Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4905 0 пікір 8 Қараша, 2018 сағат 14:11

Жолдағы әңгіме

Былтыр қыста қызық болды ғой. Мамандар «Яссауи феноменін» студенттерге ресми таныстырып берсеңіздер деп бізді Түркістан облысының орталығындағы университетке шақырды. Шақырғасын бардық. Бірінші күні Түркістандағы құдамның үйіне қондым. Қасымда екі нөкерім бар. Олар кітаптарды арқалап, көлікке тиеп түсіріп жүреді. Ертесіне көне шаһардың шет жағында тұратын құдамнан шығып, такси ұстап тұрмыз. Далада жұқа қар бар. Ауа-райы үсітпейтін суық. Жолдың шетіне бірнеше қорап кітапты үйіп қойып, қол көтеріп тұрмыз. Бір кезде ескі ОПЕЛ ВЕКТРА шиқ етіп алдымызға тоқтай қады.
- Қайда, брат? - деді таксиші қағазбен қаптаулы жүгімізге сынай қарап.
- Университетке,- дедік біз жамырай.
- Төрт жүз бола ма, брат?
- Болады. Багажды аш. Заттарды артына салайық.
- Қазір, - деді де багажын ашты. Біз гүрсілдетіп кітаптарды қойып жатырмыз.
- Бұл не, брат? - деді қызығып.
- Кітап қой.
- К-і-т-ә-ә-ә-ә-п? Мына заманда кітап оқитын адам қалды ма өзі? -деді кәдімгідей таңғалып.
- Керек қылған адам оқиды ғой, - дедім.
- А, оқыса бопты әйтеуір. Өзіміз күніге базарға тауар тасимыз. Сосын ғой сұрап жатқаным. Айып болмасын, брат, - деді. Бәріміз көлікке жайғастық. Жұқа ғана қар жапқан жылтыр жолмен ескі мәшине ағызып келеді. Қасымдағы екеу өтетін шараны талқылап отыр. Олар «слайдты қалай айналдырамыз, дайын проекторы бар ма, бүгін экзистенциялық анализді оқимыз ба, САДУМ жайлы әңгіме қашан айтылады» деген сияқты спецификалық темаларды қозғап отыр. Таксиші айнаға қайта-қайта қарап бізді бағып отыр. Мұндағы әңгіменің оған бір қызық боп естіліп жатқанына күмәнім жоқ. Тайғанақ жолға жіті қарап, бір жағынан біз жаққа да құлағын түріп өліп барады. Еміне тыңдаса да ештеңе түсінбей шаршап кетті білем, бір кезде айнаға қарап маған тіл қатты.
- Брат, бұ жақтың адамына ұқсамайсыңдар. Қайдан келдіңдер?-деді.
- Алматыдан.
- Жәйшә келдіңдер ме?
- Кітаптың презентациясы болады. Соны өткізуге келдік.
- Брат, өзің не жұмыс істейсің, егер құпия болмаса? – деді. Не дерімді білмей бөгеліп қалдым. Бұ сұраққа не деуім керек? Не жұмыс істеймін мен осы? Мектептегі апайы ортаншы ұлымнан «Әкең не жұмыс істейді?» деп сұраса, балам «Әкем, фейсбукте жұмыс істейді» деген еді қай бір жылы. Сол есіме түсіп кетті. Ярый зикриспін десем әңгіме тағы көбейеді. Кітап жазып сатамыз деген жауап өзіме ұнамай тұр. Үнсіз отырып қалдым. Шопыр бала шыдамы таусылып:
- Брат, сұрағым ұнамай қалды ма, не? – деді.
- Жо-жоқ, жақсы сұрақ. Просто саған қалай айтсам екен деп қиналып отырмын.
- А, не түсінуге соншалықты қиын ба жұмысың?
- Иә, дайындығы жоқ кісіге біраз ауырлау тиеді, - деп одан сайын қызықтырып қойдым.
- Не жұмыс ол сонша?
- Ойланушы! – деп табан астында суырып салдым, ғайыптан ильһәм алған әулие құсап. Күтпеген жерден саңқ еткізген жауабым өзіме қатты ұнап кетті. Таксиші жігіт қасын керіп, айнаға үңіліп:
- Ойланушы? Ол не тағы? Сондай да жұмыс бола ма? - деп қайталап сұрады.
- Иә, болады.
- Нақты не істейсің сонда?
- Жатып алып ойланамын.
- Тек ойланасың, болды ма? Басқа ештеңе істемейсің бе?
- Иә. Ояу жүрсем болды ойлана берем. Соның өзі жұмыс қой!
- Сонда қалай, ойланғаның үшін саған ақша төлей ме?
- Әлбетте төйлейді. Төлемесе бала-шаға аштан қатпай ма?
- Қанша төлейді сонда? - деді таңғалып. Әңгіменің ең қызық жерге келгенін түсіндім де, ерекше екпінмен 850 мың теңге, - деп қойып қалдым. Сол, сол-ақ екен, ол ш-и-и-и-и-и-и-и-қ еткізіп тормызды басып кеп қалды. Жеп-жеңіл мәшине жып-жылтыр жолдың үстінде ысқырып, ысылдаған күйі сырғанап кете барды. Жәй ғана сырғанаған жоқ. Дұрысы жол үстінде шыр көбелек айналды. Абырой болғанда асфальтта бізден басқа ешкім жоқ еді. Мәшинесі мұздың үстінде айналып, айналып, айналып барып жолдың шетіне барып ырс етіп тұрды да қалды. Оқыс оқиғадан шошып кеткен бәріміз қаттық та қалдық. Көлік аударылмай аман тұр. Қорыққаннан екі нөкерім тілдерін жұтып қойған сияқты. Үн жоқ. Есесіне таксиші тайғанымызға түк те мән берген жоқ.
- Братан, қайталап айтшы, қанша дедің?- деді даусын нығыздап.
- Сегіз жүз елу мың теңге, - дедім байсалды түр көрсетіп.
- Бі-бі-бір айға ма?-деп кекештене тіл қатты.
- Иә да.
- Братан, миллионға жуық жалақы төлейтін болса сен тр-у-у-у-у-ба ойланып қоятын шығарсың онда? – деді шәпкісін бір киіп, бір шешіп.
- Енді мұршамызға қарай ойланамыз ғой.
- Сонда не жайлы ойланасың? Айтсай біз де үйімізде ойланып жатып миллион табайық.
- Ойланғанда былай. Адамда еркіндік бар ма? Тағдырым кімнің қолында? Еріксіз туу мен еріксіз өлудің арасында не айырмашылық бар? Бұл ғалам жаралмастан бұрын қайда бар болып тұрды? Махаббаттың мәні не? Жүректің көзі деген не? Адамның бар болып көрінуі қай қасиетіне тәуелді? Өлместен бұрын қалай өлуге болады? Ақ өлім деп нені айтады? – деп шұбырта жөнелдім. Сөйттім де оның айнадағы түріне қарадым. Аузы ашылып мәңгіріп отыр. Қос жанарының қарашығы орбитасында айналып жүр екен. Сәлден соң есін жинап:
- Мә, братан, сен адамды жынды қып қойдың ғой, ә? Бұл сұрақтарды қайдан тауып алдың? Неге мұндай ужас сұрақтар жинап алғансың? Не керегі бар бұларға ойланып? И, вообще осыған бола ақша төлеп жүрген қандай жынды? – деді ентігіп.
- Інім, саған бір сұрақ қойсам бола ма?
- Болады, брат, сұрай бер, - деді аздап үрейленіп.
- Осы сен әйтеуір бір күні өлесің ғой? Солай ма?
- Енді шайтан емеспіз ғой. Ажал келсе любой адам өледі. Бірақ өледі екенбіз деп жата бермейсің ғой, дұрыс па? Тірі адам тіршілігін істейді деген сияқты, - деп келді де сөзінің аяғын естіртпей жұтып жіберді.
- Сен нақты сұраққа жауап берші. Өлетініңді анық білесің ғой?
- Енді қашан өлетінімді білмесем де, әйтеуір бір күні өлетінімді білем ғой енді адам болғасын, - деп жүні жығыла жауап берді.
- Сұрақ мынау: Адам не үшін өлетінін алдын ала біледі? Жан-жануар неліктен өлімінен бейхабар? Адам ұрпағы неліктен ажалды тіршілік иесі екенін әуелден біліп жүреді? Неліктен ондай қасиетке ие болды? Оның хикметі не? Не болмаса өлетініңді алдын ала білдіріп қоюмен Құдай сенен не тілеп тұр қазір? – дедім нығыз пішінде. Осы сұрақ қойылғанда бейне бір басынан балғамен бір қойған адам құсап, шопырым есеңгіреп отырды да қалды. Біраз үнсіздіктен соң:
- Братан, шынымды айтсам ойланбаппын бұған. Ақылыма ештеңе келер емес. Бірақ расымен де солай иә? Адам ғана біледі ғой өлетінін. Малға бәрібір, жайылып жүре береді. Семірсе сойып аламыз, - деді де тура бір дәмді соғым жеп отырғандай рақаттана бір жұтынып алды.
- Енді ойланып осының жауабын таппайсың ба? Жауабын неғұрлым тез тапсаң, ит тіршілігің тамаша тағдыр сомдап, отбасың құтты мекенге айналып сала береді.
- Да? Солай ма, брат? М-ә-ә-ә, мен қанша ойлансам да мына сұрақтың жауабын таба алмайтын сияқтымын. Брат, өзің айтып жіберсей, біз не үшін өлетінімізді біліп жүріп өмір сүреміз? Оның не керегі бар?-деді шарасыз хәлде.
- Ақшасын төлесең айтам, - дедім. Әзіл екенін бірден түсінді де:
- Братан, базар жоқ. Д-е-е-е-ститілні (орысша Действительно дегені болса керек) ойланып қояды екенсің. Миллион төлейтіндей жөні бар екен. Мұндай сұрақ қоятын адамды өмірімде бірінші рет кездестіріп тұрмын. Қазір ешкім ондай сұраққа басын қатырмайды ғой. Біздің ең көп сұрайтынымыз «қаншадан боп жатыр» деген сұрақ қой, - деп ағынан жарылып, бір күліп алды.
- Онда айда көлікті. Ісіміз қалып барады. Жақсылап жеткізсең тағы да 2 миллион доллардың әңгімесін тегін айтып берем, - дедім. Көлік қайта қозғалды. Осыдан соң әңгіменің тығыны атылды. Университетке жеткенше біздің қысқа-қысқа шырынды қиссаларға қайта-қайта басын шайқап, аузын ашып, көзін жұмумен болды. Өзі де ағынан ақтарылып отбасылық өмірі жайында айтып қояды. Осылайша діттеген жерге жеттік. Қос нөкерім кітаптарды түсіріп жатыр. Келіскен 400 теңгесін ұсындым. Алуға ыңғайсызданып, қипақтап қалды да:
- Братан, сенен ақша алған ұят сияқты біртүрлі. Негізі бұндай іспен айналысатын адамдардан ақша алған дұрыс емес шығар иә? – деді экзистенциясы тіріліп.
- Жоқ-ей, қайдағы саған? Керісінше бізден алуың керек. Себебі айлығым 850 мың теңге ғой, -дедім. Ол қарқылдап күліп жіберді де еңбек ақысын лып еткізіп қалтасына сүңгітіп жіберді.
- Ал, давай, братан, сәттілік обшым. Баса беріңдер. Бірақ сенің профессияңа деститілні риза болдым ше. Біз таңнан кешке дейін тынбай таксилеткенде айына 150 мың зорға табамыз ғой. Сен сияқты жатып алып ойлансақ өліп қалатын шығармыз. Біздің де орнымызға жақсылап ойлана бересің ғой. Маған жасыл тұлпарым аман болса сол да жетеді – деді де ескі мәшиесін сипалап, сүртіп-сүртіп қойды. Сосын бізбен құшақтасып қоштасып, базар жаққа қарай заулай жөнелді.

Санжар Керімбайдың facebook парақшасынан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5411