Жұма, 22 Қараша 2024
4870 32 пікір 4 Желтоқсан, 2018 сағат 12:58

Өткенімізді білмей, болашаққа қадам баса алмаймыз

Елбасының «Ұлы даланың  жеті қыры» атты мақаласы жарық көргенде осы ұлы даланың өткен тарихына қозғау салып,  қазақтың шежіресін, қазақтың басынан өткерген қасірет-шерін бүгінгі ұрпаққа шынайы жеткізуді бір мұраты санап жүрген қаламгер ретінде бөркімді аспанға ата қуандым десем, жалған болмас. Дәл осылай қуанған  және жалғыз мен  емес шығармын деп ойлаймын.

Бұл мақаласы арқылы Елбасымыз ежелгі тарихымыз бен мәдениетімізге, ежелгі өркениетімізге қайта оралу керектігін, соны қайта жаңғыртуды тапсырды. Себебі, біздің тарихымыздың күйе жағылған тұстары көп, оның себебі біздің тарихымызды біздің жауынгер­леріміздің шоқпары тиген,  батырлары­мыздың атының  тұяғының шаңына қақалған   жау жылнамашылар жазды.  Сондықтан олар бізді «Алтын орда» тарихынан алыстатып, Атилламыздан айырғысы келді. Олар қазақтың жауынгерлігін, батырлығын, хандық басқарудағы  өркениеттілікті көрсетуге мүдделі болған  жоқ.

Осы мақалада ерекше аталып өткен еуропацентристік көзқарас деген мәселенің түп тамырына үңілсек, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы арқылы Елбасымыз біздің әдебиетшілерімізге, тарихышыларымыз бен киногерлерімізге, мен қазақпын дейтін ұлтжандылық рухы басым азаматтарға үлкен жауапкершілік  жүктеп отыр. Өткенімізді білмей, болашаққа бір қадам аттай алмайтынымызды меңзеп,  тарихи сананы қайта жаңғырту туралы пікірін айтып, сол бойынша  ауқымды жобалардың жолын нұсқап, тарихымыз бен өркениетіміздегі орны үңірейіп тұрған олқылықтарымыздың  орнын толтыруды тапсырды.

Шынын айту керек, бүгінгі ұрпақ өз ұлтының супергеройларынан гөрі, өзге елдің супергеройларын көбірек біледі. Өз ұлтының құндылықтарына емес, өзге жұрттың құндылықтарына көбірек құлдық ұрып кетті. Ал оның салдарын күнделікті өмірде орын алып жатқан ұлтымыздың дәстүрінде, салты мен тәрбиесінде болмаған келеңсіз оқиғалардан көруге болады. Ал ол қазақ жастарына әр үйдің төрінде тұрған көгілдір экраннан жұқты.  Өз экранымызды өзге елдің идеологиясын насихаттауға беріп қойдық. Соны  көріп отырған Елбасы экранға ие болуды меңзеді.  Экран деген бүгінде ата-ананың тәрбиесінен де  мықты болып тұр.  Экран мықты идеология құралы. Сол себепті, мен кинодраматург ретінде осы мақаладағы тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі, Ұлы даланың ұлы есімдері атты жобаларға  көбірек атсалыссам деймін.

Сонау 1980  жылдары қолға алған «Алтын орданың» тарихына қайта оралып, сол кезде жазылғанмен жарық көрмеген киносценариймді қайта қолға алу мүмкіндігі туды деп ойлаймын. Абылай ханның  толыққанды бейнесі жасалған жоқ. «Қазақ елі»,  «Алмас қылыш» сериал­дарын   толықтыру да артықтық етпейді. Ол сериалдарда да қазақ тарихының айтылмай кеткен тұстары жоқ емес. Осы мақалада есімі аталған  Қожа Ахмет Яссауи туралы киносценарийді осы жақында  жазып бітірдім. Ендігі ретте бізге тек мақсатты жұмыс істеу ғана қалды.  Мемлекеттік қолдау бар жерде қолдан келген істі жүйелі атқарып тарихымызды түлетуге, қайта жаңғыртуға,  бүгінгі ұрпаққа қазақ деген атауды иеленген халықтың қалай өмірге келгенін жеткізу жолында біз жанкеш­тілікпен  еңбек ету  міндеттері тұр. Ал оған атсалысу «мен қазақпын» дейтін әр азаматтың  міндеті. Бұл мақала біле білген адамға  қазақ елінің болашаққа бара жат­қан, ұлы мұраттарға бет алған  жолындағы адастырмас бағдаршамы. Соны дұрыс бағамдай білсек, ұтарымыз көп болмақ, «ештен кеш жақсы» деген ғой  халқымыз.

Смағұл Елубаев

жазушы, кинодраматург,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

«Құрмет» орденінің иегері

«Алматы ақшамы» гәзеті

Abai.kz

32 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5315