Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға тегін тамақ беретін асхана ашылды
«Уақып» деп аталған тамақтану орны аптаның бес күнінде жұмыс істейді. Асхана Орталық мешіттің бастамасымен және қайырымды азаматтардың ұйытқы болуымен ашылған.
Қоғамдағы қаржылық жағдайы қиын, мұқтаж жандарға арналған асхана күніне 120 адамға қызмет көрсетеді. Мұнда олардың үш мезгіл тегін ауқаттануына мүмкіндік бар.
Қоғамдық тамақтану орны дүйсенбіден жұма аралығында таңғы сағат 9.00-ден 10.00-ге дейін, түскі сағат 13.00-ден 14.00 дейін, кешкі сағат 17.00-ден 18.00-ге дейін ашық болады.
Тегін асханадан түстенуге келген жанның бірі – Ерғалым Әділханұлы. Кезінде журналистика мамандығын бітіріп, талай баспасөз бетіне мақалам шыққан дейді. Алайда, тағдыр тәлкегіне түскен азамат уақытша қиын жағдайда жүргенін айтады. Қарашаның қара суығында ақысыз тамақ тарататын орынның ашылғанына қуанғанын жасырмады.
Қар түсіп, күн суығанда жылы тамақ ішіп, әл жинап алу үшін келгендер мұндай асхананың ашылғанына дән разы.
Сәулетай Әлғожина, қала тұрғыны:
- Тамақты дәмді дайындап жатыр. Қолдан кеспені жасайды. Бәрін қолдан жасап жатыр.
Асханаға келген азаматтарға даяшылар қызмет көрсетеді. Ұйымдастырушылар күніне бір рет кірген адамның екінші қайтара кіруіне де мүмкіндік берген. Олар Орталық мешіт жанындағы «Ықылас» қайырымдылық қорынан алынған арнайы талондар арқылы тамақтана алады.
Ермек Көкірекбаев, қалалық Орталық мешіттің наиб имамы:
- Бір ғана қазақтың азаматы, бір ғана жігіт істеп жатқан шаруа. Демеуші атын айтпауды өтінді. Енді орталық болғаннан кейін келіп-кетім адам көп. Солардың көпшілігі әсіресе, күн суығанда біраз жағдайлары нашарлап, мешітке көмек сұрап келеді.
«Адамдардың жағдайлары әр түрлі ғой. Басқа салған өмірдің тауқыметі... Рахметімді айтамын енді, жаураған кезде бір ыстық тамақ ішіп әлденіп алған жақсы ғой. Мұндайды басқа салмасын», – дейді Ерғалым ӘДІЛХАНҰЛЫ.
Күздің ызғарлы суығында ыстық ас ішіп, әл жинап алу үшін келгендер жаңа ашылған асхана қызметкерлеріне дән разы. Бірі: «Тамағы жаман емес, бүгін екінші рет келуім. Мен негізі, жетім адаммын. Жалғызбастымын. Талдың астында түнеп жүрген мен сияқты панасыздарға бұл үлкен көмек болды», – десе, енді бірі: «Мен бірінші рет келіп тұрған жоқпын. Тамақтары дәмді. Осындай шаралар керек деп ойлаймын. Мен екі баламды жалғыз өзім бағып отырмын. Алғысым шексіз», – деп ризашылықтарын білдіруде.
«Уақып» асханасына тамақтануға келгендер арасында балалы әйелдер мен мүгедек жандар көп. Бұл орынның мақсаты да сол – жетім-жесір мен жалғызбасты аналарға, жағдайы төмен отбасыларға сәл де болса қолдау көрсету.
Асханаға көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар көптеп келеді. Бұл орынның ашылу себебі де сол – жетім-жесір мен жалғызбасты аналар және жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсету. Сондықтан, ұйымдастырушылар мұндай игі бастамалар көпке үлгі болады, деп сенеді.
Тегін тамақтанатын асхана Сейфуллин даңғылы мен Радищев көшесінің қиылысында орналасқан. Бұл жерге күніне бір рет келіп ауқаттанған адамның сол күні қайта келіп, тамақ жеуіне шектеу жоқ. Тек қолында арнайы талоны болса, жеткілікті.
Abai.kz