Сенбі, 23 Қараша 2024
Жанайқай 6277 22 пікір 9 Желтоқсан, 2018 сағат 19:20

Біртанов түсік жасатуды заңдастыру туралы ұсынысынан бас тартуы керек

ҚР Президенті Н.Назарбаевқа

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевқа

ҚР Парламент Мәжілісінің Төрағасы Н.Нығматулинге

ҚР Премьер министрі Б.Сағынтаевқа

 

ҮНДЕУ ХАТ!

ҚР  Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов әлемдік медициналық тәжірибеге сүйене «16 жасқа толған қыздарға ата-анасының келісімінсіз-ақ қолдан түсік жасату (аборт)»  туралы ұсынысын  естіп-көріп  жағамызды ұстадық.  Бұл ұсыныс заңдастырылса –  ұлттық қауіпсіздігімізе орасан қауіп-қатер төндіретіні белгілі.

Батыс Еуропаның кейбір елдерінде аборт мәселесі демократия, әлеуметтік әділеттік, адам  құқықтары ретінде қарастырылатынын жақсы білеміз. Алайда, қандай да өркениетті елдердің тәжірибесі болмасын аборт мәселесі  - ұлттық мүдде мен халықтың мақсат-мұратынан жоғары тұрмауы тиіс!

Министрдің  Біртановтың халықпен санаспай, жұрттың қоғамдық пікірін білмей, барлық ата-ана үшін  «16 жастағы қыздарға түсік жасатуға рұқсат беру дұрыс» деп  айтуға ешқандай конституциялық, заңдық және моралдық  құқығы жоқ.

Біртановтың  айтып отырған  16 жастағы қыз бала - ол әлі ауызынан ана сүті кетпеген уыздай жасөспірім! Ал бұғанасы қатпаған жас жеткіншек өзінің болашағы, тағдыры үшін аса маңызды шешім қабылдай алмайды. Сол себепті жас жеткіншектің мойынына  ұлт болашағы, ұрпақ тағдырына тікелей қатысты  үлкен жауапкершілікті артуға мүлде болмайды.

Жасанды түсік жасату - ұлттық қауіпсіздігімізге қасірет болса,  медициналық тұрғыда зиян,  діни тұрғыда ауыр күнә  және  қазақи сана-болмысымызға қайшы.

1. Ежелгі медицина тарихына үңілсек, медицина атасы Гиппократ жасанды аборт жасау, түсік тастау заңсыз деп есептеген. Гиппократ мектебінен шыққан ол кездегі дәрігерлер: «...мен ешқашанда түсік тастауға дәрі-дәрмек қолданбаймын» деп ант берген.

2. Аборт жасауды қолдау – ұлттық өсімізді тежейді. Қазақстан демограф ғалымдардың зерттеуінше,  қазақтың соңғы жылдары баяу өсуіне, бір жағынан түсік жасатуда үлкен кері әсерін тигізеді екен және  олар аборт жасауға қарсы үнемі дабыл қағып келеді.

3. Дәрігерлердің пайымдауынша, түсік жасатқан қыздар екінші рет жүкті болу мүмкіншілігінен  20 % -ға айырылатынын айтады. Мұны «Екінші бедеулік» деп атайды. Тіпті көтергеннің өзінде кемтар сәби өмірге келетіні ғылыми тұрғыда дәлелденген. Жасанды түсік жасаған әйелдер медициналық тәсілмен шараны алдыртып құтылғанымен, айықпас дерт жамайды екен.

4. Жасанды түсік жасату – күнәнің ең ауыры. Ислам дінінде себепсізден себепсіз дүниенің есігін ашқалы тұрған сәбидің өміріне түрлі амалдар арқылы балта шабу – аса ауыр күнә саналады. «Әңғам» сүресінде, 151-аят былай делінген: «Жарлықтан балаларынды өлтірмендер. Сендерді,  оларды біз ризықтандырамыз». Міне, осыны, дүниеге келген әр сәбидің өз ырзық, несібесі болатынын бойжеткен қыздарға  аборт жасауды заңдастыруды ұсынған сіз түсінсе екен дейміз. Сондай-ақ, қасиетті Құран Кәрімде («Шура» сүресі, 49-50): «Алла қалаған пендесіне қыз береді, қалаған пендесіне ұл береді. Қалаған пендесіне ұлды да, қызды да нәсіп етеді. Сондай-ақ қалаған пендесін бедеу қылады» деп айтылған. Яғни, бала сүю -  Алланың берген үлкен сыйы екенін ұмытпауымыз керек!

5. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» деген нақылды ұстанған қазақ әр сәбидің өз несібесімен дүниеге келетінін айтады. Сондықтан, министрі Е.Біртановтың әлеуметтік-қоғамдық  жағдайға байланысты 16 жасқа толған қыз балаларға ата-анасының келісімінсіз жасанды түсік жасатуды заңдастыру туралы ұсынысын  –  мемлекеттік демографиялық саясатқа қарсы   бағытталған  әрекет  және  ұрпақ болашағына балта шабу деп бағалаймыз!

ЖОЛ БЕРМЕЙМІЗ ЖӘНЕ ТАЛАП ЕТЕМІЗ!

Бүгінгі бойжеткен қыз – ертеңгі ана. Қыз бала - ұлтымыздың  келешегін өркендетуші, халық өрісін кеңейтуші, өсімін көбейтуші. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетуге тиісті абзал жан -  болашақ аналарымызға аборт жасатып, болашақтарын бүлдіртуге, тағдырларын таптатуға, өмірлерін қорлатуға жол бермейміз!

Халықтың өсімін  тоқтатуға  әкелетін  және ұлт басына  үлкен қайғы мен қасірет болып төнетін  - 16  жастағы қыздарға аборт жасатуды заңдастыруды туралы  денсаулық министрінің  ұсынысын қабылдамауларыңызды  және  Елжан Амантайұлы  Біртановтың өз ұсынысынан ресми түрде бас тартуын ашық талап етеміз!

Талғат Қатауов 

Abai.kz

 

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364