Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 11303 0 пікір 1 Сәуір, 2011 сағат 05:20

Тілеу Көлбаев. Ғасыр қасіреті немесе сталиндік түрмелер

Жаппай жазалау шараларының үш кезеңі - 1920-36, 1937-38, 1941-53 жылдар

Жаппай жазалау шараларының үш кезеңі - 1920-36, 1937-38, 1941-53 жылдар

Адамзат тарихының сан мың жылдық тарихында билік жүргізген сан алуан қанішерлер мен қанқұйлы жендеттер болған. Алайда ХХ ғасырда жүзеге асырылған тоталитаризм зұлматындай қасіретті адамзат тарихы білмейді.
ХХ ғасырдың бейбіт кезеңдерінде әлемнің түрлі елдерінде 170 млн. адам қырылып-жойылыпты. Солардың 110 миллионы немесе үштен екісі, комму­нистік бағдардағы елдердің үлесіне келеді.
ХХ ғасырдың алғашқы жартысында билік жүргізген, коммунистік сипаттағы тоталитарлық мемлекеттің негізін қалаған В.И.Ленин мен тоталитарлық мемлекетті тікелей қалыптастырған И.В.Сталиннің тұсында 46,6 миллион жан құрбан болған.
Осынау жазықсыз жандарды ажалға ұшыратып, қабірлер үстінде социализмді толық жеңіске жеткізіп, тоталитарлық мемлекет құрған Сталиннің тоталитарлық теорияны өзі ойлап таппағандығы белгілі. Тоталитаризм теориясының тамыры өте тереңде жатыр, ол ғасырлар қойнауынан бастау алады. Сталин - тоталитарлық теорияны шын мәнінде жүзеге асырған қанқұйлы практик, сонымен бір қатарда оны дамытушы да. Әрине, ол тоталитарлық мемлекетті қалыптастыруда өзінің ұстаздарынан асып түсті.
Ленин мен Сталиннің билігі кезінде контрреволюциялық әрекетте айыпталып 3 777 380 адам сотталып, олардың ішінен 642980 адамға өлім жазасы қолданылды, 25 жылдан төмен мерзімге 2 369 220 адам түрмелер мен лагерь-колонияларға қамалды, 776 180 адам жер аударылып, сүргінге жіберілді. Контрреволюциялық әрекетте айыпталғандардан 2 900 380 адам соттан тыс жазаланып жапа шекті (Государственный архив Российской Федерации, ф. 9414, оп.1, д.95, л.123).
Сталин шын мәнінде қара шекпенді Ресейге ауыстыра салынған Рим императоры іспетті еді: ол Ресейді өзіне бағындырып, Рим сияқты орасан зор империяны құрып алды, бірақ мұнда, оның өзімен қоса, еркін адамдар болған емес. Оның империясы түп-түгел маркстік-лениндік идеяның құлақкесті құлдарынан тұратын. Бухарин оны «Марксті оқыған Шыңғысхан» деуші еді, ал, шындығында, ол одан гөрі көңіл көтеруге, театрға, аярлыққа, кісі өлтірушілікке құмар Неронға көбірек ұқсайтын.
1929 жылы Сталиннің нұсқауымен КСРО аумағы бойынша еңбекпен түзеу лагерьлерін көбейту мақсатында арнайы жоспар жасалды. Бұл лагерьлер жөнінде 1930 жылы 7 сәуірде жоба қабылданды. 1920-30 жылдардан КСРО аумақтарында концентрациялық лагерьлер Колымада, Магаданда, Воркутада, Сібірде, Оралда, Қазақстанда және де басқа аймақтарда жаппай құрыла бастады.
Қатал мақсаттағы Орталық Соловецк лагері «ұлы» көсеміміз В.И.Лениннің ұсынысымен 1918 жылы құрылғанын ескерер болсақ, онда АРХИПелаг ГУЛАГ-тың бастаушысы Ленин көкеміз болады да шығады. Соловки лагері 1918 жылдан бүкіл КСРО құрылымының ГУЛАГ-тік басқару жүйесінің үлгісін жасап берді. Соловки арал лагері айналасы теңіздермен қоршалса, КСРО-ның айналасы темір тормен қоршалды. Міне, Социалистік Республикалар Одағын құрмас бұрын лагерьлік басқару жүйесін оқып, тану жұмыстары осылайша қатаң жүргізілді.
№1 чекист Ф.Э.Дзержинский болса, №1 әскери ревком Л.Троцкий болды. Ал бұл жүйелердің нөмірі бірінші саяси басшысы В.И.Ленин екені белгілі. Ал оның ұлттар арасындағы басшысы Лениннің сенімді серігі И.Сталин болды. Бұл орындардан белгілі дәрежеде үміті барлар Каменов, Рыков, Зиновьев, Бухариндер болды.
Бұлардың бәрі кезінде патша түрмелерінде отырған, белгілі саяси көзқарасы, білім-жігері бар әккі революционерлер еді. Революционерлер дегеніміз төңкерісшілер деген ұғым бере отырып, ол саяси мәнге ие болды. Коммунистік партияның көсемдері дегеннің бәрі Ресей патшалығы кезінде саяси көзқарасы үшін шетелдерде қашып жүрді. Болашақ үкіметті алу үшін шетелден ақшалай көмек алды. Қару-жарақты ұстап қалу мақсаттарында большевиктердің үлкен тобы жұмысшы-солдаттар арасында саяси жұмыстармен айналысты.
Түрмелік «көсемнен» пролетариат көсеміне дейін өскен утопиялық со­циализмнің авторы В.Ленин «Дүние­жүзінің пролетарлары, бірігіңдер!» деп дүниежүзілік билік жүргізудің лагерьлік жүйесін жасады. Мұның жеңісін де, жеңілісін де қоғамдық өзгеріс өзі-ақ көрсетіп берді. Қысқаша айтқанда, Соловки арал лагері - КСРО-ны басқару­дың лагерьлік жүйесінде «көрнекілік» роль атқарды.
Қолындағысын күштеп тартып алу, аштан өлтіру, тілді ұмыттыру, ассимиля­цияландыру, дінсіздендіру, соғыс қа­руларын сынау, интернационалдандыру секілді жеті түрлі мақсат Соловки аралында арнайы қолданылған болатын. Мұның әкелген сорақылығы көп еді.
Еңбекпен түзеу лагерьлерінің тарихын зерттеуде маңызды орынды одақтық дәрежеде көлемді деректер жинақтаған Ресей Федерациясы мемлекеттік мұра­ғаты алады. Бұл мұрағатта КСРО ІІХК (НКВД) - ІІМ Лагерьлер Бас Басқармасы (ГУЛАГ) жүйесінің мұ­рағаты құжаттары сақталған. Лагерьлер Бас Басқармасы Кеңес өкіметінің ең үлкен құрылымдарының бірі болды. 1940 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Лагерьлер Бас Басқармасы 53 лагерьден, оның көптеген бөлімшелерінен, республикалық, өлкелік, облыстық еңбекпен түзеу колонияларынан (170 өндірістік, 83 ауылшаруашылықтық, 172 «контрагенттік», сонымен қатар басқа ведомстволардың шаруашылықтары мен құрылыстарында жұмыс істейтіндер) және жасөспірімдерге арналған 50 колониядан тұрды. («Социологические исследования», 1991, №6, с.10-11).
«Аргументы и факты» газетінің анықтамасына және 1940 жылғы 1 наурыздағы ГУЛАГ ақпаратына назар аударсақ, мынандай мәлімет аламыз.
ГУЛАГ тұтқындарының саны - 1 668200. Олардың 352 мыңы - еңбек­пен түзеу колониясының жалпы режимінде отырғандар. 192 мыңы - колонияның өндірістік және ауыл шаруашылығы жұмысына тартылғандар. Бұлардың 28,7%-ы - контрреволюция ұйымындағылар, 5,4%-ы - өте қауіпті қылмыскерлер, 12,4%-ы - саудагерлер, 9,7%-ы - ұрлықшылар, 9,7%-ы - басшы аппарат қызметкерлері, 1,5%-ы - социалистік меншікті талан-таражға салушылар да, 2,7%-ы әртүрлі қылмыс түрлері деп көрсетілген. Алайда тарихшы Рой Медведевтің зерттеуі бойынша, ГУЛАГ тұтқындарының саны 66 миллионнан асып жығылған.
1930 жылдан 1953 жылға дейін контрреволюциялық іс-әрекеті үшін сотталған 3 778 254 адамның 786098-і бірден атылған (ГАРФ, ф. 9414, оп.1, д.129, л.42).
ГУЛАГ-тың Кеңес Одағында үлкен «империялық» беделі болды. 1934 жылдан саяси көзқарасы үшін сотталғандарды тәрбиелейтін тағы 10 лагерь КСРО-ның теңіздеріндегі адам аз тұратын аралдарда құрылды. Бірде-бір лагері жоқ екі-ақ республика болды. Олар - Армения мен Грузия.

Қазақ жеріндегі алғашқы абақтылар

Абақты - қылмыскерді бас бостандығынан айырып, қауіпті әрекетін одан әрі өрістетпеу мақсатымен, оны қоғамнан оқшаулатуға, сот жазасын өтеуге арналған қамау орны. Абақтыға ауыр қылмыс істеп сотталғандар қамалады.
Абақты буржуазиялық қоғамда пайда болып, қанаушы таптың жеке адамдарды қорлау, азаптау орнына айналды. Советтік әділ сот қылмыскерді абақтыға жапқанда оның адамгершілік намысын қорлауды көздемейді («Қазақ Совет Энциклопедиясы», Алматы, 1972, 20-бет).
Көшпелі қазақ халқы өзінің қасиетті жеріне түрме (абақты) салып әуре болмағаны белгілі. Орталық Қазақстанда түрме ХІХ ғасырдың соңына қарай пайда бола бастапты. Сібір қазақтары деп атаған бес ояз жерінде атақты екі түрме ғана болған екен. Бірі 150 адамға арналып салынған Омбы қаласында, екіншісі 50 адамға арналып 1869 жылы салынған Петропавл қаласында болыпты. Ақмола, Көкшетау ояздарында 1890 жылдардан бастап түрме үшін бұрынғы әскери гауптвахтаны пайдаланыпты. ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Атбасар оязының орыс-қырғыз училище ғимараты да «ақ түрме» аталып кеткен еді. Кейін қайта жөндеп, гастроном дүкенін жасады. Ол бұрынғы «Ленин» көшесінде болатын.
Қазақ жеріндегі түрмелер туралы 1910 жылы шыққан «Обзор Акмолинской области» кітабында жазылған. Соның 75-бетінен үзінді алып көрейік: «Тюремная здания находится далеко не в удовлетворительном состоянии. Так, здания Акмолинской и Кокчетавской тюрьмы приспособленная в 1890 г. из бывших гауптвахт, каждая на - 15-ти человек, оказываются весьма тесными, так как в них скопляет иногда арестантов... Населению уездов ежегодно увеличивается переселением из Европейской России; соответственно сему увеличивается и число осужденных...» - дей келіп, ескілерін жөндеп, жаңадан түрмелер салу керек екенін сөз етеді.
Осы мысалдың өзі-ақ түрмесіз тіршілік еткен халқымыз туралы адамды ойлантуы, есі барлары оның себебін іздеуі сөзсіз ғой. Мәдениетімізде адалдыққа тәрбиелеуде Ислам діні мен әдет-ғұрпымыздың алатын орны ерекше еді. Екіншіден, халықтың жалпы адамгершілік қасиеті жоғары болатын. Кейінгі өзгерістер әкелген бояма, жаттанды, саясаттандырылған «мәдениет» сияқты емес, адамдар арасындағы қарым-қатынас денінде шынайы болатын. Артық қылмыс жасалды дегеннің өзінде дала билері қазақтың асыл сөздерімен кесіп тастап отыратын. Немесе әз Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңын қолданған. Бұл күнде соның бәрі ертегі сияқтанып барады.
Қазіргі қазақ жерінің тұтасымен түрме мен концлагерьге айналып кетуінің түп бастамасы қашан және қалай басталғанына дәлел, куәгер осы дерек болса керек.
Кеңес Одағы ыдырап, одақтас республикалар тәуелсіздік алып, әрқайсысы өз саясатын өзінше жүргізетін дербес мемлекетке айналғаннан кейін бұрыннан аса құпия болып келген көп жайдың беті ашыла бастады. Қара әріптермен жазылған мұрағаттық құжаттар қазақ халқының тарихында мәңгілік орын алады. Тарихшылардың бұл шежірені зерттеп, мұқият тексеріп, халқымызға таныстыруы парыз болса керек. Алайда белгілі зерттеушілеріміз тиіп-қашып аса қажетті зерттеуге барып жүргенімен, өте құнды деректерге әлі күнге қол жеткен жоқ. Себебі бізге «өте құпия» деректерді зерттеуге әлі мүмкіндік болмай отыр. Сол том-том ісқағаздарының арасында қазақ халқының тоталитаризм жылдарындағы тағдыр-талайы жабулы күйінде өзінің сырын ашатын күнін күтумен қатталынып жатқанына күмән жоқ.
Қазақ халқының тарихында социалистік дәуір кезіндегі 1919-21 жылғы ашаршылық, 1930-1933 жылдардағы ұлы жұт, 1937-40 жылдардағы жеке адамға табыну кезеңіндегі «Қызыл қырғын», 1941-1945 жылдар арасындағы Ұлы Отан соғысы деп аталған қанды қырғын ешуақытта ұмытылмайды және ұмытылуы мүмкін емес. Одан әрі «мәңгі көсемнің» қайтыс болғанына дейінгі 1946-53 жылдар әлі күнге ел есінде. Біздің бүгінгі әңгімеміз ГУЛАГ-тың жазалаушылық іс-әрекеті туралы болмақ. Соның ішінде қазақ халқына келтірілген зұлымды қанды қол қарақшылығы туралы көзсіз сорақылықтар жөнінде болмақ.

Қазақстан мен Орта Азиядағы сталиндік лагерьлер

1. Ақтөбе лагерь пункті. Ондағылар құрылыс жұмысымен айналысқан, химия зауытын салған.
2. АЛЖИР - Ақмоладағы Отанын сатқандардың әйелдерінің лагері. Астана қаласына жақын жерге орналасқан.
3. Алматы лагерь пункті. Құрылыс жұмысын жүргізген.
4. Андижан лагерь пункті. Құрылыс жұмысын жүргізген.
5. Ашхабад лагерь пункті. Онда­ғылар цемент карьерінде жұмыс істеген.
6. Балхашлаг. Балқаш қаласындағы лагерьлердің басқармасы орналасқан. Жер кенін өндіріп, құрылыс жұмысын жүргізген.
7. Жамбыл лагерь пункті. Гипс және цемент өндірген.
8. ЖезқазғанЛАГ. Марганец және жез кенін өндірген, құрылыс жұмысын жүргізген. Тау-кен комбинатын салған.
9. Ырғыз лагерь пункті. Орналасқан жері белгісіз.
10. Қазалы лагерь пункті. Ондағылар кірпіш зауытында жұмыс істеген.
11. ҚамысЛАГ арнаулы лагері.
12. КАРЛАГ лагерь басқармасы Долинка елді мекенінде орналасқан. Көмір, түсті металл қазып, ауыл шаруа­шылығымен айналысқан. 1932 жылы ашылған.
13. КеңгірЛАГ. Мұнда 1954 жылы бас көтеру болған.
14. Қызылорда лагерь пункті.
15. Көкшетау лагерь пункті.
16. Красноводск лагерь пункті. Химзауытта жұмыс істеген.
17. Қорғантөбе лагерь пункті.
18. Қостанай лагерь пункті.
19. Ленинабад лагерь пункті. Канал құрылысын жүргізген.
20. Луглаг арнаулы лагері.
21. ПесчанЛАГ арнаулы лагері.
22. Петропавловск лагерь пункті.
23. Семей лагерь пункті.
24. СтепЛАГ арнаулы лагері. Тау-кен комбинатында жұмыс істеген. Басқармасы Жезқазған қаласында орналасқан.
25. Ташкент лагерь пункті.
26. Түркістан лагерь пункті.
27. Орал лагерь пункті.
28. Өскемен лагерь пункті. Қорғасын шахтасында жұмыс істеп, полиметалл кенін өндірген. Тау-кен комбинатын салған.
29. Ферғана лагерь пункті. Құрылыс жұмысын жүргізген. Химия және цемент зауыттарында жұмыс істеген. Темір бетондар жасаған.
30. Фрунзе лагерь пункті. Түсті металдар өндірген.
31. Шаржау лагерь пункті. Химия зауыттарын салған.
32. Шымкент лагерь пункті. Химия және цемент зауыттарында жұмыс істеген.
33. Екібастұз лагерь пункті. Құрылыс жұмысын жүргізген. Химия және цемент зауыттарында жұмыс істеген.
Жоғарыда аталған арнаулы лагерьлердің барлығы 1948 жылы құрылған. Мұндағылардың ерекше режимдегілерден бір ерекшелігі, жұмыс демалыссыз әрі ақысыз жүргізілген. Жұмыс болмай қалған күндері ондағылар темір торланған барақтарда қамаулы болған. Киімдері нөмірленген. Туған-туыстарына екі хаттан артық хат-хабар жазуға ұлықсат берілмеген.
Көнекөз қариялардың кейбірінің «Сталин сондай еді, мұндай еді» деп мақтайтыны бар. «Соғыстан кейін жағдай тез-ақ түзеліп кетіп еді» деген сөзді жиі ауызға алады. Осындай ар­наулы лагерьлер пунктіндегілер ақысыз-пұлсыз, аш-жалаңаш жұмыс істесе, бостандықта жүрген адамдар мұны Сталиннің мықтылығы, социализмнің жеңісі деп ұқты. Оның нағыз қасіретті зұлмат екенін түсінсе де, ауыздарына алуға қорықты. Өйткені заман солай еді.

Соловкиден бастау алған КАРЛАГ

Біз біртұтас ГУЛАГ кеңістігінің өзімізге қатысты КАРЛАГ аумақтық бөлігін алып қарайық. Қарағанды еңбекпен түзеу лагері ГУЛАГ-тың бөлінбес филиалы ретінде кең-байтақ Қазақстанның аумағында орналасты. Бұл лагерьді сталиндік тоталитарлық жүйенің Қазақстандағы Соловкиі деуге болады. Бұл лагерьдің орталығы - Долинка поселкесі еді. Мұнда Қазақстан мен Орта Азиядағы өндірістік- шаруашылық, әскери-ведомстволық, жазалау-тәрбиелік пульті орналасты. Бұл лагерьдің бастығы өкімет құрамына енгізілді де, басқару жүйесі Мәскеудегі лагерьлер Бас басқармасына бағынды.
Бұл Бас басқармаға әскери трибу­налдық жазалау жүйесі де бағынды.
1931 жылдың 1 шілдесіндегі ақпаратқа қарасақ, КАРЛАГ-та 21 323 тұтқын 47 ұлттардан құралыпты. Олардың 2276-сы - кулактар, 5307-сі - орташалар, 5140-ы - кедейлер, 506-сы - батырақтар, 2864-і колхозшылар екен.
1929-1933 жылдар арасында Қазақ­стан ОГПУ-ының мәліметі бо­йынша, 22933 адамның ісі 9805 іс бойынша қаралып, олардың 3386-сы ату жазасына бұйырылған. 13151 адам 3 жылдан 10 жылға дейін концлагерьге жіберілген. Екі жылдың ішінде КАРЛАГ тұтқындарының саны 20262-ге жеткен. 1936-1938 жылдардағы жаппай қуғын-сүргінде КАРЛАГ тұтқындарының саны тіптен көбейе түсті. 1936 жылдың өзінде 39 мың адамға жеткен (ГАРФ, ф.9414, оп. 1, д. 42, л. 125).
КАРЛАГ тұтқындарының көбеюі табиғи құбылысқа айналды да, мұндағы тұтқындар саны әркез әрқалай көрсетілуі құпияға айналды. Себебі келген адамдар саны көрсетілмейтін, туыс-туғандарына хабарланбайтын.
КАРЛАГ-тағы тұтқындар адам айтқысыз қатты жазаланған. Осындай қиындыққа наразылық білдіргендер бас көтеріп отырған. Мұнда 1939 жылы халық жауы ретінде екінші рет сотталғандар көтеріліске шыққан. Олардың 349-ы үш жылға, 68-і бес жылға, 18-і сегіз жылға, 105-і он жылға қайта сотталған. 9 адамға ату жазасы берілген (Бұл да сонда, 157-бет).
1917 жылдан бергі күллі Кеңес тарихы толып жатқан адам құқығын бұрмалаушылықтарға, ол - ол ма, кей реттерде ашықтан-ашық жасалған тұқым құртушылық (геноцид) көріністеріне толы. Солардың ішінде - миллиондаған шаруалардың өмірін қиған, көптеген ұлттардың тұқымына зардабы тиген 20-30-шы жылдардағы ұжымдастыру туғызған аштық, мүлде жазықсыз жандарды жаппай атып-асумен түрмелерге қамау, Сталинге жақпаған тұтас халықтарды «күмәнді» және «жаулық пиғылда» деп жариялауда жатыр.
Сонау өткен ғасырдың соңында Ре­сейден, Украинадан, басқа да аймақтар­дан Қазақстанға өздері ойлағандай бос жатқан жерлерден дәмелі көптеген қоныс аударушылардың ағылып келгені белгілі. Бұл лек ешқашан тыйылған емес, алайда ХХ ғасырдың алғашқы он жылында сталиндік реформаны іске асыру барысында шырқау шегіне жетті. Жыл сайынғы көшіп келушілер саны 140 мың адамнан асып жығылып оты­рды. Қоныс аударушылардың бестен бір бөлігі жат елде сіңісіп кете алмай кейін қайтып, қалғандары жайғасып, иеліктеріне шаруашылық алып, осында мәңгіге қоныстанып жатты. Сол кездерде Қазақстанға келгендердің ұзын-ырғасы 1 миллион 200 мың адамнан асады.
Сөйтіп, ұжымдастыру кезінде Қазақстанға 250 мың мал-мүлкі алынған бай-құлақ жер аударылған еді. Соғыстың алдыңғы жылдары түрлі республикалардан өнеркәсіп құрылысын жүргізу сылтауымен тағы да 1 миллион 200 мың адам қоныстандырылды.
Нақ сол жылдары республиканың күллі аумағы көбінесе жүйеге қас деген жалған желеумен жіберілетін адамдарды, сондай-ақ қылмыскерлерді айдайтын орынға айналды. Мұнда түрмелердің, лагерьлердің және күштеп қоныстандыруға арналған орындардың тарам-тарам жүйесі жасалды. Қазақстанда қанша қамалғандардың, айдалумен әкеліп қоныстандырылғандардың болға­нында қисап жоқ. Олардың сан мыңы өмір сүрудің қиыншылығына шыдамай дүниеден өтті немесе көпшілігінің көзін жазалау-қудалау аппараты құртты.
Соғыс қарсаңында және соғыс кезінде «сатқындық пиғылда» деген жөн-жосықсыз айып тағылған тұтас халықтарға қарсы қатаң қуғындау шаралары қолға алынды. Бейбіт жатқан, бейкүнә жандарды тығыз-таяң жүк вагондарына тиеп, біздің далаға жөнелтіп жатты. Оңдаған мың күштеп қоныс аударылған адамдар осындай тағылық айдаудың салдарынан аштықтан және дерттен дүние салды.
Сол кезде Қазақстанға 100 мыңға жуық Қиыр Шығыс корейлері, 800 мыңдай Еділ бойының немістері, КСРО-ның Ба­тыс аймақтарынан 100 мыңнан аса по­ляк, Терістік Кавказдың 500 мыңнан ас­там тұрғыны күштеп қоныстандырылды. Қазақстанға күштеп көшірудің қара да­уылын Қырым татарларының, гректер­дің, қалмақтардың ондаған мың отбасылары, басқа да Кеңес халықтарының өкілдері бастан кешті.
Ресми деректер бойынша, сол кезде Қазақстан жұрты 1,5 миллионнан астам адамға көбейген екен. Соғыс кезінде 350 мыңнан астамның әкелінгені анық.
Енді мына бір жантүршігерлік мәліметтерге назар аударсақ.
«...Большинство из прошедших мясорубку сталинского ГУЛАГА, круги коммунистического ада ушли в небитие, в живых пока остаются считанные сотни, может несколько тысяч. Но чулачовские архивы сохранили плоды кропотливого труда «карающего меча партии» - численность действовавших концлагерей, так называемых трудовых поселков и спецпоселков, их население - оболчанных, сорванных насильственно с родных мест и отправленных на страдания и преждевременную смерть на острова Архипелага ГУЛАГа.
Приведем некоторые из них. На начало1941 года на территории СССР функционировал 1741 трудовой поселок, в которых в нечеловеческих условиях существовали 997329 человек. В том числе 100 таких поселений находилось на территории Казахстана с числом ссыльных 134653 человека. С 1928 до начала сороковых было сослано:
Из РСФСР - 9млн. 150 тысяч человек, 5 млн. 490 тысяч из них погибли, в живых к 1995 году оставалось 91,5 тысяч человек;
Из Украины сослано за этот же период 2 млн. 40 тысяч человек, 1 млн. 224 тысячи из них погибло, в живых на указанный год оставалось 20,5 тыс. человек;
Из Казахстана сослано 750 тысяч человек, погибло 510 тысяч, в живых - 7,5 тыс. человек;
Из республики Закавказья сослано 1млн. 65 тысяч человек, погибло 627 тысяч, в живых 10 тысяч 650;
Из Белоруссии сослано 600 тысяч человек, погибло 360 тысяч в живых - 6 тыс. человек;
Из Киргизии сослано 315 тысяч человек, погибло 190 тысяч, в живых 3 тысячи 150 человек;
Из республики Прибалтики и Молдавии сослано 300 тысяч человек, погибло 180 тысяч, в живых 3 тысячи;
Из средней Азии сослано 780 тысяч человек, погибло 468 тысяч, в живых 7,7 тысячи;
Общее число репрессированных на территории СССР составило 15 миллионов человек, 9 миллионов 50 тысяч из которых погибло, в живых на 1995 год оставалось 150 тысяч.
Просуществовав менее века, коммунистический режим в Советском Союзе оставил после себя кровавый шлейф, океан народного горя. Красный террор, голод и послеоктябрьская разруха унесли, по приблизительным подсчетом, 12 миллионов жизней.
Гражданская война, спровоцированная большевиками, - до 18 миллионов. Коллективизация - см.выше. Великая Отечественная, основной причиной которой явился опять же большевизм (возникновение итальянского, германского фашизма - реакция на него), унесла более 30 миллионов жизней наиболее активной части населения.
Если бы они остались живы, то продолжили бы свой род двумя-тремя и более детьми. Удивительно, но после такого невиданного в человеческой истории массового истребления народа собственным руководством многие скорбят об ушедшем в прошлое.
В социалистическом лагере! Господи, прости их, ибоне ведают, что творят («Мысль», 1997, №12, стр. 87).
Міне, осынау қатыгездігі халқына ғасырларға жүк болар қасірет әкелген большивиктер билігін қазақ халқы қалай қабылдады, қазақ зиялыларының көзқарасы қандай болды деген сұрақтарға жауап беретін күннің туғандығына небәрі бірнеше жыл болғандығына қарамай, отандық тарихшылар осы салада бірнеше еңбектер шығарып үлгерді.
Қазақ халқының сан ғасырлық даму тарихын зерттеу барысында ғалымдар қазақ халқына тән қасиеттерге еркіндік, ашықтық, әділдік, т.б. сипаттарды жатқызады. Тоталитарлық жүйенің қаншалықты қатал да қатыгез саясатына қарамай, қазақ халқы тағдырдың тауқыметін жеңіп шықты. Ажал аузынан аман шыққан халқымыз тәуелсіздік туын көтеріп, еркін елдің еңселі ертеңіне үмітпен қарап еңбек етуде. Қазақ халқының болашаққа деген үмітінің өкініштің ащы өксігіне айналмауы үшін өткенімізді бүгінгі күн биігінен қарап, саралап, талдауымыз керек.
Тарих ғылымдарының кандидаты А.Мұсағалиеваның пайымдауынша, кеңестік республикалар аумағында орналасқан еңбекпен түзеу мекемелерінің саны бойынша Қазақстан РСФСР мен Украинадан кейін үшінші орында болды. Ресей Федерациясы Мемлекеттік мұрағатында бүкіл Одақ бойынша орналасқан лагерьлер туралы қажетті мәліметтер жинақталған. Себебі КСРО кезінде одақтық көлемдегі жүйелердің барлығы жоғарыдан басқарылды және қадағаланды. Әрине, сондықтан да қазақстандық лагерьлер жүйесі жалпы жағдайын баяндаған құжаттық материалдардың мәскеулік мұрағаттарда болуы таңғалдырмайды. Бірақ Ресей мұрағаттарының бір ерекшелігі, онда Кеңес дәуірінің 1950 жылдарының ортасына дейінгі созылған саяси репрессиялар деректері, оның ішінде еңбекпен түзеу лагерьлерінің құжаттары құпиясыздандырылған, яғни зерттеушілердің пайдалануына мүмкіншіліктері бар. Олардың арасынан қазіргі кезде қазақстандық мұрағаттарда сақталып отырған, құпиясыздандырылмаған, ғылыми айналымға енбеген көптеген құжаттарды кездестіруге болады.
Қазақстан Республикасы Прези­дентінің мұрағатында бұрынғы Кеңестер Одағы Компартиясының мұрағаттық қорындағы құжаттар бар. Жалпы түрдегі құжаттар ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында да кездеседі. Басты дерек көздері Қарағанды, Ақмола облыстарының, Жезқазған қаласының мұрағаттарында бар. Ресей жергілікті мұрағаттарымен салыстырғанда, біздің облыстық мұрағаттарда әскери тұтқындар лагерьлерінің құжаттары біршама толық түрде кездеседі.
Ақмола облыстық мұрағатында тәуелсіздік алғаннан кейін жасалған қор бар. Ол - Ақмоладағы «Отанын сатқандар» әйелдерінің лагерінің тұтқын­дары туралы мәліметтер беретін «30-40-жылдардағы репрессия құрбандары және олардың туыстары туралы құжаттар жиынтығы» деген арнаулы қор бар.
Жезқазған қалалық мұрағатында 1954 жылы 16 мамыр-25 маусым аралығында болған тұтқындардың көтерілісі туралы құнды материалдар бар. Аталған көтеріліс КСРО-дағы ерекше лагерьлер арасында болған көтерілістер ішінде басты орын алады. Басқа лагерьдегі көтерілісшілер еркіндікті талап етсе, ал Кеңгірде аз уақытқа, яғни 40 күнге болса да олар еркіндікті жеңіп алған.
Қанды оқиғаның куәгерлері кейін Жезқазғаннан ДубравЛАГ-қа қоныс аударғанда олар көтерілісшілердің хатын шетелге жіберіп, құжат Лондонда жарияланған. Бұрын СтепЛАГ аймағында отырған венгр Ференц Варкони естелік жазып, кітабын АҚШ пен Германияда шығарған. Кеңгір тұтқындарын қолдау митингі 1956 жылы Нью-Йоркте өткізіліп, сол кездегі АҚШ президенті Д.Эйзенхауэрге арнаулы хат жолданды.
Лагерь әкімшілігі мен сотталғандар арасындағы бұл текетірес еліміздің жаңа тарихына «Кеңгір көтерілісі» деген атпен енді.
ХХ ғасырда сталиндік репрессия құрбандарына айналған адамдар тағ­дырында үлкен рөл атқарған кеңестік еңбекпен түзеу лагерьлерінің деректерін Қазақстанда құпиясыздандыру, анықтау, құжаттар жинақтары етіп шығару - болашақтың ісі. Дегенмен де өткен ғасыр зұлматы - сталинизм қасіреттерін айқындайтын кез жетті деп ойлаймыз.
Тоталитаризмнің қазақ даласын­дағы отаршылдық саясатын, көршімнің көңіліне тиеді деп, шолақ белсенділер­дің асыра сілтеулерінен болды деп әспеттемей, ашық айтуымыз бүгінгі ұрпаққа тәуелсіздігіміздің құнының қаншалықтығын көрсетеді. Қазақстанда тоталитарлық билік орнағанға дейін отарлық билік болды, ол бара-бара тоталитарлық-отарлық билікке ұласты.
Алайда халқымыз қанша зұлмат пен қасіретті жылдарды басынан өткізсе де, ақ жүректігінен, ақ пейілінен айнымады. Алладан бас бостандығын ақ тілегімен тіледі. Абырой болып, тілегі қабыл болды. Бостандыққа қолы жетті. Егемен мемлекет болдық. Жиырма жыл тәй-тәй басып, енді аршындай аяқ басып келеміз.

Тілеу Көлбаев,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

«Ана тілі» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562