Сенбі, 23 Қараша 2024
3616 0 пікір 27 Қараша, 2018 сағат 12:02

Түркістан облысындағы "Aspan" кәсіпорнының тауарларына шет елдіктер де қызығушылық танытып отыр

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында өңірлердегі зауыт-фабрикалардың жұмысын жандандыру қажеттігін айтқан болатын. Осыған сәйкес, өңірлерде тұтынушылардың сеніміне ие болып, сапалы тауарлар шығарып жатқан кәсіпорындар аз емес.

Солардың бірі Түркістан облысындағы – «Аspan» тауар белгісімен шығарылатын «Завод «Триумф М.М.С» ЖШС-нің профильдері. Қарапайым тілмен түсіндірсек, пластикалық есік, терезе жақтаулары мен терезеалды тақтайлары.

Поливинилхлоридтен профильдер шығарып, кейін одан есік-терезелер жасайтын бұл кәсіпорынды нағыз отандық өнім өндіруші мекеме деп толық сеніммен айта аламыз. Осы кәсіпорынның құрылуымен отандық ПВХ профильдері өндірісі саласына жан бітті. Бүгінде осы төңіректегі пластикалық есік-терезе шығаратын бес жүзден астам шағын цех иелері ПВХ профильдердің ішінен дәл осы «Аspan» маркалы брендті таңдайды. Осының өзі кәсіпорынның отандық ішкі нарықта тұтынушылар тарапынан үлкен сенімге ие болғанын аңғартса керек-ті.

Компания тауарлары Қазақстандағы ірі қалалар мен өңірлерден бөлек, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне экспортталуда. Ендігі жерде отандық өнімге бұдан өзге мемлекеттер де зор қызығушылық танытуда. Осы ретте алыс шетелдерге ПВХ профильдерін экспорттау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұйыртса, жақын арада компанияның өнімін сатып алушы шет мемлекеттердің қатары көбейіп, экспорттық әлеуеті бұдан да арта түсетініне сенім мол.

Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында уақыт жоғалтпай цифрлы технологияға көшуді, олай болмаған жағдайда бәрінің де кеш болып, бұл салада алға озып кеткен елдердің шаңын жұтып қалуымыз мүмкін екендігін айтты. «Завод «Триумф М.М.С» ЖШС Нұрсұлтан Әбішұлының өндірісті цифрландыруға орай берген осы тапсырмасын тиянақты орындаған алғашқы кәсіпорындардың бірі деуге болады.

Кәсіпорында дуальді оқыту жүйесі бойынша Шымкент қаласындағы политехникалық колледждің студенттері өндірістік іс-тәжірибеден өтіп тұрады. Жұмысқа икемі бар колледж түлектері осында әртүрлі мамандыққа сай жұмысқа қабылданады. Мәселен, кезінде тәжірибеден өткен он шақты студент бүгінде ламинант цехында жұмыс істеуде. Негізінде жұмысқа тұрғысы келетіндерді компанияның өзі ақы төлеп бір ай оқытады. Әрі қарай қабілетіне қарай жұмысқа орналастырады. Десек те, полимер өнімдері бойынша мұнда технологтар жетіспейді екен. Сондықтан М.Әуезов атындағы ОҚМУ-мен келісімшартқа тұрып жатыр. Жақында осы оқу ордасының оқытушы-профессорлары кәсіпорынды аралап, жұмысымен жақынырақ танысып көрмек. Айта кетерлігі, өндіріс орнында Австрия және Германияның жоғары технологиялы қондырғылары пайдаланылады. Және өнім мемлекеттік стандарт пен жоғарыда аталған елдердің шикізат пен сапаға қоятын талабы бойынша шығарылады. Бүгінде зауытта 250 адам еңбек етеді. Орташа айлық жалақылары 90 мың теңгені құрайды. Тұрақты еңбекақыдан бөлек қосымша бонустар мен сыйақылар беріледі.

Зауытқа жергілікті азаматтар көбірек жұмысқа тартылған. Сондықтан кәсіпорын өзінің табыс көзін еселеп қана қоймай, еліміздің әлеуметтік мәселесін шешуге де оң ықпалын тигізуде.

Зауыттың өз зертханасы бар. Мұнда мамандар өндірілген өнімнің сапасын бақылауда ұстайды. Талапқа сәйкес ПВХ профильдері 40-45 градус аяз бен ыстыққа төзімді болуы керек. Өнімнің құрамына қосылатын химиялық қоспалардың мөлшері де нормасынан ауытқымауы тиіс. Осылардың бәрін зертхана мамандары тексеріп, жіті көзбен бақылап отырады. Мұнымен қоса, «Аspan»-ның терезелері ұзақ уақыт күнде тұрса да сарғайып кетпейді. Себебі, профильдің құрамындағы титан қоспасы терезе жақтауларын сарғаюдан сақтайды.

Қорыта айтқанда, мұндай кәсіпорын еліміз үшін өте керек. Осындай заманауи өндірістің арқасында Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де сұраныс тудырған өнімдер шығарылып, соның нәтижесінде мемлекеттің де табысы молая түсетіні аян. Бүгінде ел Үкіметі сыртқа тауар экспорттайтын өндіріс орындарын көбейтуге, оларға барынша жеңілдіктер ұсынып, қаржылай қолдау көрсетуге мүдделі. Себебі, экспорттан мемлекет қазынасына анағұрлым көп пайда түседі. Екі қолға бір күрек таппай жүргендерді еңбекке тартып, елдегі жұмыссыздық деңгейінің азаюына септігін тигізетін де ірі және шағын кәсіпорындар. Сондықтан біз серіктестіктің алдағы істеріне тек сәттіліктер тілеп, «Аspan»-ның әлі талай биік мақсаттарды бағындыратынына сенеміз.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385