Байбек: 2035 жылы Алматы халқы 3 млн.-нан асады
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қала активімен кездесуде Елбасы жүргізіп отырған экономикалық тұрақтылық, бірлік пен келісім сынды салиқалы саясаттың арқасында халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін мемлекеттің әлеуметтік шығындарды арттырғанын атап өтті. Тек Жолдауды жүзеге асыру үшін ғана 1,5 трлн. теңгеден астам қаржы жұмсалатын болады, ал бұл жекелеген мемлекеттердің жылдық бюджеттеріне тең.
Мемлекет басшысы Жолдауының басты бағыттарының бірі урбанизация мәселесін ойдағыдай шешу мен қалаларды одан әрі дамыту болып табылады. Қазіргі кезде әлемдік экономиканың 70%-ы қалаларда қалыптасады, Алматы осындай 600 мегаполистің қатарына енген.
Алматы қаласының әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықаралық кеңесшілермен бірге мегаполистің ұзақ мерзімді болашаққа болжамы – Қаланың 2050 жылға дейінгі дамуының Шеберлік-жоспарының жасалып жатқандығын айтты.
2035 жылы Алматы тұрғындарының саны 3 млн.-нан асады
«Біздің міндетіміз — Алматыны жайлы, ыңғайлы ету және әр адамның тұрмыстық жағдайын жақсарту. Ол үшін қалада жыл сайынғы экономикалық өсім орта есеппен кем дегенде 5% болуы, еңбек өнімділігі 2 есеге артуы, 15 жылға жан басына шаққанда ЖӨӨ – 1,5, 30 жылға 3 есе өсуі тиіс. Мұның басты шарты экономиканың құрылымын жүйелі өзгерту болып табылады. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2035 жылы Алматы тұрғындарының саны 3 млн. адамнан асады. Демек, қаладағы экономикалық белсенді тұрғындарының қатары 700 мыңға көбейеді, оларды ІT секторында, білім беруде, денсаулық сақтауда, инжинирингте, жоғары технологиялы өндірісте, өнерде, туризмде жұмыспен қамту қажет. Ал бұл үшін қолайлы инновациялы экологиялық орта, ОЭСР елдеріндегідей жоғары сапалы білім мен денсаулық сақтау қамтамасыз етілуі тиіс», – деді Бауыржан Байбек.
Цифрландыру экономиканың ашықтығын қамтамасыз етеді
Президент Жолдауының басты бағыттарының бірі көлеңкелі айналымды 40%-ға қысқарту. Қазіргі кезде Алматы экономикасының 80%-дан астамы – сауда мен қызмет көрсету. Соңғы жылдары Алматы әкімдігі сауда саласын көлеңкеден шығару үшін жүйелі әрі тұрақты іс-шараларды жүзеге асыруда, базарлар модернизациялануда. Тек соңғы 3 жылда сауда саласын дамытуға 240 млрд. теңгеден астам жеке қаржы жұмсалды.
«Цифрландыру – экономиканың ашықтығын қамтамасыз етудің, бюрократтықты, азаматтардың және бизнестің кедергілерін жоюдың ең ұтымды механизмі. Қазіргі кезде Алматыда «Smart Almaty» 40-тан астам жобасы жүзеге асуда. Ситуациялық орталық пен BіgData жұмыс істей бастады. «Оңай» мен «А-паркингтің» төлемді жүйелері іске қосылды. Нәтижесінде тоғыз ай ішінде салық түсімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға артып, 1,3 трлн. теңгені құрады. Өз кезегінде салықтың көп жиналуы бизнеске қолдау көрсетуге және қала тұрғындарының әлеуметтік шығындарына жұмсалатын қаржыны арттырады», – деп атап өтті қала әкімі.
Биыл «Нұрлы жер» бойынша 6 мың отбасы жаңа пәтер алады
Айта кетерлігі, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 6 мың отбасы жаңа пәтер алады, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. «7-20-25» бағдарламасы белсенді жүзеге асуда. Ескі үйлерді модернизациялаудың инвестициялық әлеуеті 320 млрд. теңгені құрайды. Алдағы бес жылда жеке инвесторларды тарта отырып, 23 мың жаңа пәтерді іске қосу жоспарланған.
ПИК-терді реформалау жүйесі қатар жүруде. Заңға өзгеріс енгізу үшін әкімдік тарапынан 30 ұсыныс берілді. Қаланың тұрғын үй қорын ұстау Ережесі қабылданды. 2019 жылы барлық ПИК бірыңғай қолма-қол ақшасыз жүйеге көшетін болады. Тек үш жыл ішінде ғана ПИК-тердің қаржысымен 4 мыңнан астам үй жөнделіп, жедел сатылардың 20%-дан астамы ауыстырылды.
Осы айдан бастап жалақы тӨлеудің жаңа моделіне кӨшеміз
Елбасы бастамасының маңызды бөлігі ең аз жалақыны көтеру болып табылады. Тек Алматының өзінде ғана алдын-ала есептеу бойынша бұл мәселе 25 мыңнан астам адамды қамтиды екен. Бұлардан өзге, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жаңа моделі енгізілуде. Осы айдан бастап Алматы жалақы төлеудің жаңа моделіне көшеді. Тиімсіз шығындарды оңтайландыру арқасында мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 2 есе өседі. Оның үстіне 49 мемлекеттік кәсіпорын қысқарды, олардың 32-сі бәсекелес ортаға берілді.
ШОБ тұрақты қолдау шаралары барысында жыл басынан бері 24 мың жұмыс орны құрылды. Жыл аяғына дейін тағы 8 мың жұмыс орны ашылады. Меминвестицияның әр теңгесіне 4 жеке теңгеден келеді. Қазіргі сегіз ай ішінде қала бюджетіне өткен жылмен салыстырғанда 13,2%-ға көп салық жиналды, шағын және орта бизнестен салық 6%-ға артық түсті.
Жыл соңына дейін жаңа қоғамдық кӨліктің үлесі 80%-ға жетеді
Қала кеңістігін жақсарту аясында мегаполистің тархи орталығының үштен екісі жаңарды, 524 көше мен 1400 ескі аула қайта жасалды. 300 шақырым арық, 800 шақырымнан астам инженерлік жүйе реконструкцияланды. Қаланың барлық жерасты жолдары күрделі жөндеуден өтті. Көшедегі барлық жарық көздерінің үштен бірі диодты және энергияны сақтайтын шамдарға ауыстырылды. Тротуарлар мен аулалардағы жарық бағаналары ауыстырылуда. Жыл аяғына дейін жаңа қоғамдық көліктің үлесі 80%-ға жетеді.
Орталықтандыру қағидасы бойынша қалаға қосылған Алатау және Наурызбай аудандарына 512 млрд. теңгеден астам мемлекет қаржысы инвестиция ретінде жұмсалды. 240 шақырым жол, 1300 шақырым инженерлік желі, 11 мектеп, 156 балабақша және 10 медициналық ұйым іске қосылды. Жеке инвестиция көлемі 252 млрд. теңгені құрады, кәсіпорындар саны 4 есе, салық көлемі 10 есе өсті. Нәтижесінде қызмет көрсету сапасы және аудандардың 400 мыңдай тұрғындарының әлеуметтік сенімі артты.
Қала әкімінің баяндамасынан кейін жарыссөзге шыққан азаматтар да, атап айтсақ, «Керуен» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Абай Садықов, №54 гимназия директоры Гүлнар Мауытханқызы, ҚазҰУ-дың проректоры, ғалым Тілекқабыл Рамазанов және G-38 жастар ұйымының мүшесі, ерікті жас Мадина Ысқақова Жолдауда көтерілген мәселелерге үн қосып, ой-пікірлерімен, мақсат-міндеттерімен бөлісті.
Abai.kz