Сенбі, 19 Қазан 2019
Саңлақ 1581 2 пікір 29 Қыркүйек, 2018 сағат 14:24

«Астана арландары» алтын медаль ала алмады

Кеше бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) сегізінші маусымы мәресіне жетті.

Бұл сында бақ сынаған «Астана арландары» финалда «Куба Домадорес» командасынан жеңіліп, күміс жүлдегер атанды. «Astana Arlans» бұл турнирдің сегіз маусымына да қатысып келеді. Бұған дейін үш мәрте алтын, бір кезек күміс, үш рет қола медаль жеңіп алған. Демек, ешқашан жүлдесіз қалып көрген жоқ.

«Astana Arlans» пен «Cuba Domadores» бұған дейін финалда екі мәрте кездескен. 2015 жылы да, 2017 жылы да қазақстандық команда жеңген болатын. Бірақ, биыл жеңісті жол жалғасқан жоқ.

Қытайдың Сямынь қаласында өткен алғашқы финалдық кездесуде 3:2 есебімен, екі күннен кейін Цзиньцзян қаласында өткен екінші кездесуде 4:1 есебімен кубалықтар жеңіске жетті. Жалпы есеп 7:3.

Енді «Astana Arlans» клубының осы маусымдағы жорық жолына қысқаша тоқталып өтейік:

Жеребе бойынша «Astana Arlans» Азия аймағындағы топта Қытай - «China Dragons», Үндістан -«Indian Tigers» және Ресей - «Patriot Boxing Team» құрамаларымен бір топқа түскен болатын.

Отандастармыз алғашқы кездесуін Қарағанды қаласында «Indian Tigers» командасына қарсы өткізіп, қарсыластарын 4:1 есебімен оңай ұтқан еді.

Екінші кездесуінде ресейлік «Patriot Boxing Team» клубын Бурабайда қабылдап 5:0 есебімен жеңген.

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен үшінші кездесуінде астаналықтар дәл сол қарсыласына дәл сондай есеппен есе жіберді.

Төртінші кездесуде астаналықтар Үндістан еліне қонаққа барып, жергілікті «Indian Tigers» клубын 2:3 есебімен жеңіп қайтты.

Бесінші кездесуінде қытайлық «China Dragons» командасын сырт алаңда 0:5 есебімен жеңген болатын.

Ал топтағы соңғы кездесуде Тараз қаласында дәл сол қытайлық «China Dragons» боксшыларын қабылдап, тағы да 5:0 есебімен жеңіске жеткен отандастарымыз жартылай финалға жолдама алған еді.

Жартылай финалда астаналықтардың жолы Ұлыбританияның «British Lionhearts» командасымен түйісті.

Жартылай финалдың алғашқы матчы Англияның Шеффилд қаласында өтіп, «Астана Арландары» 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Ал Атырау қаласында өткен қарымта кездесу 4:1 есебімен қазақстандықтардың пайдасына шешіліп, қос кездесудің қорытынды есебі 7:3 болған еді. Осылайша, «Астана арландары» бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) сегізінші маусымының финалына жолдама алған болатын.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

2 пікір