Дүйсенбі, 15 Қазан 2018
Ақмылтық 7349 34 пікір 12 Қазан, 2018 сағат 12:22

86 жастағы Аганбенян Ақмоланы дамытпақ па, Мырзалин мырза?

Бір сорақы жаңалық жария болды, кеше. Талқылауға тұрарлық тақырып болса керек. Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин жайлы сөз етеміз бүгін.

Өзі басқарып отырған өңірді дамытудың старатегиялық жоспарын жасауға сол Мәлік Мырзалин (Ақмола облысының әкімі) дейтін әкімнің миы жетпей, Ресейдің Ұлттық Академиясынан академиктер шақырыпты. Әкімдікте қабылдап, әлгілерге әлеуметтік-стратегиялық жоспар түзуге көмектесетіні үшін ақжарма алғасын айтыпты.

Ақмола облысының әкімдігі бұл ақпаратты ресми жариялады. Мақала тақырыбы: «Ақмолалықтардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында».

Ал әлгі акадмектер қайдан келді дейсіз ғой... Олар РФ Ұлттық ауылшаруашылық академиясынан, Ресей Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару ұйымынан келген.

Олар Ақмола облысын дамытудың 2025 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық жоспарын түзуге көмектеседі екен. Әкім Мәлім Мырзалин оларды облыстық әкімдікте қабылдаған. Сөйтіп, бірлесіп жұмыс істеу жөнінде сөйлескен. Әлгілер Ақмоланы 2025 жылға дейін дамыту туралы құжатты әзілеуге көмектесетін болып келіскен.

Әкім мен оның қонақтарының бір-біріне айтқан ілтипат сөздері міне:

«Осындай ірі оқу орны мен пост-кеңестік елдерге ғана емес, дүниежүзіне беделі бар ұйым біздің өңірімізді дамытуға көмектесетіні үшін сіздерге алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Бұл бағдарламаның мақсаты – қандай да бір сандарды көбейту емес, Елбасы Жолдауында айтқандай, ақмолалықтардың әл-ауқатын жақсарту болып табылады», - депті Мәлік мырза Мырзалин.

Өз кезегі келгенде КСРО ҒА Академигі, РФ ҰҒА Академигі, ректор, Ресейге еңбегі сіңген экономист Абел Аганбегян да қарап қалмапты.

«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өте ақылды және болашаққа бағдар жасай алатын Көшбасшы. Ол 2050 жылға Жолдау жасады. Мұндай жұмыс әлемде тек екеу ғана», - депті.

Ресейдің корпоративтік басқару Жоғарғы мектебінің директоры Сергей Календжян дейтін біреуі де әріптесінің сөзін жалғап: «Сөзсіз, біздің бірлесіп әзірлейтін құжатымыз облыс тұрғындарының өмірін өзгертетін болады. Өйткені, біз өңірдің географиялық және геосаяси жағын да қамтимыз», депті.

Сөйтіп, Мырзалиннің аттай қалап алдыртқан академиктері  облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысуда бастап кетіпті. Ал енді өңірді дамытудың стратегиясын әзірлеу үшін әлгі Ресей ғалымдары облыс территориясын міндетті түрде зерттеп шықпақ екен.

Нені зерттейді дейсіз ғой, айтайық. Анығы профессор Аганбегян айтыпты. Өңірде бар ресурстарды зерттейді екен. Мысалы, облыстағы алтын қорын, дәнді-дақыл өндірісін, соның ішінде экспорттық өндірісті зерттейді екен. Сөйтіп, қорытынды шығарады-мыс. Біз бұны айдан алып, ойдан шығарған жоқпыз. Әкімдіктің ресми сайты жазды.

Енді жаңағы академиктер кімдер? Сол туралы аз-кем ақпарат жазайық.

Абел Гезевич Аганбегян. Ұлты армян. Жасы 86-да екен. Сәбеттің академигі, экономист. Кезінде Горбочевтің кеңесшісі болған.

Айтпақшы, Аганбегян Президент Назарбаевтың қабылдауында 2005 жылы болыпты. Президенттің жыл сайынғы Жолдауларын мұқият оқитынын сол кездің өзінде-ақ айтқан, Абел ата.

Биыл наурызда Президент Назарбаев «Бес әлеуметтік бастама» ұсынғаны белгілі. Сол кезде сапарлап жүріп Қызылордаға барған Абел Аганбегян қаланың «қарыштап дамып» кеткеніне көзі сүйсініп, «5 жылдың ішінде бұндай өзгеріс жасаған бірде-бір қаланы көрген жоқпын» депті.  Сөйтсе, әлгі Академик Аганбегян Қызылорданы дамытудың 2013 жылғы стратегиясын жасаған екен.

Сергей Оганович Календжян. Ұлты абхаз. Жасы 64-те. Сәбеттің академигі. Ресейдің еңбек сіңірген экономисті.

Анау Қызылорданы дамыту дейтін жобаға Аганбегян ағасы екеуі араласыпты. Стратегиялық құжат жасағанның біреуі осы Каланджян екен. Енді міне, Қызылорданы қатырып болып, Ақмолаға ауысқан көрінеді.

Бірі абхаз, бірі армян ағалі-інілі екеудің Жолдауды мақтап, жолдаған адамды мадақтаған мақалалары интернетте жетіп-артылады екен.

Мырзалин де басқа-басқа емес, алжиын деген Аганбегянды тоқсанға жетер шағында сүйреп әкелген екен. Ол жалғыз жүрсін бе, 65-ке аяқ басқан інісін ертіп кепті. Сөйтіп, қос қария Ақмоланы гүлдендірудің жоспарын түзіп шықпақ екен.

Ол үшін Ақмолының түкпір-түкпірін ерінбей кезіп, алтын қорынан бастап астық алқабына дейін аралап көруі керек екен тағы.

Шетелдік ғалымдардың қазақ ғалымдарының жұмысы мен табысына ауыз салып жүргені бұл ғана емес.  Ана бір жылы БжҒМ Ғылым комитеті көп жариялана бермейтін бір деректің бетін ашқан еді. Сөйтсек, сол кездің өзінде Қазақстанға шақыртылған шетелдік ғалымдардың саны 5 мыңға жуықтап қалған еді. Бұл 2016 жылдың ақпараты.

Ол ол ма, өткен жылы елімізге академигі бар, докторы бар, ұзын-ырғасы 277 шетелдік маман келіпті. Соның 240-ы бұрынғы Кеңестік елдерден екен.

Міне, бұл ресми ақпарат. Шетелден ғалым, академик, профессор шақырамыз. Десе де өзімізде де ғалым жоқ емес. Жас ғалымдар көбейіп келеді дейміз тағы.

Мәлік Мырзалинге қайта оралайық. Сөйтіп, түйіндейік.

Ақмола астықты алқап. Өңірді сол аста-төк астықпен де байытуға болады. Сенбесеңіз, Кулагиннен сұраңыз. Бізде білікті экономистер бар. Олардың білім-білігі Сәбеттің кәрісүйек, қубастарынан әлдеқайда жоғары. Оларды тіпті салыстыруға келмейді. Тіпті шетелдің білгіштерін шақырсын делік. Шақырғанда да бүгінгі күннің ахуалын білетін жасырақтарын шақырса кәні?!

Мәлік мырзаның алжыған шал Аганбегяннан ақыл сұрағаны қай сасқаны? Әлде өзі басқаратын өңірді дамытудың жоспарын түзуге Мырзылин мырзаның миы жетпей ме? Солай-ау, әйтпесе Ақмоланы дамытуды жасы тоқсанға таяған Аганбегяннан сұрар ма еді?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

34 пікір