Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Қауіп еткеннен айтамын 4624 14 пікір 21 Қараша, 2018 сағат 10:29

Он мыңға жуық Отандасымыз елден кеткен

Алдыңғы буын Тәуелсіздік алған 1990 жылдары халықтың әлеуметтік жағдайының өте төмен болғанын айтып жатады. Алайда, халық ол кездегі қиындықтарды уақытша деп түсінді. Мемлекет қабылдаған әр бағдарламаға баладай қуанып, имандай сенді. Себебі, елдің ертеңге деген сенімі күшті еді. Ал, қазір ше?

Қазір мемлекет қандай бағдарлама қабылдаса да, елді елең еткізе алмайды. Себебі, қоғамдағы жемқорлық пен көзбояушылық халықтың сеніміне селкеу түсірген. Оған жұмыссыздық пен әлеуметтік жағдайдың төмендеп бара жатқанын, адам құқығының аяққа тапталуын қосыңыз. Осындай себептерден шет елге кеткен және кеткісі келетін Қазақстандықтардың саны артқан.

Мәселен, өткен жылы 9491 отандасымыз Еуропа мемлекеттерінде тұрақты түрде қалуға мүмкіндік алған. Ол дегеніңіз халқымыздың саны 10 мыңға жуық адамға кеміді деген сөз. Бұл онсыз да халық саны аз Қазақстанның демографиялық жағдайын одан әрі ушықтыратыны белгілі.

Сонымен, қазақстандықтар біржола қоныстанған Еуропа мемлекеттерінің ондығын Польша мен Ұлыбритания бастап тұр. Яғни, 1934 қазақстандық Польшаға, 1729 отандасымыз Ұлыбританияға кеткен. Бұл тізім әрі қарай былай жалғасады:  Чехияға – 1527 адам, Германияға - 1494 адам, Испанияға  – 455 адам, Венгрияға  – 328 адам, Францияға  – 326 адам, Италияға – 263 адам, Болгарияға  – 190 адам, Швейцарияға – 171 адам біржола қоныс аударған.

Ал, жыл сайын білім алу мен ақша табу мақсатында кетіп жатқан жастар қаншама? Мәселен, биылғы жылдың 9 айында 20 мен 29 жас аралығындағы 12 мың адам Кореяға кеткен. Және олардың барлығы отбасын құрмаған бойдақтар екен. Егер мемлекет сол 12 мың жастың жағдайын өз елінде жасай алғанда, олар шекара асып, сенделмес еді.

Сонымен қатар, шет елде білім алып, қалып қойған жастар да аз емес. Демек, бұл шын мәнінде алаңдатарлық құбылыс. Себебі, елдің ертеңі болар жастардың шекара асып,  шет елдік болуы елдің болашағына қауіп төндіреді.

Қорыта айтқанда, елдегі экономикалық түйткілдер шешілмейінше, бұл мәселе де өзектілігін жоғалтпайды. Ал, елден кету – мәселені шешпейді. Және, шет елге кеткендердің бәрін жайлы тұрмыс, жақсы өмір күтіп тұр деу де қате.

Сіз не дейсіз?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

14 пікір