Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2029 0 пікір 14 Маусым, 2009 сағат 18:50

Сәкен РҮСТЕМ. Сайентология құрбандары

Қазақстан өз азаматтарының құқы мен еркіндігін тоталитарлық секталардан қорғай алмай отырған елдердің санатында. Әсіресе, еліміздегі іріткі салушы діни бірлестіктердің ішінде «Сайентология шіркеуінің», сондай-ақ Дианетика орталығы, «Нарконон», «Криминон», «Хаббард-колледж», «Рубикон» сияқты ұйымдардың ықпалы өте күшті. Көптеген қарапайым азаматтардың басына түскен трагедиялық жайттарға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өзі сайентологтардың шабуылына ұшырап жатқандығына қарап, осыны мойындамасқа лаж жоқ.
Қазір әлемнің көптеген елдерінде Сайентологияны насихаттауға заң жүзінде тыйым салынған. Себебі, аталған ұйымның әрекеті жеке тұлғаларға, олардың отбасына, қоғамға, ақыр соңында мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіретіндігін өзге мемлекеттер жете түсініп отыр. Сайентологтар түпкі көздеген мақсаты — түрлі айла-шарғыларды қолдана отырып, елдің аса маңызды экономикалық салаларын өз қолдарына алу, мемлекеттің саясатына ықпал ету. Өкінішке қарай, күні бүгінге дейін Қазақстанда аталған тоталитарлық бағыттағы сектаның таралуына заң жүзінде тосқауыл қойылмай келеді.

Қазақстан өз азаматтарының құқы мен еркіндігін тоталитарлық секталардан қорғай алмай отырған елдердің санатында. Әсіресе, еліміздегі іріткі салушы діни бірлестіктердің ішінде «Сайентология шіркеуінің», сондай-ақ Дианетика орталығы, «Нарконон», «Криминон», «Хаббард-колледж», «Рубикон» сияқты ұйымдардың ықпалы өте күшті. Көптеген қарапайым азаматтардың басына түскен трагедиялық жайттарға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өзі сайентологтардың шабуылына ұшырап жатқандығына қарап, осыны мойындамасқа лаж жоқ.
Қазір әлемнің көптеген елдерінде Сайентологияны насихаттауға заң жүзінде тыйым салынған. Себебі, аталған ұйымның әрекеті жеке тұлғаларға, олардың отбасына, қоғамға, ақыр соңында мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіретіндігін өзге мемлекеттер жете түсініп отыр. Сайентологтар түпкі көздеген мақсаты — түрлі айла-шарғыларды қолдана отырып, елдің аса маңызды экономикалық салаларын өз қолдарына алу, мемлекеттің саясатына ықпал ету. Өкінішке қарай, күні бүгінге дейін Қазақстанда аталған тоталитарлық бағыттағы сектаның таралуына заң жүзінде тосқауыл қойылмай келеді.
Сайентологияның басқа тоталитарлық секталардан бір ерекшелігі, ол өз мүшелерінен бұрынғы қалыпты тыныс-тіршілігінен мүлдем бас тартуды талап етпейді. Яғни, «жас» са-йентологтар сіз бен біз сияқты бұрынғысынша мешітке немесе провославтық шіркеуге барып, құдайға құлшылық етіп жүре береді. Оның ішкі жан-дүниесінде жүріп жатқан буырқаныстарды да ешкім байқамауы мүмкін. Алайда, белгілі бір уақыт өткен соң, «екі кеменің құйрығын ұстап жүрген» әлгіндей азаматтар психикалық ауытқушылықтарға душар болып, өзінің кім екенін, қандай дінді ұстанатынын түсінуден қалады. Сайентологтардың айтқанына көніп, айдағанына жүретін жанды ойыншыққа айналады.
Людмила Бердышеваның отбасы – сайентологтардың алдау-арбауынан зардап шеккендердің бірі. Баласы жоғары оқу орнына түскенде қуаныштан көңілі тасыған Людмила Алматыдағы «Академкнига» атты кітап дүкенінен «Дианетика — рухани саулық ілімі» атты кітапты сатып алып, ұлына сыйға тартқан. Сосын оған Дианетика курсына баруға кеңес берді. Алайда, байғұс ана осы орталықтың қырсығынан отбасының шырқы бұзылатынын білген жоқ еді. Курсқа барып жүріп сайентолог «ағайлардың» жетегінде кеткен ұлы кейін өзі үздік оқитын оқу орнын орта жолдан тастап кетті. Отбасының мүшелерімен араласудан бас тартып, өз бетінше томаға-тұйық күйге түсті. Қазір ұлы үшін ата-анасы жоққа тән, оларды көзге ілмейді. Ұлынан мәңгілікке айырылып қалудан қорыққан Людмила Анатольевна 1997 жылдан бергі аралықта прокуратураға да, қаржы полициясына да, сот органдарына да шағымданудан шаршады. Алайда, тиісті мекемелердің бірде-бірінен қолдау таппаған соң, Мемлекет басшысына жүгінуден өзге амалы қалмай отыр.
Наталья Гурова есімді сайентологияның кезекті құрбандарының бірі құрылыс компаниясына қызметкерлерді іріктеу жөніндегі менеджер болып орналасады. Аталған компания тоталитарлық сектаның қолшоқпары екендігінен ол бейхабар еді. Өзінің айтуынша, құрылыс компаниясы қызметкерлерді жұмысқа қабылдаймыз деген желеумен, жұмыс іздеген жандарды алдау-арбау арқылы, қажет болған жағдайда күш көрсете отырып өз қатарына қосумен айналысқан. Компанияда жүріп дианетика ілімін насихаттайтын тренингтерге қатысқаннан кейін, Натальяның санасында кішігірім «төңкеріс» болғанға ұқсайды. Ол аз уақыт ішінде күйеуі мен баласына, туыс-туғандарына назар аудармайтын күйге түседі. Тек «ұстаздардың» айтқанын ғана бұлжытпай орындауды біледі. Сайентологтар оған медициналық ем қабылдауға, психиатр мамандардың көмегіне жүгінуге қатаң тыйым салады. Алайда, ерік-жігері мықты әйел өзінің психикалық сырқатқа шалдыққанын сезіп, Алматыдағы Кабулов атындағы орталықтың психиатрларынан көмек сұрап барады. Бір қызығы, белгілі орталықтың кәсіби психиатрларының өзі зардап шегушіге көмек қолын соза алмапты. Наталья өзінің сайентологтардың қысымына ұшырағанын жеткізсе де, психиатр мамандар ондайды бірінші рет естіп отырғандарын айтып, теріс айналды.
Басқа адамдарды өз ұйым қатарына тартудан бас тартқаны үшін, құрылыс компаниясы Наталья Гурованы жұмыстан шығарып тастады. Ол аз дегендей, тренингтерге қатысқаны үшін ірі көлемде ақша талап етіп, сотқа шағым түсірді. Бір айта кетерлігі, сот процесі кезінде әділет органы зардап шегушінің емес, сайентологтардың мүддесін қорғаштайтыны байқалады. Бұл еліміздегі әділеттің туын ұстайды деп жүрген инстанцияның өзіне бөгде ағымның ықпалы жүре бастағанын аңғартатын сыңайлы.
Наталья Гурова ресейлік «Перфомерия СНГ» компаниясының біздің еліміздегі филиалы болып табылатын «Перфомерия Қазақстан Сервис» компаниясының сайентология ілімін насихаттаумен шұғылданатынын айтады. Алайда, сот органдары оның бұл сөзін назарға алмай отыр. Демек, бүгінгі таңда қыруар қаражат бизнестің атын жамылып бөгде ағымды уағыздайтын компания арқылы сайентологтардың қалтасына құйылып жатыр деген сөз.
Гүлжаһар Жәкенова есімді шағын кәсіпкердің отбасы да Хаббард ілімін насихаттаушылардың құрған торынан құтыла алмады. 1998 жылы Гүлжаһардың жұбайы мен қызы осы ұйым құрамына өтіп кетті. Жақындарын қандай тәсілмен алдап-арбағанынан Гүлжаһан бейхабар. Білетіні — күйеуі мен жалғыз қызынан айырылып қалғаны. Бастапқыда, күйеуі әйелінің тапқан табысын сектаға тасуды әдетке айналдырған. Ақыр соңында, Гүлжаһардың қарсыласқанына қарамастан екі бөлмелі пәтер сатып аламыз деп бірнеше жыл бойы маңдай терін төгіп жүріп жиған 8 мың АҚШ долларын секта көсемдеріне беріпті. Артынша, өзі де қызын алып сонда кеткен. Гүлжаһардың айтуынша, сайентологтардың «тұтқынына» түскеннен кейін қызы туған анасын қатты жек көріп кетіпті. Отбасынан, өмір бойы жиған-тергенінен айырылған Гүлжаһар Жәкенова кімнен көмек күтерін білмей дал болып отыр.
Осы орайда, құқық қорғандары сектанттарды тайраңдатып қойып, қол қусырып отырғаны қалай деген орынды сауал туындайды. Шындығында, бұл сайентологтардың ықпалының күштілігіне келіп тіреледі. Және олардың әрекетін шектеуге заңнамалық негіз де қалыптаспаған. Біліктілікті көтеру тренингтері дегенді бетперде еткен сайентологтар кез келген адамды өз қатарына оп-оңай тартып алып жатыр. Тренингке тұтылғандардың арасында қарапайым азаматтар ғана емес, Ұлттық компанияларда қызмет атқаратын, мемлекеттік және құқық қорғау органдарында майлы жіліктің басын ұстап отырған дүмді шенеуніктер де жетерлік. Сайентологтардың шырмауына түскен шенеуніктер кейін креслосының «құдіретін» пайдаланып, қарамағындағы қызметкерлерді де сонда сүйрелеуді әдетке айналдырады.
Еліміздегі аса ірі Ұлттық компанияның қызметкері Р.Р. деген азамат осындай жолмен сайентология іліміне мойынсынғандардың бірі. Өзінің айтуынша, «біліктілікті көтеретін» тренинг кезінде қатысушылардың психологиялық жай-күйін жете зерттеп алу мақсатында арнайы анкета толтыртады. Болашақ «сайентологтардың» психикалық ауруы бар ма? Психологиялық немесе наркологиялық диспансерде есепке алынған ба? Отбасылық жағдайы қалай? Анкета толтырту арқылы осы тектес сауалдардың бәрін анықтап алуға болады.
Оқу сенбі, жексенбі күндері таңғы сағат тоғыздан кешкі он бірге дейін созылады. Сайентолог «ұстаздардың» күні бойы жасаған психикалық шабуылына төтеп беру кім-кімге де аса қиынға түседі. Сол себепті қатысушылардың көпшілігі семинар кезінде психикалық депрессияға ұшырайды. Олар өздеріне қатысты барлық мәліметтерді, тіпті жасаған күнәларына дейін ағынан жарылып айтып береді.
Ұлттық компанияда жұмыс істейтін А.Б. есімді тағы бір азаматшаның айтуынша, сайентологардың «біліктілікті көтеретін» семинарларында сексуалды тренингтер де жиі орын алып тұрады. Оның сөзіне сенсек, Хаббард ілімін уағыздаушылар Ұлттық компаниялардың бірін қыруар қаражат табудың көзіне айналдырыпты. Мәселен, «Астана қалалық мүгедек балалар қоғамдастығы» қоғамдық бірлестігіне демеушілік қолдау ретінде ірі көлемде қаражат аударылған. Одан әрі бұл қаражат түрлі қитұрқылық жолдармен «Рубикон» ЖШС-на тиесілі компаниялардың есепшотына жол тартады.
Сайентологтардың салған лаңы туралы еліміздегі БАҚ-тар жиі хабар таратуда. Қазіргі таңда «Сайентология шіркеуі» жеке адамдардың немесе отбасаның ғана трагедиясы емес. Ол қоғамның ауқымды бөлігін шарпи бастаған ықпалды күшке айналды деуге болады.

 


Сәкен РҮСТЕМ, ЗАҢГЕР
«Нұр Астана» газеті 11 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5596