Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
2891 1 пікір 23 Қазан, 2018 сағат 10:45

Мемлекет басшысы «Азия–Еуропа» форумы ХІІ саммитінің I пленарлық сессиясында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Азия–Еуропа» форумы 12-саммитінің «Болашақты бірге құрайық: инклюзивті және тұрақты өзара байланыстылықты қолдау» атты I пленарлық сессиясында сөйлеген сөзі Ақорда сайтында жарияланған, деп хабарлайды Премьер-Министрдің ресми сайты.

Құрметтi төраға! Құрметті Саммитке қатысушылар!

Бүгінгі таңда, әлемнің түкпір-түкпірінде жанжал ошақтары көбейіп, санкция және сауда соғыстарының өршуіне байланысты халықаралық саясат ушыға түсті. Осыған орай, «Азия–Еуропа» форумын аталған мәселелерді тиімді шешуге пайдалануымыз керек.

Ұлы державалар арасындағы сындарлы диалог жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кепілі екені тарихтан белгілі. Өкінішке қарай, қазіргі кезеңде халықаралық қоғамдастық осындай диалог пен өзара түсіністікке қол жеткізе алмай отыр.

Бүгінде бәріміз куә болып отырған экономикалық, саяси текетірес өткен ғасырдың 60-шы жылдарындағы Куба дағдарысына ұқсайды. Бұл мәселе шешілмей, бүгінгі саммитте баршаға ортақ болашақты қалай құрамыз, өзара тұрақты байланысты қайтіп орнатамыз?

Сондықтан, біздің саммит АҚШ, Ресей, Қытай сияқты әлемнің ірі елдерін, Еуропа Одағын адамзат алдындағы жауапкершілігін сезініп, халықаралық шиеленістерді шешудің жолын іздеуге шақыруы қажет. Бұлай болмаған жағдайда:

Біріншіден, Сирия, Украина және басқа да елдерде қақтығыстар мен текетірестер өрши түседі.

Екіншіден, жаппай қырып-жоятын қарудың таралуы, трансұлттық терроризм сияқты күрделі проблемалар шешілмейді.

Үшіншіден, әлем экономикасы құлдырайды, кедей елдердің жағдайы одан әрі қиындап, мемлекеттер арасындағы теңсіздік ұлғая береді.

Төртіншіден, осының бәрі адамзаттың ертеңіне деген сенімін жоғалтып, қорқыныш сезімін ұялатады.

Бізге дейінгі ел басшылары Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де, қырғи-қабақ соғыс кезеңінде де, терроризмге қарсы күресте де өзара тіл табыса білгені баршаға мәлім. Қазіргі заманның талабы да – осы.

Мен жоғарыда атап өткен елдердің басшыларын (АҚШ, Ресей, Қытай, ЕО) өзекті проблемаларды талқылау үшін Астанада бас қосуға шақырамын. Немесе бұл ахуал БҰҰ-ның арнайы сессиясында қаралуы қажет.

Сөзімнің соңында, жаһандық сын-тегеуріндерге қарсы күресетін Азия мен Еуропа елдерінің серіктестігіне Қазақстан белсенді атсалысуға әзір екендігін айтқым келеді.

Азия мен Еуропа арасында орналасқан біздің еліміз сауда-саттықты ілгерілетіп, Еуропа мен Қытайды жақындастыру үшін автомагистральдар мен темір жол терминалдарын салды.

Назарларыңыз үшін рахмет!

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1991