Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6258 0 пікір 31 Наурыз, 2011 сағат 06:53

Саян Ақмолда. Қазақтың жанын тербеген....

Қазір қобызды нарқобыз және қылқобыз деп екіге бөліп жүрміз.
Қылқобыз - бүгінде жұртшылыққа әбден көзтаныс болған, күй тартуға арналған тұрқы шағын аспап. Ал нарқобыздың шанағы үлкен. Сол үлкен шанақтың ішіне айна қондырылған, басына жезден, иә темірден соғылған шылдырмақтар ілінген, үні күркіреген зор, жуан болып келеді. Деректерге сүйенсек, нарқобызды, негізінен, бақсылар шалған сияқты. Бақсы сарыны аталатын тұтас бір жанр ғасырлар бойы осы нарқобызбен орындалып келген.

Қазір қобызды нарқобыз және қылқобыз деп екіге бөліп жүрміз.
Қылқобыз - бүгінде жұртшылыққа әбден көзтаныс болған, күй тартуға арналған тұрқы шағын аспап. Ал нарқобыздың шанағы үлкен. Сол үлкен шанақтың ішіне айна қондырылған, басына жезден, иә темірден соғылған шылдырмақтар ілінген, үні күркіреген зор, жуан болып келеді. Деректерге сүйенсек, нарқобызды, негізінен, бақсылар шалған сияқты. Бақсы сарыны аталатын тұтас бір жанр ғасырлар бойы осы нарқобызбен орындалып келген.

Ал пенденің жан сырын - түпсіз қорқынышын, берік сенімін, жалғызсыраған қамырығын, атойлаған серпінін, өмір мен өлім арасындағы тұңғиыққа шомған тебіренісін паш ететін қобыз күйі өз мүмкіндігінің шырқау биігіне, жоғары профессионалдық деңгейіне қылқобыз арқылы жеткен еді. Бұл арада атап айтар бір мәселе - бізге еміс есімдері ғана жеткен көнелікті қобызшылардың көбі абыз, жырау, бақсы болғандығы. Аттары қазақ эпосына, аңыздарына арқау болған Сыпыра, Кетбұғалардың жырау екендігін, Қойлыбай, Кербұға, Қарақожа, Шүмен, Баубек, Жамансарт, Тілектердің абыз болғандарын шамалаймыз. Қазаққа Қорқыт күйлері аталатын құпиялы, сырлы циклды мирастаған Соқыр Нышан - Нышан бақсының өнері қобызбен күй тарту саласындағы соңғы дәстүр болды. Бірақ, қобыз күйі шынымен түрленген уақыт, "алтын ғасыр"- XIX ғ. еді. Бұл кезеңде Ханқожа, Ерден, Дүкен, арқалы, ұлы күйші Ықылас қана қобыз күйін мүлде жаңа тарапқа бағыттап, өлмес, өшпес мұра қалдырып кеткен еді. Ықылас әулетін қазақ арасында жеті атасынан қобызшылар деп атайды.
Қорқыт әуенін, ежелгі бақсылар сарынын жеріне жеткізе меңгерген Ықыластың қобызы жаңаша тыныс ашты, күңіренген дауысы кеудесінен керемет сырлы күйге айналып ақтарылды.
Ықыластың әйгілі шәкірттері дегенде, жадымызға бел баласы Түсіпбек, сондай-ақ Әбікей, Сүгір күйшілер оралады. Осы күйшілерден тікелей дәріс алған Жаппас Қаламбаев пен Дәулет Мықтыбаев - Ықылас өнернамасын небір ауыр өткелектен аман алып өтіп, келер ұрпаққа табыстаған абзал жан, ірі қобызшылар.
Айналып өтуге, айтпасқа болмайтын тағы бір сөз - қобыздың, қобыз күйлерінің тағдыры хақында. Қобыз әуелі әсіре діндарлар тарапынан, кейін, Октябрь төңкерісінен соң қызыл өкімет тарапынан "жын шақыратын бақсы құралы" ретінде айыпталып, көп қудаланды. Жойылып кете жаздап барып, шерлі көшпендінің тірі рухы іспеттеніп, қайта оралды. Бірақ көп қазына - санын ешкім де санап болмас - бір заманғы ұлан ғайырдың бір ғана жұрнағы, теңіздің тамшысы десек керек-ті. Соның өзі - дәтке қуат, көңілге медеу.
Қазақ дәстүрлі музыкасын ғасырлар бәйгесінен оздырған тағы бір сырлы аспап - сыбызғы. Тамылжып, сызылтып, уілдеп қыр көшпенділерінің сансыз буын, ұрпағының жанын тербеген қазақ сыбызғысы адам баласы ойлап тапқан үрмелі аспаптардың ішіндегі ежелгілердің және ерекше әуезділердің қатарынан орын алса керек. Сыбызғының дәстүрлі үлгісі қурай өсімдігінен жасалады, аспапты жасауға қара қурай, өгіз қурай, қырлы қурай түрлері пайдаланылған. Сыбызғышылар сыбызғыны қурайдан өздері жасап алып тартқан және оны жасау әдіс-тәсілдерінде әрбір өнерпаздың өзіндік өлшемі, өз құпиясы болған. Бабымен жасалған сыбызғының сыртынан жаңа сойылған мал өңешінің ақ шелімен немесе жас төлдің аш ішегімен қаптайды. Мұндай сыбызғының үні таза, ыстық-суықтан айнымайды және ұзақ уақытқа дейін шыдайтын болады. Қурай сыбызғыны тартқанда орындаушылар қурайдың өзегін сумен бүркіп отырады екен. Себебі, қурайдың іші кеуіп, қаңсып кетуіне байланысты дыбыстың біркелкі шығуына, бояуына кедергі жасайды. Қурайдан жасалған сыбызғының дыбысы әуезді, жұмсақ, табиғи шығады. Сондай-ақ сыбызғының қурайдан басқа да ағаштан және жезден жасалған түрлері болады.
Сыбызғы, бір қарағанда, қарапайым аспап болып көрінгенімен, үрмелі аспаптардың ішінде дыбыс шығаруы жағынан күрделілігімен ерекшеленеді. Сыбызғыда мүштік болмайды, ол - тіске қойылып тартылатын аспап. Сондай-ақ дәстүрлі сыбызғышылар күй тарту барысында үш түрлі дыбысты үндестіріп отырады екен. Бұл дыбыстарды кәнігі тыңдаушылар сыбызғының үн-дыбысы, ауыз жаңғырығы, сыбызғышы көмейінің дауысы деп ажыратады. Үрмелі аспаптарға көмей дауысын қосып орындаушылық Сібір халықтарының қос дауысты ән - жыр салу дәстүріне жақын болып келеді. Бұл үрдіс қазақтың сыбызғышылық дәстүрінде маңызды орын алған. Осы тәсілді сыбызғыда пайдаланғанда көмей дауысы күйдің негізгі тонын созып ұстап тұрады, ал сыбызғының үні болса, күйдің әуенін жүргізіп отырады.
Сыбызғышылық дәстүр республикамыздағы Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан өңірлерінде орындаушылық ерекшеліктеріне қарай кең таралған.
Шығыс Қазақстан сыбызғышылық дәстүрі дегенде, жер бетіндегі әлденеше көне өркениетке алтын бесік болған, алып Алтай тауларының (А.Окладников) бауырында қанат жайған елдің кейін заман ығымен бір кездегі атақоныс, қазіргі Қытай, Мұңғылия жеріне екі бөлініп, қоныс аударуы себепті, аталмыш сыбызғышылық дәстүр қазір Қазақстанмен қатар сол елдерде де сақталып отыр. Алтай өңіріндегі сыбызғышылар арасында сыбызғы тартысып, күй жарыстыру, өнер сынасу салты XVII ғасырда белгілі болғандығы жайлы деректер бар. Және осы бір оқшау үрдіс бертінге, XX ғасырдың 50-ші жылдарына дейін жалғасып келгендігі, оған Тілеке мен Жантелі, Шерубай мен Мұса, Оспанғали мен Шанақтың сайыстары айғақ болатындығы анық.
Шығыста кең тараған сыбызғылар көбінесе үш-төрт ойықты болып жасалады, дыбыстық обертондарға бай, дыбыс қатарлары мажорлы лад болып келеді. Күйлерінің сазы ән тектес, бірнеше әуеннің қайталанылуынан қалыптасқан. Бұл өңір күйлерінің ірі орындаушы, жеткізушілері - Кәлек Құмақайұлы, Шанақ Ауғанбаев, Бейілхан Қалиақпарұлы, Құсман Мақмырза, Талғат Мұқышев сынды сыбызғышылар.
Батыс Қазақстан сыбызғышылық дәстүрінің көрнекті өкілдерінің бірі - сыбызғышы Сармалай. Сармалай күйлерін бізге жеткізген сыбызғышы Ысқақ Уәлиев еді. Оның орындауындағы Сармалайдың біршене күйлерін ғалым Ахмет Жұбанов нотаға түсіріп, жарыққа шығарды. Бұл өңірдің тағы бір өкілі Мәкәр Сұлтанғалиевтің күйлері өнертанушы Болат Сарыбаевтың орындалуында жетті. Батыс Қазақстан өңірінің сыбызғы күйлерінің әуені баяу болып келеді, диапозонның кеңдігі, регистрлық мүмкіндіктерді мейілінше пайдаланғаны және дыбыс қатары минорлы лад сыбызғысына орындалуымен ерекшеленеді.
Кең тараған, бүкілхалықтық сипат алған музыкалық аспаптар - қобыз, домбыра, сыбызғыдан басқа жетіген, шаңқобыз сазсырнай, адырна, шертер сияқты көне аспаптар сирек болса да, бүгінде халық арасында таратылып жүр. А.Левшин, А.Алекторов, А.Эйхгорн, С.Рыбаков, Ш.Уәлиха-нов, Ә.Марғұлан, А.Жұбанов сынды зерттеушілер көне саз аспаптары туралы құнды деректер жазып қалдырды. Атақты аспап танушы, ғалым Болат Сарыбаев 1960 жылдардан бастап қазақтың ұмыт болған көне саз аспаптарын қайтадан қалпына келтіру ісін қолға алып, баға жеткісіз еңбектер жасады.
Бүгінде халқымыздың көне саз аспаптары жаңаша түрленіп, дәстүрлі музыкадан өз орнын алды.

* * *

Шаңқобыз - үрмелі-тілшелі аспап. Аспап тұтастай темірден жасалынып, екі ұшы сүйірленеді. Ортасында жіңішке тілшесі бар, сырт пішіні лираға ұқсаған. Ортасына бекітілген тілшесін саусақпен шалып тербеліске келтіріп тартады. Шаңқобыздың жұқа ағаштан жасалған көне үлгісі ертеден белгілі. Шаңқобызды көбіне қыз-келіншектер тартқан. Бұл аспап түркі халықтарында, әсіресе Алтай тобына жататын түркілерде тараған.
Сазсырнай - X ғасырдан бері белгілі аспап. Сазсыранайдың негізгі нұсқасы 1970 жылы көне Отырар қаласының ескі жұртынан табылды. Аспап саз балшықтан күйдіріліп жасалған, бес дыбыс ойығы бар.
Адырна - садақ пішінді болады. Жебе келетін орта тұсына дейін шанақ орнатылады. Шанақтың екі бетіне тері керіліп салынады. Үстіңгі бөлшектеріне ішектер тағылады. Ішектердің екі жағынан саусақпен іліп тарту арқылы әуен, саздар орындалады.
Жетіген - көне ішекті аспаптардың бірі. Аспаптың көне түрін жасағанда шағын тақтайдың астын астауша етіп ойып, бетіне жеті қыл ішек таққан. Әр ішектің астында бір-бірден асық қойылған. Асық тиектің міндетін атқарып, күйге келтіргенде, асықты әрі-бері жылжытып отырған.
Шертер - үш ішекті шертпелі аспап. Шанағы жалпақ тік бұрышты етіп жасалады. Бет қақпағының жарты бөлігі терімен керіліп, қалған бөлігі қарағай қақпақпен жабылады. Мойыны қысқа, жуандау болып келеді.

Саян АҚМОЛДА,
қобызшы, зерттеуші,
Талғат МҰҚЫШЕВ,
сыбызғышы, зерттеуші

«Үш қиян» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063