Балық шаруашылығы министрлігін қайта құру керек
Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов ҚР Премьер-Министрі Б.Ә. Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, балық шаруашылығына жауапты мемлекеттік орган құру қажеттігін айтты.
Сенат депутаты Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау туралы тапсырма бергенін айта келіп, Елбасы осы арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың басым бөлігі табыспен қаматамасыз етілетінін атап көрсетті.
Құрметті, Бақытжан Әбдірұлы!
Ел экономикасы мен адамдардың тұрмыс сапасын арттырып бизнестің тұрақты көзі болатын саланың бірі балық шаруашылығы.
Біздің еліміз балық шаруашылығы су қорына бай, Каспий теңізін қоспағанның өзінде су тоғандарының жалпы ауданы 5 миллион гектар шамасында. Бұл жерлерде балық өсіру мен балық аулауды қарқынды дамытуға қолайлы жағдайлар бар.
Кеңес Одағы тұсында республикада арнайы балық шаруашылығы министрлігі құрылып, жүйелі мемлекеттік саясат қалыптасқан болатын. Осының нәтижесінде барлық облыстарда балық зауыттары мен комбинаттары, өндірістік бірлестіктері жұмыс жасады. Балық аулау мен балық өнімдері өндірісінің жалпы көлемі кей жылдары 111 мың тоннадан асты. Мыңдаған адамдар осы салада тұрақты жүмыспен қамтылып, табысты еңбек етті.
Бірақ, қазіргі уақытта балық шаруашылығының мүмкіндігі толық пайдаланылмауда.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап экономиканың жетекші саласы болған балық шаруашылығы жете көңіл бөлінбеуінен құлдырауға ұшырады және әліде осы жағдайдан шыға алмауда. Балық аулау көлемі күрт төмендеген.
Бұның негізгі себебі балық дүниесін қорғау, өсімін молайту, және пайдалану жөніндегі мемлекеттік саясатты белгілейтін бағдарламаның болмауы деп есептейміз.
Балық шаруашылығын дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған Бағдарламасы саланың қалыптасуына белгілі бір деңгейде қозғау салғанымен, ол жалғасын таппады.
2007-2015 жылдарға жоспарланған балық шаруашылығын дамытудың тұжырымдамасы да толық іске аспай, Үкімет қаулысымен мерзімінен бұрын күші жойылды.
Балық шаруашылығын мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыруда тұрақтылық жоқ. Осы салаға жауапты мемлекеттік орган ретінде 2003 жылы құрылған Балық шаруашылығы комитеті бірнеше рет бір министрліктен екінші министрлікке ауыстырылды, қайта-қайта құрылымдық өзгерістерге ұшырады, нәтижесінде мүлдем таратылып жіберілді. Тәжірибелі, білімді мамандар корпусы жоғалды.
Балық саласы қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің құрамына бір басқарма есебінде кірістірілген. Онда бес-алты ғана маман жұмыс жасайды.
Осы салаға керек мамандарды дайындайтын мамандандырылған арнаулы оқу орындары жабылып қалды. Осының себебінен өзіндік ерекшелігі көп балық саласына қажет мамандар жетіспейді.
Нормативтік құқықтық актілерді дайындау мен қабылдауға байланысты да түйінді мәселелер бар. Балықтарды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу кезінде су айдындарының және олар орналасқан жерлердің табиғи ерекшеліктері ескерілмейді. Бұл балық шаруашылығы су айдындарын бассейндік принциппен топтастыру кезінде су бөліністері бөлек өзендерді бірге қосуға себеп болуда. Ресей Федерациясымен шекаралас Қиғаш өзені Еділ өзенінің саласы. Бірақ, оны Жайық - Каспий бассейніне қосқан. Көрші мемлекетте Қиғаш өзені Каспий - Еділ бассейні құрамында. Екі өзеннің ерекшеліктерін есепке алмау негізсіз шектеулер мен балық аулаушылар үшін қолайсыз жағдай туғызып отыр.
Халықаралық трансшекаралық су айдындарында балық аулауға байланысты нормативтік құқықтық актілер отандық кәсіпкерлер үшін тиімсіз. Елімізде 15 халықаралық маңызға ие су айдындары бекітілген. Олардың ішіндегі өндірістік балық аулауда Ресеймен екі арадағы Қиғаш өзені маңызды.
Қолданыстағы заңға сәйкес балықты алып қою лимиті ағымдағы жылдың 15 ақпанынан келесі жылдың 15 ақпанына дейінгі кезеңге, бір жылға беріледі. Лимит жыл сайын қаралып бекітілетіндіктен балық бизнесіндегі кәсіпкерлер ұзақ мерзімді жоспар құрып, инвестиция салуға құлықты емес. Шет елдік инвесторлар да болашақта лимит боларын не болмасын білмегендіктен қатыспайды. Ал, Ресей Федерациясында табиғат пайдаланушыларға лимит пайыздық мөлшерде 15 жылға беріледі. Осыған орай ол елдің балықшылары өндірістерін ұлғайтуға, өнім түрлерін көбейтуге қомақты қаржыны батыл салуда.
Сонымен бірге, уақыттың тығыздығынан лимит бөлу туралы нормативтік акт көп жағдайда мерзімінен кешігіп шығады. Бұл балықшылардың көктемгі маусымда бір айға дейін мерзімдерін жоғалтып, зиянға ұшыратады, лимитте толық игерілмейді.
Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы балықты пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлерінің айырмасы өте жоғары. Егер қазақстандық балықшылар ірі балықтың 1 киллограмына 36 теңге төлесе, осы өзеннен балық аулайтын Ресей балықшылары теңгеге шаққанда 80 тиын төлейді. Біздегі талап бойынша балықшылар төлемді алдын ала толық төлеуге міндетті. Ресейде алдын ала тек он пайызын ғана, қалғанын жыл бойына төлеу қарастырылған. Бір өзен бойындағы екі мемлекеттің заңнамалық актілерін салыстырсақ қазақстандық балықшылардың пайдасына шықпайтыны белгілі, бұл тауардың бәсекеге қабылеттілігіне де тікелей әсер ететін фактор. Көптеген, оның ішінде Еуропа Одағы елдерін қосқанда, Норвегия мен Жапонияда балық шаруашылығы маңызды қаржылай қолдау алады. Біздің елдегі жеңілдетілген несиелік және лизинг тетіктерінің болмауы, банктердің жоғары несиелік ставкалары саланың техникалық қайта жарақтандырылу және даму процессін тежеп отыр.
Жекелеген балық түрлерін аулауға қатысты да халықаралық тәжірибе зерделеніп, тез шешім қабылданбайды. Каспий теңізінің Маңғыстау облысына қарасты бөлігінде «күтім» балығы кең таралған. Балықшылар мен жергілікті уәкілетті орган қызметкерлерінің айтуынша түсетін балықтың жартысына жуығын осы балық құрайды, оған деген сұраныста жоғары. Каспий теңізінің жағасындағы төрт мемлекетте «күтім» балығын аулауға рұқсат беріліп, ол табыс көзіне айналған. Бірақ, ҚР Үкіметінің қаулысымен «күтім» балығы сирек кездесетін және құрып кету қауіпі төнген балық түрлері тізбесіне енгізіліп, аулауға тыйым салынған.
Балық қорын қорғау да пәрменді және тиімді іс шаралар кешенін қажет етеді. Балық өсімін молайту, пайдалану, заңсыз балық аулаудың алдын алу, су объектілерін балық шаруашылық мелиорациялау жұмыстарын толық қаржыландыру қажет.
Соңғы жылдары Кіші Арал теңізінің қалпына келуіне байланысты балық шаруашылығы жақсы қарқынмен дамуда. Бірақ, Көкарал су топсасының балық өткізбейтін құрылғы мен балық өрлейтін жолдарының болмауы жыл сайын бірнеше мың тонна балықтың қырылуына әкеліп соқтыруда.
Сол сияқты, шағын көлемді кемеге қойылатын қозғалтқыштардың қуаттылығы заңмен реттелмеген. Бұл кейбір адамдардың Каспий теңізіне жолаушыларды қыдыртуға шығарамын деген сылтаумен заңсыз балық аулап, қуаты аса жоғары қозалтықштарды болғандықтан жауапкершіліктен құтылып кетулеріне себепші болуда.
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, балық шаруашылығын жан-жақты дамыту мақсатында мынадай шараларды алуды ұсынамыз:
Балық шаруашылығын дамыту, балықтың түрлерін сақтап көбейту және балық қорын ұтымды пайдалануды тиімді іске асыру үшін арнайы салалық бағдарлама қабылдауды.
Балық шаруашылығына жауапты дербес орталық мемлекеттік органды құруын қарастыруды.
Балық шаруашылығына қатысты нормативтік құқықтық базаны жетілдіруді. Соның ішінде, табиғат пайдаланушыларға балық аулау лимитін 15 жылға дейін бекіту, балық ресурстарын пайдалануды шектеу мен тыйым салу, орындары мен мерзімдерін белгілеу жөніндегі құқықтық актіні ағымдағы жылдың 1 шілдесінен келесі жылдың 1 шілдесі аралығында есептеуді немесе шет ел тәжірибесін ескере отырып балық аулау уақытынан екі жыл бұрын белгілеуді. Трансшекаралық өзендердегі Балық ресурстарын пайдаланғаны үшін төленетін ақы мөлшері мен төлеу тәртібін тең бәсекелестікті қалыптастыру тұрғысынан қарастыруды.
Балық өңдеуші кәсіпорындарға, балық өсірумен айналысатын шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіруді.
Өңделмеген балықтың экспортқа шығарылуын қысқарту шараларын алуда.
Жайық-Каспий бассейнінен Қиғаш өзенін «Қиғаш-Каспий» бассейні қылып өз алдына бөлуді.
«Күтім» балығын өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесінен шығаруды.
Шағын көлемді кеменің қозғалтқыштарының қуаттылығының мөлшерін белгілеуді.
Көкарал су топсасының бұзылыуының алдын алу және балық қорын сақтау мақсатында кешенді іс – шараларды алуды.
Депутаттық сұрауды қарау нәтижесін «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабында белгіленген мерзімде хабарлауыңызды сұраймын.
Құрметпен,
С. ЕҢСЕГЕНОВ
БЕЙСЕНБАЕВ А.
БОРТНИК М.
ДҮЙСЕМБАЕВ Ғ.
ЖОЛДАСБАЕВ М.
КӨБЕНОВ М.
ҚҰРТАЕВ Ә.
МАМЫТБЕКОВ Е.
СҰЛТАНОВ Е.
НҰРҒАЛИЕВ Ж.
ӘКІМОВ Р.
ЕЛАМАНОВ Б.
ЖҰМАҒАЗИЕВ М.
НҰРАЛИЕВ Ә.
МҰСАХАНОВ А.
МУСИН Д.
Abai.kz