Шетел көргендерге айтар бір сөзім бар
Сөз жоқ, өмір көріп келдіңдер, білімдерің бар. Қазақ бұрын ондай адамды оқыған деп төбесіне көтерген. Қазір де ел болып, елден шықпағандар болып, сендерден бір үміт күтеміз. Бірақ...
Бірақ кейінгі кезде шет елден келгендер келе салып елдің бәріне ақыл айтып, айналасына көңілі толмай, қап-қара болып жүретіндерін көп байқайтын болдық. Негізі бұндай бұрыннан бар шығар, білмеймін. Әйтеуір өзім кейінгі кезде көп байқайтын болдым.
Мен осы елдің бас көтерірімін, ертеңгі атқамінерімін десеңдер, айналайын замандастар, аптықтарыңды басыңдар. Шаруа олай жасалмайды.
Рас, білімің бар, көргенің бар. Рас, біздің елде көп нәрсе жоқ. Рас, сенің айтқаныңды көп адам түсінбейді. Бірақ бір кілтипан бар бұл жерде. Қазір айтамын.
Мысалы елдің бәрі көп нәрсеге өресі жетпейді дейік. Танымал болғаны үшін әншінің аузына қарайды, не болса соған күле береді, той жасай береді деген сияқты. Оның бәрі маған да ұнамайды.
Бірақ ше... сол көпшілік бір нәрсені анық сезіне алады. Егер сен оларға жанашырлықпен емес, оларды менсінбей шаруа істейтін болсаң, олар оны бәрібір байқап қояды. Содан кейін кешірмейді. Көпті сыйламау деген өте қауіпті нәрсе. Бір күні оңбай құлайсың.
Ал енді көптің алдында ұпай жинау үшін оларды жақсы көру деген де қиын шаруа. Жақсы көру үшін жүрек керек, мінез керек. Елге қызмет ету білімнен емес, мінезден дейтіні сол. Ұлық болсаң, кішік бол дейтіндей болмысың болса, ерсің. Болмаса, қиын енді.
"Ұраным-Алаш" сияқты кітаптарды оқып, сол кездің адамдарынан үлгі алу керек шығар мүмкін. Әйтеуір, байқаңдаршы.
Арман Әлменбеттің facebook парақшасынан
Abai.kz