Кекілбаевтану - әдебиеттану ғылымындағы негізгі пәндердің бірі болуы керек
Халқымыздың маңдайына біткен заңғар, ғұлама жазушысы, Еңбек ері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің классигі Әбіш Кекілбаевтың Ұлттық кітапханада арнайы оқу залы ашылып отыр. Меніңше, бұл Әбіш ағамыздың 80 жылдығы қарсаңында оның есімін ұлықтау жолындағы алғашқы қадамдардың бірі.
Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның есімі, шын мәнінде, халқымыздың ең жоғары құрметіне лайық. Сондықтан осындай игі бастамалардың ғұмыры ұзақ болары сөзсіз. Жаңа жылдан бастап бәріміз бұл жұмысқа кірісуіміз керек. Үкімет, тиісті әкімдіктер қажетті жоспарларды дайындап, тиісті іс-шараларды қолға алады деп ойлаймын. Бұл бүкіл халыққа керек болып тұрған маңызды жұмыс.
Әбіш Кекілбаевтың қайталанбас қолтаңбасы қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің қазынасына айналды. Көсемсөз шеберінің шығармашылығы бойынша терең зерттеулер жүргізу - келешек буын ғалымдарының алдындағы маңызды міндет болуы тиіс.
Себебі, Әбіш Кекілбаевтың ойлары, философиясы және жалпы рухани әлемі мұхиттай терең.
Әбіш Кекілбаевтың әдеби әлемі шексіз дүние, көпқырлы, мағыналы мұра.
Расында, бұл кісінің білімінің көкжиегі шексіз, бірегей адам. Әрі жазушы, әрі әдебиеттанушы, ғалым, тарихшы, ойшыл, философ қана емес, мемлекетіміздің дамуына елеулі еңбек сіңірген көрнекті мемлекет қайраткері. Бұл - ұлы жазушылардың арасында өте сирек кездесетін құбылыс.
Әбіш Кекілбаев Президентіміздің сенімді серігі болғаны баршамызға мәлім.
Жазушы туындыларының идеялары «Рухани жаңғыру» философиясының негіздерімен үндеседі. Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» идеологиясы, түптің түбінде, қазақ зиялы қауымының, жалпы халқымыздың асыл арманының көрінісі.
Бүгінде бүтін халқымыз ұлттық идеяны жаңғырту жолына бет бұрды. Осылайша, Әбіш ағамыздың арманы іске асуда.
«Өз басыңнан бақ ауса да, ел басынан бақ аумасын» деген сөз Әбіш Кекілбаевтың азаматтық ұстанымының айқын айғағы.
Сондықтан маржансөз шебері, гуманист-ғалым, ұлтжан-саясаткер Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығын, оның жалпы мұрасын өсіп келе жатқан ұрпақтардың арасында кеңінен дәріптеу – бұл біздің бірінші кезектегі мақсатымыз болуы тиіс.
Осы бағытта Кекілбаевтану әдебиеттану ғылымындағы негізгі пәндердің бірі болып қалыптасуы керек. Біз қоғам ретінде тиісті әрекет жасап, бұл жұмысты бақылауымызға алуымыз керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы
Abai.kz