Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
46 - сөз 10950 5 пікір 31 Қаңтар, 2019 сағат 12:26

Барлық нәрсе Ойдан басталады

Бақ кімге қонады? Әдетте біз жолы болған адам туралы: " Бақ қонған екен!", "Бағы жанған екен!", "Бағы ашылыпты!" деп жатамыз. Бақ таңдап қона ма, әлде көрінген адамға қона ма? Бақ қонса адамның қай жеріне қонады? Қазақ руханияты бұл туралы не дейді екен, құлақ түрелік:
Сөйлеп қал, қызыл тілім, жақ барында,
Кеудеде ақыл, маңдайда бақ барында,
Мың сайтан, жүз пәлекет қамаса да,
Бір тәңірі қағып шығар сақтарында ( Шал ақын).

Енді білдік - бақ адамның маңдайына қонады екен. " Маңдайының бағы бес елі" немесе: "Маңдайының соры бес елі" дейміз. Ал енді адамның маңдайының жан- жағына жұпар шашып, хош иісті, мәуесі салбыраған Баққа айналуы не ел қонбайтын, сортаңы шыққан Сорға айналуы неге байланысты?

Адамның тіршілігі, болмысы Үш ұстынға берік байланған: Ой, Сөз, Іс! Ең бірінші, әлбетте, Ой: барлық нәрсе Ойдан басталады- Жақсылық та, Жамандық та - бәрі-бәрі Ойдан басталады. Абай: "Көкірегіне көп жұбаныш,
Гүлденіп ой өлкесі" дейді. Сонда адамның өз қолында болып тұр ғой: Ойын гүл қылу да, күл қылу да! Қонған бақ баянды болу үшін не істемек керек? Көмекке Бөлтірік шешен келеді:
"Ойың ақ болсын.
Сөзің ақ болсын.
Ісің ақ болсын.
Ойыңның ақ болмағы - арыңнан,
Сөзіңнің ақ болмағы - жаныңнан,
Ісіңнің ақ болмағы- ақылдан".
Ар- тазалық, жан тазалығы. Ең қиыны осы- жаныңды таза ұстау; керек болса тазалық үшін жаныңды (нәпсіңді) құрбан ету("малым-жанымның садағасы; жаным- арымның садағасы ").

Сайып келгенде Ар да, Ақыл да - Жанның қасиеттері. Көп адамда қазір жан күйзелісі (депрессия) жиі орын алады. Неге? Өйткені осы Мал(ақша), Жан, Ар - дың қарым- қатынасын жете түсіне алмайды. Осы үшеуінің иерархиясын айыра алмайды. Содан бақ құшам деп батпаққа қалай батып кеткенін де өзі де білмей қалады. 

Омар Жәлелдің facebook парақшасынан

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036