Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4248 5 пікір 14 Қаңтар, 2019 сағат 13:23

Бұл Президенттің кәсіпкерлерді қолдау жобаларына жасалған қиянат емес пе?

Өткен аптада “UNNITY Corporation” ЖШС құрылтайшысы, “APPORT” мобильді қосымшасын ойлап тапқан IT маманы Қуаныш Жақсыбаев алты жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Ол тауар мен қызмет түрлерін жарнамалаудың жаңа қосымшасын іске қосып, кәсіпкерлердің бизнесін жарнамалауға үлкен көмек жасаған. Алайда, ол жұмысы мемлекеттік органдар тарапынан кедергілерге тап болып, оған қаржылық пирамида ұйымдастырды деп айып тағылған болатын.  

Отандық IT технологиялық өнімдерді әзірлеумен айналысатын  “UNNITY Corporation” компаниясы Ақтөбе қаласында тіркелген. Компания өз өнімдеріне қаржы таба алмаған соң, халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, жобаны краудфандинг жүйесі бойынша қаржыландырған. Нәтижесінде, компанияға 3-4 айдың ішінде 40 мыңға жуық адам серіктес болып, ауқымы 21 мемлекетті қамтыған жұмыстар істеліпті. Яғни, компания ойлап тапқан “APPORT” қосымшасы арқылы  40 мыңға жуық кәсіпкер бизнесін жарнамалаған. Ондағы алты айлық жарнама құны 35 мың, бір жылдық жарнама құны 70 мың теңгені құрайтын көрінеді.

Алайда, Жақсыбаевқа тағылған айыпқа жоба салымшылары келіспейді. Олардың айтуынша, Жақсыбаевтың әрекетінен ешкім де зардап шекпеген. Тергеушілер жәбірленген адамдарды қолдан жасап отыр деп есептейді.

Ал, күні кеше жүздеген адамды жұмыспен қамтып, жылына он миллион теңге салық төлеп отырған Түркістандық кәсіпкер Жолдас Исаховқа қарсы заңсыз қысым жасалғаны туралы ақпарат тарады. Оған жалған кәсіпкерлікпен айналысқан компаниямен ірі көлемде алыс-беріс жасап, салықтан жалтарды деген негізсіз айып тағылған көрінеді. Бір қызығы, құзырлы органдардың бұл айыпқа еш дәлелі болмаған. Алайда, 2015-те тағылған осы айып компанияның қаржысын бұғаулап, жұмысын тұралатып тұрған көрінеді.

Естеріңізде болса, былтыр Алматылық кәсіпкер Бақыт Ниязов та кәсібіне Талғат Мұсабаевтың қысым жасап отырғаны туралы БАҚ беттерінде жариялаған болатын.

Түйін.

Қазақстанда қаншама білімді жастар өз идеяларын жүзеге асыра алмай шет елге кетіп жатыр. Ал, керісінше шет елден алған білімін Қазақстанның IT саласын дамытуға арнаймын деп келген Жақсыбаевтың істі болып, алты жарым жылға сотталуы - жастардың келешекке деген күмәнін арттыратын сияқты.

Осылайша жаңа технологияны меңгерген жастар мен ел дамуына өзінше үлес қосып жатқан кәсіпкерлер құзырлы органдар тарапынан  қысым көріп жатыр. Бұл -  Президенттің кәсіпкерлерді қолдау һәм “Цифрлы Қазақстан” секілді жобаларына жасалған қиянат емес пе?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404