Ерлан Нұрғалиевтің өліміне күдіктілер ұсталды
Қарағанды облысындағы инспектор Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты күдіктілер ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Садубаев мәлімдеді.
"Бүгін 21 қаңтарда Қызылордада ІІМ криминалдық полиция департаментінің жедел қызметкерлерімен жүргізілген арнайы операция нәтижесінде жеке үйлердің бірінен 13-ші қаңтар күні Қарағанды облысы, Нұра ауданының территориясында өзінің қызметтік міндетін атқарып жүріп, қаза болған "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК инспекторы Нұрғалиев Ерлан Балғабекұлының өліміне қатысты үш күдікті ұсталды", - деді Садубаев.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің үшеуі де уақытша тергеу изоляторына қамалған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.
Бұл оқиға 13 қаңтар күні Қарағанды облысы Нұра ауданының аумағында орын алған болатын. "Охотзоопром" компаниясының екі қызметкері бес киікті жайратып салған браконьерлердің ізіне түсіп, оларды құрықтамақ болады. Алайда заңсыз аң атқандар заңға бағынбайтынын тағы бір мәрте дәлелдеп, инспекторларға оқ атқан. Нәтижесінде қызметкерлердің бірі Ерлан Нұрғалиев ауыр жараланып, ауруханада көз жұмған еді.
Abai.kz