Дүйсенбі, 15 Қазан 2018
Міне, әңгіме! 726 2 пікір 10 Қазан, 2018 сағат 10:02

Агенттіктің күші ауылдың жемқор әкімдеріне ғана жетеді ме?

Бізде осы кейінгі кездері «біз өйтіп жатырмыз, біз бүйтіп жатырмыз» деп сырты  бүтін, іші түтін дейтіндей жылтырақ есеп беруде алдымызға жан салмайтындай ылдам-жылдам болып шықтық па деп қорқамын. Сонау кеңес одағы кезіндегі жоғары жаққа аса ұнайтын рапорт беріп, одан кейін «күл болмаса, бұл болсын» деп жайбарақат отыра беретін сырқат қазір қайта қозған сыңайлы. Өзгесі өзге, құрылғанына көп болмаса да атынан ат үркетіндей қаһарлы мекеме - Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің жыл басынан бергі атқарған істеріне бір сәт көз жіберелік. Олардың барлық сайттарға шыққан есебін өзімізше талдап көрелік.

Агенттіктің баспасөз қызметі еліміздегі 30-дан астам әкім мен оның орынбасарлары пара алды деп күдіктенетіні туралы хабарлайды. Алдымен «Е, бәсе. Парақорлар жазасын алған екен» деп қуанып қалдық. Алайда олардың тізіміне көз салғанда ол қуанышымыз су сепкендей басылды. Есептен оны өздеріңіз де байқар едіңіздер. Жаңағы ұсталған 31 әкімнің біреу облыстық деңгейде, 4 қалалық, 5 аудандық және 21 аудандық әкім көрінеді. Бұл ақпараттан агенттіктің пәрмені негізінен ауылдық, ары кеткенде қала мен аудан әкімдеріне ғана жететіні көзге ұрып тұр. Бұдан ары қарай агенттік жаңағы әкімдердің не істегенін тәптіштеп түсіндіреді. Мәселен, Павлодар облысындағы Қалқаман аулының әкімінің нені бүлдіргенін, сондай-ақ Алматы облысы Байсерке ауылы әкімі орынбасарының мемлекетке қандай зиян тигізгенін, бұдан әрі Ақмола облысы Аршалы ауданы Жібек жолы ауылы әкімінің кәсіпкерлерден қанша пара алғаны, мұнымен қатар осы облыстағы Қосшы ауылының әкімінің 200 мың теңгені қалтаға басқаны жіпке тізгендей етіп айтып шығады. Одан соң әрине, сөз арасында бір-екі қала мен аудан әкімдерінің заңсыз қылықтары жайлы да сөз қозғай кетеді.

Ал ең бастысы, жоғарыда бір атаған облыс әкімі жайлы жақ ашпайды. «Ол қай облыстың әкімі, нені бүлдіріпті, қандай жаза алыпты?» деген сауалдарға мүлде жауап жоқ. Сонда бұл не қылған сыпайылық? Жалпы бұл агенттіктің басты міндеті пара алғандарды тек мұрнынан тізіп ұстау емес, ең алдымен мұндай заңсыздықтарды болдырмау екенін мүлдем ұмытып кетеді. Ал қандай қылмыстың алдын алудың басты қағидасы - қандай да дәрежедегі әкім болмасын, оның сиықсыз қылығын ашып айту емес пе? Сонда ғана өзгелер тағылым алып,  тәбетін тиюға ұмтылары сөзсіз. Ал біз болсақ, «Бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деген өзімізге тым ыңғайлы саясат ұстап отырмыз. Мұндай әрекетпен ұзаққа бармайтынымыз сөзсіз.

Жә, жаңағы «аса құпия» әкімімізге қайтып оралалық. Жарайды, атын айтуды ар санасақ та оның басшы есебіндегі жауапкершілігін қайда қоямыз? Жалпы бізде қандай да басшы қарамағандағылар үшін жауап беру керек екенін неге еске салып отырмаймыз? Әлде облыс әкімі заңды белшесінен басып, ойына келгенін істесе де оған «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмағаны ма? Мұндай ұғыммен қайда барып тірелеміз? Егер қарамағындағылар не істеп жатса да, мұртын балта кеспейтін басшыдан не үміт, не қайыр күтуге болады?

Мәселен, алысқа бармай-ақ, жақында ғана үйінен анау-мынау емес дардай 1,5 миллион доллар табылған еліміздің Сыртық істер министрлігінің білдей бір жауапты хатшысын қайда қоямыз? Адамның миына сыймайтын осыншама орасан қаржыны еш қымсынбастан қалтаға басқан жоғары лауазымды қызметшінің басшысы ең болмаса моральдық жауапқа тартылмай ма? Ол қанша дегенмен министліктегі министрден кейінгі екінші адам емес пе? Осы ведомоствоға бөлінетін миллиондаған, тіпті миллиардтаған ақшаны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын адамды  ешбір бақыламай, тым еркіне жіберген министр судан таза, сүттен ақ па? Әрине, күні ертең «Мен ештеңе білген жоқпын. Арым таза. Менің кінәм оған тек құлай сеніп қалғандығым» деп оп-оңай құтыла салары сөзсіз. Ендеше «Ұсталмаған ұры емес» дейміз де қоямыз-дағы. Осындайда орыстардың «Доверяй, но проверяй» деген мақалы еске түседі. Бірақ біз оны басшылықа алмаймыз ғой. Өйткені өз ақылымыз өзімізге жетеді. Қайдағы бір халықтың айтқанын тыңдасақ, тағымыздан түсіп қалмаймыз ба? Одан да өзіміздің «Сен тимесең, мен тимен бадырақ көз» деген мақалы әлдеқайда ыңғалы, әлдеқайда пайдалы.

Алысқа бармай-ақ өз облысымызды мысалға келтіре кетелік. Бір кезде  облыстың тізгінін ұстаған өзіміздің Нұралы Сәдуақасовтың да «жолы» болды. Ол басқарған тұста Қостанай қаласының әкімінен бастап, талай лауазымды жандар ұсталып жатса да қатаң жауапкершілікке тартылған жоқ. Мұны айтамыз, ол «қызметтен өз еркімен кетуіне байланысты» орнын босатты. Бұлайша халықты алдаудың қандай қажеттілігі бар? Мұны өтірік сылап-сипамай-ақ, «әкім қызметін дұрыс атқармай, қарамағандағыларды қатаң қадаламағаны үшін қызметінен босатылады»  деп ашығын айтса, өзгелерге жақсы бір сабақ болмас па еді?

Әлде бізде «Көрмес, түйені де көрмес» деген ұстаным әлдеқайда ыңғайлы да сенімді ме? Алайда мұның түбінде тығырыққа тірейтінін біздің биліктің әлі де білмей отырғаны таң қалдырады.

Айтпақшы жақында жақсы хабар естідік. Аталмыш агенттіктің басшысы А.Шпекбаевтың айтуына қарағанда осы ведомостваның жай қызметкерлерінің айлығы орта есеппен 330-350 мың теңгеге көтерілетінін жұртқа жайып салды. Мұның қажеттіліктен туған жақсы қадам екені сөзсіз. Алайда тек жалақаны көбейте беруден олардың жұмыстары жақсара қойса игі. Басшының мәселенің осы жағына да көңіл бөлгені жөн секілді.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

2 пікір