Сейсенбі, 26 Наурыз 2019
Әдебиет 2941 4 пікір 9 Қаңтар, 2019 сағат 10:14

Құлан тартып азапты, Жылан жатты іргеде...

Қуанады барша жұрт,

Теңесті деп терезем.

Жабырқадың қаншалық,

Қиналғанда Жаңаөзен?!

 

Көрген кезде тозақты,

Қабаған ит талаған

Арашалап қазақты,

Шықан кім бар арадан?!

 

Жері де жоқ шегінген,

Ағайынды Шетпеде

Байладың ба өлімге,

Қимасаң да өкпеге.

 

Жалындаған жастардың

Жүре алдың ба қасында,

Байпатшаның месқарын

Болдың ба әлде асыңда?!

 

Қойдан жуас қазақты

Тоғытқанда түрмеге,

Құлан тартып азапты,

Жылан жатты іргеде.

 

Көбісінде шама жоқ,

Өзін өзі бағалар,

Албастыны аға деп,

Мансаптыны жағалар.

 

Сорлылардың сорына

Келген кісі тым биік,

Қаңғыбастың қолына

Жүреді олар су құйып.

 

Көбейген соң кешірім,

Тып-типыл боп кекілің,

Жатқа кетті жесірің,

Шетке кетті жетімің.

 

Телмірген соң Батысқа,

Тірлік ету жеңіл ме?

Ұлың кетті АҚШ-қа,

Қызың кетті негрге.

 

Оның басты себебі –

Біздің қазақ бауырмал,

Теңін тапса береді,

Сұрамайды қалың мал.

 

Жақындатып алысты,

Көрдің талай құқайды.

Аға қылдың орысты,

Құда қылдың қытайды.

 

Мінсе мінсін желкеге,

Елдің ішін шулатпа.

Келімсегің – көрпеде,

Келіншегің – тулақта.

 

Миың болса басыңда,

Жақыныңды жолатпа.

Сақтаған бар асың да,

Баққан малың – қонаққа.

 

Аты шығып келеді,

Той жасаса сараң бай.

Оның басты себебі

Біздің қазақ қонақжай.

 

Аузын ашпай жараның,

Қасыған соң қотырды,

Тажал ашып аранын,

Тексіз төрге отырды.

 

Сүйекке еті ілініп,

Тауыспаған талқанын

Байғұстарды қуырып

Жүргендерден қорқамын.

 

Көріп өмір шыжығын,

Сөз сөйлесең күнұзын,

Шалап болып қымызың,

Дақпырт болды қызығың.

 

Жарымаған жақсыға,

Біздің қазақ мақтаншақ.

Қарсы шықса басшыға,

Аузын жабар аттан сап.

 

Қонып жүрген түсінде

Бастарына бақ не бір,

Қылшығы жоқ ішінде,

Біздің қазақ ақкөңіл.

 

Өз үйінде нанға да

Отырса да жарымай,

Тіреп тұрған жарға да

Жатқа берер сары май.

 

Келешекке нық сенер,

Көп шаруаға үлгермей,

Сыртқа жонын көрсетер,

Арықтығын білдірмей.

 

Тілерсегі тілініп,

Ырсиса да қабырға,

Төмен қарап, бүгіліп,

Шақырады сабырға.

 

Арып-ашып келгенде,

Сән-салтанат құрғандар,

Сорлы қазақ өлгенде,

Жоқтарсыздар, туғандар!

 

Ақылбек Шаяхмет

Abai.kz

 

4 пікір