Жексенбі, 6 Қазан 2024
Біздің шенеунік 10401 21 пікір 5 Желтоқсан, 2018 сағат 11:59

«Өмірге Ресеймен бірдей көзқараспен қарауымыз керек»

Алда ең қастерлі мерекеміз Тәуелсіздік күні келе жатыр. Мың өліп, мың тірілген қазақ үшін бұл күннің орны бөлек, маңызы ерекше. Дегенмен, азаттық алғанымызға 27 жыл өтсе де, ұлттық мемлекет құра алмағанымыз рас. Оған себеп –  Мәскеуге құбыладай бет бұрған көкелердің әлі де биліктен кетпеуі.

Солардың бірі - мәжіліс депутаты Владислав Косарев. Жуырда ол Азаттық тілшісінің “Почему Казахстан поддержал предложение России на Совете Безопасности ООН?” деген сұрағына, “Мы связаны общей историей и культурой. Мы должны смотреть на мир глазами России” деп жауап берді. Әрине, құлдықтың қамытына әбден шырмалған Косаревтар үшін Мәскеусіз шешім қабылдау мүмкін емес шығар. Бірақ, олар табынып жүрген Ресейдің экономикасы күн сайын құлдырап, өзі тығырыққа тіреліп бара жатқанын бүкіл әлем көріп отыр. Ал, оны көрмей алжып отырған Косаревтар ғана.

;feature=share&fbclid=IwAR2sbN4dvQoIb6F2kA6_V9GuZ73HB8BwkgvYT-I61q6yGnQAoC5b2b1wyHk

Егер, олар ақылынан адаспаса, біздің тарихымыз бен мәдениетіміз Ресеймен емес, тамыры терең түркі халықтарымен бір екенін де білер еді.

Жалпы, Косаревтың депутат болғанына 11 жылдан асып барады. Алайда, осы он бір жыл ішінде оның ұлттық мүдде үшін істеген бір абыройлы ісін байқамадық. Есесіне, ешкімге пайдасы тимеген Коммунистік партиясы бар. Ол партияның немен айналысып, қандай мәселе шешіп жүргенін өзінен басқа ешкім білмейді.

Айтпақшы, биыл Тәуелсіздігімізге нұқсан келтірген өте абыройсыз бір іс болды. Ол Алаш арыстарын, Желтоқсандық жастарды қынадай қырған комсомолдардың жер-жерде дүбірлетіп 100 жылдықтарын атап өтуі еді. Оның да басы-қасында жүрген Сұлтанов, Косарев сияқты бүгінгі тәуелсіз қоғамға еш пайдасы жоқ комсомолдар. Тіпті, сол космомолдардың белсенді өкілі Жамбыл Ахметбеков мастанғаны соншалық, Алаш арыстарына тіл тигізіп, оңбай қателесті. “Тойласа Алаштарын тойламай ма өздері?” деп салған Ахметбеков, бір кездері Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер болған адам еді.

Міне, бүгінгі тәуелсіз қазақ қоғамын құлдықтың қамытынан шыққан осындайлар басқарып отыр. Оларға қазақтың қасіретті тарихы мен қасиетті тілінің еш құны жоқ. Тіпті, зейнеткерлік жасқа әлдеқашан жетсе де, орындарын босатар емес. Алайда, Косаревтардың сөзі мен ойының бүгінгі қоғам үшін еш маңызы жоқ екенін ескерсек, олардың орындарын бостаудан басқа амалдары қалған жоқ. Себебі, “отарлаушының қолынан тәрбие алған элита  - өз ұлтының басты жауы” екенін азат ойлы бүгінгі қоғам өте жақсы түсініп отыр.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

21 пікір