«Қасиетті Қазақстан» экспедициясы Ресейге барды
Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы тапсырмаларға сай жұмыс жүргізіп отырған «Қасиетті Қазақстан» жобасы ұлт тарихымен байланысты өзге елдердегі қасиетті тарихи орындарды анықтау мақсатында этно-мәдени экспедициясын 12 қарашада Ресей Федерацясының астанасы Мәскеу қаласынан бастады.
«Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы жетекшісі Берік Әбідғалиұлын арнайы қабылдған Ресейдегі төтенше және өкілетті елші Иманғали Тасмағамбетов орталықтың зерттеу жүмыстарына оң бағасын беріп, Ресейдегі зерттеу жұмыстарына барынша көмек көрсететінін жеткізді. Шекаралас тұрған елдерде тарихшылардың ортақ пікірінің, мәдени байланыстың қажеттілігін айрықша атап өтті.
«Экспедицияның мақсаты қолда бар, бәрімізге анық тарихымызға қатысты нысандардың базасын жасап қана қоймай, әлі де беймалым болып келе жатқан нысандар мен мұрағаттарға қол жеткізу. Сонымен қоса жергілікті тарихшылар және ғалымдармен бірлесе жұмыс істеп, тарихи шындықтарды қалпына келтіру, Ресейге келген қазақстандықтарды ел тарихына қатысты киелі нысандарды таба алуына мүмкіндік жасап, Ресейдегі туризмің дамуына да үлес қосу» - деді орталық жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы.
«Қасиетті Қазақстан» жобасы негізінде шетелдерде орналасқан қазақ тарихына қатысты тарихи-мәдени орындарының деректер базасын жаңарту, тарихи нысандардың тізбесін құру, республика аумағынан тыс жерлердегі ұлт тарихына қатысы бар нысандарды зерттеу-сараптауды қолға алған экспедиция мәдени-тарихи ескерткіштер мен нысандарды түгендейді. Тарихшы-ғалымдармен, жергілікті диаспора өкілдерімен жүздесу де жоспарланған.
Ресейге келген экспедиция жұмысын Дон қабірстанында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан қабірі басында және басқа да репрессия мен қуғын-сүргін құрбаны болғандарға құран бағыштаумен бастады. Одан соң көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов 1931-1934 жылдары тұрған Покровский бульвары, 14-үйде орнатылған ескерткішпен танысты. Ғани Мұратбаев жерленген Ваганьское қабірстанында, Жаһанша Досмұхамедұлы жатқан Бутов полигонында, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожановтар жерленген Коммунарка полигонында болды. Кисловский көшесіндегі Әлихан Бөкейхан тұрған 4 үйіне барды.
Ресейдегі елшілікте рухани жаңғыру аясында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда елшілік ғимаратында Елбасы жұмыс істеген кабинет және Қазақстан-Ресей халықаралық қатынасына арналған музей ашылған. Мұнда 1905 жылдан бастап 4 реткі Госдумаға сайланған қазақтар, Мәскеуде қызмет еткен, репрессияға ұшыраған Алаш қайраткерлері туралы және екі елдің арасындағы қарым-қатынасқа арналған жәдігерлер бар. Сондай-ақ, елшілік ВДНХ көрмесіндегі 1936 жылы салынған Қазақстан павильонын қалпына келтіру жұмысын жүргізіп жатыр. Ол қазақстандықтардың Мәскеудегі рухани орталығына айналмақ. Ал, Петерборда Әлия Молдағұлованың ескерткішін қою жоспарланған.
Экспедиция елшіліктің қолдауымен 1600-1610 жылдары Касымов хандығын басқарған қазақ сұлтаны Оразмұхамед Онданұлы жерленген Рязан облысы, Қасымов қаласына да барып келді. Калуга қаласында жерленген Арғынғазы ханның жатқан жеріне байланысты деректер жиналды.
Сонымен қатар, Дубосековадағы атақты 28 панфиловшыларға арналған ескерткіш пен Ржев қаласында ерекше ерлік көрсеткен жерлестерімізге арналған мемориалдық кешенде де болды.
Еске салатын болсақ, биыл қанатын кеңге жайып басталған «Қасиетті Қазақстан» жобасы шетелдегі ұлт тарихымен байланысты нысандарды анықтауды ТМД көлемінде жүргізуді жоспарлаған. Атап айтқанда, зерттеу нысанына Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан сияқты көршілес республикалар қамтылып отыр. Кезең-кезеңімен жасалған жұмыс болашақта Алаш арыстары мен Қазақ зиялыларының табаны тиген Еуропа елдерінде де жалғасын табады.
Нұрғали Нұртай
Abai.kz