Жұма, 26 Сәуір 2024
1815 0 пікір 22 Қараша, 2018 сағат 21:52

Президент тапсырмасы Түркістанда Халықаралық деңгейде талқыланды

Түркістан қаласы ­­– облыс орталығына айналғалы келелі ой мен кесімді пікірлерді ортаға салған ірі халықаралық шараларды жүзеге асырып келеді. Бұл жолы түрколог-ғалымдар мен зерделі зерттеушілер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстанда өткен Түркі кеңесінің VI саммитінде ұсынған «Түркі әлемінің киелі жерлері» мен «Түркі әлемінің 100 тұлғасын» анықтау мақсатында алғаш рет бас қосты. Бұл туралы Abai.kz ақпараттық порталы Түркістан гәзетіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

«Киелі Түркістан және Түркі әлемінің рухани жаңғыруы» аталған ғылыми-теориялық конференцияны Халықаралық Түркі академиясы мен Түркістан облысы әкімдігімен бірлесе ұйымдастырды. Қолдау көрсеткен Түркі кеңесі мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті.
Жиын басталмас бұрын келушілер назарына Түркі академиясы жарыққа шығарған кітаптар көрмесі ұсынылды. Онда түркітілдес халықтардың тілі мен тарихына, мәдениеті мен әдебиетіне қатысты 100 құнды еңбек қойылған. Академия президенті Дархан Қыдырәлі пленарлық мәжілістің кіріспе сөзінде Түркістанға ерекше тартумен келгенін жеткізе отырып, бұл жинақтардың барлығы Түркістан кітапханасына тарту етілетінін айтып өтті.

Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы қазақ елінде ғана емес, түркі дүниесінде де зор серпін тудырғанын, сол себептен биылғы саммитте Президент маңызды мақаланы түркі әлемінде насихаттауды Түркі академиясына тапсырғанына тоқталды. Осыған сәйкес, конференцияда түркі әлемінің киелі жерлері мен тұғырлы тұлғаларын анықтау үшін ұсыныстар тыңдалатынына, сондай-ақ түркі тілдері мен жазуының қазіргі таңдағы мәселелері қарастырылатынына басымдық берді. Ағымдағы жылы атқарылған шараларды қорытындылап, алдағы жоспарлардың бекітілетінін де тілге тиек етті.

– Биыл жауһар жырларына киелі Түркістанды арқау еткен Мағжан Жұмабаевтың туғанына – 125 жыл, түркі әлеміне ортақ жазушы Шыңғыс Айтматовқа – 90 жыл, түркі жазуының алғаш рет табылып, оқылғанына 125 жыл толып отыр. Осы айтулы шараның барлығын жыл басында ЮНЕСКО-да және Париж қаласында атап өткен болатынбыз. Жылдың жабылуына орай Түркістанда жиналуымыздың да символикалық мәні зор, –  деді Дархан Қуандықұлы.

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев АҚШ, Түркия, Үндістан, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстаннан, Тәжікстан және басқа ТМД елдерінен келген делегаттарға көне шаһардың Елбасы назарындағы қала екенін айта келе, облыс орталығына мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отырғанын әңгімеледі.

– Түркістанның халықаралық маңызын арттыру үшін бірқатар жұмыстар атқарылады. Соның ішінде рухани орталықтар мен мәдениет ошақтарын салу көзделген.

Атап айтқанда, Түркі әлемі орталығы, Ұлы дала елі және Қазақ хандары мен билері орталығы, Ясауи мұражайы бой көтереді. Елбасымыз Түркістанды түркі дүниесінің мәдени, рухани орталығына айналдыруды тапсырды. Ендігі үлкен салмақ сіздер мен біздерде, Түркістанды сол деңгейге жеткізу баршамыздың міндетіміз.

Сондықтан түркілік танымды ту етіп, түркілік рухта қызмет атқарып жүрген ғалымдар мен БАҚ өкілдерін арнайы шақырып, пікірлесу үшін бір ортаға жинап отырмыз. Өз ойларыңызды білдіріп, ұсыныстарыңызды жазбаша түрде жеткізсеңіздер, жақын арада Түркі академиясымен бірге жүзеге асыратын боламыз.

Президент тапсырған «Түркі әлемінің киелі жерлері», «Түркі әлемінің 100 есімі» жобасын жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар. Түркі әлемінің орталығы – Түркістан барлық игі бастамаларды қолдауға әрқашан дайын, – деді.

Келелі кеңеске ғалымдармен бірге дипломаттар, бауырлас елдердің елшіліктерінің жауапты қызметкерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері де келді.

Түркі кеңесінің алғашқы Бас хатшысы Халил Акынжы мырза Түркі кеңесінің шеңберінде өтіп отырған жиынның маңыздылығына мән берді. Киелі жерлердің өз атмосферасы, оны сақтау мен танытудың ерек мәдениеті болатынын еске салды. Сондай-ақ түркі әлемінің тарихы мақтан тұтар тұлғаларға бай екенін айтып, Білге қаған, Махмұд Қашқари, Әлішер Науаи, Қожа Ахмет Ясауидің түркі халықтары арасында алатын орны мен еңбектеріне тоқталды.

Бұдан соң Түркі академиясы мен Түркістан облысы әкімдігі арасында ғылыми және іскерлік байланысты нығайту бағытында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Ортақ келісімге сәйкес Түркістанда түркі академиясының ең алғашқы зерттеу орталығы ашылатын болды. Онда түркі дүниесінің ойшылдары мен ағартушыларының, ғалымдарының еңбектері қойылып, ғылыми жетістіктері көрсетіледі. Академияның Түркістандағы жұмыстарын үйлестіріп, түркі әлеміндегі киелі жерлер мен тұғырлы тұлғаларды анықтауға күш салады. Академия мен Түркістан облысы бірігіп түркология ғылымы мен түркі әлеміне қатысты кітаптарды да жарыққа шығарады. Сонымен қатар, Өзбекстан республикасы арасында да келісім жасалды.

Түркістан облысы әкімдігі де өз кезегінде айтулы ғалымдар мен зерттеушілерге сый-сияпат көрсетті.

Abai.kz

0 пікір