Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4585 12 пікір 6 Желтоқсан, 2018 сағат 12:54

Астананың іргесіндегі ауылда бес жылдан бері жылу жоқ

Ақмола облысы Аршалы ауданының тұрғындары Президент Н.Ә.Назарбаевтан көмек сұрайды. Себебі – бес жылдан бері Аршалы кентіндегі пәтерлерде жылу жоқ. Тұрғындардың айтуынша, жүзге жуық адам жылда осы мәселе бойынша аудандық әкімшілікке шағымданады. Алайда, олардың өтінішіне құлақ асқан әкімдік болмапты.

Ал, жылуға жауапты «Аршалы су-2030»  ұйымы бұл мәселен сапалы көмірдің жоқтығына байланысты дейді. Ұйымның айтуынша, Аршалы ауданының  әкімшілігі облысқа сілтейді, ал облыстағылар жоғары сапалы көмірді сатып алуға ақша бөлмейді екен.

Сондай-ақ, бұл кенттегі электр энергиясының құны да тым жоғары. Мәселен, Астаналықтар жарыққа – 11 тг. төлесе, Аршалының тұрғындары – 20,84 теңге төлейтін көрінеді. Аршалы Астанадан небәрі 60 шақырым жерде орналасқан. Бірақ, электр қуатының  неліктен екі есе жоғары екені түсініксіз.

Жуырда тағы да сол Астананың іргесіндегі Қоянды ауылының тұрғындары жол жоқ деп дабыл қаққан еді. Оқушылардың қысты күнгі аязда 5 шақырым жердегі мектепке жаяу баратыны туралы да жазылған болатын. Осы орайда, Астананың оң жағалауынан шықпайтын шенділер неге іргедегі ауылдарға бір сәт назар аудармайтыны түсініксіз.

Өткенде ғана ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлыққа жиі баратын -  әкімдіктер мен құқық қорғау саласының қызметкерлері екенін айтып өтті. Жоғарыдағы мәселеге қарап, сол сөзді растауға болатын сияқты. Себебі, соңғы кезде халықтың жергілікті биліктен көңілі қалғаны сонша, өз мәселелерін тікелей Президентке жолдап жататын жағдайлар жиі кездеседі.

Мәселен, кеше ғана Талдықорған әкімдігінен әбден көңілдері қалған алтын алқалы аналар өз өтініштерін бірден Елбасына жолдады. Ал, жергілікті билікке сөзін тыңдата алмаған Аршалы ауданының тұрғындары да тікелей Н.Назарбаевқа шығуды жөн көріпті.

Қорыта айтқанда, аудандық, облыстық, қалалық әкімдіктер өз істеріне салғырт қарамаса. Бірақ, халықтың мұң-мұқтажын тыңдай білуге тиіс мамандар өз істерін ешкімге пайдасы жоқ науқаншылықпен шатастырып алғандары өкінішті.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318