Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
3999 0 пікір 25 Қазан, 2018 сағат 10:55

ДДСҰ. Қазақстанда қабылданған қос декларацияның арасы 40 жыл

ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесуспен кездесу өткізді. Бұл туралы Abai.kz ақпараттық порталы хабарлайды. 

Кездесу барысында әлемде денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, медициналық қызметтер мен білімнің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру аясында заманауи цифрлық технологияларды енгізуге қатысты өзара іс-қимыл және ортақ тәсілдерді әзірлеу мәселелері талқыланды.

Үкімет басшысы Бақытжан Әбдірұлы өз кезегінде Тедрос Гебрейесус мырзаға алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Алматы декларациясы қабылданған күннен бері 40 жыл өтуіне орай өткізілгелі жатқан Жаһандық конференцияны ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтып, осындай маңызды қорытынды құжат қабылданатынына сенім білдірді.

Айта кетейік, осыдан тура 40 жыл бұрын, 1978 жылы Алматы қаласында әлемдегі денсаулық сақтау саласын дамытуға елеулі әсер еткен алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Алматы декларациясы қабылданған болатын.

Осы бір айтулы датаға биыл нақ 40 жыл уақыт толып отыр. Одан бері Қазақстанның әлемдік денсаулық сақтау қоғамдастығы алдында беделі артты. Еліміз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына 1992 жылдың 19 тамызында, ұйымның 180-мүшесі болып қосылды. Қазақстан географиялық жағынан ДДСҰ-ның Еуропалық аймағына жатады. Бүгінде ДДСҰ мүшелерінің саны 194 мемлекетке жетті.

Қазіргі таңда Қазақстан мен ДДСҰ арасында тығыз серіктестік қатынастар қалыптасқан.  ДДСҰ шаралары аясында жұқпалы емес және жұқпалы аурулармен, әсіресе полиомиелитпен, туберкулезбен күрес және халықаралық денсаулық сақтау ережелерін жан-жақты насихаттау бойынша қарқынды жұмыс атқарылды. ДДСҰ ана мен бала денсаулығын қорғау, туберкулез және АИТВ/ЖИТС алдын-алу және бақылау, санитарлық қызмет көрсетуді жақсарту секілді мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда Қазақстанға тұрақты техникалық және консультациялық көмек көрсетіп келеді. Денсаулық сақтау саласындағы тұрақты даму бойынша көздеген мақсаттарға жету үшін көп жұмыс жасалуда.

Осыдан кейін ДДСҰ бас директоры Тедрос Гебрейесус мырза ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның қабылдауында болды.

Тараптар Астанада өткен медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету жөніндегі конференцияны қорытындылап, өзара пікір алмасты.

Ұйым басшысы Қазақстанда ұйымдастырылған жаһандық жиынның маңыздылығына тоқталып, бұл салада біздің елде толымды істердің атқарылып жатқанын айтты.

Әсіресе Астана декларациясының қабылдануы отандық медицинаның құлаштап дамуына серпін береді деді. Оның айтуынша, Қазақстанның денсаулық сақтау саласында ұстанған сарабдал саясаты көптеген елге үлгі болуы тиіс. Сондықтан олар  Астана декларациясын әлем тілдеріне аудару керек деп есептейді. Өз кезегінде Сенат төрағасы сыйлы мейманға алғыс білдіріп, арадағы байланыстың әлі де беки түсуіне атсалысатынын айтты.

Ал кеше Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық бюросының директоры Жужанна Якабпен кездесіп, мегаполисте өтіп жатқан "Салауатты қалалар" Еуропалық желісі мэрлерінің саммиті жұмысын һәм өзара ынтымақтастықтың перспективаларын талқылаған болатын.

Сөз барысында Жужанна Якаб ДДСҰ-ның Алматымен, жалпы Қазақстанмен ынтымақтастығы деңгейін жоғары бағалады, салауатты өмірді қалыптастыру мен денсаулық сақтау саласын модернизациялаудың оң нәтижелерін атап өтті.

"Жайлы қала кеңістігін арттыру, қоғамдық көлікті дамыту, велосипедшілер және спортшылар үшін қолайлы инфрақұрылымды қалыптастыру қала тұрғындарының денсаулығын жақсартады. Жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, қаланы дұрыс жоспарлау онкологиялық және жүрек- қан тамырлары аурулары салдарынан болатын өлім деңгейін орта есеппен 25 пайызға қысқартады екен. Алматының тәжірибесі тек Қазақстанға ғана емес, Еуропа өңірінің бірқатар қалаларына да пайдалы", -деді ол.

"Мемлекет басшысының Жолдауында еліміздің одан әрі дамуына ықпал ететін қалаларды тұрақты өрістетуге ерекше мән берілген. Жа йлы және экологиялық қала кеңістігін,ОСЭР елдеріндегідей сапалы білім мен денсаулық сақтау қызметін қалыптастыру біздің басты бағыттарымыздың бірі болып табылады. Осы орайда сапалы, жоғары дамыған медициналық қызмет көрсетудегі өзге қалалардың озық тәжірибелері бізге өте қызық", -деп атап өтті өз кезегінде Бауыржан Байбек.

Айта кетейік, Астанада 25–26 қазан күндері Медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі жаһандық конференциясы өтеді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1992