Ұлттық құқықты дамытудың негізгі бағыттары
Қазақстан Республикасы Конституциясының мемлекеттің заңнамалық, ұйымдастырушылық және басқа да шараларымен жүзеге асуы тиіс құқықтық идеялары мен принциптерін одан әрі іске асыру қажет.
Мемлекеттік және қоғамдық институттардың күш-жігері елдің Негізгі заңының барлық конституциялық айқындамаларда қамтылған жасампаз әлеуетінің жүзеге асырылуы төңірегінде шоғырлануы тиіс.
Заңнаманы жетілдіру процесінде және құқық қолдану қызметі барысында Конституцияның үстемдік принциптерін және төменгі деңгейдегі актілердің жоғары деңгейдегі актілердің нормаларына сәйкестігін бұлжытпай сақтау қажет.
Елдегі заңдылық режимін және құқықтық жүйенің тұрақтылығын да, сонымен қоса қолданыстағы Конституция шеңберінде ұлттық құқықтың қарышты дамуын да қамтамасыз ететін жүйелі шаралар қажет. Құқықтық саясатқа кешенді көзқарас барлық нормативтік-құқықтық базаны мемлекет дамуының жалпы стратегиясы тұрғысында, оның ішінде нәтижелілік, ашықтық және есептілік принциптерінде, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қамтамасыз ететін мемлекеттік басқарудың сапалы жаңа моделін жасау жөнінен жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Ұлттық құқықтық жүйенің негізі конституциялық құқық болып табылады. Оның қарыштап дамуы 2007 жылғы конституциялық реформа нәтижесінде елеулі түрде жаңарған Қазақстанның қолданыстағы Конституцияның принциптері мен нормаларына сүйенеді.
Еліміздің Негізгі заңында көрініс тапқан идеялар мен принциптер ұлттық құқықтық жүйенің негізгі бағыттары мен даму тетіктерін, оның ішінде конституциялық құқықты ұзақ мерзімді перспективада айқындайды. Яғни Конституцияның принциптері мен нормаларын, ең алдымен, мемлекеттік билік органдары мен оның лауазымды адамдарының қызметінде толыққанды іске асыру, бұл ретте Конституцияны тікелей қолданумен қатар ағымдағы заңнама және құқық қолдану арқылы оның әлеуетін қамтамасыз ету маңызды міндет болып табылады.
Біздің мемлекетіміздің Конституциясында бекітілген Республика қызметінің түбегейлі принциптерін (бұл: қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, барша халықтың игілігі үшін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекеттік өмірдің неғұрлым маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу) сақтау мен іске асыру елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық және саяси-құқықтық дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы конституциялық құрылысының негізі, мемлекеттің егемендігі мен бір тұтастығы конституциялық заңнаманы және оны қолдану практикасын жетілдіру арқылы нығаятын болады.
Конституциялық құқықты дамыту перспективалары мемлекеттің құрылымын, мемлекеттік биліктің бір тұтастығын, оның тармақтарының жұмыс істеу тетіктерін және Қазақстан Республикасының бүкіл халықтық сайланған Президенті тарапынан стратегиялық басшылықпен, бақылаумен және төрелікпен олардың өзара іс-қимылын анықтайтын қолданыстағы конституциялық заңдарды жетілдірумен байланысты.
Конституциялық заңдылық режимін, Конституцияның принциптері мен нормаларын нақты түсіндіру, ұлттық құқық пен құқық қолдану практикасын дамыту бағдарын қалыптастыруды қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі Конституциялық Кеңес қызметінің тиімділігін арттыру және мемлекеттің құқықтық саясатында оның нормативтік қаулыларын толығымен іс жүзіне асыру болып табылады.
Елде құқықтық мемлекет принциптерін одан әрі бекіту процесінде, бір жағынан, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асырудың ең жоғары ықтимал кепілдігіне қол жеткізу, ал екінші жағынан барлық мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың, азаматтар мен ұйымдардың конституциялық міндеттерді бұлжытпай және толық орындауы маңызды.
Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету үшін біздің Конституция талап ететіндей, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қатыссыз құқықтары мен бостандықтарының теңдігіне кепілдік беретін жағдай жасау болып табылады.
Осы орайда ұлттық келісімді сақтау мен нығайтуда, Қазақстанның көп ұлтты халқының бірлігін қамтамасыз етуде құқықтық тетіктердің рөлі арта түсетін болады.
Қазақстан зайырлы мемлекет болып табылады, онда конфессияаралық татулық пен келісім салтанат құруда, дінге сенушілермен қатар атеистік көзқарасты ұстанатын азаматтардың да құқығы құрметтеледі. Мемлекет діни қызмет саласына араласпайды, алайда конфессиялармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етуі және азаматтардың діни сенім бостандығы құқығын қорғауы тиіс, ол үшін осы салада тиімді мемлекеттік саясат қалыптасуы тиіс.
Діни сенім бостандығы туралы заңнаманы миссионерлік қызметті реттеу, діни өнімдерді тарату, діни бірлестіктерді тіркеу бөлігінде одан әрі жетілдіру, сақтау және біркелкі қолдану қажет.
Қазіргі жағдайларда мемлекеттік және қоғамдық өмірде гендерлік теңдік, әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету факторы айтарлықтай рөлге ие болуда.
Қазақстанның өмір сүру сапасының стандарттары жоғары, серпінді, қазіргі заманғы мемлекет ретінде қарышты да орнықты дамуы адами әлеуетті, азаматтардың іскерлігін жандандыру, азаматтық қоғам институттарын нығайту негізінде ғана мүмкін болады.
Осыған байланысты азаматтық қоғам институттарының дамуына және азаматтық бастамаларды іске асыру мүмкіндігіне қосымша қарқын беретін құқықтық құралдар қажет.
Үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесін жетілдіру керек құқықтық реттеу тетіктері үкіметтік емес ұйымдар қызметінің ерекшеліктерін, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етуді ескеруі тиіс.
Ақпарат мәселелерін реттейтін нормативтік-құқықтық реттеуді де жетілдіру қажет. Осы қызмет және оның құқықтық реттелуі тұтас алғанда кепілді сөз бостандығына, адамның жеке өміріне, жеке және отбасылық құпияларына, хат жазысу, телефон арқылы сөйлесу және өзге де алысқан хабарларының құпиясына қол сұғылмауына конституциялық құқықтарының сақталуын, сондай-ақ мемлекеттік құпиялар туралы заңнама талаптарының сақтатуын ескере отырып заңда тыйым салынбаған тәсілдермен кез келген ақпаратты еркін алуға және таратуға бағытталуы тиіс.
Азаматтық бастамаларды дамыту жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерімен тығыз байланысты. Мемлекет пен азаматтық қоғам тоғысындағы бұл институт өзін нығайту мен дамытуды талап етеді. Атап айтқанда, жинақталған тәжірибені ескере отырып, мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқару функцияларының аражігін ажыратып қана қоймай сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару органдарын жергілікті маңызы бар мемлекеттік функцияларды іске асыруға кең ауқымда тарту қажет.
Жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде халықтың рөлі мен белсенділігін арттыру жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың нәтижелері болуға тиіс.
Бұл ретте, мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқарудың тиімді жүйесін жасау мақсатында осы жұмысты мемлекеттік биліктің әртүрлі деңгейлерінің арасындағы қызмет салаларының, функциялары мен жауапкершілігінің аражігін одан әрі ажыратумен бір мезгілде жүргізу қажет.
Мұндай жұмыс мемлекеттік және өзін-өзі басқару негіздерін ұтымды бөлу тұрғысынан жергілікті өкілді және атқарушы органдар мәртебесінің өзгеруімен қатар жүргізілуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңнамада әрбір әкімшілік-аумақтық бірліктің рөлі мен мақсатына нақты анықтама беру қажет, бұл мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқарудың әрбір органының рөлі мен мақсатын тиісінше анықтауға негіз болады. Бұл заңнамада түрлі әкімшілік-аумақтық бірліктер, оның ішінде моноқалалар мәртебесінің ерекшеліктерін және халықтың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ететін мемлекеттік институттардың қызметін нақты көрсетуге мүмкіндік береді.
Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін дамыту тиімді де жинақы мемлекеттік аппарат құруға жаңа басқару технологияларын енгізуге, әкімшілік рәсімдерді жетілдіруге бағытталған әкімшілік реформаны құқықтық қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Ал бұл - құқықтың әкімшілік тәрізді саласын реттеу аясы,оның маңызды міндеті - биліктің барлық деңгейінде мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Осыған байланысты мемлекеттік басқару саласындағы әкімшілік құқық:
- мемлекеттік органдар арасындағы құзыретті ұтымды және нақты бөлуді қамтамасыз етуге;
- нарықтық экономика жағдайында артық мемлекеттік реттеуді, оның ішінде бақылау-қадағалау функцияларын болдырмауға;
- биліктің атқарушы тармағы органдарының мемлекеттік функцияларды іске асыруының шарты мен тәртібін регламенттеуге;
- мемлекеттік басқару органдарының азаматтармен және ұйымдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге және ұйымдастыруға бағытталуы тиіс.
Сонымен қатар экономиканы мемлекеттік реттеудің рөлі артып отырған қазіргі жағдайда әкімшілік құқық мүмкіндіктерін кеңейту және оның реттеуші әлеуетін жаңа қоғамдық қатынастарға қолдану туралы сөз еткен жөн.
Әкімшілік құқықты одан әрі дамыту кезінде, мүмкіндігіне қарай, мемлекеттің, азаматтардың және біржақты билік принциптеріне негізделген мемлекеттік емес ұйымдардың арасындағы қарым-қатынастардағы қалыптасқан дәстүрлі тәсілдерден бас тартқан жөн. "Билік және бағыну" принциптерінен толық көлемде бас тарту мүмкін емес, алайда әріптестік-жәрдемдесу, функционалдық-клиенттік, тікелей қорғау принциптерін қолдану аясын кеңейту керек.
Осыған байланысты, тіркеу, рұқсат ету-лицензиялық рәсімдерді оңайлату, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне мемлекеттік органдардың заңсыз араласуына тосқауыл қою жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.
Азаматтардың мемлекеттік органдарға және мемлекеттің лауазымды тұлғаларына өтініш жасау тетіктерін, олардың мемлекетті басқаруға қатысуының және өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау тәсілдерінің нысандары ретінде жетілдіру керек, оның ішінде мемлекеттің "электрондық үкімет" арқылы ұсынатын қызметтер ауқымын кеңейту қажет.
«Электрондық үкімет» инфрақұрылымының базалық құрауыштарын одан әрі жаңғырту батыс еуропалық елдерде ойдағыдай жұмыс істейтін «e-justice» жүйесінің элементтерін енгізу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл азаматтар мен заңды тұлғалар мемлекеттік органдарға және соттарға жүгінген кезде біртіндеп қағазсыз құжат айналымына көшуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге азаматтардың мемлекеттік емес ұйымдарға өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, оның ішінде қарау мерзімін сақтау, ұйымдар мен олардың лауазымды тұлғаларының өз қызметтерін тұтынушылардың өтініштерін қараудағы жауапкершілігін белгілеу мәселелері бойынша өтініштерімен байланысты қатынастарды реттеу қажет.
Осылайша, әкімшілік құқық қазіргі жағдайда мемлекеттік-билік қатынастарының ғана саласын қамтымайды. Әкімшілік құқық аясында мемлекеттік мекемелердің азаматтармен және ұйымдармен жариялы, яғни мемлекеттік қызметтерді ұсыну кезіндегі қатынастары да бар. Бұл ретте мемлекеттік қызметтердің құқықтық табиғатты Конституциялық Кеңестің тиісті шешімінде атап өткендей әдеттегі мемлекеттік функциялардан өзгеше.
Іс жүзінде азаматтарға және ұйымдарға мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қатынасты реттейтін әкімшілік құқықтың жаңа институты туындайды. Бұл институттың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін тиісті құқықтық негіз керек.
Барабар әкімшілік-құқықтық реттеу мемлекеттік қызметтер көрсетудің стандарттарын толыққанды енгізуді талап етеді. Мемлекеттік қызметтер тізілімін кеңейту, жаңа технологияларды пайдалана отырып, олардың орындалуына тиімді сыртқы бақылау енгізу қажет. «Жалғыз терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтің кейбір түрлерін көрсету ХҚО-лардың қызметін реттейтін тиісті құқықтық базаны қалыптастыруды талап етеді.
Әкімшілік құқықты дамытуды билік пен бағыныстың дәстүрлі сатылас қатынасы арқылы ғана емес, әрі әлеуметтік, көбінесе әр бағыттағы мүдделер, арнасы арқылы да қарастыру қажет.
Әкімшілік құқықтың көмегімен азаматтар мен ұйымдардың мемлекет кепілдік берген құқығы іске асырылады, өйткені осы құқықтарды қамтамасыз ету мен қорғау мемлекеттің жариялы мүддесі болып табылады.
Бұл ретте әкімшілік құқық субъектілері (органдар және мемлекеттің лауазымды адамдары, жергілікті өзін-өзі басқару органдары) жариялы мүддені жеткізуші болып табылады, олардың міндеті азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және іске асыру.
Басқаша айтқанда, азаматтар мен ұйымдардың жариялы мүдде дәрежесіне көтерілген құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және іске асыру, әкімшілік құқықтың құқық қорғау функцияларының қазіргі заманғы мазмұны деген сөз.
Қоғамдық өмірдің көптеген күрделілігіне негізделген қазіргі жағдайда, аралас қатынастар жиі туындайды, соған байланысты әкімшілік құқық әрекетінің шегінің мәселелерін, оның құқықтың басқа салаларымен және ең алдымен әкімшілік құқықтың азаматтық құқықпен аралас (әкімшілік-азаматтық) құқықтық қатынастар туындаған кезіндегі арақатынасы мәселелерін шешу қажет.
Мемлекеттік органдарды бақылау мен қадағалау бір жағынан мемлекеттік басқару функциялары және екінші жағынан заңдылықты қамтамасыз ету тәсілдері бола отырып, әкімшілік құқықтың өзекті мәселесі болып қала береді.
Конституциялық Кеңестің тиісті қаулысымен мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау өкілеттіктерінің арақатынасы туралы мәселе шешілді. Бұл ретте, біздің елде мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде оларға бақылау және қадағалау өкілеттіктерін беруде конституциялық шектеулер жоқтығы расталды. Яғни, қадағалау өкілеттігі прокуратурадан басқа, өзге де мемлекеттік органдарға жүктелуі мүмкін.
Осылайша, прокурорлық қадағалаумен қатар атқарушы биліктің уәкілетті лауазымды тұлғаларының заңда көзделген әкімшілік мәжбүрлеу шаралары жағдайларын қолдана отырып, бағынысты емес субъектілерге - азаматтар мен ұйымдарға қатысты жүзеге асыратын, әкімшілік заңнамамен реттелетін қызмет салаларындағы заңдылықты сақтауды қамтамасыз ету мақсатындағы әкімшілік қадағалаудың болуы заңдылық.
Яғни азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қатаң сақтау кезіндегі әкімшілік қадағалаудың міндеті әкімшілік құқықтық режимді сақтауды қамтамасыз ету.
Мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жетілдірудің перспективалы бағыттары:
- бақылау-қадағалау органдарының жүйесін оңтайландырумен;
- кәсіпкерлерге ғана емес, сонымен қатар құқықтың басқа да субъектілеріне қатысты бақылау-қадағалау өкілеттіктерінің ауқымын реттеумен және қысқартумен;
- әкімшілік-қадағалау қызметін құқықтық реттеу деңгейін арттырумен байланысты.
Мемлекеттік қызмет саласындағы қатынастар да әкімшілік құқықты реттеудің нысаны болып табылады. Оның дамуының басым бағыттар ретінде:
- мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметтің аражігін неғұрлым нақты ажырату;
- мемлекеттік қызметте адам ресурстарын басқарудың жаңа институттарын қалыптастыру және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту;
- мемлекеттік қызметке кәсіби және жеке сипаттары негізінде іріктеудің жаңа әдістерін енгізу;
- еңбекке ақы төлеудің және ынталандырудың жаңа принциптерін енгізу;
- мемлекеттік қызметшілердің түпкілікті нәтижеге бағдарланған қызметін бағалаудың қазіргі заманғы жүйесін енгізу күтіледі.
Әкімшілік құқықтың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі даму перспективасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы жаңартумен байланысты, негізінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары туралы тікелей қолданыстағы мәнін, мазмұнын анықтайтын және заңдарды қолданумен конституциялық нормаларды тану жатуға тиіс - әкімшілік-деликтілік құқық болып табылады.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнама бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге, әкімшілік-құқықтық шаралармен қоғамдағы құқықтық жанжалдардың алдын алуға барынша бағытталуы тиіс. Бұл ретте әкімшілік-құқықтық санкцияларды қалыптастыру кезінде олардың қоғамдық қауіптілік деңгейі мен құқық бұзушылық сипатына сәйкестік принципі мүлтіксіз сақталуы тиіс.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарайтын сот және соттан тыс инстанциялар арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажыратудың нақты тұжырымдамасын айқындаған жөн. Бұл ретте әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы жаңартылған заңнама қолдануда қарапайым әрі тиімді болуы және негізінен құқықтар мен заңды мүдделерге қол сұғушылықтан соттан тыс қорғауға бағытталуы тиіс.
Әкімшілік-деликтілік құқық үшін әкімшілік-деликтілік заңнамамен қорғалатын құқықтық қатынастар ауқымын неғұрлым нақты анықтау және тиісінше әкімшілік-құқықтық және қылмыстық-құқықтық санкциялардың аражігін нақты ажырату мәселелері өткір болып табылады.
Тағы бір маңызды бағыт әкімшілік-іс жүргізу құқығын дамыту болып табылады, оның нәтижесі Әкімшілік-іс жүргізу кодексін қабылдау болар еді. Бұл ретте әкімшілік-іс жүргізу заңнамасының реттеудің нысанын нақты анықтау қажет. Бұл тұрғыда әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы нақты істерді шешу тәртібін заңнамалық регламенттеу мәселелері өзектілігін сақтайды.
Сондай-ақ әкімшілік-іс жүргізу құқығын дамытумен байланысты мемлекет пен азамат (ұйым) арасында жариялы-құқықтық қатынастардан туындаған құқық туралы дауды шешетін әкімшілік әділет мәселесін қараған жөн. Яғни, іс жүргізу оқшаулау мен жариялы-құқықтық сипаттағы жанжалдарды шешу тәртібінің заңдылығы мәселелері қаралуға жатады.
Осылайша, әкімшілік сот ісін жүргізу қылмыстық және азаматтық іс жүргізумен қатар сот төрелігін жүзеге асырудың толыққанды нысаны болуы тиіс.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
ҚР Президенті
Abai.kz