Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 6743 29 пікір 28 Қараша, 2018 сағат 10:23

Жемқорлықтың басты себебі - жарымағандық...

Ли Куан Ю бір сөзінде «Егер билік басындағы жемқорлықты құртпаса, онымен күресу еш нәтиже бермейді» деген екен. Алайда билік басындағы жемқорлықты қанша жерден жоюға тырысқанмен, оның құрымайтындығы көрініп-ақ тұр. Әсіресе біздің елде сыбайлас жемқорлықпен күрес ісі барынша қатаң әрі үздіксіз жүргізіліп келе жатқандай. Бірақ тыйылар емес. Сондайда неліктен деген сұрақ туындайды. Бәріміз де жемқорлық неге жоғалмайды деп ойлаймыз ғой. Ал оның құрымайтындығының сыры тереңде жатыр.

Әрине Ли Куан Юдің жемқорлықты жоюды қолданған амалының сол ел үшін қарымы зор болған шығар. Бірақ біздің ел үшін жемқорлықпен күресте тәрбие, білім, имандылықтың салмағы басым ба дейміз. Абай атамыз: «Ұрпа­ққа ар­сыз­дықты әкелетін арам байлықты емес, асыл мұра ретінде тәрбие, білім, имандылықты қалдыр» деген еді. Байқасаңыз, жоғарыдағы сұрақтың жауабы Абай атамыздың осы бір сөзінде жатқан секілді. Өйткені атадан асыл мұра ретінде оң тәрбие, озық білім мен имандылықты бойына тоқып өскен бала ғана жамандықтан өзін аулақ ұстайды. Және сол асыл тегіне тартып, арсыздық әкелетін арам іске еш жуымайды. Ал о баста арам байлықпен былғанған қолға тектілік қонбайды екен. Рас сөз. Өткен жолы әріптесіміз Анар Тілеуханқызының әлеуметтік желідегі фейсбук парақшасында қоғамды іштен кеулеген сыбайлас жемқорлық туралы өткір пікірі шықты.  «Біздің қоғамда неге жемқорлық азаймайды? Тегінде тойып ас жемегеннің, мейірі қанып су ішпегендердің кенезесі кеуіп,кенеуі толмайды, тоймай тұрған ындын қанасынан шыққанын да білмей қылғыта береді, жұта береді. Себебі қазақ құндаған текте жатыр бар пәле. Құм жиылып тас болмас дегендей, ылғи кедейлік өтіп кеткен қу сирақтар  ындыны толмайды, ынсабы жоқ ашкөздік әкетіп барады», дейді ол.

Иә, қазақ халқы осындайда «уызына жарымаған» деп бекер айтпайды ғой. Рас екен. «Қарғаның бір көзі боқта, екінші көзі оқта» дегендей, билік басында отырғандардың қомағайлана жеген қарекетін былай қойғанда, осы қалай баймын деп шіренгендердің де қайсыбір іс-әрекетін айтуға ауыз ұялады. Анада «Еуразия» сауда орталығына бара қалдық. Есік алдындағы ақ сымды қол-арбаларды сауда орталығынан зат алушыларға беріп тұратын қызметші әрі-бері жүгіріп әлек. Тура кіреберіске жымдастыра жиналған әлгі жүк салатын шағын қоларбалардың үстіңгі жағында «Қоларбаны пайдалану бағасы: 100 теңге» деп жазылып тұр. Егде тартқан қызметші сұраған жандарға қоларбаны байланған құлпынан босатып беріп, 100 теңгені алып қалып жатыр. Ара-тұра сол қол-арбаларды адамдар пайдаланып, көлік тұрағына қалдырып кеткен жерлерінен бірнешеуін қосып сүйреп те әкеледі. Сөйтіп жұрт сауда орталығынан алған заттарын қоларбаға қалағанша толтыра салып, ақылы тұраққа қойған қымбат көліктеріне қиналмай жеткізуде. Сосын заттарын көліктеріне салады да, қол-арбаны сол жерге қалдырып кете барады. Оның бәрін әлгі қартаң қызметкер жинап әкеледі.

- Міне, осы еңбегім үшін әр қоларбаны пайдалану 100 теңге. Бірақ, білесіз бе, мен ана шашылған қоларбаларды жинап әкелуге кеткен кезімде біреулер мына құлыпта тұрған қоларбаларды ағытып алып кетеді. Қоларбаны жіптен ағыту үшін құлпының ұясына 50 теңгелік тиын салсаңыз, ашылады. Біреулер маған 100 теңгені бермес үшін 50 теңгелік тиынмен ашады да, сауда орталығын аралап, жүктерін көліктеріне жеткізеді де, қоларбаны сол жерге қалдыра салады. Ол ештеңе емес, сол құлыптың ұясына салған 50 теңгені қайтадан суырып алып кетеді ғой. Ал негізінде олар маған 100 теңге беруге тиіс. Жарайды, мұны садақа дейік. Бірақ бұдан да өрескел жағдайды айтайын. Сол қымбат көлік мінген ағайындар көлемі тура 50 теңгелік болатын шайбаны қол-арбаны тегін пайдалану үшін ұясына салып ағытып пайдаланады да, кез келген тұсқа тастап кетеді. Не деген жарымағандық! Осындай арсыз тірлікке барған соң олардың бай болғаны, анадай қымбат көлік мініп шіренгені неге керек? Тірі болсаңыз, бәрін де көреді екенсіз, - деп налыған ол қымбат көліктер тұрағында қалдырылған қол арбаларды жинауға кетті.

Расында, кейбір ағайындарымыздың мұндай тірлігіне не айтарымызды білмей қысыламыз. Іштей ұялып, жерге кірердей боласыз. Бірақ оны ана қымбат көлік мінген жандар ұят деп  санамайды. Сыбайлас жемқорлыққа салынып, тоймай жеп жатқандар да солай, еш арланбайды. Қайта олар арам ақшамен байып алған соң, керемет іс жасадым деп есептейді. Қымбат үйлерін, қымбат көліктерін көрсетіп талтаңдай басады. Сол арам байлықтарын ұрпағына қалдырады. Тексіздік жалғасып, олар да сосын ешуақытта тоймайды. Сөйтіп жемқорлық құрымайды. Сонда оны жоюдың бір ғана жолы – текті ұрпақты өсіріп шығару, тәрбиелеу екен. Әрине, әзірге бұған уақыт керек. Кеңес жылдарында үзіліп қалған асыл тәрбиені, Абай атамыздың ғибратты  кеңестері жас ұрпақтың санасына сіңдіріле беруі керек. Сонда болашақ ұрпақтың өмірі жемқорлықсыз жайлы болары сөзсіз.

Александр Тасболат

Abai.kz

 

29 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1526
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3304
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5923