Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әттең... 7256 19 пікір 24 Қаңтар, 2019 сағат 16:40

Ақырып теңдік сұрайтын уақыт жетті

Бірден ашығын айтайын, бұл мақаламда жаңалық ашайын деп отырған жоқпын. Елдегі орын алып жатқан келеңсіздіктерді, жөнсіздіктерді, асқынып бара жатқан әлеуметтік теңсіздіктерді қараша халық біліп қана қоймай, шектен шыққан бассыздықтарды мойындарымен көтеріп шарасыздық танытып отыр.

Мен, мұнайлы өлкенің байырғы тұрғыны ретінде азды-көпті мұнай-газ саласынан хабардар болғандықтан, «қара алтын» өндірісі жөнінде өз ой-пікірлерімді бұқаралық ақпарат құралдарында талай рет көтердім. Жазған-тергенімді жинақтап «Мұнайым бар – мұңым бар» атты кітап та шығардым. Бірақ, мұнайлы аймақтың халқына бәрі бір екен, «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деп жүре береді.

Менің көп жылғы жүргізген есебімше, егемендік алғанан бастап 2015 жылға дейін тәуелсіз елімізде ата-бабаларымның білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап кейінгі ұрпаққа мирасқа қалдырып кеткен жерінен кем дегенде бір миллиард жарым тоннаға жуық мұнай өндірілді (бүгінгі таңда шамамен барлығы екі миллиард тоннадай «қара алтын» өндірілді деу де негізсіз емес). Бұл – факт. Егер де, қарсылар болса, мен нақты деректермен дәлелдеуге дайынмын.

Бұл халықты осындай шаш-етектен өндірілген мұнайдың құны қанша қаржыға бағаланғаны (триллион доллардан кем емес деуге әбден болады), қайда жұмсалғаны неге ойландырмайды? Бүгінгі заманда ғаламтордағы нақты деректерді ешкімнен жасыра алмайсың (өндірілген мұнайдың көлемі белгілі, әлемдік нарықтағы «қара алтынның» орташа бағасы тағы да белгілі емес пе?). Бұндай ағыл-тегіл дүние еліміздің экономикасын әртараптандыруға неге септігін тигізбеді? Егерде ұтымды да, тиімді пайдаланғанда дамыған елдердің қатарында болар едік деп армандаудан басқа амал жоқ. Осыншама ұшан-теңіз қазына байлықты кімдер талан-таражға салды? Қазіргі миллардерсымақтар аяқастынан қалай пайда болды? Аспаннан салбырап түсті ме? Ал, менің азып-тозып жүрісім мынау дегендей адамда ойтүрткі болу керек емес пе? Билік болса оларды тәрбиелеп, мәпелеп өсіріп осындай дәрежеге жеткіздік деп күлімсірейді. Алған тәрбиесінде шаруам жоқ, бірақ, Отанын тонап, ұрлық-қарлықпен айналысқанын қалай түсінуге болады?

2000-шы жылдардың басында біздің әділетсіз билік халықты өтпелі кезеңнен өтіп жатырмыз, әлі шыдай тұрыңыздар деп алдарқатты. Бұл уәждері сол кезеңдегі БАҚ-да жазылып, хатталып қалды. Сенбесеңдер қарауға болады. Сөйте тұра кейбір пысықайлар ұрлықпен былғанған капиталын, басқа да тыққан мүліктерін екі мәрте асығыс өткен легализация (2001, 2006 ж.ж., яғни бас аяғы 4-5 жылдың ішінде өткізе салды) нәтижесінде заңдастырып, миллиардер атанып шыға келді. Осы заңдастырулар солар үшін әдейі ұйымдастырылған ба деп қаласың. Себебі, қара халықтың өз проблемалары өздеріне жетіп жатқан кез емес пе? Жалпы әлемдік тәжірибеде  ондай үрдіс бар. Бірақ біздегідей опыр-топыр, асығыс өтпейді. Қалай болғанда да, бұл алаяқтардың бұқара халыққа жасаған озбырлықтарының ақ-қарасын талап ететін уақыт әлдеқашан жетті. Олардың істеген қылмыстық әрекеттері еш уақытта кешірілмейді. Тіпті жазаға тартылу уақыты да ескермейді. Бұл өз құлқындарын ойлап, Отанын тонаған биліктегі жебірлерді жауапқа тартпау ел-жұртты қорғаған бабаларымыздың әруақтарының алдында күнәға батқандық. Қараңдаршы, осындай адам сенгісіз мол байлықты (жыл сайын 80 млн. тоннаның шамасында мұнай өндіріледі, бір баррелі 147 долларға дейін шарықтап, қазынамызды толтырды) игеріп отырған елдегі бассыздық.

Енді былтырғы жылғы қараша айында мәжілісте өткен үкімет сағатындағы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың айтқан деректеріне үңіліп көрейікші. Елімізде халықтың 4,7 пайызы - 504 мың адам кедейлік шегінде өмір сүреді және олардың әрбіріне атаулы әлеуметтік көмек ретінде мемлекеттен айына 14 мың теңгеге дейін ақша төленеді («ДАТ» газеті, 8.11.2018 ж.). Қалайша ішің өртенбейді? Мұнайдан түсетін қаражатты шамалап болса да білеміз ғой. Қайда? Тап осы министр ханымның уәждері өзегімді өртеп, намысыма тиді десем артық айтпаған болармын. Өзім жүрегіме ота жасатып қиналып жүр едім, онысы «жығылғанға жұдырық» болды. Он төрт мың теңгеден көмек берілді деп ауыздары қисаймай қалай айтады? Сонда деймін-ау, адамның түсіне кіретін мол дүниені (мұнай-газдан басқасын былай қойғанда) азғантай халыққа жеткізе алмайтындай бұл билікке не күн туды? Қарап отырсақ, қазірде экономикасы оңып тұрмаған Италия елінде кедейшілік шегі ретінде берілетін жәрдемақы 780 евро, «санкциямен» байланған көршіміз Ресейде 300 доллар. Ал біздің мемлекеттегі өткен жылғы атаулы әлеуметтік көмек ретінде төленген мардымсыз теңгені сол мезеттегі доллар бағамына шаққанда 38-40 көк қағаздың шамасында. Бұдан артық қандай қорлық керек?

Бұрындары елімізде 5 пайыздың төңірегінде жұмыссыз бар дейтін еді, енді ондай деректерді билік айтуды қойған. Себебі кедей-кепшігінің өзі бес пайызға жақындады. Жұмыссыздар қатары күннен күнге көбейіп, оларға өзін-өзі асырайтындар қосылып (бұларды да жұмыссыз санатына қосуға әбден болады), жалпы алғанда барлығының қарасы 30-40 пайызды жобалап қалды. Бұл нені көрсетеді? Бұл, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы нашарлап, күнелтісі құлдырап барады деген сөз. Құлдырамағанда не істесін, мұнай-газ өндірісінің 40 пайызға жуығын Қытай иеленсе, алтын мен уран өндірісінің акцияларын Ресейдің жекеменшік компаниялары сатып алып жатса. Бұл фактілер тек бержағы ғана. Алтын демекші, кейбір мамандардың пікірінше алдағы жылдары алтынның қадір-қасиеті артып, бұл құнды дүниеден қомақты қор жинағандардың аты озатын көрінеді.

Ақпарат құралдарына үңілсек, Қазақ елінің қорында өткен жылғы дерек бойынша бар болғаны 342 тонна алтын бар, нарықтағы құны мемлекетіміздің жарты жылдық бюджетіне де жетпейтін көрінеді (мұнай қорындағы қаражаттың жетісіп тұрғаны да шамалы). Ал, алпауыт елдердің қорларында алтын мыңдаған тоннамен өлшенеді. Мысалы, Америка Құрама Штаттарының қорында 8 мың тоннадан астам алтын бар деп көрсетеді дереккөз («Жас Алаш», 22.11.2018 ж). Біздің билік болса керісінше алтын кен орындарын сауда-саттыққа салуда. Бұны қалай түсінуге болады? 200-ге тарта алтын кеніштеріміздің бірқатарының акцияларын солтүстік көршіміздің бай-манаптары иеленуде. Енді келіп ішің қалай ауырмайды? Мына түрімізбен қайтіп алтын қорымызды көбейтеміз? Мына бағытпен қара халықтың тұрмысы қалай көгерсін? Экономикасы дамыған батыс елдеріндегі кедей-кепшіктерінің қартайған шағында алатын зейнетақысының өзі біздің қарттарға арман болып тұр. Олардың жарлы-жақыбайларының өздері ел қатарлы зейнетақы алып өмір сүреді.

Енді қараңдаршы, «ДАТ» газетіндегі (29.11.2018 ж.) мәліметтер біз құсған пақырларды түн ұйқысынан айырады. Жер көлемі Қазақ елінің бір аймағымен пара-пар Дания мемлекеті (осы батыс елінің байлығын Қазақстанмен салыстыруға келе ме?) кедейлеріне 2800 доллар көлемінде зейнетақы төлесе, Финляндия – 1900 доллар, Норвегия – 1550 доллар, Израиль – 1350 доллар, Германия – 1200 доллар береді. Әрі қарай тізбектей берсек аузымыздан су ағып, қан қысымымыз көтеріліп, жүрекке салмақ түсіреміз. Міне әділдік қайда жатыр! Біздің елдегі кедей-кепшіктер өліп-талып зейнет жасына жеткенде 50-60 мың теңге төңірегінде зейнетақымен қанағаттанады. Онда да еңбек өтілің жетіңкіремейді, зейнет қорында жинағың жоқ деп әлектейді. Жұмыссыз бейшараларда жинақ қайдан болсын?!. Соңғы жылдары біздің биліктің әдетке айналдырған жаңалығы жыл сайын зейнетақыны 7-8 пайызға өсіріп, бұқара халықты алдарқату. Яғни, «итке сүйек тастағандай» алдамшы тиын-тебенге мәз боламыз. Осындай мардымсыз ақшаға мәз болып жүргенімізде, биліктегі тойымсыздар жекешелендірудің екінші кезеңі деп желеулетіп стратегиялық маңызды өнеркәсіп орындарын құлқындарына қылғыту үшін жанталасуда. Қараңдаршы, «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан Темір Жолы», «КазАтомПром» (құрамында МАЭК те бар) т.б. елдің тіршілігіне қажетті нысандар.

Бұл қулар, осы компаниялардың акцияларын шетелдік инвесторлар сатып алады, сөйтіп қаржыға кенелеміз деп қара халықтың басын айналдыруда. Инвестор десе Қытай мен Ресейді айтып халықты жарылқамақ, тіпті шындықты бүркемелеп, нандырмақ. Меніңше қытай деп жүргендер өзіміздің ұры шенеуніктеріміздің көлеңкелері, яғни «Гонконг» аймағында жасырын атпен тіркелген компаниялары барлар. Бұл әккі ұры-қарылар батыстағы байлықтарын шығыс Азиядағы дамыған елдерге аударып ұстауы ол жақтағы тергеу-тексерістердің күшейіп бара жатқанынан қорыққаны. Құдайдың алдында құныкер болсамда айтайын, біздің елге дені дұрыс, яғни адал инвесторлар келмейді. Себебі, былық-шылыққа олар қолдарын былғамайды. Тағы да қайталаймын, қытай деп жүрген инвесторлардың көпшілігі өзіміздің кәнігі алаяқтар. Яғни, Отанынан ұрлаған капиталын өз еліне кері әкеліп жаратып жүрген. Олар шет жерлердегі тыққан ақшаларын «инвестиция» есебінде қазіргі өтіп жатқан жекешелендіру науқанына тартып, өз сыбағаларын алып қалуды көздейді. Әйтпесе, жоғарыда көрсетілген «жіліктің басындай» демекші, миллиардттаған қаржы тұратын компаниялардың акцияларын кім көрінген көк аттыға көздері қиып қалай сатады? Ойланыңыздаршы? Біздің елдегі сауда-саттықтың мән жайы белгілі емес пе? Соңғы кездері тым қытайшыл болып кеттік, тіпті қытай тілін үйреніңдер дегенде де бір гәп бар. Ол бөлек әңгіме.

Айтпақшы, сауда-саттық демекші, 1997 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» жекешелендіріп, акцияларын индонезиялық инвестор «Сентрал Азия Петролеум-ЛТД» компаниясы сатып алды деп жергілікті халықты бір шулатты. Бірақ, маңғыстаулықтар компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Рашид Сарсеновтан басқа индонезиялық басшы-қосшыларды көрген жоқ. Дұрысында сатып алған қожайын өз дүниесін реттемейтін бе еді? Қалай болғанда да, кім иеленсе де Маңғыстау халқына обал жасады. Олай деп қалай айтпаймын, аймақ өндірісінің күре тамыры саналатын кәсіпорынды игерілмеген қорымен жекеге өткізіп алса. Содан 2000-шы жылдың ортасынан бастап «ММГ» бірнеше рет саудаға түсіп, талайлардың қойын-қонышын доллармен толтырды. Ең соңында қытайлармен ауыз жаласып кезекпен басқаратын болды. Бұл жерде де бір кілтипан бар сияқты. Сірә, сауда айналасындағы келісімшарттарды көрмей бұл өмірден өтетін болармыз (осы құжаттардың ашықтығын талап ету, дау-дамайға сұранып-ақ тұр). Алғашқы саудаға түскенде «ММГ» компаниясының құны барлық «актив-пасивтерімен» 300 млн. долларға жуық қаржыға бағаланғаны кезінде БАҚ-та талай жыр болды (сол кездегі кіріс министрі Зейнолла Кәкімжановтың деректері біраз мәселенің бетін айдай қылды.).

Сондай-ақ «Қаражанбасмұнай» кәсіпорны жекешеленгеннен кейін қолдан-қолға өтіп сауда-саттықтың көрігін қыздырып, ақырында қытаймен бөлісті. Бұл кәсіпорынның да қайта-қайта саудаға түсуі де жайдан-жай емес. Міне біздің елдегі сауданың сиқы. Көрдіңдер ме, тек қытаймен ғана ауыз жаласып жатамыз. Қытайсыз мұнай-газ өндіре алмайтын күйге жеттік пе? (қазақтар патшалық Ресей кезінде де, сонау 1911 ж. бастап Доссор, Мақат кеніштерінде мұнай өндіруді игерген жоқ па?!). Бұл нені білдіреді? Менің жалған инвесторлар деп шырылдайтыным бекер емес-ау. Сөйтіп барлық дүние-байлығымызды қытаймен былықтырып күн көретіндей басымызға не күн туды? Әрине, қаржы тапшылығына сілтейтіндер бар, бұл мәселе «медальдің» бір жағы ғана. Жалпы біздің биліктің ұстанымы мұнайлы өлкелердің байлығын жергілікті тұрғындарға бұйыртпау, қайткен күнде де жекеге өткізіп, өздерінің иеліктерінен шығармау. Мысалы, билік әнебір жылдары «Узенмұнайгаз» бен «Ембімұнайгазды» қосып «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамын құрды. Сол уақытта Жаңаөзен қаласында бірқатар жиындар өтіп, бұл жаңа құрылымға қарсы шаралар өтті. Билік болса бәрі дұрыс болады, қаланың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарады, мұнайшылардың табыстары өсіп, күнелтісі өзгереді деп алдарқатты. Бәрібір халықты тыңдаған ешкім болған жоқ, билік өз дегендерін істеді. Арты не болды? «Қазмұнайгаз» БӨ» құрылғаннан кейін, көп ұзамай осы компанияның біршама акциялары Лондон қор биржасында сатыла бастады. «Бақсақ бақа екен» демекші, биліктің әу бастан ойлаған мақсаты жыл сайын миллиондаған тонна «қара алтын» беретін кәсіпорындардың акцияларын жекеге өткізу екен. Жекеменшікке өте бастағаннан кейін мұнайшылардың хал-ахуалы нашарлап, арты митингі, аштық жариялауға ұласып, қанды қырғынға соқтырды. Ақпарат көздері көрсеткендей, сауда-саттықтың айналасында мұнай барондарымен қатар қытайдың құлағы қылтияды. Әйтеуір, қай сауда да қытай жүреді. Бұл сонда не жұмбақ? Оның үстіне нақты деректерді білу бізде «құпия» ғой. Бүгінгі күні бұл компанияның бар-жоғы белгісіз (кейбір деректерде таратылып, жабылып тынғандай) және акцияларын кімдер иеленді, түпкі қожайындары кімдер, бәрі-бәрі жабық. Енді ұлттық деп жүрген «ҚазМұнайГаз» компаниясының акциялары саудаға түсуде.

Мына бағытпен болашағымыз бұлыңғыр болмай қайтеді? Ел болып, бүкіл жұртшылық болып, жыры көп жекешелендірудің жөн-жосығын білгенге не жетсн. Мұнай-газ саласындағы өткен-кеткен және басқа да ел экономикасы үшін маңызды саналатын нысандарға қатысты контрактілердің ашықтығын талап ететін уақыт пісіп жетілді деп есептеймін және сол талапты барша халық болып қолдауға шақырамын. Қазақта «ештен кеш жақсы» демейтін бе еді. Ұйқыдан оянатын уақыт жеткен жоқ па? Жалып, 90-шы жылдардың аяғына қарай Қазақ еліндегі өткен жаппай жекешелендіруді шетелдік басылымдар бұрын-соңды ешбір елде болып көрмеген, өте лас, адам айтқысыз сорақылық деп көрсеткен. Қалай сенбейсің? Тек қана бір мысал келтірейік. Төрт-түлік мал өсіріп күнелткен қазакеңде 40 млн-дай қой талан-таражға түсіп, бар болғаны 10 млн. бас қалған. Жер жұтып қойды ма? Енді сенбей көр. Әлем елдерінің экономикасындағы меншіктік қатынастарға зер салып қарайықшы. Біздің ел көп жырлайтын Қытай экономикасының 96 пайызы мемлекеттік, АҚШ-та 51 пайыз болса, Англияда 56 пайыз мемлекет қарамағында. Кейбір елдерде, атап айтқанда Францияда шетелдіктердің егелік етуіне тек қана ел парламентінің рұқсаты керек екен. Міне, елдік мүддені осылай қорғау керек. Бізде ше? Ал Қазақ еліне келетін болсақ экономикасының 96 пайызы бүгінгі уақытта жеке меншікке айналып отыр («ДАТ», № 43, 29.11.2018 ж.). Қытайда керісінше осыншама үлес мемлекет иелігінде. Сонда Қытайдан тартылып жатқан ақша-қаражат «инвестиция» олардың мемлекеттік компанияларынікі болғаны ма? Әлде басқа «жұмбақ» бар ма? Енді мемлекет меншігінде қалған азды-көпті ел үшін маңызды нысандарды жекешелендіру басталып кетті.

Сонда мемлекетте не қалды, халқын қалай асырайды? Бұқара халық алдын ойлап та, болжап та отырған жоқ, күнделікті тіршілігімен әуре. Сондай күйге түсіріп қойса қайтесің енді. Биліктегілер болса бар дүниемізді жекешелендіріп алып, енді дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз деп шалқаяды (көзге ілінетін пайдалы нысандардың бәрі солардың иелігінде). 20-30 жылдан кейін бүгінде өсіп келе жатқан бала-шағаларымыз  олардың орысша шүлдірлейтін мұрагерлеріне құл болмасына кім кепіл? Мына бағытпен, мына саясатпен елімізде бара-бара орысша шүлдірлемейтін адам қалмайтын шығар. Өткен жылдың аяғындағы Франция еліндегі айқай-шу экономикалық-әлеуметтік жағдайдан туған жоқ па? Негізінен жанар-жағармайға қатысты салықтың көтерілуі, еңбек ақының жеткіліксіздігі т.б. мәселелер де жоқ емес. Жекенің аты жеке деп неге қақсаймыз? Байлардың қалталарынан оңайлықпен ақшасын шығару қиының қиыны екенін өздеріңде білесіңдер. Уақыт деген зулап өте шығады. Күні ертең ұрпақтарымыз жұмыс іздеп сабылады. Қайда барады?

Елді тонап байыған өзіміздің алаяқтардың ізбасарларының қол астына барады. Күмәндарың болса айтыңдар, жауабын берейін. Өткен жылы қараша айының аяғында «ДАТ» газетінде (№43, 29.11.2018 ж.) елге танымал экономист Айдар Сейт-қожа Сейдалиевтің «Блеск и Нищета Казахстана или К вопросу  о расслоении социума» атты мақаласы жарияланды. Еліміздегі экономикалық жағдайды, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын дөп басып, нақты деректер келтірген. Мақаланы оқып отырсаң елдегі статдеректерге сенуден қалады екенсің. Сол уақыттан бері біршама мезгіл өтті, билік ләм-мим деп ауыз ашпады. Әлде қарсы уәж айтатын дәлелдері жоқ па? Міне, жаппай жекешелендіру салдарының халыққа тигізген қайғы-қасіреті. Осы науқанның салдарынан, яғни өндіріс ошақтары жеке меншікке өткеннен кейін, елімізде тұрмыс тауқыметінің күйзелісінен кедей-кепшік қалыптаса бастады (биліктің ресми деректерінде 405 мың адам, әлеуметтік саланы зерттейтін мамандардың есебінше 850-900 мың адам, БҰҰ т.б. шетелдік қаржы институттарының болжамынша 2,5 млн. адам бар көрінеді). Қайғырмағанда қайтеді, еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейіне төленетін қаржы бар-жоғы 42 мың теңге болса (бұл соманың жартысындай ақша тұрмысы төмен, яғни жарлы-жақыбайларға төленеді). Қай жыртығына жеткізеді? Негізінде, жоғарыда көрсетілген соманың төңірегінде кедей-кепшігі бар, жұмыссыздар бар, барлығы 1,3 млн. адам қамтылады екен.

Бұл жыры көп жекешелендірудің кесірінен елдегі барлық телеарналар жеке меншікке өтіп, биліктің саясатын «уралатып», қой үстіне бозторғай жұмыртқалағандай заман тудырады. Одан қалса, бай-бағландардың жетістіктерін дәріптейді, әйтеуір оларға шаң тигізбейді. Кейде жерігіп кетеді екенсің. «31 арна» деген бар, арасында кешкі жаңалықтарын тыңдайсың-ау. Тыңдаған құрлы кіжініп боласың, неге жаналықтарды мемлекеттік тілден бастамайды деп. Бұл арна қазақ мемлекетінің шаңырағын сыйламайтын болғаныма? Банктерді алсақ, қыз-күйеулердің жолы болып тұр. Ана банк Есімовтың күйеубаласынікі, мына банк  Тасмағамбетовтің күйеубаласы дегендей. Тағы-тағысын ел ішінде шұбыртып айтып жүреді. Олар банкке ие болатындай капиталды қалай жинады? Қайдан қаржы жинады? Өмір деректеріне қарап отырсаң күні кеше жоғарғы оқу орындарын бітіріп, ел қатарлы жұмыстарын бастаған азаматтар. Банк десек, еліміздің миллиондаған тұрғындарының алған несиесін жаба алмай қиналып жүргені есімізге түседі. Сонымен шенді-шекпенділеріміз пайдаға асатын барлық дүние-мүліктерді банк, телеарналарды жекешелендіріп алып, өз ойлағандарын істеп жымпиып отыр? Кейде көгілдір экраннан олардың ырқылдаған еріксіз күлкілерінен бір түрлі жағымсыз кейіп байқайсың. Экономикалық меншіктік қатынастарға байланысты жоғарыда көрсеткенімдей, Франция мемлекетінде шетелдіктердің егелік етуіне тек қана ел парламентінің рұқсаты керек екен.

Ал біздің халық қалаулыларымыз болса елдегі экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды көріп-біліп отырса да жақ ашпайды.  Жаппай жекешелендіру науқанының халыққа тигізген зиянын түсінеді. Бірақ мемлекеттік мүддені қорғауға келгенде қауқарсыздық танытады. Алдыңғы жылдары баспасөзде жарияланған «Панамагейт» материалдары т.б. офшорлық аймақтардағы біздің елімізден ұрлық жолмен шетел асқан қаржы-қаражат жөніндегі деректерге байланысты ауыздарын ашпады (бұлардың ішінде министрлер, алпауыт компаниялардың топ-менеджірлері, тіпті депутаттардың өздері де, балдары да жоқ емес). Міне, осы фактілердің ақ-қарасын ашуға белсенділік танытпады. Неге? Анажылы жер мәселесі көтеріліп, ел митінгілеп жатқанда, Жер ананы қорғауға қатысты ауыздарын ашпады, бірен-сараны болмаса. Ел ішінде халық қалаулылары жөнінде гу-гу әңгіме көп. Біздің депуттарды «қуыршақ» атандырып қойған. Парламент отырыстарын спектакль көріп жүргендей әсерлейді. Сонда бұл депутаттарды сайлауда кімдер қолдап, кімдер қолпаштап жүр? Бұқара халық па?Сайлау демекші, өткен жылы Арменияның билігі ауысып, қайта сайлау болғанда, осы елдің бұрыңғы билік партиясы 4,7 пайыз дауыс жинап Парламентке өтпей қалды. Ал билікке жаңа келген Н. Пашиняның жақтастары 70 пайыз дауыс алып, мемлекетті басқаруды қолға алды. Бұған дейін билік құрған партия бұрыңғы сайлауларда бәйгенің алдын  бермей жүрген болатын. Сүрінгенде оңбай сүрінді. Міне әділ сайлау осылай өтеді. Бізге де керегі осы емес пе? Бірін айтып,біріне кетеміз-ау. Шынында да жекешелендірудің елге әкелген зияны есіңнен кетпейді екен.

Баспасөз деректеріне сүйенсек, тәуелсіздік жылдары елімізден 200 млрд. доллар шетел асқан, қайсібір басылымдарда оданда көп. Жекешелендірудің пайдасын көргендердіңшетел асырған арам ақшалары жөніндегі батыстың кейбір банктеріндегі мәліметтерге жүгінейік. «ДАТ» газетінде көрсеткендей, ШвейцарияныңCredit Suisse банкісінің деректеріне қарағанда Қазақ елінің 6000 мың азаматының әрбіруінің кем дегенде 1 (бір) миллионнан жоғары, ал 162 азаматтың ең аз дегенде 50 млн. доллардан көп қаржысы сақталған. Бұл көзге ілінген бір факт ғана. Халықаралық тәуелсіз журналистер қауымы қаншама бұндай деректерді жазып жатыр, оны бәрің білесіңдер. Бұған енді «Форбс» журналының тізіміне енген 5-6 алаяқ миллиардерлердің капиталын қосыңдар (бұлар, 2008-2009 ж.ж. әлемдік экономикада дағдарыс деп шулап жатқанда миллиардер атанды. Қалай?). Осы фактілер біраз жайтты аңғартатыны көзге ұрып тұрған жоқ па? Міне, қазақтың қанын теспей сорғандар деп осыларды айтуға әбден болады.Шетелдіктер, миллиардер атану үшін біраз жылдар сабылып еңбек етіп, өндірістерде жаңалықтар ашып, өнімдерін шартарапқа өткізіп, яғни қаржысын еселеп көбейтіп барып бай-бағлан қатарына енеді. Бізде қалай, айтыңдаршы әділдігін? Бір қаракет керек емес пе? Сондықтан менің жеке пікірім төмендегідей. Биліктегі өз құлқындарын ойлаған жемқорларды,бар дүние-мүлкімізді талан-таранға салып, өз Отанын тонаған шенді-шекпенділерімізді, ел мүддесін қорғауға араша түспеген халық қалаулыларын және олардың тұқымдарын да жеті атасына дейін мемлекеттік лауазымды қызметтерге, уәкілетті сайланбалы органдарға жолатпау керек. Олардың есімдерін Қазақ елінің «қара тарихын» дайындап, қара әріппен ойып тұрып жазу керек-ақ. Және де заман түзелгенде мектептегі оқу бағдарламасына енгізіліп, кейінгі ұрпаққа өмірлік сабақ болғаны дұрыс. Жазылатын материал жеткілікті. Қолға алатын азаматтар табылар. Бәрі келісіп тұрғандай, бүгінгі күндері «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» деп елді шулатып жатырмыз. Бәрі орынды, бәрі дұрыс.

Өткен тарихты тірілеткенге не жетсін. Бірақ ашқұрсақ халқымыз ішіп жейтін тамағын үнемдеуге көшіп, өлместің әрекетін етуде (қымбатшылық алқымдарынан қысып күннен-күнге жайлап бара жатса, енді не істейді?). Жоғарыда көрсеткеніміздей, 42 мың теңгемен жарлы-жақыбайлар қайтіп күн көреді. Осы тиын-тебенге адам тойып тамақ іше ме, айтыңдаршы? Ашқұрсақ болмағанда енді не деп түсіндіруге болады. Басқа жаңғыратын өзекті мәселелер жоқ па? Мәселен, 27 жылдық тәуелсіздігін тойлаған елде мемлекеттік тіл деп дардайсынып айтатын тіліміз есіктен алшаң басып кіре алмай, күні бүгінге дейін босағада сығалап тұрса. Қалай ішің өртенбейді? Үкімет отырыстарында 99 пайыз қазақтар отырып мемлекеттік тілді қорлап орысша шүлдірлесе. Кейде жаның ауырады, қай бағытқа кетіп бара жатқанымызды түсінбей. Оу, әр нәрсенің шеті, шегі болу керек емес пе? Мемлекет құраушы ұлттың тілі өз орнын табатын уақыт келген жоқ па? Мемлекеттік тілдің қолдану аясын тереңдетіп, шетелдік елшіліктердің жоспарлы жұмыстарымен іс қағаздарын жүргізуден бастаса құба-құп болар еді. Елдікті көрсетудің нағыз үлгісі осылай болуы керек. Сөйтіп жаңғыруды мемлекеттік тілімізден бастаған абзал.

Алаш алыстары бірінші кезекте тілді құрметтеген, неге өнеге алмасқа? Жалпы бізге Алаш қайраткерлерінің ұлттық идеологиясы жөніндегі тұжырымдамалары жетіспей тұр. Әлі де кеш емес. Елімізде мекендейтін халықтарды мемлекеттік тіл аясында топтастырып, ортақ үйімізде тіл табысып, сыйласқанға не жетсін. Тілге деген құрметтің бір-бірімізге сенім ұялатынын түсіндіру өте-мөте қажет-ақ. Қазақ елінде туып-өсіп бір ауыз сөйлем айталмау, қазақтың қадір-қасиетін менсінбеушілік деп айтуға әбден болады. Менің болжамымша, бүгінгі күні жергілікті халықтың пайыздық көрсеткіші 75-80 шамасында. Соңғы 4-5 жылда қыркүйек айында жыл сайын бірінші сыныпқа баратын бүлдіршендердің саны 400 мыңнан асады, соның 80-90 пайызы қара көздер. Бұл нені білдіреді. Бұл факт, бұдан бес – алты жылдан бері елімізде өмірге жыл сайын жарты миллионға жуық сәбилер келетінін растайды. Сонда осы жылдардың ішінде қазағымның кем дегенде 1,5 млн. адамға көбейгенін топшылауға болады. Нақтырақ білгіміз келсе, сол жылдардағы қыркүйек айындағы ақпарат көздеріне үңіліп қарауға болады. Себебі, бірінші сыныпқа барған балдар үшін бәлен сынып, түген сынып ашылды деп, тіпті бір мектепте 10-15 сныпытың ашылғанын жариялап шүйіншіліп жататынымыз бар. Қалай болғанда, қазақтардың саны халқымыздың мен межелеп көрсеткен 75-80 пайыздың аралығында деп айту негізсіз емес.

Сонымен жаңғыртатын, еске түсіретін дүниелер бізде аз ба? Жазықсыз жапа шеккен ата-бабаларына қолдан жасалған ашаршылықты ұйымдастырды деп Ресейді айыптаған Украина мемлекетіндей неге болмаймыз? Өткен жылдың аяғында АҚШ Конгресі 1932-1933 ж.ж. сол елдегі ашаршылықты «Геноцид» деп танып шешім алды. Біз неге өркениетті елдердегідей жазықсыз қырылған ата-бабаларымыз үшін өтемақы талап етпейміз (мәселе өтемақыда емес, олардың көрсеткен қорлығында)? Судың да сұрауы бар емес пе? Жалпы отарсыздану саясатын жүргізетін уақыт жеткен жоқ па?!. Отарлық санадан құтылмай еш уақытта көгермейміз? Қазақ елі өткен желтоқсан айындағы мерекемізде тәуелсіздігіміздің 27 жылдығын тойлап, теледидарда таңертеңнен кешке дейін әнші-думаншыларды шулаттырып қойды. «Желтоқсанның ызғырығы» олардың миларына кіріп шықпады. Жазықсыз өмірден озған әруақтарды тынышына жатқызбады. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінде қаншама боздақтарымыз қыршыннан қиылды. Сондай-ақ, 2011 жылы Жаңаөзен қаласындағы қырғында да қайғылы қасіретке тап болып, көз жұмғандар аз емес.

Қамысбай БЕСІНБЕРГЕНҰЛЫ,

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060