Дүйсенбі, 15 Қазан 2018
46 - сөз 885 4 пікір 9 Қазан, 2018 сағат 12:50

Тәксиші мен Сәкен

...Тұранды көктей өтіп, Сарыарқаға түстік. Тәксишінің аузы әлі жабылмай келеді. Сонау Мәңгілік елде самбырлау басталған. Құдай-оу, не деген ауыз! Сарыжағал сайттағы, өсегі көп әлеуметтік желідегі әңгімелерді өзінікіндей етіп ұра береді екен. Білмейтіні жоқ! Баянның байының үйін тартып алғаны, қызының іш киімсіз сурет жариялағаны, Қайраттың әйелінің әлдебір бағдарламаға жүргізуші болғаны, Қоянбайдың немересінің кино түсірмек болып жатқаны...қойшы, біразының құлағын шулатып тастады.

Одан экономика, саясатқа ауысты. Онысы да аннан, мыннан естіген әңгімелері. Тұра қашқым келіп отырмын. Алдымыздан қызыл шам жанып, аялдап тұрғанда сыртқа көз тастағанмын. Бұрыштағы үйдің бүтін қабырғасына Сәкен Сейфуллиннің суретін салыпты. Өзі де көркем еді ғой. Мына жерде тіпті көркем! Керемет!

Ойымды тәксиші бұзды. Менің суретке қарап отырғанымды көріп отыр.
-Осылар ойларына келгенін істейтін болды!- деді ол әлдекімдерге кіжініп, - Табақтай қылып тағы бір депутаттың суретін іліп қойыпты. Мына түрлерімен ертең үйіміздің төріне өз суреттерін ілгізер...
...Жасыл шам жанып жаным қалды. Баратын жеріме әлі біраз жер болса да ақшасын беріп түсіп қалдым. Тәксишіге ренжіген жоқпын. Бәріміз де сондаймыз ғой... Білсін,білмесін соға береміз. Шетімізден саясаткер, журналист, экономист, өлгені "қоғам белсендісі"...
...Артыма қарағанмын. Көркем Сәкен жымиып маған қарап қалыпты...

Арман Сқабылұлының facebook парақшасынан

Abai.kz

4 пікір