Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
4936 0 пікір 13 Қараша, 2018 сағат 16:23

"Бөрі" сериалы көрерменге жол тартады

«Хабар» телеарнасында 14 қарашадан бастап «Бөрі» криминалдық драмасы эфирге шығады. Полиция қызметкерлерінің тыныс-тіршілігін суреттейтін туындыда басты рөлді театр және кино актері Асан Мәжит сомдайды. Картина туралы толығырақ Асанның өзінен сұраған едік.

Асан, сіз «Хабар» арнасының тапсырысымен түсірілген «Бөрі» телесериалында басты рөлді сомдайсыз. Картина не туралы?

Бұл телесериал полиция қызметкерлері жайлы. Оның ішінде Тимур есімді жігіттің өмірі суреттеледі. Оқиға желісі бойынша Тимур қылмыстық істердің бетін ашып, қызмет бабында жоғарылайды. Осы тұста көлік апатынан жары көз жұмады. Тимур бұл өзіне жасалған қастандық екенін біліп, істі зерттеу барысында түрлі шытырман оқиғаларға, қиыншылықтарға тап болады.

Бұл телесериалға қалай келдіңіз? Несімен қызықтырды?

Картинаның продюсері Ақылбек Досжанов кастингке шақырды. Каналға өткізбес бұрын пилоттық бөліміне түскен едім. Кейін жоба қолға алынып, уақыты мен мерзімін айтып, түсірілім басталатындығы туралы ұсыныс түсті. Бірден келістім, себебі сценарийі өте қызықты болды.

Кейіпкеріңіз қандай адам? Сізге ұқсас тұстары бар ма?

Кейіпкерімнің қандай адам екеніне келер болсақ, бәрін ашып айтпай-ақ қояйын. Сериал эфирге шыққан соң көрермендер өздері көрер. Ал кейіпкерім несімен қызықтырды деген мәселеге келер болсақ, өздеріңіз білетіндей бұған дейін мен үнемі жағымсыз адамдардың рөлін сомдап жүрдім. Бұл менің алғашқы жағымды басты рөлім. Сонысымен мені қызықтырған сияқты. Сериалдың алғашқы бөлімінен бастап Тимур қайғы-қасіретке душар болады. Осы қиындықтарды жеңу барысында ол көп өзгереді. Актер ретінде маған бұл өзімді дамытуға жақсы мүмкіндік берді. Тимурды батыл мінезді, өз сөзінде тұратын кейіпкер ретінде көрдім, солай жеткізуге тырыстым.  Бағасын көрермен бере жатар.

Шыны керек сомдаған кейіпкерлерімнен өзімнің болмысымдағы қасиеттерді іздемейдімін. Әрине адам болғаннан кейін өзіңнің кейбір қылықтарың, болмаса әдеттерің кейіпкеріңнен көрініп, байқалып жатады, бірақ барынша ұқсатпауға тырысам. Себебі ізденуге кедергі жасайды. Егер туындыда өз өзіңді жасап шығатын болсаң, ойланудың, оқудың, ілім алудың қажеті жоқ сияқты.

Қазақстандық көрермен үшін бұл телесериал несімен қызықты болады?

Шытырман оқиғаларымен. Дәл осы бағытта түсірілген сериалдар болғанымен, өте аз. Яғни, полиция қызметкерлерінің жұмысы, кәсібі, бастан өткізген қиыншылықтары жайлы көп түсірілмейді. Сценарий өте қызықты жазылған, көрермен достар арасындағы сатқындықты, жұмыс барысындағы дау-жанжалдың куәгері болады. Сонымен қатар сериалға Азиз Бишеналиев ағамыз бастаған актерлер құрамы түсті.

Сіз бір сұхбатыңызда қатыгез, жағымсыз адамдарды ойнағым келмейді дегенсіз. Неге?

Иә, кейінгі сұхбаттарымда қатыгез кейіпкерлерді ойнағым келмейтіндігін айтып жүрмін. Өйткені киноға келгелі жағымсыз бейнелерді сомдап келемін. Актер әр жоба сайын барынша өзгеріп, өскенді қалайды. Режиссерлер менің бәт-әлпетіме қарап, қатыгез, жағымсыз кейіпкерлерді жақсы ойнайды дейтін болар. Алайда бұл образдар барған сайын қызықсыз болып кетеді.

Мен әр жобадағы кейіпкерлерімді бір-біріне ұқсамайтын, әртүрлі етіп жасауға тырысып бағам. Дегенмен басқаша бағыттағы кейіпкерді сомдағым келетін. Сондықтан сұхбаттарымда жағымсыз рөлдерді ойнағым келмейді деп айтамын. Бақытыма орай, қазір ондай кейіпкерлер беріліп жатыр, соның бірі «Бөрі» сериалындағы кейпкерім. Осы жылы «Талан» атты фильмнің тұсаукесері болады. Картина 30-40 жылдары ауылда қалған жас жігіт жайлы.  Ол жерде Таға деген адамды сомдадым. Тарихи жобалар көп болып, сонда жұмыс істесем деп ойлаймын. Өйткені көп ізденесің, образыңды ашу үшін ұзақ дайындаласың.

Қателеспесем театрда да ойнайсыз. Кино мен театрға қалай үлгересіз? Жаныңызға қай бағыт жақын?

Қазір Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жұмыс істеймін. Барынша киноға да, театрға да үлгеруге тырысып жүрмін. Тек мен емес, театрда істейтін кез келген актер үлгеруге тырысады. Кейде отбасыңа, дамалуға уақыт жетіспей жатады...

Театрды қозғағаннан кейін айта кету керек, менің жүрегім театр деп соғады. Бұл бөлек әлем. Театрда мен өз-өзімді емін-еркін сезінемін. Өз кәсібіңнен, істеген ісіңнен лаззат алу керек деп жатады. Мен осы лаззатты театрда сезінемін. Кинода жүргеніме 10 жылдай болды. Дегенмен театрдың орны ерекше. Қазіргі таңда бүлінбеген өнер түрі - театр. Өйткені киноға  кез келген адам баруы мүмкін, жолдан, көшеден қосылады. Ал театрға ондай адамдар бара алмайды, батылы да жетпейді.

Сіздің жақсы ән айтатыныңызды білемін. Бұл қырыңызды қашан көреміз?

Ән айтатыным рас, бірақ эстрада жанрында емес. Мен Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Музыкалық драма және эстрада актері» факультетін тәмамдадым. Университет қабырғасында 4 жыл бойы вокалдан дәріс алған әртіспіз. Вокалдан берген Жеңіс Байнешов ағамызға мың алғыс. Бізді әнші болсын деп дайындаған жоқ, операға жақын етіп өсірді. Опера театрында жұмыс жасай алмаспыз, бірақ оперетта, мюзикл жанрындағы қойылымдарда  жұмыс істеуге болады. Бағытымыз осы. Қазір М.Әуезов театрында «Қыз Жібек» қойылымы қойылады, сонда Бекежанның рөлін сомдаймын. Егер Асан Мәжиттің ән айтқанын көрем деушілер болса, осы спектакльде күтемін.

Дүйсенбі-жұма күндері сағат 19:15 те "Хабар" телеарнасынан "Бөрі" сериалын тамашалаңыздар!

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1991