Сенбі, 23 Қараша 2024
Өнер 8196 1 пікір 29 Қазан, 2018 сағат 10:34

Талғат Теменов: Театр көбейсе, түрме азаяды

Бүгінгі кейіпкеріміз айтқандай, «шынайы өнерді жаны сұлу адамдар жасайды. Бірақ қазіргі күні, байыптасаңыз, өнер туындысын жасау, шығармашылық дүние тудыру аз екен. Жаһандану дәуірінде ақпарат тасқынының астында өмір сүріп отырған соң, жақсы дүниені елдің игілігіне жарату үшін күрескерлік те қажет екен. Жалпы, мінез болмаса, адам өз идеясын жүзеге асырудың жолын таба алар ма еді? 
Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі, режиссер, киносценарист Талғат Теменовпен сұхбат үстінде осындай ой келген…

Қашан қарасаң бәйгеге түскелі тұрған сәйгүліктей тыпырлап, адуын мінезін танытып тұратын тұлғамен біз аз-кем әңгімелесіп, тұшымды ой-пікірлеріне қанық болдық.

 

Алғашқы өлеңім 5-ші класта жарық көрген

– Осыдан үш жыл бұрын өнертанушы Өтен Ахмет «Астана ақшамы» газетіне сіз туралы «Таныс та бейтаныс Теменов» деген тақырыппен мақала жазған екен. Сонда сіздің бала күніңізде біресе журналист, біресе жазушы, енді бірде философ болғыңыз келгенін айтады… Кино түсірмес бұрын проза жазып, өнерге әдебиет арқылы келгеніңізден хабардар едік. Бірақ Өтен ағамыздың мақаласын оқыған соң түйгенім: сіз алдыңызға бір биік мақсат қойған сияқтысыз, сол биікке шығар үш жолды көрген сияқтысыз… Ендеше ол биік қандай биік? Сіздің өмірлік мұратыңыз не?

– Қиын сұрақ… Шыңғыс Айтматов: «ең үлкен қиындық – әрбір күніңді адам болып өткізу» дейді. Мен үшін де әрбір күнімді адамгершілікпен өткізсем, одан артық мұрат жоқ. «Адам боп келдім өмірге, адам боп кетсем – тілегім» дейтіндей.

Негізгі мұрат – сол. Адам өзінің шуағын, жақсылығын маңайына шаша білуі керек. Шығармашылық адамы болу маңызды емес. Таксист болсаң да, адал, адамдарға жақсылық ойлап тұратын таксист бол. Аспаз болсаң бармағыңнан бал тамған, әр жұмысын адал, ықыласпен істейтін аспаз бол. Мұның бәрі – адамдықтың белгісі. Адамның негізгі мұраты үш нәрседен тұрады. Біріншіден, өзің адамшылығыңды сақтай білуің керек. Екіншіден, ұрпақ қалдыра білу керек. Үшіншіден, өзіңнің қолыңнан келген дүниені, жақсылықты, ізгілікті нұрыңды алдымен өз басыңа, сосын маңайыңа, содан кейін халқыңа тигізе біл. Ал талант – Алланың адамға берген сыйы. Алланың берген сыйын сен елдің, халықтың игілігіне жұмсай білсең, ол түгесілмейді. Әр адам өмірге келген соң қолынан келгенше оны жаңартып, жақсартып кетуі керек.

– Жаңағы журналист, философ, жазушы кәсібінен сіз қандай ұқсастық көрдіңіз? Неліктен биік мұратыңызға осы үш жол ғана апарады деп ойладыңыз?

– Мен өнерге поэзия ар­қылы келгенмін. Алғашқы өлеңім 5-ші класта оқып жүргенімде жарық көрген еді. Бала күнімнен әдебиетке құмар болдым. Одан кейін ылғи ой құшағында жүрген соң философ боламын дедім… Содан кейін өнер жолына түстім. Тағдырдың адамды айналдырып-айналдырып, шиырлатып алып келіп, өз жолына салатыны болады. Мысалы, Оралхан Бөкеев актерлікті оқыған. Александр Вампилов та актерлік факультетке түскен. Бұлардың бәрі – өмір қақпайлап-қақпайлап келіп, өзінің жолына түсірген тұлғалар. Мұны қазақтар «жолы болған, періштесі бар адамдар» деп айтады. Адам ретінде, кейіпкер, тұлға ретінде тағдырым мені де осы­­лай өнерге алып келді. Мен осыған қуанам. Бо­йымдағы жақсылыққа, сұлулыққа, өнерге, поэ­зия­ға құмарлық, іште жанып тұрған бір шам болмаса, мен қайткенде де бұл салаға келмейтін едім.

«Театр көбейсе, түрме азаяды»

– Сіз студент күніңізде әке-шешеңізге кө­мектесу үшін аула сыпырушы болған екенсіз.

– Аула сыпырушы болып Мәскеуге оқуға кетерімде жұмыс істедім. Алматыда 105 мектепте қарауыл болып істедім.

– Иә, тазалықты сақ­тау­ға жұмыс істе­діңіз… Әдебиет, кино, театр – бұлар да адамның жан тазалығын сақтауға бағытталған өнер. Енді осы өнер қоғамды ізгілендіруге, қоғамдағы адам жанын тазалауға ықпал ете алып отыр ма?

– Кеше ғана дүниеден озған Шерхан Мұртазаның «Театр көбейсе, түрме азаяды» деген сөзі бар еді. Оның екінші жағы, театр адамды эстетикаға, сұлулыққа, поэзияға, өнерге, жақсылыққа жетелейтін жер. Мешітте тек уағыз айтылатын болса, бұл жерде соның үзінділері сахнадан көрсетіледі. Кезінде кино шыққан кезде, елдің көбі бұдан кейін театрға ешкім бармайды деп ойлады. Әлемді кино жаулап алады деді. Одан кейін теледидар шықты. Ол кезде кино да өледі деді. Шындығында, өлмейді екен. Өнер атаулы сала-салаға бөлініп, бірін-бірі толықтырып тұрады екен. Олардың барлығы бір-бірімен үндес. Бәрі де адамның жан-дүниесін байытып, жан-жүрегіне әсер етеді. Рухани деңге­йін өсіреді. Адамдар Айт мерекесінде айттайтын кезде үйінен жуынып-шайынып, тазаланып, жақсы көйлегін киіп шығады. Ол рухани-физиологиялық тазалықтан өтеді. Ал театр адамның жанын, жүрегін, ойы мен сезімін тазалап отырады. Сондықтан, ол қоғамда үлкен рөл атқарады. Соны түсінгендіктен, Ресей «2019 жыл – театр жылы» деп жариялады. Өйткені театрдың алатын орны орасан. Белинскийдің «тобырды халық ететін – театр» деген сөзі бар. Көне грек заманынан бері театрдың болуы оның қашан да адамды тәрбиелеу мекені болғанын көрсетеді. Қоғам өзгеріп отырады, театрдың формалары да өзгеруі мүмкін, бірақ негізгі миссия­сы – адамның жанын, адамның сезімін, ақыл-ойын тазалап, дамы­ту міндеті сақталып қалады. Сон­дықтан қанша қоғамдық формация өзгерсе де, өзгермейтін екі нәрсе бар: оның бірі – дін. Қанша ғасыр өтсе де, хақ діндер өзгерген жоқ. Рас, оның да ағымдары пайда болды, бірақ дәстүрлі діндер адамды қашан да жаман жолдан, арамдықтан, қылмыстан арашалап келе жатыр. Ал өзгермейтін екінші нәрсе, ол – руханият. Мысалы, кез келген адам өмірге келеді, өседі, мектепке барады, оқиды, жұмыс істейді… Бірақ адамның алдында былай жүрсең – сот, былай жүрсең – прокуратура, былай жүрсең – ҰҚК, былай жүрсең – әскер, былай жүрсең – қаржы полиция­сы, былай жүрсең – Ішкі істер министрлігі… Бұлардың барлығы – адамды қорқытып, үркітіп тұратын машина. Оны орысша «машина давления» дейді. Олар да – қоғамда тәртіпті, қауіпсіздікті сақтауға жұмыс істейтін орындар. Бірақ бұл қызметті атқаратын келесі сала – өнер мен ғылым. Өнер мен ғылым өз миссиясын дұрыс атқармаған кезде оған дін келіп қосылады. Оған дәстүрлі діндер ғана емес, әртүрлі ағымдағы діндер де араласып жатыр. Біздің кей жастарымыздың дәстүрлі дінінен, ата жолынан адасып, басқа ағымдарға кетуі – сол білім мен өнердің жетіспегенінен. Ол адамдардың өнер мен білімнен, ғылымнан алыс тұрғанынан. Сондықтан, өнер бұрыннан бар, болған және болады да. Абай да «туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» дегені сондықтан.

– Жаңа жастардың өзге діни ағымдарға кетіп қалып жатқанын айттыңыз. Жалпы соңғы жылы біздің қоғамда қылмыс аз болған жоқ. Денис Теннің өлімі, бала зорлайтындардың көбеюі, ұрлық, тонау, кісі өлтіру… Осының бәрі өнер мен білімнің қоғамға жетпей жатқанынан ба?

– Жетпей жатқанынан. Өйткені қазіргі ұрпақ – кітап оқымайтын ұрпақ. Барлығының отыратыны – инстаграмм мен фейсбук. Барлығының алданыш еткені – компьютер ойындары. Кітап оқу бұл өнердің өнері, қиынның қиыны болып кетті. Адамға не­ғұрлым техникалық мүмкіндік көбейген сайын адам соғұрлым жалқаулана бастады. Қаншама кітапханалар тұр. Бірақ жастар оған барып, кітап оқығысы келмейді. Рас, керек ақпаратты интернеттен-ақ таба алады. Бұл интернеттің дамығаны бір жағынан жақсы, бірақ екінші жағынан, мұның бәрі адамды жалқаулыққа, сайранқұмарлыққа, даңғазалыққа, дарақылыққа апарып жатыр. Адамның қолын байлап, көзін байлап отыр. Адам техникалық жағынан қанша биікке көтерілсе, рухани жағынан соғұрлым төмендеп барады.

Көркем өнерді түсінбейтін баладан қатыгез адам шығады

– Жастар қазір инс­таграмнан хайп, тағы басқа бірдеңелер көреді. Кешке дейін интернетті қызықтап отыруға бар. Олардың бетін бері қаратып, шынайы әдебиетке, өнерге, театр­ға тартудың жолы қайсы?

– 2000 жылдардан бастап «театрға, балалар спектакліне билет мәжбүрлеп сатпаңдар, балаларды зорлап апармаңдар» деген үрдіс пайда болды. Бала жеті жасқа келгенде біз балаға ұнай ма, ұнамай ма, ұйқысы қана ма, қанбай ма, барғысы келе ме, келмей ме – оған қарамай, балалардың бәрін мектепке алып барамыз. Неге? Балалар әріп танып, білім алуы керек. Сол секілді неге балаларды мектептен бастап өнерге тәрбиелемейміз? Кезінде патша заманында неге балаларды балет, сурет салу, тіл үйрету, логикалық ойлау қабілетін жетілдіру курстарында оқытты? Оларға неге бала кезінен осындай сабақ берді? Өйт­кені бұларды бала кезден оқытпаса, үлкейгенде қиын болады. Қазақта «кәрі орыстан мұсылман шықпайды» деген сөз бар. Өсіп, денесі қатып кеткен баланы балетке тәрбиелеу қандай қиын болса, адамның жаны мен жүрегі де өсіп, қатайып кеткеннен кейін көркем өнерді қабылдай алмауы мүмкін.

Сондықтан біз ұрпаққа бала күнінен жанына нұр сіңіріп үйретуіміз керек. Шет елдерде, байқасаңыз, мультфильм­дерге бір ғылым саласы секілді қарайды. Ол ақымақ­тығынан емес. Баланы кіш­кентай күнінен мульт­фильммен тәрбиелейді.

Мультфильм­ді көріп отырып, олар сұлулыққа, көркемдікке үйір болады. Сонымен бірге есейеді, жетіледі. Қазақта бұрын әжелері немерелеріне ертегі айтып беретін. Ертегі тыңдап жатып балалар ұйықтап кететін. Сосын сол ертегіні түсінде көретін. Ол түс баланы армандау­ға үйрететін. Алланың адамға берген ең үлкен сыйының бірі – арман, армандау, яғни, жақсылыққа ұмтылу. Мұқағалидің «арманда жаным, арманда» деп жазғаны да сондықтан. Бірақ балалар не көріп өссе, соны армандайды.

Біз шекараны бекіткенмен, ақпараттық кеңістікке шекара қойған жоқпыз. Қаншама ақпарат сырттан келіп жатыр. Басқаны айт­пай-ақ, көрші мемлекет Қытайды алайықшы. Олар жылына мыңдаған кино түсіреді. Бірақ өзде­рінің территориясына сырттан бар болғаны он-ақ кино кіргізеді.Неге? Өйткені болашақ ұрпақ Қытайдың дәс­тү­рімен, әдет-ғұрпымен, қытай музыкасымен, қы­тай менталитетімен тәрбиеленеді. Бұл – үлкен мемлекеттер­дің үлкен сая­саты. Біз – жас мемлекетпіз. Бірақ біз де өнердің миссиясын дұрыс пайдалана білуіміз керек.

– Сіз «театрға балаларды зорлап әкелмеу керек» деген дұрыс емес деп отырсыз. Бұл сөзді «өзі театр басшысы болған соң театрға көрермен жинау үшін ғана айтып отыр», яғни өз мүддесі үшін туған ой деп ойлауы мүмкін.

– «Бидайдың баратын жері – диірмен» демекші, біз спектакльдің бәрін көрермен үшін қоямыз. Ол өтірік емес қой. Ал көрерменнің үлкен-кішісі болмайды. Бүгінгі жас балалар – ертеңгі үлкен көрер­мен. Оларға бала күнінен театр арқылы жанын тәрбиелеп үйрету керек. Ол өздеріне де, қоғамға да жақсы. Бұрын балаларды молдалар оқытқан, одан кейін гимназияларда оқытты. Бүгін мектеп бар. Сол секілді балаларды жас кезінен өнерге тәрбиелемесе, болмайды. Хореография университетінде неге оларды 9-10 жасында биге үйретеді? Өйткені одан кейін сүйегі қатайып кетеді. Театр да солай. Балалар бала кезінен руханиятқа, әдебиетке, өнерге жақын болмаса, кейін одан қатыгез адам шығуы мүмкін. Баланы да, үлкенді де газет-журналға жазыл, кітап оқы деп үгіттеу, күштеу, меніңше, дұрыс қадам.

Екі төлді қатар емгем

– Театрға кеткелі кинодан қол үзіп қалған жоқсыз ба?

– Неге?! Жазда менің сценарийіммен жазылған «Біздің қаланың кішкентай ханзадасы» фильмі Қытайдың Циндао қаласындағы кинофестивальде көрсе­тілді. Сол фильмде басты кейіпкерді сомдаған Аралбай Төлеубек «үздік актер» атанды. Қазір де сценарий жазып отырмын.

– Қазір қандай сценарий жазып отырсыз?

– Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» драмасы негізінде «Айқарагөз» деген көркем фильмінің сценарийін жазып отырмын. Сосын Софы Сматаев екеу­міз бірге жазған «Көгілдір такси» деген пьесаны сегіз сериялы киносценарийге айналдырудамын.

– «Қазақстан» ұлттық арнасының тапсырысымен ба?

– Иә.

– Осы арнада «Судағы із» деген киносериалы­ңыз көрсетіліп еді. Көрермен жақсы қабылдаған. Бірақ ол 12 бөлімнен кейін тоқтап қалды. Неге?

– Оның тоқтап қалуына сол кезде идеология саласын басқарған тұлғалар кінәлі. «Теменовтің киносына ақша бөлудің қажеті жоқ» деп, киноны түсіріліп жатқан жерінен тоқтатып тастапты. Әйтпесе, ол телехикая емес, көп сериялы көркем фильм болатын. Сценарийі толық дайын, қабылданып қойған. Әр сериясы шетінен түсіріліп, дайындары эфирге жіберіліп отырған еді. Мұндай көркем фильмдер сериясын бізде менен басқа ешкім жасаған емес. Оның «укладкасын» бөлек жасап, дыбысын қайтадан жазып шыққам. Ол ерекше фильм болатын. Егер «Қазақстан» арнасының қазіргі басшылары сол сериалдың жалғасын түсірейік деп ұсыныс айтса, мен қарсы болмас едім.

– Сатыбалды Нарымбетов ағамыз «менімен бірге оқыған кейбір курстастарым 33-34 фильм түсіріп үлгерді. Ал мен бар болғаны жеті-ақ фильм түсіріппін. Бұл менің жалқаулығымнан емес» деп, кино өнеріне бар қабілетін арнауына мүмкіндік берілмей отыр­ғанын айтып еді… Сізде қалай? Идеялары­ңызды жүзеге асыруға жағдай жасалып жүр ме?

– Сатыбалды Нарымбетовтен, болмаса, Ермек Тұрсыновтан айыр­машылығым – мен екі төлді қатар емген адаммын. Шығармашылық адамына қай саланың өкілі болсаң да, ең негізгісі – өзіңнің ойыңды, өзіңнің негізгі идеяңды, айтарыңды қандай жолмен болса да халыққа жеткізу. Осы тұрғыдан келгенде, театр да маған мүмкіндік беріп отыр. Мен секілді екі саланы бөліп-жармай, қатар ұстағандар көп. Мысалы, италиялық режиссер Франко Джеффирели кино да, опералық спектакль де қоя береді. Ресейлік Марк Захаров театрда да режиссер, кино да түсіріп жүр. Менің ұстазым Соловьев та – әрі кино, әрі театр режиссері. Андрон Кончаловский де солай. Бұл енді қатып қалған нәрсе емес. Қандай форматқа сүйенетіні әркімнің өз ойына, өз талантына байланысты.

Әжуалап жатқандары – қазақтың кемпір-шалдары

– «Президент осыдан бірнеше жыл бұрын тарихи фильмдер түсірілсін» деп тапсырма берген еді. Сіз «Томирис», «Зарина» тағы басқа сценарийлеріңіз барын айтқансыз. Оларды кино түрінде қашан көруіміз мүмкін?

– Оны қаржы бөлетін адамдар біледі. Ал мен дайынмын.

– Бір сұхбатыңызда «театрға заманауи драматургия жетпейді» деген екенсіз.

– Кеңестік кезеңде театр ашу саясат болды. Шетелдік пьесаларды қойғызды, тапсырыспен өз қаламгерлерімізге де пьесалар жаздырды. Оларға төленетін қаламақы мөлшері жоғары еді. Бір жақсы пьеса жазған драматург оның қаламақысына бір машина ала алатын. Ал қазір жағдай өзгерген. Қа­ламақы тым аз. Ал біз бұрынғы драматургиялық шығармалардың көбін қоя алмаймыз.

– Неге?

– Драматургия бүгінгі күнмен үндес болуы керек. Ал біз тапсырыспен жаздырайық десек, қаламгерге дұрыс қаламақы қою керек. Біздің Мәдениет министрлігінде қазір өте жақсы дүниелер бар. Конкурсқа біраз дүниелер келген. Дей тұрғанмен, театрға деген көзқарас қазір өзгеріп бара жатқан сияқты. Бүгін қарасаңыз, әр жерде бір-бір әзіл-сықақ театры бар. Астанада да Қабатовтың театры ашылды. Өйткені ол – көрерменге шығатын қысқа жол. Бірақ олардыкі бір күндік дүниелер. Жақында әкімшілікте болған жиналыста да айттым, бүгінде ыржақай-тыржақай театрлар көбейген. Экранның бәрінде әжуалап жатқандары – қазақтың кемпір-шалдары. Олар біздің ата-аналарымыз ғой. Олар өмірін қиыншылықта, жоқшылықта өткізген, біз соларды күлкіге айналдырып отырмыз. Біз неге оларды дәріптемейміз? Неге алақанға салып аяламаймыз? Домалақ аналар, Шыңғыс Айтматовтың «Толғанайлары» емес пе осы әлемді ұстап тұрған? Біз ата-әжелерімізді күлкіге айналдырып отырып ұрпақты неге тәрбиелеп жүрміз? Юмордың, сатираның, әзіл-сықақтың да бір шегі болуы керек қой. Біз үлкендерімізді күлкіге айналдырып, театрда келемеждеп отырсақ, біздің балаларымыз ертең қарияларымыздың үстінен аттап кете беретін болып өспей ме? Бұл да тәрбиенің бір түрі. Экранға қарасаң, кілең аннан қашқан, мыннан қашқандар. Кино деп ұсынып жүргендерінің көбі – сабынның көбігі секілді мағынасыз әңгімеге, мағынасыз күлкіге толы дүниелер… Бұған тоқтау қою керек. Руханияттан, өнерден, тазалықтан жұрдай ұрпақ тәрбиелейік демесек, біз театр, өнер деген нәрсеге дұрыс, жаңаша көзқараспен қарауымыз керек.

Әңгімелескен Нәзира Байырбек

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354