Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 16161 25 пікір 1 Ақпан, 2019 сағат 11:40

Мұздауан-Мергенбай

Асу бермес Мұздауан. ХХ ғасырдың басында түсірілген сурет

«Нұр Отан» партиясы жариялаған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық конкурсы өз мәресіне жетті. Аталған бәйгеге Abai.kz ақпараттық порталының Бас редакторы Қанат Әбілқайыр қатысып, «Публицистика» номинациясы бойынша жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Біз әріптесімізді кезекті жеңісімен құттықтай отырып, жүлде алған «Мұздауан-Мергенбай» атты эссесін оқырман назарына ұсынамыз! 

Abai.kz ақпараттық порталы

(ғұмырбаяндық эссе)

 

Мергенбай Жаманкөзұлының

туғанына 135 жыл толуына орай

 

Ұлы даланың ең биік нүктесі Хан-Тәңірі маңындағы Мұздауанның қойнауы толған адам сүйегі...

Қыста сол Мұздауанның қар-мұзы жүзін жасырған, жазда қасат қар жіпсігенде беті ашық қалатын көп қаңқа кімдікі?

Ол – менің бабаларым, ол – менің аналарым... Бабаларым мен аналарымды ғана емес, бесіктегі баланы да, қалт-құлт еткен шал-кемпірді де Мұздауан жұтқан.

Жоқ, қателесесіз! Ол сансыз халықты қынадай қырған Мұздауан емес – Кеңес үкіметі. Қызылкөз коммунистердің шеңгел-идеологиясынан қашқан қазақ Мұздауанның қолтығына тығылды. Қормалы жоқ қара халықты қызыл жендеттер қырып салды.

Осыдан бар болғаны 90 жыл бұрын кеңестік тоталитарлық ноқтаға басы сыймай, Қытайға қашқан мыңдаған қазақтың шашылған сол сүйегінің құнын сұраушы бар ма, бүгінде?!.

 

Әлқисса...

Қош! Өткеннің құнын даулаушы, кейінгі ұрпаққа кешегі қанқұйлы жылдардың тауқыметін ұқтырушы басқа емес, сол өлкенің ресми билігі һәм өз азаматтары болуға тиіс-ті. Шекара өтінде мыңдап қырылған қазақты зауалдан арашалап алмақ болған батырлар туралы үздіксіз ізденіс жасап, тасқа қашау да алдымен Нарынқолдан басталуы керек еді.

Бірақ... Бірақ ескі сең әлі бұзылмапты. 2018 жылдың 17 қарашасында Алматы облысы Райымбек ауданының «Хан-Тәңірі» газетінде қазақтың басына әңгіртаяқ ойнатып, қынадай қырған А.К.Волосевич, В.И.Петров, В.В.Саенколарды – ержүрек батыр, оларға тойтарыс берген Мергенбай Жаманкөзұлын қарақшы атандырған мақала жария болып кете жаздады.

«Хан-Тәңірі» газетінің Facebook парақшасында жарияланған мәтін

Алтай мен Атыраудың арасындағы қазақтың ұланғайыр Ұлы даласы Президент мақаласының мәнін ұғып, «Рухани жаңғырып» жатқанда рухани тұрғыда түлей алмай отырған газетке де, оны жазған авторларға да дер кезінде қарсылық көрсеттік. Баспада басылғалы тұрған газет түзетілді. Басылым халықтан кешірім сұрады.

Осы бір ұятты оқиғадан кейін санаға сіңген кеңестік идеологиядан әлі де азат бола алмай отырғанымызды аңғарып, жұртты сәл де болса «рухани жаңғырту»  үшін Мұздауанда шейіт кеткен мыңдаған қазақ, сол қазақты құтқару жолында шыбын жанын шүберекке түйіп, қанмайданға кірген батыр Мергенбай хақында өзім білетін біраз жайды жазбасам болмайтынын ұқтым.

 

Обелиск-мазар хақында...

«Хан-Тәңірі» газетінде жазылған Волосевичтің мазарын бала кезден көріп өстім (төмендегі суретте). Шағын ғана ескерткіштің топырағын қопсытып, ай сайын қоршауын сылап-бояу шекара бекеті әскерлерінің міндеті іспетті еді. Тас белгінің басында бес жұлдызды темір тұратын. Азаттық алғанға дейін ол бес жұлдыз қызыл түске боялатын. Тәуелсіздіктен кейін ол көк түсті бес жұлдызға айналды (соңғы жылдары қайтадан қызылға боялып жүр). Бар өзгеріс – осы. Біздің елдегі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бағынышты Шекара қызметі саласы рухани тұрғыда түсті өзгертіп қана түледі.

Кеңес кезіндегі обелиск

Ескерткіш тастың қазіргі суреті

Тіпті, осы бір мазарды қастерлеп, құрмет көрсету әлі де тоқтаған жоқ.

Мен бұрын әкемнен:

– Бұл кімнің мазары?  –  деп сұраушы едім.

– Баяғыда Қытайға қашқан елді аяусыз қырған заставаның басшысы болыпты. Соны Мергенбай батыр ебін тауып жер жастандырған екен, – дейтін ол (Волосевичтің қаза табуы туралы тарихты кейінірек жазатын боламыз).

Мен содан бері Мергенбай батыр жайында айтылған әр аңызға құлағымды түре жүретін болдым. Кейіннен классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың Мергенбай туралы роман жазу үшін ел-аузындағы аңыз әңгімелерді жиғанын естіп, батыр тұлғасына деген қызығушылығым тіпті артты. Кеңестік жүйе болмағанда Бердібек ол романын сөзсіз жазар еді. Ол роман қағазға түссе, бүгін арамтер болып бұл жазбаны шимайламас едім. Қош!

 

Мергенбайдың есімінің қойылу тарихы

Бердібектің роман арнағысы келген қай Мергенбай? Тарихтан аз-кем хабары бар адам осы сұрақты төте қояры анық.

Хан-Тәңірі өңірінде Алашқа аты мәлім екі Мергенбай өмір сүрді. Бірі болыс, күйші – Мергенбай Ерденеұлы. Ол – тоғыз әйел алып, ұрпағы рулы елге айналған, қалмақпен де, қырғызбен де шайқасып, батырлығымен артынан қилы аңыз ерткен тұлға.

Екіншісі – біз сөз етіп отырған Мергенбай Жаманкөзұлы. Бердібектің таңдауы Мергенбай Жаманкөзұлына түскені анық. Өйткені, жазушы ағамыз Жаманкөзұлы Мергенбайдың ерліктерін көзбен көрген қаншама ағайынмен таныс-біліс болды.

Елдің айтуына қарағанда Мергенбай батыр дүниеге келерде (1884 жыл) Жаманкөздің әйелін бірнеше күн толғақ қысып, қатты қиналса керек. Сол күндері жолаушылап Жаманкөз ауылына Мергенбай Ерденеұлы келіпті. Ежелгінің салтымен батыр толғақ қысқан әйел жатқан үйдің сыртынан қамшымен «шық, шықтап» аластағанда шекесі торсықтай ұл туыпты-мыс.

Ел «батырдың қасиетінің арқасында аман-есен дүниеге келді» деп қызыл-шақа сәбиге ырымдап Мергенбай деген ат қойған. Жұрттың тілеуін Құдай беріп, Мергенбайдың аты бала кезінен-ақ ел аузына ілігеді.

 

Осташкиннің марапаты

«Бала кезден аты шықты» дегенді дәлелдеу үшін мына бір деректі алға тартамыз. Ел аузында Сарыжаз әскери комендатурасының басшысы Шалдинмен Мергенбайдың қалай танысқаны жөнінде аңыз сақталған.

Мергенбай бағып жүрген жылқысын суғару үшін таудан Қақпақ өзеніне түседі-міс. Өзенге келсе, қос ат жеккен арба су ішінде қайраңдап тұр екен.  4-5 қызыл әскер атты арбаны судан шығара алмай, әбігерленіп жатады. Мергенбай өзенге түседі де, белуардан суға батқан арбаны итеріп жағаға шығарады. Қызыл әскердің командирі дала қазағының жойқын күшіне тамсанып: «Мынау нағыз батыр екен» деп арқасынан қағады.

Шалдин мен Мергенбай осы оқиғадан кейін төс қағыстырып, дос болыпты. Шалдин Мергенбайды отряд командирі етіп, шекара қорғау қызметіне алыпты.

Аңыз түбі – ақиқат. «Халық айтса, қалт айтпайды»... Бірақ, сол «ақиқаттың» нақ сипаты қандай?

Мергенбайдың Владимир лентасы һәм күміс медальмен марапатталғаны туралы құжат (44-қор. 1 тізбе, 1735-іс, 17 парақ. Дерек тарихшы Р. Оразовтың жеке қорынан алынды).

Біздің білуімізше суға кеткен арбаны құтқару ерлігін Мергенбай Жаманкөзұлы 19 жасында, яғни 1903 жылы Ақ Патша тақтан таймай тұрып жасаған. Патша әскері болыстықтардың құжатын арбаға тиеп, Жаркентке апара жатқан кезде Қақпақ өзенінің суы тасып, өткел бермейді. «Судан арбаны өткіземіз» деп жүріп, әскерилер қаза табады. Патша әскеріне Дүйше Сұлтанов (қырғыз) пен Мергенбай Жаманкөзов көмектесіп, мемлекеттік маңызы бар құжаттарды өзеннен аман-есен өткізіп береді.

Осы ерлігі үшін Жетісу облысы әскери вице-губернаторының жарлығымен Мергенбай Жаманкөзұлы марапатқа ұсынылады.

Мергенбайды марапатқа ұсынған вице-губернатор Павел Петрович Осташкин

Осташкиннің қолы қойылған осы марапат Мергенбайға тиген соң (Мергенбайға марапатпен қоса аты-жөні жазылған бесатар мылтық тарту етілген), ел оны «батыр» атап кеткен.

Бұл оқиғаны ел аңызға айналдырып, Кеңестік кезеңде болғандай етіп өзгертіп жіберген. Кеңес үкіметі Нарынқолға орнаған 1918-1920 жылдарда Мергенбай батырдың атағы алты қырдан ары асып, есімі естілсе, қалмақтың жылаған баласы (бұл тұста түрлі барымта шайқастары болып тұрғаны белгілі) уанатын уақыт еді. Шалдиннің арқадан қағуына батыр ол кезде мұқтаж емес болатын. Кеңес Үкіметі Нарынқолға туын тіккен тұста Мергенбай Хан-Тәңірдің көкжалына айналып, елді уысында ұстап тұрды.

Бірақ, аңыздың жалпы сұлбасы мен деректік құжат арасы тым алшақ емес. Екеуінде де арба суға кеткен, екеуінде де батыр атанғаны айтылады. Біз архивтік дерекке сүйеніп, аңызды ақиқатқа айналдырып отырмыз.

 

Шіркеудегі мазақ

Қайтадан Патша уағына оралайық... Жанболат Ауыпбаев ағамыздың «Тянь-Шанның ковбойы» атты әйгілі мақаласы бар. Сол мақалада айтылған жайдың сұлбасы мынау (біздің нұсқа бойынша)...

1872 жылдан бастап Ресейден қазақ жерін отарлау үшін келген қарашекпен орыстар құйқалы жер Нарынқолға «Охотничий» атты бекініс салып, орнығады. 1904-1906 жылдарға таман қарулы орыстар күшейіп, бекініс маңына жақындаған, өзеннен су алмақ болған қазақтарды атып тастайтын оқиғалар болған. Отарлаушылардың зорлық-зомбылығына шыдамаған қазақтар Ұзақ (Саурықұлы) батырға шағымдана бастайды.

Ұзақ батыр ақсақалдармен ақылдасып, орыстарды жөнге салуды Мергенбайға тапсырады. Көп болып күш көрсетсе, Верный (Алматы) мен Пржевальскіден (Қарақол) жазалаушы отряд шығып, ел қырылуы мүмкін. Сондықтан да, «ел ішіндегі бір тентектің сотқарлығы» деп ақталу үшін де өте маңызды операцияны Мергенбай жалғыз өзі жасауға бекиді.

Мергенбай батыр Пасха мейрамы күні (орыстардың бәрі шіркеуге жиналған болатын) екі оқ шығарып шіркеудің ағаш-кресінің быт-шытын шығарады да, тоғайға кіріп, көзден ғайып болады. Қайдағы бір «басурманның» осыншалық басынғанына орыстар намыстанып, ертесі қазақтарды жазалау үшін жорыққа аттанбақ болады.

«Жорық алдында құлшылық етеміз» деп отыз шақты әскер шіркеуге кіргенде жақын маңда аңдып жүрген Мергенбай мамағашта байлаулы тұрған аттардың шылбырын кездікпен қиып, қалың жылқыны өткелге қарай дүркірете айдай жөнеледі.

Мергенбай батырдың ағаш-кресті атып түсірген шіркеу осы... Бұл шіркеу кейіннен өртеніп кеткен.

Шіркеу төбесіндегі кресті атып түсіру… Жорыққа мінетін аттарды ер-тұрманымен айдап әкету… Осының бәрін істеп жүрген бір ғана «дикарь»… Ал олардың мұнда 10-ы немесе 20-сы келсе не болмақ? Осыны ойлаған орыстар қазаққа жөнсіз соқтығуды қойған екен.

 

Сібе-қалмақтармен шайқас

Мергенбай текшесі

Мергенбай Жаманкөзұлы туралы хикаяға бергісіз әңгімелер өте көп. Соның бір-екеуін ғана тілге тиек етсек...

Біріншісі. Батырдың аюды үңгіріне аяғын тығып ашуландырып, сыртқа шықпақ болған жыртқышты бір оқпен жайратып салғаны айтылады. Осы оқиғадан кейін батырдың аюға атқан оқ дәрісі шашырап, беті шыбарланып қалған екен-міс.

Екіншісі. Бір күні Ұзақ батырдың 600 жылқысын барымтаға келген сібе-қалмақ айдап кетеді. Барымташылар отыз шақты адам екен. Бәрі мұздай қаруланған. Ұзақ батыр жылқыны қалмақтар әкеткенін Мергенбайға хабарлайды. Мергенбай қасына бар болғаны екі жігіт ертіп, қалмақ барымташыларын Асутөрден күтіп алады.

«Байынқолдан өрлеп қашқан қалмақты жайратасың» деп тау шатқалына Асаубекті, «еңіс жағалағанды тосып аласың» деп Тойғұлыны тауға бекіндіріп, өзі сібелерді қақ алдынан тосып алады.

Барымташылар Мергенбайдың тосқауылын бұза алмай қызыл-ала қанға боялады. Отыз барымташыдан бірнешеуі ғана құтылып кетсе керек...

 

Қашқарға қашқан қазақты түгендеу оқиғасы

Мергенбай мемлекеттік құжаттарды судан аман өткізіп аты бір шықты. Артынша шіркеудегі ойраны арқылы зорлық-зомбылық көрсеткен отарлаушыларды райынан қайтарып ел ішіндегі абыройы тіпті аспандап кетті. Бұған аюды атқаны мен қалмақтың қалың әскерін жайратып салған оқиғасын қосыңыз...

Қарқара жәрмеңкесі, 1903 жыл

Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, Мергенбай Жаманкөзұлы 1916 жылға дейін Қарқарадағы жәрмеңкеде сауда-саттық істеген қазақтың құқығын қорғаған. Апиын, қару секілді тиым салынған сауданы өз бақылауында ұстаған. Қалмақ, қырғыз, қазақ арасындағы барымта шайқастарына қатысып, әбжілдігімен көзге түсіп даңқы алысқа жайылған.

Бірақ, 1916 жылғы Қарқара көтерілісіне қатысқаны туралы деректер әлі ашылған жоқ. Оған Мергенбайдың «банды» атанып, 70 жыл есімінің айтылуына тиым салынғаны себеп болса керек. Мұның сыртында Мергенбай әлі күнге қуғын-сүргін құрбаны ретінде толық ақталмады.

1916 жылғы көтерілістен кейін Хан-Тәңірі баурайындағы ел үркіп, түп қотарыла Қытай асты. Сол Үркінде елді арғы бетке Мергенбай бастаған қазақ батырлары алып өтті. 1918-1919 жылдарда Ораз Жандосов пен Тұрар Рысқұловтардың бастамасымен Қытай мемлекетіне сұрау салынып, көшкен елді Кеңес үкіметі қайта қайтарып алды.

Мергенбай осы көш кезінде тағы көзге түседі. «Қаш-қашта» (Үркінді ел осылай да атаған) Шыңжаңды былай қойып, Қашқар асып кеткен ағайынды көшіріп әкелу үшін аянбай тер төкті.

Тағы да аңызға кезек берейік.

1916 жылдағы көтерілістен кейін біраз ел үркіп, Қашқарға бір-ақ асқан екен. Ол жұртты түгендеп кері қайтару Мергенбай бастаған батырларға тапсырылады. Осы сапарында Мергенбай айналдырған екі-үш жылдың ішінде Қашқардағы қандастардың сарт болып кеткеніне таң қалады.  Елге қайтар кезде қазақтар қойындарына аппақ нанды тығып жатса керек. Батыр «Оны не істейсіңдер?» деп сұраса: «Елде мынандай аппақ нан бар ма?» деп өзіне қайыра сұрақ қояды екен. «Қара талқан жесең де, өлмейсің» депті сонда Мергенбай.

Мергенбай Қашқарға Кеңес үкіметінің тапсырмасымен барды. Содан бастап, батырдың кеңестік жүйеге қызмет ете бастағанын аңғаруға болады.

 

Мергенбай тұрған үйдің қысқаша тарихы

1919 жылы «Ақгвардияшылар» Нарынқолда Кеңес өкіметін құлатады. 1920 жылдың жазында жергілікті халықтан құралған Мергенбай жасағы Байынқол аңғарындағы Талдысайдың аузында 300-дей ақтардың «атты эскадронын» қоршауға алып, жойып жібереді. Осы шайқаста Қожеке Жарылқасынұлы, Оразымбет Қазыбеков, Құдайберсін Жауғашев, Жазылбек Серібаев, т.б батырлар ерлік көрсетеді.

Сарыжаздағы Мергенбай батыр бір жыл тұрған үй

Батырдың туыстарының айтуынша, Мергенбай өз қолымен ақтар құлатқан қызылдар үкіметін қайта орнатты. Бәйбішесі Жәмилә Қоржынбайқызын Алматыға аудан атынан депутат етіп, делегаттыққа жіберіп (әйел теңдігі саясаты белең алған кезең), артынша ОГПУ-ға қызметке алынды. Сөйтіп, Сарыжаз әскери комендатурасында отряд командирі қызметін атқарды. Сол тұста әскери комендатураның кеңсесі болған тарихи ғимаратта (суретте) отбасымен бірге бір жыл тұрған.

(Мергенбайдай батырдың ізі қалған бұл үйдің кейінгі тарихынан аз-кем ақпарат бере кетсек. 1990 жылдарға дейін бұл ғимарат психологиялық ауытқуы бар адамдарды емдейтін орталық (жындыхана) болды. Тарихшы Бекмаханов қуғынға түсіп, Нарынқолға жіберілу себебі бар. Егер тарихшы мінез көрсетіп, бағынбауды бастаса, ғалымды осы жындыханаға өткізу жоспары болған. Яғни, бұл ғимаратта тоталитарлық жүйеге қарсы қазақтың қаншама өзгеше ойлайтын азаматтары жатқан болуы мүмкін).

 

Сақаймайтын ауру...

«Халықты теңдікке жеткізеді» деген Кеңес өкіметінің пиғылы өзгерді. Кіл жалаңаяқ кедейлер «Батырақ» ұйымын құрып, «Бай-құлақ» деп өз ағайынын Итжеккенге айдататын заман туды. Қолында азын-аулақ малы бар азаматтар жаппай тұтқындала бастады. Бұл жайттар батырға оңай тиген жоқ.

Елдің аузындағы әңгімеге қарағанда, Мергенбай өз қолымен орнатқан өкіметі ел ішін бүлдіріп, бүліншілік жасап жатқасын бар күшін жазықсыз елді құтқаруға жұмылдырады.

Мәселен, Уәлібай деген ағайынына бір тәулік ішінде 6 центнер жүн салығы салынған. Уәлібай «бар қойымды сойып, етін өздерің алып, жүнін жұлып беріңдер» деп елге сауын айтады.  Бір тәулікте мұндай жүнді табу оңай шаруа емес. Мергенбай жұртты ұйымдастырып, көрпелерін сөгіп, айтылған бұйрықты уақытында орындатқызады. Артынша немере інісі Құлатайға он тонна ет өткізу үкімі шығарылады. Мергенбай тағы елдің көмегімен салықты кешіктірмей төлейді. Уәлібай мен Құлатайды қызыл әскер сапында жүрген Мергенбайдың құтқаруы «батырақтардың» билік орындарына арыз жаудыруына сеп болды.

Батырақтар «Мергенбай бай-құлақтың жақтаушысы болып кетті» деп жоғарғы жаққа арыз жаудырып жатқанда Мергенбай науқастанған қызын Нарынқолдағы дәрігерге апарып, өз отбасының қамымен жүрген еді.

Елдің пиғылын өз адамдары арқылы естіп: «Біздің ел сақаймайтын ауруға душар болыпты» деген әйгілі сөзін айтады.

«Қызым жазылса – батысқа көшемін, жазылмаса – шығысқа көшемін» деген нақыл сөзі де осы күндерде аузынан шығып, бүкіл елге тарайды.

«Аспан асты – қуыс. Жан күйіттеуден басқа қайран жоқ» деген тәмсілі де ел арасына тарап кетті.

Ұзақ батырдың ағайындары құда түскен қызы көз жұмған соң, Мергенбай тау-тасты паналап, елді Қытай асыруға қамдана бастайды. Осы тек қамданудың өзі 18 адамның шейіт кетуімен аяқталған.

Ел ішінде айтылатын әңгімелердің нобайы осындай...

 

«Мергенбай Жантай бандысының адамы»...

Енді Шалдиннің Мергенбайды қызметке қалай алғаны туралы айтқанына (орыс жазушысы Олег Мухиннің дерегіне сүйеніп) кезек берейік.

Мергенбай бастапқыда шекара әскерінің жылқысын қараушы болып орналасады. Шалдинге жергілікті билік өтініш жасап «Мергенбай бұрын бір байдың жылқысын баққан адам» деп комотрядқа қызметке тұруын сұрайды. Шалдин жергілікті биліктің айтқанына көніп, Мергенбайдың қолына қару беріп, комотрядқа алады. Батыр шекарашы қызметін өте жақсы атқарады.

Осы тұста ОГПУ тыңшылары Мергенбайды қырғыз батыры (бандысы) Жантай Омановтың (Жантай Омановтың қызы Мергенбай батырдың әйелі болған) тыңшысы екенін, қызыл әскердің барлық жоспарын алдын-ала бандыларға хабарлап келгенін анықтайды. Жантай Омановтың әскері Нарынқолдағы заставаға басып кіргенде, Мергенбай күзетшінің көзін жойып, бандылардың әскери бекетті басып алуына жағдай жасамақ болған-мыс.

ОГПУ-дың жендеттері тұтқындауға шыққанын біліп, Мергенбай тауға жасырынады.

Шалдин қатаң сөгіс алып, бұрынғы еңбегі ескеріліп, қызметінде қалдырылады.

Жантай Оманов «бандысы» бірнеше топтан құралған еді. Олар бір уақытта бірнеше жерде шабуылға шыға алатын. Мергенбай шекара заставаларындағы ішкі жағдайды, күзеттің қай мезгілде ауысып, әскер қай уақытта демалатынын жақсы білетін. Сондықтан да, қызылдарға Мергенбай тобы ең қауіпті жау болды. Осылайша, бұрын «керемет із кесуші», «комотрядтың таңдаулы жолбасшысы», «кеңес қызыл әскерлерінің сенімді серігі» деп дәріптелген Мергенбай бір-ақ күнде «банды» атанып шыға келді.

Мухиннің кітабындағы жайт бізге біраз тың деректің бетін ашты. Бірақ, сол заманның ыңғайына қарай біржақты жазылған жайдың рас-өтірігін анықтау біздің міндет емес. Десе де, осы жерде Көдек ақынның Мергенбайға арнаған дауысында (жоқтауында):

«Қырғызда Жақсылық пен Жантай батыр,

Солардың қызы еді бір қатының-ай!» делінетінін оқырман есіне сала кеткіміз келеді.

 

Шитім оқиғасы

1929 жылы Мергенбай батыр Үлкен Қақпақ шатқалындағы қазір Шитім сай аталатын тауға бекініп, бүкіл елді Қытай асырмаққа дайындалып жатты. Бір күні Мергенбайдың Қырғыз жеріне сауда жасауға жіберген адамдары келіп, әкелген заттарды көруге бүкіл туыс бір киіз үйге жиналады. Сыртағы қарауылдары да орындарын тастап, үйге кіреді.

Осындай оңтайлы сәтті күтіп жүрген орыс әскері тұтқиылдан шабуыл жасап, киіз үйдің сыртынан оқ жаудырады. Мергенбай батыр алдымен керегені көтеріп жіберіп, томаршаны қояды да, іштегі адамдардың шығуына көмектесетеді. Сосын өзі дереу қарағайды паналап, әскерге тойтарыс беріп, атқылай бастайды (Кейбір деректер бұл қырғын кезінде Мергенбайдың басқа жақта болғанын айтады). Мергенбайдың өзі де бар екенін білген қызылдың солдаттары шегініп кетеді.

Шитім қырғыны құрбандарына қойылған ескерткіш тас

Шитім оқиғасында 18 адам көз жұмды. Оның жетеуі – шиіттей күнәсіз сәбилер болатын. Қаза болғандардың ішінде Мергенбайдың әкесі Жаманкөз (Ел Жаманкөзді қасиетті кісі болған деседі. Ол егер малға, яки адамға тура қараса, тіл тартпай кетеді-міс. Сондықтан да азан шақырып қойған Жанболат аты ұмытылып, Жаманкөз аталып кетіпті) де бар еді.

Сонымен бірге Шитім деген ана қызымен бірге оққа ұшқан. Шитім ана қызын көтеріп, киіз үйден аман шығады да, қашып таудың аңғарына жетеді. Қызыл әскер қуып барып, сәбиін көтере қашқан ананы (қызымен бірге) атып өлтіреді. Екі күн бойы қансырап жатып, көз жұмған ананың ажалынан кейін ол жер «Шитім сайы» аталып кеткен.

Осы қырғында Мергенбай батыр әкесі Жаманкөз бен туысы Шитім анадан бөлек туған бауыры Несіпбек, ағасы Базарбайдың ұлы Рамазан секілді ет жақындарынан айырылды.

 

«Мұсылман баласына оқ шығарған жоқпын!»

Ел арасында Мергенбай батырдың қандай жағдай болмасын қазақ баласына мылтық кеземегені аңыз болып айтылады. Өзі де серіктеріне «Мұсылман баласына оқ шығарған жоқпын» деп өсиет айтып отырады екен. Оған бір дәлел келтірсек...

Белгілі публицист Мәкен Әлиасқарұлының «Замана зардабы» атты кітабы бар. Сол кітапта Шитім оқиғасынан кейінгі жайлар баяндалады.

Жұрт «Шитімдегі жасырынған жұртты қызыл әскерге хабарлады» деп Әбілқасым Ақымжановтан (Әбілқасымның жауларының таратқан қауесеті. Ақымжанов Партияның бұйрығымен шекара аспақ болған елді райынан қайтару мақсатында үгіт жүргізген. Кейіннен «Халық жауы» деп айыпталып, Сібірге жер аударылған. Мергенбай бастаған көштерді Қытайға өткізіп жіберуге астыртын көмек берген тұлға) өш алмақ үшін Ашылы Қақпаққа аттанады.

Мұны ести сала Мергенбай «Олар түс ауа жеткенше, Әбілқасымды өзім-ақ жайлап қоямын. Жаман лақтың қанына қаншаң қол былғамақшысыңдар» дейді де атқа мінеді.

Мергенбай елден бұрын келіп: «Жаман бала, сені ажалға қимаймын» деп Әбілқасымды қарағайға шығарып жіберіп, өзі қорғап қалады.

Осы жайттан-ақ Мергенбайдың кінәлі болсын, кінәлі болмасын өз қанына оқ шығармағанын аңғарамыз.

Бұған дәлел ретінде 1984 жылы «Қазақфильм» түсірген «Ақырғы аманат» фильміндегі Ораз мергеннің (Ел сол кинодағы Ораз мергеннің прототипі Мергенбай екенін айтады) қызыл әскердегі қазақ жігіті мен бір орысты тірі қалдыратын сюжетінен де байқауға болады. Сол кинодағы отрядтың бастығы рөлін сомдаған қазақ жігіті бір диологында Ораз мергеннің қолына түскенін, оны да босатып жібергенін айтады.

Мұның бәрі тегін емес болса керек.

 

«Орыс тасқа атады, Мергенбай басқа атады»...

Мергенбай Жаманкөзұлы Шитім оқиғасынан кейін елді түп қопара Қытай асыруға біржола бекінеді. Шекара күзеткен қызылдардың әскеріне тойтарыс беріп, аз уақытта әрқайсысында 250-300 отбасы бар бірнеше көшті аман-есен Қытай жеріне ерулеп үлгереді.

Қытайдың шекарасын күзеткен қалмақ-сібе әскерлерімен бейбіт келісімге келіп, мылтықтың аузын жалап, серттеседі. Бастапқыда қалмақтар көшті жасқап, аспанға ғана оқ жаудырып, елді шекарадан өткізбеуге бар күшін салып жатқандай сыңай танытатын. Көшті бастаған Мергенбай жасағы да оқты аямай аспанға атып, қызылдардың көзін алдайтын.

Кейіннен қалмақтар көшті тонауға құнығып, сертті бұзды.

Қытайға қашқан ел «Орыс тасқа атады, Мергенбай басқа атады» (Көдек ақынның өлеңінде де «Орыстың тасқа, Мергенбайдың басқа ататыны» жазылған) деп ауыздан-ауызға аңыз таратып, Мергенбайдың тұлғасын асқақтатып, қызылдардың қауқарсыздығын әйгілеп жатты.

Тарихшы Досым Зікірия атасынан естіген Шоғансайда болған бір шайқас туралы былай дейді. «Артымыздан қызылдың әскері түсті. Алайда, біздің көште әкелі-балалы екі мерген болып еді. Атқан оқтары құр кетпейтін, көздегенін қағып түсіретін асқан өнерлі екен. Кезеңге бекініп тұрып екеуі мылтықтарын бір-бірден босатқанда артымызға түскен әскердің бірталайы жер құшты. Содан қайтып олар бізге беттей алмады. Ал, Қытай жеріне өткенде көшті талауға келген сібелердің де біразын жусатып салып, елді аман алып қалды»...

Бұл әкелі-балалы мергендер Мергенбайдың сарбаздары екені анық.

 

Мергенбайдың бауырларын өртеу һәм елді күштеп көшіру оқиғасы

Шитім оқиғасынан соң, Меренбайға шегінер жол қалмады. Ол бүкіл халықты түп қотара Қытайға асырып кету мақсатымен қазақ жігіттерінен жасақ құрды. Өз бауырлары Базарбай, Базарқұл, Тойғұлылар мергендігімен шайқастарда көзге түсіп, қызыл әскердің бетін қайтарар әскербасыларға айналып шыға келді.

Қызылдар қазақ батырларын соғысып жеңе алмасын білген соң, оларды астыртын жою әрекетімен әлектене бастайды.

Елді көшіру үшін Мергенбайдың екі ағасы Базарбай мен Базарқұл бастаған батырлар Төте асуында отырған елге келіп, бір үйде тынығып ұйықтап жатқанда аңдып жүрген қызыл әскер үйдің сыртынан от қойып, батырдың екі ағасын өртеп жібереді.

1916 жылғы көтерілісте бабаларымыз ұстаған қару-жарақ. Мергенбай жасағының да осындай қаруларлары болған.

Шитімдегі қырғын мен бауырларының шейіт кетуі батырға ауыр тиді. Ол осы қайғылы жағдайлардан соң, кейбір көнбеген елді күшпен көшіріп әкетуге мәжбүр болды. Өйткені, малы кәмпескеге түскен елді аштық жайлайтынын, қазақтың тұяқ серпуге шамасы келмей қырылып қаларын батыр жақсы білді. Сондықтан да, Мергенбай кез-келген қазақ ауылына барып, халықты «батырақ, байсың» деп бөлмей, «Қытайға көшесің» деп талап қоя бастады.

Ол күндері Мергенбайдың жасақтары Қытайға асатын басты асуларды уысында ұстап тұрды. Хан-Тәңірдің баурайындағы жолдарды былай қойып, бүкіл Жаркент өңірінің қызыл әскері Мергенбайдың аты естілсе, заставаға тығылатын еді.

Мергенбайдың жасағы көшке маңайлаған қызыл әскердің баскиімін (папаха) атып түсіреді екен. Бұл – оларға жасалатын ескерту.

Жасақтан бөлек, Мергенбайдың өзіне ғана тән қызылдарды кері қайтарып жіберетін тәсілі болған. Ол тәсілдің атауы – жұлқа ату. Мергенбай көз ілеспес жылдамдықпен қолын жұлқып жіберіп, мылтығының шүріппесін басып қалғанда әскердің иығына асқан қаруын жұлып түсіреді-міс.  Қызыл әскердің денесіне оқ дарытпай, асынған мылтығының бауын (ремень) үзіп жібергеннен кейін шекарашылардың тұла бойын үрей билеп, көшке беттей алмай қалатын болған. Бұл орысты ашуландырмай, қорқытудың тәсілі еді.

Жергілікті әскерден қайран болмаған соң, Алматыдан және басқа өңірлерден «бандыларды» жою үшін қызыл әскер отрядтары үздіксіз жіберіле бастайды. Мәселен, 1928-1930 жылдары Шелек ауданының ОГПУ-ін басқарған майор Вихреев отрядымен келіп, Мергенбай жасақтарымен соғысқан. Сол шайқаста майор қаза табады.

Қош! Халықты күшпен көшіру оқиғасына қайта оралайық. Бұл жайт былай өрбіген. Алдымен халыққа «көшесің» деген Мергенбайдың хабары келеді. Оған көнбесе, өкіметтен қалған азын-аулақ малын айдап әкетіп отырған. «Малың Қытайда, өзің келіп, ие бол» дейді екен елге. Малдың артынан көшіп бармаған жұрттың ержетіп қалған бір баласын аманатқа алып, аманаттағы бала Мергенбай жасағына сарбаз ретінде қосылады. Бұл тұста Мергенбайдың «Малың үшін көшпесең, балаң үшін көшесің» дейтін ұранды сөзі елге тарап жатты.

Жұрт малы мен баласы үшін «батырақ» болса да Қытай асты.

Мергенбай батыр халықты бай-кедей деп екіге жарған кеңестік идеологияның қызыл ұранын осылай тас-талқан етті. Кейбір аңыздарда Мергенбайдың 1916 жылдардағы жолмен қазақты орыстан мүлдем алысқа, яғни Қашқарға әкетуді де ойлағаны айтылады. Бірақ, баяғы ақ нанды қойнына тығатын қандастарды ойлап, «Қазақ Қашқарға барса, мүлдем сарт болып кетер» деп қорыққан екен деседі.

 

Қызылдардың жеңілісі

«Мергенбай батыр кеңестік идеологияның қызыл ұранын тас-талқан етті» деген сөзімізді тарихшы Р.Оразовтың мына бір деректері арқылы дәйектей кетсек...

Шекаралы аудан халқының Қытайға жаппай көшуі 1928 жылғы байларды тәркілеу науқанынан басталып, 1933 жылдарға дейін жалғасты.

Кеген аудандық Партия комитетінің (Нарынқол 1936 жылы ғана жеке аудан болып бөлінді) хатшысы Жәрдемалиевтің қолы қойылған «Ауданның саяси жағдайы» туралы аса құпия құжатта 1929/30 жылдарда сол кездегі Кеген ауданында 15 194 қожалық болса, 1930-1931 жылдары 2 259 қожалық Қытай еліне асып кеткені жазылған. 1931/1932 жылдары қалған 12 940 қожалықтың 8 247-сі арғы бетке өтіп үлгерген. Яғни, қызылдар «банды» атандырған Мергенбай, Жақыпберді секілді қазақ оғландары Сталиндік тәркілеуге һәм кеңес саясатына жан-тәнімен қарсы тұрып, аудандағы қожалықтың 57-60 пайызын шекарадан әрі өткізіп әкетті. Бұл дегеніңіз сол қожалыққа иелік етіп отырған халықтың 57-60 пайызы Қытай асты деген сөз (құпия құжатта Қытайға көшкен халықтың саны көрсетілмеген. Осыдан-ақ Кеңес Үкіметі үшін адамның мал құрлы құны да, қадірі де болмағанын аңғаруға болады).

Тағы бір қызық дерек келтірейік. 1931 жылғы мәлімет бойынша коммунистік партияға мүше – 26, партия мүшелігіне үміткер – 59, барлығы – 85 адам Қытайға ауған. Ал, 1932 жылы коммунистік партияға мүше – 19, партия мүшелігіне үміткер – 28, барлығы – 47 адам Мергенбайлардың жолының дұрыстығын түсініп, туған жерінен жыраққа кетуге мәжбүр болды. Қарапайым халықты былай қойып, коммунистік партияға мүше болған адамдардың Мергенбайларға еріп кетуі қызылдар үшін ауыр соққы болды.

1916 жылы Ақ Патша әскеріне бала бермеу үшін Қарқарада «Бала өлгенше, шал өлсін» деп, болыс-билер көтеріліс жасағаны мәлім. Өлкенің ресми билігіндегі болыстардың халық жағына шығып, Патшаның жарлығына қарсы тұруының кішігірім үлгісі 1930 жылдарда және қайталанды. Мәселен, Есекартқан ауылдық партия ұйымының басшысы Өмірәлиев, колхоз төрағасы, партия мүшелігіне үміткер Қотырбеков, коммунист Дақсанов сынды азаматтар бір күнде 24 шаруашылықты бастап, Қытай асып кетті.

Егер де шекаралы аудан халқының 57-60 пайызы Мергенбайларға еріп, Қытайға көшіп кетпегенде не болар еді?

Сталиндік репрессия жылдары осы бір ғана ауданнан 700-ден аса адам «Халық жауы» деген айыппен айыпталып, түрмеге қамалды. Оның 112-сі (автордың анықтауы бойынша) ату жазасына кесіліп, қалғаны жер аударылды. Жер аударылғандардың көбі қызылдардың азаптау лагерьлерінде көз жұмды. Егер Мергенбайдай батырларымыз болмағанда бұл 700-ден аса саяси құрбанның саны екі-үш есеге еселенері сөзсіз еді. Мұның сыртында аштық пен соғыстан қанша қазақ құрбан боларын өзіңіз бағамдай беріңіз.

 

Қазан асуындағы шайқас

Ел арасында Мергенбай батырдың үлкен жеті көшті Қытайға аман-есен алып өткені туралы аңыздар айтылады. Жоғарыдағы деректерге қарағанда, ол көштің саны жетіден бірнеше есе көп болуы мүмкін. Мергенбай 1930 жылдары Нарынқолды былай қойып, Жаркент өңіріндегі қазақтарды да шекарадан асырып әкету операцияларын жасаған.

Бұл жөнінде орыс жазушысы Олег Мухиннің «Еңбекші халыққа қызмет етемін» атты деректі-хикаятында кеңінен баяндалады.

Олег Мухин бұл әңгімелерді И.Головин атты отставкадағы полковниктің және басқа да оқиғаны көзбен көрген адамдардан жазып алған. 1930 жылдарда Головин Жаркент шекара отряды оқу-жаттығу эскадронының командирі болып жүріп, бірнеше мәрте Мергенбай жасағымен бетпе-бет шайқасқа кірген.

Соның бірін қысқаша баяндайық.

Головин Жаркенттегі әскери комендатураның басшысының тапсырмасымен пулемет, гранатометпен мұздай қаруланған 12 әскермен елді көшіріп әкетіп бара жатқан Мергенбайдың артына түседі. Головин әскері Жаркент көшелерін шерулеп өтіп, Жоңғар Алатауын бетке алады.

Эскадронының командирі Головин өз естелігінде: «Ол өте қауіпті, қатыгез қарсылас еді. Мергенбай шабуылды әрдайым күтпеген жерден бастайтын. Өзі сойқан ойын жүзеге асыра салып, құдды жердің астына түсіп кеткендей көзден ғайып болатын. Мергенбайдың шекара маңындағы әр ауылда өз жансыздары болды. Ол сол жансыздар арқылы қызыл әскерден төнетін қауіпті алдын-ала біліп отыратын. Оның үстіне ол жер жағдайын өте жақсы білетін. Адам аяғы баспайтын таулардың ой-шұқыры оған сөз емес еді. Шабарман шекара заставаларына хабар беріп, қосымша күш шығып болғанша, Мергенбай ізін жасырып үлгеретін. Ара-тұра оның адамдары қолға түскенімен, біз Мергенбайдың өзін ұстай алмадық» дейді.

Осындай естелік айтқан Головин Жаркенттен шығып, Лесновкаға (қазіргі Талды ауылы) келеді. Мергенбай жасағы қызылдардың кооперативін талқандап, астық жиған қойманы өртегенін естиді. Бірақ, ешқандай адам шығыны болмаған.

Мергенбайдың ізі қалған – Тышқан тауы

Лесновкадан 10 шақырым жерде орналасқан тағы бір ауылға Мергенбай із қалдырған. Ондағы бар малды айдап әкетіпті. Сол ауылдағы көшке ілесе алмай қалған бір шал: «Бізді көшіріп әкетуге көндіріп бақты. «Большевиктердің сөзіне еріп, Құранға қарсы келіп отырсыңдар! Алла жазалайды, сендерді» деді Мергенбай. Сосын: «Егер көштен кім қалып кетсе, соның бәрін атып тастаңдар» деп бұйырды. Біз қорыққаннан артынан ердік» дейді.

Головиннің қарулы күші Тышқан тауының етегіне ілінгенде алдарынан үш қызыл әскер жолығады. Олар Мергенбайдың Өсек өзенін бойлап, Тышқан тауына (суретте) өрлеп кеткенін баяндайды.

«Мергенбайлардың ізінен қалмауға болар еді. Бірақ, бір қаптал түгел жар болғандықтан көштің алдын орауға мүмкіндік болмады. Көштің ізімен жүрген едік, шатқалға кіре бере тұзаққа түстік. Амалсыз шегінуге тура келді» дейді олар.

Тышқан тауындағы Қытайға асуға болатын басты жолда Мергенбай кетіп бара жатқан соң, олардың алдын орау үшін Головин өз жоспарын құрады. Ол жергілікті жұрттан сұрап, Қазан асуынан асса ғана Мергенбай жасағының алдынан тосып алуға болатынын білді.

Шілденің өзінде қар жататын Қазан асуынан атпен асу мүмкін емес.

Головин 1930 жылдың 17 шілдесі күні аттарын арқанға байлап, құздан төменге түсіріп, сол асудан өтеді. Азық-түлік артқан аты құзға кетеді.

Олар сосын өзеннен өткел тауып, тағы бір асуды бағындырып, Мергенбай көшіріп әкеткен көштің үстінен түседі.

Мергенбай жасағына пулемет сөз емес еді. Бұл жолы қазақ сарбаздары тұңғыш рет аузынан от бүріккен гранатометтің сойқан соққысын көрді. Сонда да шайқас таң атқанша жалғасып қазақ әскері шегінуге мәжбүр болады. Головин көшкен елді алып, кері қайтады.

 

Жаркентті басып алу операциясы

Олег Мухиннің деректі-хикаятында Қазандағы шайқастан кейін Мергенбай Жаманкөзұлы Жаркентті басып алмақ болғанын жазған.

Мергенбай Жаркенттегі әскери комендатураны басып алу үшін екі жүз сарбазымен бұрынғыдай Өсек өзені арқылы емес, Бурақожыр өзенінен шекарадан өтіп, Құлжа күрежолына қарай жақындайды. Мергенбайдың жоспарын чекистер тыңшыларының күшімен алдын-ала біліп отырған еді.

Олег Мухиннің кітабы

Сондықтан да, қызыл әскер Мергенбай жасағын ішкері өткізіп жіберген соң, артынан тосқауыл қойып, Қорғас, Басқұншы, Алтынкөл заставаларының әскерін шегінер жолына бекіндіріп үлгереді.

Қызыл әскер командирлері шекара заставаларына жергілікті коммунистерден құралған отрядтармен адам қарасын көбейтіп, Мергенбай жасағының көзін алдап тұрған.

Мергенбай бұл жорығында ешқандай ауылға соқпаған. Өзінің келгенін білдірмеу үшін қолынан келген бар айланы жасап, әбден Жаркентке жақындағанда Қытай жерінде қалған әскері тапа-тал түсте Басқұншы және Қорғас заставаларына шабуыл бастайды. Мергенбайдың ойы қызылдар бар күшін заставаларға аттандырып жатқанда Жаркенттегі комендатураның күлін көкке ұшыру болатын.

Мергенбай жасағы әбден Жаркент маңындағы Еңбекші ауылының тұсына келгенде тұзаққа түскенін білді. Сақылдаған орыс пулеметтері қазақ жасағын қыра бастайды. Кері шегінер жолды Қорғас, Басқұншы, Алтынкөл заставаларының әскері жауып тастап, ол жақтан да төпелеген оқтың астында қалады. Бір жарым сағат соғысқаннан кейін Мергенбай жасағы Шолақай құмына қарай шегініп кетуге мәжбүр болды.

Шайқас аяқталғаннан кейін қызыл әскер қол-аяғын байлап, қымбат киім киген, басында сәлдесі бар бір қазақты комендатураға әкеледі.

– Бұл Мергенбайдың нақ өзі, – дейді біреуі.

Әскерилер сол адамның сөзіне сеніп, «Мергенбай Жаманкөзұлымын» деген адамды 2-3 ай тергеп, Кеңес өкіметінің Заңымен ату жазасына кеседі (Осы жолы Мергенбай жасағындағы қолға түскен бірнеше адам атылған). Бірақ, қызылдар сәлделі адамның Мергенбай емес екенін арада біраз уақыт өткеннен соң ғана біліп, санын соғып қалды.

 

Қызылдардың есептері туралы...

1930 жылы Мергенбай жасағы Жаркенттегі әскери отрядты талқандай алмаған соң, қайтадан Хан-Тәңірі баурайына оралды. Өйткені бұл кезде қызылдар қазақ пен қырғызды Қытай асырып тұрған Дары Садықовтың жасағын жойып, елдің Қытайға қашуы қиындап кеткен еді. Сондықтан да, Мергенбай елді Қытайға көшіру ісін жалғастыру үшін туған жеріндегі жорықтарын бастады. Ол жорықтар туралы коммунистер біржақты ақпаратты қарша боратып, жоғарыға жөнелтіп, есеп беріп жатты.

Мергенбай батырдың архивтегі жеке құжаттары әлі ашыла қоймағанымен, батырдың қызыл әскермен болған шайқастары туралы (аз болса да) қағазға түскен деректер жетерлік. Соның бірнешеуін осы жерде айта кетсек.

Жаркент шекара отрядына қарасты «Ойқарағай» шекара заставасының 5 әскері елді көшірген Мергенбай жігіттерінің алдын тосып алмақ болып, Шуырма Хасан тауында атыс болған. Қызылдардың әскери бөлімін Қонышев деген застава басшысы басқарған. Орыстардың жазғанына қарағанда бұл шайқасқа Мергенбайдың 12 сарбазы қатысқан. Әрине, жазбада айтылғандай 12 сарбаз болса, олардың қолында – бес атар. Ал, қызылдарда – пулемет. Осы соғыста жеті қазақ батыры шейіт кетеді, бесеуі тұтқынға түседі. Шекарадан асып кетпек болған елді жусатып салатын орыстың Ширинкин деген қызыл әскері ажал құшады.

Коммунистердің деректерінің бәрінде өздерінің ерліктерін асыра дәріптеу байқалады. Мәселен, елдің айтуына қарағанда бір көште екі-үш мерген ғана болады екен. Солардың күшімен ел Қытай асып отырған. Ал, қызыл әскер пулеметпен кінәсіз халықты қырып тастайтын. Сосын, шейіт кеткен марқұмдарды түгел «Мергенбайдың сарбазы» деп есеп беретін-ді.

Жалпы сол күндердің картинасын айна-қатесіз көрсету үшін тағы бір деректі алға тартайық.

1930 жылы Жаркент шекара отрядына қарасты «Ойқарағай» заставасының қызыл әскері Григорий Мирошниченко Мергенбай жасағымен болған шайқаста қаза табады. 1932 жылы сол Григорийдің інісі Николай қазақ сарбазының мылтығын тартып алып, атып өлтірген. Осы оқиға арқылы коммунистер «Николай Мирошниченко ағасының кегін алды» деген сипатта үгіт жүргізген.

Тағы бір жайтты назарларыңызға ұсынайық.

1930 жылы Жаркент шекара отрядына қарасты Есекартқан заставасы басшысының саяси істер жөніндегі орынбасары Нагорный Алексей Корнеевич Нарынқолдағы еңбекшілер жиналысынан қайтып келе жатқан жолда Мергенбай сарбаздарының қолынан қаза тапқан. Қызылдар Нагорныйдың өлімін «жай ғана алданып қалғанынан болды» деп жоғарыға есеп берген.

1928 жылы Жаркент шекара отрядына қарасты Есекартқан заставасының басшысы Прядкин шекара бұзған екі қазақ жігітін өлтіріп, бірін жаралап, өзі де шайқас кезінде қаза тапқаны жазылған.

1932 жылдың қазан айында Жаркент шекара отрядына қарасты Есекартқан заставасының бөлім командирі Гавриил Григорьевич Симоненко Мергенбай сарбаздарымен болған шайқаста жараланып, емханаға жеткізілген кезде қаза тапқан.

Қызылшекара ауылы маңындағы ескерткіш

Осы шайқастарда көз жұмған жүздеген қазақ батыры атаусыз қалды. Ал, елді қынадай қырған әр қызыл әскердің басына белгітас қойылған. Соның бірі қазіргі Қызылшекара ауылының маңында (бұл жерде бұрын ескі завтава болған) тұр. 1932 жылы Шалдин оншақты қызыл әскерді бастап, Қытай асқан елді пулеметтің күшімен тоқтатпақ болады. Сол шайқаста Мергенбай жасағының жігіттері Астраханцевті ажал құштырды.

Мұндай қарулы қақтығыстар өте көп болғаны, олардың бәрінің есебі архивте қатталып жатқаны анық. Ол құжаттардың ашылар кезі алыс емес. Десе де, пулеметпен қаруланған, бір мезетте ондаған адамды ажал құштыра алатын қарулы қызыл әскерге ажалдан қаймықпай төтеп берген бабалар ерлігіне таңданбасқа шара жоқ.

Әр көш сайын ондап, тіпті жүздеп қырылып жатса да, Мергенбай жасағы елді тыныш елге көшіріп әкету миссиясынан бас тартпады. ОГПУ чекистері бұл тұста Мергенбайдың көзін құртудың түрлі жоспарын құрып жатты. Ол жоспардың бірі әйгілі «Хан-Тәңірі» операциясы еді.

 

«Хан-Тәңірі» операциясы

Көш. Сарыжаз асуы

1931 жылдың 26 шілдесіндегі «Хан-Тәңірі» операциясын іске асыру Нарынқол әскери комендатурасының басшысы Шалдинге үлкен сын болды. Ол осы жолы Мергенбайды өз қолымен ажал құштыратынын айтып, қызыл әскер алдында серт береді.

«Хан-Тәңірі» операциясы барысында Шалдин бастаған Нарынқол заставасы мен Нарынқол Партия комитетінің хатшысы (Олег Мухин әсірелеп жіберген. Дұрысы Черненко әскери комендатураның саяси жетекші (политрук) болған) Константин Черненконың қолы – оңтүстіктен,  Сүмбе заставасының басшысы Волосевич бастаған отряд – солтүстіктен соққы беру ұйғарылады.

Әскери комендатураның саяси жетекші Константин Черненко телефон арқылы Мергенбай жасағымен соғысудың шебері саналатын Жаркент шекара отряды оқу-жаттығу эскадронының командирі Головинмен ақылдасады. Головин әскер санының көп-аздығы ештеңе шешпейтінін, мүмкіндігінше қызыл әскерді оңтайлы позицияда, яғни Мергенбай жасағынан биік жерге бекіндіру қажеттілігін айтады.

300 үйлі қазақты көшірген Мергенбай жасағы Қақпақ аңғарын бойлай жоғары өрлегенде бұлардың соңына мұздай қаруланған 30 шекарашы түседі.

Енді Жанболат Ауыпбаев ағамыздың осы оқиға туралы жазған дерегін қысқартып, өз нұсқамызда назарларыңызға ұсынайық.

Мергенбай бастаған қол қызылдармен атысып, қырғыз жеріне өтіп кетеді. Арғы жақтан қырғыз әскерімен шайқасу қаупі төнген соң, қайта қазақ жеріне қайтуға мәжбүр болады.

Мергенбай бастаған көш Қақпақ аңғарына түсіп, Сары­қолатқа жетіп, одан Бозымбай сайына келеді. Артынан қалмай келе жатқан Шалдин мен Волосевичтің қолы екі жақтан тысқырып, Мергенбайдың көшін Тұйықашаға тірейді. Басқа барар жері қалмаған көш Тұйықашамен өрлеп отырып, Асутөрге келеді де қос қап­талы қалың қар, қарсы беткейі көк мұз Мұздауанның шатқалына барып тығылады. Шатқалға кіретін жалғыз жол бар, ал мұзды асудан ары өтіп кету мүмкін емес.

Мергенбай алдымен қолында қаруы бар 18 адамды көштен екі шақы­рымдай жердегі шоңғал тасты мүйіске тосқауылға қояды. Содан соң епті, қимылы ширақ деген 30-40 жігітті тағы да іріктеп алып, қолдарына балта, шот береді де дереу асу­дың мұзды қапталынан адамның аяқ ұшы тұратындай кертпеш-кертпеш ойық жасауға жұмылдырады. Ал қалған қатын-қалаш, бала-шағаға комотряд келіп қалмай тұрғанда сай табанына барып, мол ғып отын жинап әкелуге әмір береді. Қашқындар көші қу жандары үшін осылай арпалысып жатады.

Бұл кезде шатқал аузына жақындаған Шалдин әскерін мергендер тобы алыстан жасқай атып, сай аузына маңайлатпай қояды.

«Қаш­қын­дардың осынша адам, осынша малмен ақ қар, көк мұз жапқан мына тұйық сайда жата беруі мүмкін емес. Екі-үш күннен кейін олар жағарға отыны, мал жаяр өрісі һәм ішерге тамағы жоқ (Мергенбай көшкен елге алдын ала «түймеш»  дайындататын болған. Яғни, малдың етін шала пісіріп, қарынға салып алады. Осындай қиын сәтте сол түймешті бір қайнатып жіберіп, әскер де, ел де жүрек жалғайтын болған)  жерден өздері де безіп шығып, бізге келіп беріледі. Сондықтан сол сәтті асықпай күтейік», – деп қызыл әскер шатқал аузына бекініс жасап күтеді.

Мергенбай жасағы қарлы асуға алдымен екі қатар етіп адам аяғы тұрарлық ойықтар жасап шығады. Содан соң сол баспалдақтардың орта­сындағы ашық жердің ұзына бойына көштегі киіз үйлердің туырлығын кесіп-кесіп, мұзға сырғы­май­тын­дай етіп жабулайды.  Сол «киіз соқпақпен» мал да, адамдар да арғы бетке аман-есен өтіп кетеді.

Ел аузында Мұздауан Мергенбайға өткел бергенде бір ақсақал мен қомы төмен болып қалған бір түйе ғана шығын болғаны айтылады.

Ал, қызылдар А.К.Волосевич (Сүмбе завтавасының жанындағы мазары туралы жоғарыда жаздық), В.В.Саенко атты екі әскерінен айрылып, В.И.Петров ауыр жараланады. Осы қаза тапқан екі солдаттың бірінің шала-жансар жаны шықпай жатқан екен. Оның мылтығын алуға барған Өмірбай деген батырды сол әскер атып жіберіп, шейіт кетеді.

Шалдиннің қызыл әскер алдында берген сертін орындай алмаған бұл жеңілісі коммунистерге ауыр соққы болды. Кеңес үкіметі сол күндері Қытай мемлекетіне нота жолдап, Мергенбай алып өткен 300 үйді қайтарып беруін талап етті.

 

Шалдиннің шәшкесі

Мергенбай қолы Қытайға көшті аман жеткізе салып, елу шақты сарбазымен қайтадан шекарадан бері өтеді. Көште қалған бірер сарбаз бір апта демалғаннан кейін ғана ішкері көшуге дайындала бастайды. Бұл кезде Кеңес үкіметінің Қытайға жолдаған нотасында айтылған тапсырманы орындау үшін шекара күзетіндегі қалмақ-сібе әскері көшке тұтқиылдан шабуыл жасайды. Елді тонап, бірнеше адамды өлтіріп, көшті Нарынқолға бір-ақ айдап әкеледі.

Айдап әкелген елді Шалдин атқораға қамап, тергей бастайды. Мұны естіген Мергенбай түн ішінде Нарынқолға астыртын кіріп, Шалдинмен бетпе-бет кездеседі. «Тұтқындары дереу босатпасаң, Нарынқолдағы бекіністеріңнің күлін көкке ұшырамын» дейді де шай ішіп отырған шәшкесін атып түсіреді.

Мергенбай бұл оқиға туралы: «Бұрын дәмдес болған адам еді, өлімге қимадым» деген екен (Бұл оқиғаның «Мергенбай өзеннің арғы жағында тұрып, Шалдиннің су ішіп тұрған шәшкесін атып түсірген» деген нұсқасы да бар).

Мергенбайдан қорыққан Шалдин тұтқындарды тізімдеп, бір-бірден босата бастайды. Осы кезде ел арасынан бір сатқын шығып, Мергенбай жасағындағы сарбаздардың өте аз қалғанын, Нарынқолдағы заставаны қиратуға шамасы жетпейтінін хабарлайды. Мұны естіген Шалдин тұтқынға түскен Мергенбай сарбаздарын Жаркентке айдатып жібереді. Өмірбайдың кегін алған сарбазды Жаркентегілер айуандықпен азаптап өлтіреді.

«Хан-Тәңірі» операциясындағы сәтсіздіктен кейін Шалдин қатаң сөгіс алып, тағы қызметінде қалды. Бірақ, мұнан кейінгі шайқастарда да Мергенбай жасағына қауқар таныта алмаған соң, оның орнына Калоев деген ұлты осетин азамат тағайындалды.

 

Калоев қырғыны

Әйгілі Константин Черненконың (Мергенбай жасағын талқандай алмаған Константин Черненко кейін Қорғаста Бекмұратов жасағын жойып, қызметі жедел өскен. Ол 1984 жылы КСРО Жоғарғы Кеңес Призидумының төрағасы болып, Кеңестер Одағын басқарды) Калоев туралы айтқан әңгімесіне кезек берсек.

 

Константин Черненко - 1984-1985 жылдары КПСС ОК Бас xатшысы және КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы болды.

Черненконың жас кезі

Біздің білуімізше, Калоев келе сала Қытайға қашқан елді аямай қырып, аты шыққан еді. Ол туралы үзеңгілес досы Черненко: «Бір күні Калоев Мергенбай жасағы шекараны бұзып өткенін хабарлап, дабыл қақты. Біз оған жер жағдайын жақсы білмейсіз. Бұл шайқасқа бармай-ақ қойыңыз» дедік. Ол біздің айтқанымызға көнбеді. «Менің қасымда жер жағдайын білетін қызыл әскерлер болады. Мұндай сәтте қол қусырып отыра алмаймын» деп отрядты өзі басқарды.

Калоев бұрынғы Шалдин секілді атыс болып жатқан жерге төте барған жоқ. Мен бастапқыда командирдің бар болғаны үш шекарашы атысып жатқан жерге бірден көмекке бармағанын түсіне алмадым.

Сөйтсем, ол Теріскей Алатауға төте тартып, Мергенбай жасағының алдын орауды ойлапты (алда көш кетіп бара жатқан). Біз Мергенбай жасағының ту сыртынан келіп соққы бердік. Бұл шайқас бір тәулікке созылды. Мергенбай әскері сытылып кететін жол таба алмай қиналды.

Екі жақ та оқты көп шығындамай атысты. Оқ дәрі таусылып, шайқас аяқталған соң, біз өлгендердің сүйегін санадық. 30 банды тіл тартпай кетіпті. Мергенбайдың жаралы жеті әскерін қолға түсірдік. Бізден бірде бір адамның шығыны болған жоқ» дейді.

30 банды дегені қызылдардың озбыр саясатынан қашқан қарапайым халық болатын. Бүгінгі тілмен айтқанда, босқындар еді.

 

«Қаңғыған оқ»

Мергенбайды Калоевтің қырғыны да тоқтата алған жоқ. ОГПУ чекистері Мергенбайға қазақтың өз ішінен шыққан адам болмаса, қызыл әскердің шамасы жетпейтінін анық аңғарды. Қызылдар 2-3 жыл бойы «Мергенбайды қолға түсіремін» деп қаншама әскерінен айрылды. Елдің тең жарымынан астамы Мергенбай сынды батырлардың күшімен Қытай асып кетті. Сондықтан да, қызылдар Мергенбайдың көзін жою үшін арнайы жансыздарды жіберуді жиілетті.

Батырдың айналасындағы адамдардың ешқайсысы да Мергенбайдың атын атамайтын. Мергенбай өзіне астыртын қатер төнуі мүмкін екенін біліп, жұртқа «Мені Аманжол деп атаңдар» дейді екен.

Құрманжан көпірі маңында Мергенбай жерленген жер

1932 жылдың күзінде Мергенбай батыр Ойқарағай тауымен тағы бір көшті бастап, Қытайға аман алып өтеді. Көшке Жабыр қырқасынан аса бергенде арып-ашқан екі жігіт келіп қосылады. Әңгіме төркініне қарағанда олардың да ойы шекара асып кету екен. Жұрт бұл екеуінен күдіктенбейді, қайта мүсіркеп қатарларына қосып алады.

Көш таң ата Хасан қиясынан өтіп Қытай жеріне аяқ басады да, Текес өзені маңына келгенде қалмақтардың  тосқауылына тап болып, атыс басталады. Шайқаста Жүкебайдың ұлы (Керімбала апаның ұлы) Нұр оққа ұшады. Мұны көрген Мергенбай: «Қап, мына ит қалмақтың қапыда біреудің жалғызын жайратқанын-ай... Атыңдар, аямаңдар кәпірлерді! Қырыңдар» деп жауға қарсы бес оқ шығарып, көшті бір айналып, қорамсаға қол салғанда, ту сыртынан екі рет оқ атылады. Оқ жотадан тиіп, қарнын жарып шыққан. Батыр тілге келмеген күйі жүріп кетеді.

Сұмдығы сол, ажал оғының алдынан емес, артынан орағытып келгені еді.  Ту сырты деген сөз – көш, көштің іші емес пе? Жұрт осы күнге дейін бұл қазаны, елден үдіре ауып бара жатқан көшке Жабыр қырқасынан  кездейсоқ қосылған екі жігіттен көреді. Бұлар «ОГПУ-дің әдейі дайындаған жансыздары еді» деседі.

«Қазақты коммунистердің озбыр саясатынан арашалап қалам» деген асыл ердің ақтық демі 49 жасында Текес өзенінің бойындағы Құрманжан көпірі маңында мәңгілікке үзілді.

Үлкендер қандас, рулас ағайынның арасы бүлінбесін деген ниетпен «Мергенбайға Текес бойындағы шайқаста қаңғыған оқ тиіп, шейіт кетіпті» деседі. Содан болар, қаңғыған оқтың қазақты қандай оғланынан айырғанын біз әлі де бағамдай алғай келеміз.

 

Сөз соңы

Құдайберген Мергенбайұлы Жаманкөзов

Мергенбай батыр туралы әңгімелерді айтуға жиналған туған-туыс

Мен осы мақаланы жазар алдында Райымбек ауданы Текес ауылында тұратын қазақтың Мұздауанына айналған батырдың ұлы Құдайберген ақсақалдың шаңырағына соқтым. Батырдың туыстары жиналып, маған өздері білетін біраз әңгімені айтып берді.

Құдайберген ақсақалға әкесі Мергенбайдың оқ тесіп өткен бешпетінің жұрнағынан ырым жасап киім тігіп берген екен.  Сол бешпетті киген 2-3 жастағы сәби қазір тоқсаннан асыпты. Ақсақалдың маған әңгіме айтуға күйі болмады. Бірақ, Мергенбай батырдың жүріп өткен соқтықпалы-соқпақсыз жолын Құдайберген ақсақалдың жанарынан көргендей әсерде болдым.

 

Түйін

Ұлы даланың ең биік нүктесі Хан-Тәңірі маңындағы Мұздауанның қойнауы толған адам сүйегі... Егер Мергенбайлар тірі болса, ол асуда мұнша халық қырылар ма еді? Мені осы сұрақ мазалайды...

Мергенбайдың рухы Хан-Тәңірідей асқақ еді. Ол – коммунистік-тоталитарлық жүйеге Мұздауан секілді өткел бермес асу болды.

Ол Асу қазақ деген халық барда күн санап асқақтай береді....

 Автордың бүркеншік есімі: Бандының баласы

10 қаңтар, 2019 жыл

Қанат Әбілқайыр

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2277
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594