақтың дәстүрлі дініндегі рухтың мәңгілігі туралы ұғымды жоққа шығарады. Және бұл уағыздың нәтижесі айтарлықтай десе болады. Мысалы, Кеңес өкіметі жылдары, Тәуелсіздікті алғашқы он жылында айт намаздарына мешітке жиналған адамдарыдың барлығы дерлік Қожа Ахмет Йасауи кесенесіне барып, дұға жасап кететін болса, қазіргі күні намазға барушылар саны еселеп артқанымен, Қожа Ахмет Йасауи кесенесіне барып, дұға жасаушылар саны 100-200-ден аспай қалды. Бұл уаххабилік-салафиік ықпалының мұсылмандар санасын қаншалықты өзгерткеніне дәлел бола алады. Мұның бәрін айтып, сараптап шығудағы мақсат, кез-келген уақытта бұл діни фактор Орталық Азияны отқа орайтын негізгі себепке айналу ықтималдығы бар. Әлемді қайта бөліске салуды көздейтін алып державалардың геосаси тіке-тіресінде біз сияқты аз халықтардың шахмат тақтасындағы пешка сияқты құрбандыққа шалынуымыз мүмкін. Соңғы жылдары Ресей мен Қытай, Иран бір жақ, АҚШ пен Батыс елдері бір жақ болып тіке-тіресіп тұр. Мұның соңы 3-дүниежүзілік соғысқа айналып кету қаупі күн санап күшейіп келеді. Соңғы екі жыл көлемінде АҚШ пен НАТО-ның Сириядан шегінген ДАИШ жасақтарын Ауғаныстанның солтүстік аймақтарына әкеліп орналастырып жатқанын, олардың көпшілігі тәжік, өзбек, қырғыз және орыс тілінде сөйлейтіндер екенін, жергілікті Ауған әскерлерінің оларға қарсы тұруға шамасы келмейтінін жергілікті билік өкілдері мәлімдегенін «Фергана.ру» сайты жазды.  Сол сайттың тілшісіне берген сұхбатында Ауған мәжілісінің депутаты Хадж Захир Қадир былай дейді: «Я и мои друзья неоднократно становились свидетелями перебросок иностранных наемников ДАИШ на вертолетах без опознавательных знаков, которые из уезда Ачин провинции Нангархар перебрасывали в северный регион страны, – сказал он. – Также мы видели, что вертолеты время от времени перевозят большие ящики то ли с оружием, то ли с провизией, а также новые мотоциклы для иностранных наемников ДАИШ.».

АҚШ бастаған Батыс елдері бұл әрекетті бостан босқа жасап жатпағаны белгілі. Негізігі нысана Орталық Азия елдері болып отырғандығы дау тудырмайды. Сондағы мақсат не? Кейбір сарапшылардың пікірінше, Ресей мен Қытай арасындағы Орталық Азия елдерінде бүлік шығару арқылы, Ресей мен Қытайдың  бірлігін әлсіретуді көздейтінін алға тартады. Бұл пікірдің түбінде шындық жатқанына көз жеткізу қиын емес. Ресейдің Тәжікстан жерінде үлкен әскери күшті ұстауы мен Қытайдың жақында Ауғанстанның шығысына әскер кіргізіп, әскери база орналастыруы біздің бұл пікірімізге дәлел болса керек. Өйкені, Солтүстік Бадахшанның таулы аймақтарында ұйғырлардың қарулы жасақтарының топтасып жатқандығы туралы жоғарыда аталған сайтта жүр. Әрине, оқырман Жарқын Жеті -Серікжан Біләштің бұларға қаншылықты қатысы бар деп ойлауы мүмкін. Қытай үкіметінің Шыңжандағы діни үдерістерді қатаң бақылауға алып, жазалау шараларының астарында осындай геосаяси мәселелер жатқанында күмән жоқ. Қытай қазақтарының арасына уаххабилік, салафилік идеологияны уағыздап, халық арасында дүрбелең туғызған, қаншама қазақтың сотталып, қаншама қазақтың зардап шегуіне негізгі себепкер болған Жарқын Жеті  -Серікжан Біләштің қатысы болмауы мүмкін бе? Жоқ. Оның үстіне ұйғырлардың тәуелсіздігі үшін күресіп жатқан топтарымен тығыз байланыс орнатып, өзінің соңына ергендер әрекетін сол ұйғыр топтарының әрекетімен үйлестіруі Жарқын Жетінің өз қимыл-әрекетіне халықаралық сипат беруге ұмтылысы деп түсіну керек. Бұларға қоса Қазақстан мен Қытай арасын ушықтыруға бағытталған мына әрекетін қалай түсінуге болады? Әскери киім киген, ұйғырлардың қарулы жасақтарының Қытайға қарсы күш көрсете жасаған видеосының ізімен, Жарқын Жеті-Серікжан Біләштің  өз жақтастарын қасына алып, Қазақстанның мемлекеттік туының астында Қытайға сес көрсетіп, видеоға түсіріп, жариялауы жақсылық нышан емес. Егерде Серікжан Біләштің соңына еретін болсақ, онда азғантай қазақтың жер бетіндегі бар халықпен жауласуына тура келеді. Оның атақты «Мың бір сапар» шығармасында қара күйе жағылмаған халық жоқ. Сонда мына қазақ не істеуі керек? Солардың бәрімен жауласып, ара қатынасты үзу керек пе? Әлде, халықаралық нормаға сай өзгелердің ішкі ісіне араласпау деген прициппен жүруі керек пе? Міне, осылардың барлығы қазақты ойландыратын жағдай.

Серікжан Біләштің әрекеті мұнымен шектеліп жатқан жоқ. Қазақстанға келген соң да өзінің бұрынғы әніне басып, халықты бір-біріне қарсы айдап салу әрекетіне көшкенін жасаған мәлімдемелерінен көріп жүрміз. Мысалы, Сайрагүл Сауытбайдың сотынан кейінгі жасаған мәлімдемесі, жалпы Қытайдан келген қазақтарды екіге бөліп тастады. "Қытайдың қазақтарға жасап, жатқан қылмысын әлемге жариялау керек. Сайрагүл бар мәселені ашып айтуы, Қытайға қарсы күресуі тиіс. Олай болмаса, сатқындық болады. Бұл жолда шегінуге болмайды",- дей келе, жалпы қазақ халқын қытайға қарсы күресуші және сатқындар деп екіге бөлді. Соның салқыны болса керек, «Қазақ үні» сайтында Қытайдан келген қазақтарды екіге бөлген мақала жарияланды. «Қазақтар мен хуачияулар»: Қытайдан келген қандастар екіге жарылды» деп аталады. Мақала авторы - Қалбан Ынтыханұлы. Кімнің кім екенін осы мақала талдап көрсетіпті. Менің білуімше, сатқын деп отырғандары Серікжан Біләштің айтқандарын қолдамай, өз пікірінде қалғандар сияқты. Қытайдан келген біраз жігіттерді білемін. Бірақ олардың арасынан, мақалада айтылғандай, Қытайдың мүддесін қорғап жүргендерді көрмедім. Есесіне Қытайдағы қазақтардың мәселесін шешудің тиімді жолдарын айтып жүр. Сондықтан, Қытайдан келген бауырларымызды Серікжан Біләш солай атады екен деп, адасып жүрмейік ағайын.

Серікжан Біләштің әрекеті мұнымен шектелмейді. Елімізге белгілі тұлғалардың да атына күйе жағуды бастаған сыңайлы. «Атажұрт» қозғалысының  белігі журналист, «қазақтың Ақжүнісі» атанған Сәуле Әбединоваға қарсы әрекетін басқаша түсіну мүмкін емес. Сайрагүл қарындасымыздың мәселесін бар қазаққа жеткіземін деп шырылдаған Сәулеге соттан кейін қара күйе жағып шыға келді. Осы мақалада айтылғандарға сенген белгілі саясаткер,  оппозиция өкілі Жасарал Қуанышәлин қолдап, Сәулеге шүйлікті. Адвокат Абзал Құспанов ініміз шырылдап, Сәулеге ара түсті. Себебі, Сайрагүлдің Жарқын Жетінің ықпалымен кетпей, сабыр сақтауын, әзірге ешқандай тірлікке араласпауына ықпал еткен Сайрагүл сотында белсенді әрекет етіп, Сайрагүлдің босап шығуына барын салған осы екі азамат болатын.

Міне, құрметті оқырман, Жарқын Жеті атанған Серікжан Біләш атты азаматтың атқарып жатқан «қызметтері» осындай. Қытайда жүріп, жасаған белсенді әрекетінің арқасында Қытайдағы бар қазақ зардап шегіп, алды о дүниелік болып, мыңдаған адам түрмеге тоғытылды. Қанша кісі саяси түзеу лагерлерінде жатыр. Осының барлығы бір ғана Жарқын Жетінің әрекетінің «улы жемісі». Ол оны қанағат тұтпай елімізге келіп, халықты жіктеуді бастады. Ертеңгі соның көпірме сөзінің жетегінде кетіп, біз де бір-бірімізбен қырқысып немесе көрші елдермен жауласып жүрмейміз бе? Сондықтан сақ болғанымыз, айтылып жатқан әңгімеге байыппен қарауды үйренгеніміз абзал, ағайын!

Зікірия Жандарбек

Abai.kz  

145 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5315