Түркістан облысында биоқызанақ өсіретін жылыжай ашылады
Елбасы Н.Назарбаев “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыу” атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында ауылшарушалығын дамытудың экономикамыз үшін аса қажет екендігі баса айтылды. Сондай-ақ, сол өнімдерді шет елге экспорттау да экономикамыз үшін тиімді болмақ.
Осыған сәйкес, Поляк инвесторлары Түркістан облысында кәсіпкерліктің дамуына қомақты қаржы бөлгелі отыр. Нақтырақ айтсақ, Польша іскерлері ауыл шаруашылығы саласына шамамен 15 млн. еуро салмақ ниетте.
Жақын арада өңірде биоқызанақ өсіретін, көлемі 11 гектарды құрайтын жылыжай кешені ашылады деп жоспарланған. Бұл шара Елбасы Жолдауындағы отандық өнімді халықаралық нарыққа шығару жоспарына сәйкес келеді. Осы тұрғыда поляк серіктері бірігіп қызмет етуге, әрі агроөнеркәсіп саласында тәжірибесімен алмасуға әзір екенін айтады. Мәселен, Орталық Еуропа мен Польшадағы «KazakhInvest» ҰҚ өкілі Аркадиуш Якубчак «Қазір негізінен Голландияда өсірілген қызанақтар көптеп сатылады. Енді нарыққа қазақстандық өнім шығарылатын болады. Ел үкіметі ұсынған салық саласындағы жеңілдектер бізге тиімді. Көптеген шетелдік инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Қазақстанның маңында шамамен жарты миллиард адам тұрады. Олар да біздің өнімге қызығушылық танытып отыр. Ресейге жібере аламыз. Үлкен нарық зор мүмкіндік береді» дейді.
Демек, Қазақстанның қызанағы шет мемлекеттердегі сауда нүктелерінің сөрелерінен табылар күн алыс емес.
Abai.kz