Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 9247 11 пікір 30 Қаңтар, 2019 сағат 13:14

«Жастар жылында» шетелдік қазақ жастары шет қалмау керек

«Отандастар» қорының президенті
Н.Ә.Әбіқаевтың;

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы
Төрағасының бірінші орынбасары
З.Қ. Тұрысбековтың назарына!

Елбасымыздың 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауы – жалпы жұртшылық арасында керемет қолдауға ие болды.

Мұндай атаулы жылда жастардың өз жаңалықтарын жарқыратып көрсетуіне мүмкіндік туары, қордаланып келе жатқан көп мәселенің түйіні шешілері шындық.

Тіпті, 23 қаңтардағы Жастар жылының салтанатты ашылу жиналысында Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін жылына бір мыңнан кем емес пәтер салуды бірден тапсырды.  Бұл дегеніңіз – үкімет қызметінде жүрген жастар үшін керемет қолдау екенін айтып жатудың өзі басы артық сөз.

Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қайда жүрсе де қазақтың тарихи отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан» деген болатын.

Біз – Қарашаңырақта – Қазақстанда болып жатқан осындай тарихи оқиғалардан,  даталы жиындардан шеттегі қандастарымызды шет қалдырмауымыз керек! «Жастар жылы» – шетелдегі этникалық қазақ жастарын Отанға тартудың табылмас орайы болғалы тұр.

Құдайға тәубе, Елімізде шекара сыртындағы қандас жастарымыздың Атажұртына оралуына, білім алуына, қоныстанып қалуына толық заңнамалық негіз қаланған.

Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 66-бабында шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жазылған бақандай үш тармақ бар:

1. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар.

2. Мемлекет шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға жәрдемдеседі.

3. Шет елдегі қазақ диаспорасы үшін білім беру ұйымдарын құру және оған қаржылық-материалдық көмек көрсету халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Ол аз десеңіз, «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 ақпандағы № 264 Қаулысымен Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін – 4 пайыз жеңілдік қарастырылған.

Оның сыртында, «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 33-бабында осы жеңілдікпен оқуға түскен этникалық қазақ студенттері үшін жоғары оқу орындарының жатақханаларына уақытша тіркелуге, тұрақты тұруға және жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтінішхат беруге құқық берілген.

Сондай-ақ, алда қайта қаралатын «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның «Білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті» деген 13-бабына «3-1)» етіп, шетелдегі қазақ жастарын ақылы оқуға шақыру үшін жаңа тармақ қосу туралы ұсыныс беріп қойдық. Қабылданады деген сенімдеміз.

Өкінішке орай, Тәуелсіз Отанының беріп отырған осы мүмкіндігін біздің шеттегі қандас жастарымыз өз деңгейінде толық пайдаланып отырған жоқ! Оның өзіндік себептері де бар!

Ең басты себеп, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайлары қарсаңында болмаса, атқарушы биліктің барлық саласы шеттегі қандастарымызды атаулы оқиғалар мен даталы жиындар кезінде көбінде ұмытып кетеді.

Екіншіден, қазақтың іргелі бөлімі қоныстанған мемлекеттердегі саяси жағдай ұлты қазақ жастардың шетке шығуына барынша кедергі жасап отыр.

Одан қала берді жат жерде туып, ана тіліндегі мектеп болмағандықтан өзге тілде оқыған жастардың қалғып кеткен ұлттық санасы да кесірін аз тигізіп жатқан жоқ...

Міне, тағы қайталап айтайын, «Жастар жылы» – шетелдегі этникалық қазақ жастарын Отанға шақырудың табылмас орайы болмақ.

«Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы бұл мүмкіндікті барынша толық пайдаланып қалуы керек!

Ал, ол үшін не істеу керек?!

2015 жылы 24 желтоқсанда «Нұр Отан» партиясының «Мирас» қоғамдық кеңесі кезекті жиналысын көші-қон және шеттегі қандастар мәселесіне арнап, зиялы қауым өкілдерін жиып, талқы жүргізген болатын.

Мен сол жиналысқа сарапшы ретінде қатысып, алдымен «АШЫҚ ЕСІК» акциясын өткізу туралы жоба ұсындым. Одан бері де төрт жылдың жүзі болды, сол ұсыныс аяқсыз қалды.

«Жастар жылы» қарсаңында шеттегі қазақ жастарын еске ала отырып, бір кезде «Нұр Отан» партиясы және оның «Мирас» қоғамдық кеңесіне ұсынған өтінішімді бүгін қандастарымызбен тікелей жұмыс атқарып отырған «Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы басшыларына ықшамдап, қайта ұсынуды жөн көрдім.

АЛДЫМЕН «АШЫҚ ЕСІК» КЕРЕК
(https://abai.kz/post/42897 )

Алдағы жерде «Нұр Отан» партиясы және оның «Мирас» қоғамдық кеңесі осы «АШЫҚ ЕСІК» акциясына баса назар аударса, тиянақты жоба жасап, Үкіметке заңнамалық күші бар құжат қабылдатуға ықпал етсе екен деймін.

Мысалы, Шығыстағы көршіміз Қытай Халық Республикасында, соңғы санақ мәліметі бойынша, 1 542 600 этникалық қазақ тұрады. Оның 60 мыңы кәсіптік орта және жоғары оқу орындарының студенттері. Сол алпыс мыңның 15 мыңы Қытайдың ішкі өлкелерінде әр түрлі мамандықта оқиды екен. Бір қуанарлығы, осы он бес мың студенттің өз беттерімен құрған «Қытай Қазақ студенттер бірлестігі» деген ұйымы бар. Өз ішінен сайланған төрағасы, 22 өлке мен Орталыққа тіке қарайтын үш үлкен қалада бөлімшесі жұмыс істейді. Әр жылы Құрылтайлар ұйымдастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін шаралар өткізіп келеді. Биыл «Қазақ хандығының 550 жылдығын, Хакім Абайдың 170 жылдығын шама-шарқынша атап өткенін мен жақсы білем. Наурыз мерекесін де жыл құрғатпай тойлап отырады. «Тоғыз құмалақтан» спорттық жарыстар өткізіп тұрады...

Олар Қытайдағы Қазақстан Елшілігімен тығыз байланыста. Елімізден сапарлай барған Үкімет басшыларына тілмәш болып жүргендері де бар. Мысалы, жақында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа Мәрмәр Қанатқызы деген қарындасымыз аудармашы болды.

Демек, осындай қазақ студенттер Маңғолия мен Өзбекстанда, Ресей мен Батыс елдерінде де көп... Олардың да осы тектес студенттік ұйымдары бар болуы әбден мүмкін!

Егер қазақ көшін көлікті етем десе, Қазақстан тарапы ең алдымен осы жастармен жұмыс істегені жөн.

Ол үшін, осы жастардан жазға қарай Қазақстанға арнайы 100 АДАМДЫҚ жастар делегациясын ұйымдастыру керек.

Делегатция құрамы жай студенттер емес, ғылымда ашқан жаңалығы бар, үздік оқитын, өз ортасында биік беделі бар қыз-жігіттерден жасақталсын. Олардың қазақ тілін білу-білмеуіне шек қойылмасын. Студент жастар өздері тапқан, патенттеген ғылми жобаларын, мүмкіндік бар, бірге ала келетін болсын...

Келген бетте, оларды «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары немесе «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы қабылдап, Партияның бас штабы орналасқан ғимаратты аралатуы, өз кеңсесіне кіргізіп, фотоға тусуге мүмкіндік беруі, Бас партия жөнінде түсінік жасауы, мағлұмат жеткізуі тиіс.

Сосын, бұл топ Парламенттің қос палатасында қонақта болсын. Қос Төрағаның да кәбинеттерін көрсін, таныссын. Бір-екі депутат қабылдап, кеңес өткізсін. Сенат Төрағасы Қ.Тоқаевтың өз елдерінде шыққан кітаптарын ала келіп, авторлық қолтаңба жаздырып алсын.

Одан арғы жерде, Үкімет үйін аралап, Премьер-министрдің креслосына отырып көрсін.

Ары қарай, бұл сапар Ақордада жалғассын. Елбасымыздың кәбинетін, кітапханасын, жиналыс залдарын тамашаласын.

Сосын Назарбаев университетіне барып, өз құрбыларымен кездессін, таныссын, пікірлессін!..

Арнайы уақыт бөліп, қаржы саласында оқып жатқан жастармен ҚР Қаржы министрі, болашақ дәрігерлермен Денсаулық сақтау министрі, педагоктармен Білім және ғылым министрі, экономистермен Экономика, энергетиктермен Энергетика министрлері... жеке-жеке кездесіп, әңгімелессін.

Сонымен қатар, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрынан арнайы қазақ музыкасының жауһары – «Біржан – Сара» операсын көрсін.

Сапар соңына таман Астананың, Қазақстанның көрікті жерлерін араласын.

Бір есте болатын нәрсе, олардың барған жерлерінде смартфондарымен  фотоға түсуіне, видиоға жазуына рұқсат берілсін!

Мұндай дәстүр дамыған елдерде бар. Мысалы,  Германия канцлері Ангела Меркель АШЫҚ ЕСІК күндерін өткізіп, өз резиденциясын халыққа көрсетіп тұрады (https://www.youtube.com/watch?v=MABDUyxJy68 ).

Жат жерде жүрген қандастарымыздың бірен-сараны ғана өзі тұрған елдерінің президент сарайларын мықтағанда сыртынан тамашалаған болар. Министр атаулының қолын алу былай тұрсын, қарасын да көрмегені шындық...

Қазақ айтады ғой, «Мың естігеннен, бір көрген артық» деп.

Отанымызды әлемге одан ары таныта түсу үшін, ең алдымен мемлкет құраушы ұлт – қазақтың өзі терең танығаны жөн елімізді!

Сөйтіп, «Жастар жылының» арқасында шеттегі қазақ жастары да Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз қолымен құрған Ұлы Дала Елін, оның 28 жылда қол жеткізген ұшан-теңіз жетістігін өз көздерімен бір көрсін!

Ұлы мемлекетінің бар екеніне көздерін жеткізіп, көңілдерін марқайтсын!!

Ғасырда бір туатын Нұрсұлтан Назарбаевтай арқатірегінің болғаны үшін кеуделерін мақтаныш сезіміне толтырсын!!!

Сөйтіп, әлемдегі бар қазақтың барар жері – Қазақстан екенін айтып, осы бастан олардың «құлағын бұрай беру» керек қой!

Демек, жоғары деңгейде, жақсы ұйымдастыра білсек, осы шара-ақ шетелде жүрген қандастарымыздың Ұлы Дала еліне деген көзқарасын түбегейлі өзгертетініне менің сенімім кәміл.

Айтпақшы, бұл сапарларды отандық БАҚ кең көлемде таратып отырсын.

Келуші ағайындардың өздері де WhatsApp, Facebook, Twitter, Instagram желісі арқылы біздің сол БАҚ-тан бір кем хабар таратпасы тағы анық...

Сосын, елімізге ешқайда кетпейтін нағыз ұлттық инвесторлар тартылады, қаржы да құйылады, мамандар да ағылды.

Баласы келсе, артынан аруана секілді ата-анасы да жетеді.

Ал, кетерде алыстан келген іні-қарындастарына Астана қаласының әкімі қонақасы беріп, шығарып салсын. Аспа-төк дастарханның керегі жоқ, пейілмен берген бір шыны сүтті шай жеткілікті.

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2283
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3621