Шетелдіктер 150 мың долларға ҚР азаматтығын алады деген шындыққа сәйкес келмейді
Шетелдіктер 150 мың долларға Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алатыны жайлы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. БАҚ пен әлеуметтік желіні шарлап кеткен сыбысқа қатысты «АХҚО Әкімшілігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Әйтенов осылай жауап берді.
«Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде «Қазақстанның азаматтығын алу үшін шетелдіктерге 150 мың долларын төлеу жеткілікті» деген ақпарат тарап кетті. Ол хабарламаларда мұндай норманың ««Астана» Халықаралық қаржы орталығы» туралы ҚР заңына енгізілген жаңа өзгерістерде қарастырылғаны жазылып жүр. Шынтуайтында, аталмыш құжатта Инвестициялық резиденттіктің бағдарламасы жазылған және ол шетелдіктерге азаматтық беруді қарастырмайды», - дейді Марат Әйтенов.
Оның хабарлауынша, инвесторларға берілетін барлық басымдықтар Конституциялық заңмен ғана емес, сонымен қатар АХҚО құжаттарымен де реттелетін болады.
«Алайда Орталықтың құжаттарында инвестициялық резиденттерге азаматтық беруді қарастыру мәселесі бұған дейін көтерілген емес, көтерілмейтін де болады. Сонымен қатар, АХҚО өзінің жұмысына қатысты барлық заң жобалары бойынша азаматтық қоғамдастықтармен бірге конструктивті талқылау жүргізуге толық әзір», - деп хабарлайды «АХҚО Әкімшілігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Әйтенов.
Abai.kz