Ұлттық баспасөздің байрағын биік ұстаған Баhадүр сардар!
"Үш-төрт жылдай Сіз өлім мен өмірдің арасындағы арасатта арпалыстыңыз, аға! Арыстың аты – арыс! Барыстың аты – барыс! Сіздің миыңызда, жан-жүрегіңізде былайғыларға білінбес алапаттар жүріп жатты. Барыс секілді биікте қыңқ етпес қылық танытып, жараңызды жалап, жазып, үн-түнсіз тіршілік кештіңіз.
Шерағаң Шолпан Жұлдызға жол тартты. Теңбіл Торғайы шырылдай ұшып, шығандай бастап барады" - деп жазыпты Марxабат аға күңіреніп...
Рас сөз. Шераға Шолпан жұлдызға жол тартты...
Арғы жылы сәлем бере барғанымызда тірі аруаққа айналса да жанарынан айбаты кетпеген арысты көріп жүрегіміз ауырып еді.
Сол жолы ақ батасын беріп еді, тілден қалса да батадан қалмаған абыз тұлға...
Былтыр 85 жылдығын атап өттік. Әр жылдары "Егеменде" жарық көрген өткір, өзекті мақалаларын жинастырып, "Намыс найзағайы" деген кітап шығарып, ақиқаттың алдаспанына тарту еттік.
Сонда балаша қуанып, Астанадан жеткен жаңа кітапты сүйіп, тебіреніп, мейірленіп, маңдайына басқан еді... Жадырап отырғанын көріп, жазылып кетер деп үміттенгенбіз...
Өзі атын өзгертіп, еліміз егемендік алмай тұрып, баспасөзге бостандық лебін әкелген "Егемен" былтырдан бері туған күнін атап өтуді, жақсы көретін бильярдтан турнир өткізуді дәстүрге айналдырған еді.
Бірақ сол турнирде шар соғу Шераға жазбапты. Он күн бұрын ғана Алматыда бас қосқанда сырқаты меңдей түскен еді. Ақыры ажал алып тыныпты...
Бақұл болыңыз, ұлттық баспасөздің байрағын биік ұстаған Баhадүр сардары!
Дархан Қыдырәлінің facebook парақшасынан
Abai.kz