Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 4695 1 пікір 7 Ақпан, 2019 сағат 14:27

Сенатқа жастар шақырылып, дөңгелек үстел өтті

Сенатта «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңды іске асыру және Жастар жылын өткізу аясында мемлекеттік органдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың алдында тұрған міндеттерге арналған дөңгелек үстел отырысы болды.

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар алдында сөз сөйлеп, онда Елбасымыз жария еткен Жастар жылының ең басты мақсаты - өскелең ұрпақтың барынша сапалы өмір сүруіне қажетті жағдай жасау, жастар – бұл мемлекетіміздің күш-қуатын еселейтін ең негізгі, мықты буын екенін атап өтті.
Жоғарғы Палата Төрағасы Қ.Тоқаевты дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінің толық мәтінін ұсынып отырмыз.

-Қазақстан осындай арынды ұрпақтан кенде емес жас мемлекет. Әрбір екінші қазақстандықтың жасы 30-дан төмен болса, азаматтарымыздың орташа жасы 34-тен аспайды.

Мемлекет басшысы жуырда Жастармен өткізген кездесуінде атап көрсеткендей, аға буын өкілдері Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі аса күрделі геосаяси ахуалда жаңа мемлекеттің іргетасын қалады, мемлекетімізді өркениетті елдердің қатарына қосты, көршілес елдермен тиісті шарттарға қол қойып, шекараның мызғымастығын қамтамасыз етті және Қазақстан экономикасының одан әрі қарқынды дамуы үшін қажетті жағдай жасады.

Елбасының айрықша күш-жігерінің арқасында бүгінде еліміз барша әлемге танымал, ықпалды және беделді мемлекетке айналды. Қазір қазақ халқын бүкіл әлем қауымдастығы құрметтейді және оның пікірімен санасады. Бұл – ел тарихында бұрын-соңды болмаған, ата-бабамыз армандаған ең үлкен жетістік. Сондықтан Президент айтып өткендей, еліміздің ертеңі жас ұрпақтың қолындағы асыл аманат.

Қазір әлем күн санап құбылу үстінде. Жаһан дамуының кейбір тұстары адамзат үшін үнемі тиімді бола бермейтіні даусыз. Халықаралық ахуал шиеленіскен кезеңде біздің мемлекетіміздің қауіпсіздігіне төнетін сын-қатерлер де арта түседі.

Осындай аса күрделі әлемдік ахуалда елдігімізді сақтап қалу мен табысты дамудың бірден-бір жолы, шын мәнінде, ұлт болып ұйыса отырып, әрекет ету екенін түсінуіміз қажет. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан халқының жарқын болашағын қамтамасыз ету тікелей өзіміздің іс-әрекетімізге байланысты. Мемлекеттің дамуы, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұлтымыздың өркендеуі біздің өзімізден басқа ешкімге қажет емес екені анық. Сондықтан біз жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеудің аса маңызды міндет екені туралы сөз қозғап отырмыз.

Алайда, жастардың отаншылдық рухы жалаң ұраншылдық пен жоғары мансапқа емес, ең алдымен, терең білімге негізделуі тиіс. Келешек шынайы біліммен қаруланғандардың қолында екенін баршамыз жақсы білеміз. Инновациялық табысқа қол жеткізген және сол жетістіктерді өз халқының игілігі үшін пайдалана білген мемлекеттер ғана көш алдында болары анық. Бұл орайда, дамыған елдер жасанды интеллект пен өзге де маңызды ғылыми зерттеулерге айтарлықтай қаражат бөліп отырғаны кездейсоқ жағдай емес.

Басқаша айтқанда, әлем қауымдастығы айқын қарама-қайшылықтардың алдында тұр. Ғылым мен жаңа технологияларға ден қойған мемлекеттердің жолы даңғыл болары сөзсіз. Қалғандары күнкөрістің қамын күйттеп, жолы болып жатса, дайын ғылыми өнімді тұтынушылардың қатарына қосылады.
Ғұлама Абай айтқандай, «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық». Сондықтан әлемдік дамуда орын алып отырған болжамдарға немқұрайлы қарамай, тиісті қорытынды шығаруымыз қажет. Бұл тұста, жастардың күш-жігері мен белсенділігі аса маңызды екенін айту керек.

Әлемдік сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстанда жалпыұлттық және жаһандық міндеттерді жүзеге асыруға қабілетті, шығармашылық ойлау әлеуеті жоғары, алдына биік мақсаттар қоя білетін жастар аз емес. Біздің, парламентшілердің алдында тұрған міндет - осындай дарынды жастарға қажетті құқықтық жағдай жасау болып табылады. Жастар жылының мән-маңызы да осында.

Кезінде Президент Жалпыға ортақ Еңбек қоғамын құру жөнінде тапсырма берген болатын. Мазмұны өте салмақты маңызды бастаманы тиісті мемлекеттік құрылымдар ұраншылдыққа салып, қысқа мерзімді науқанға айналдырып жібергенін мойындау қажет. Шын мәнінде, біз жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясын алға тарта отырып, барша халықтың, соның ішінде жастардың ұлттық ой-санасы мен мінез-құлқын түбегейлі қайта қарау мәселесіне назар аударуымыз қажет.

Ата-бабамыздың асыл қасиеттерін – мейірімділікті, қайырымдылық пен қонақжайлылықты, шешендік пен өнерге деген сүйіспеншілікті көздің қарашығындай сақтай отырып, біз бүгінгі заманның талаптарына сай мүлдем жаңа қасиеттерге де ие болуымыз керек. Бұл, ең алдымен, табанды еңбекке деген, еңбектің әр алуан түрлеріне сүйіспеншілік болуы тиіс. Ешқашан бағасын жоғалтпайтын құндылықтар, Абайша айтқанда, бұл - «Талап, еңбек, терең ой».

Баршамыз аяқ басқан жаңа ғасырда біздің алдымызда терең ойлы, еңбекқор, сындарлы, төзімді, ұтқыр және жаңашылдыққа ұмтылған ұлттың жаңа бейнесін, демек, бәсекеге қабілетті ұлт иесін қалыптастыру міндеті тұр. Жоғары оқу орындарындағы бағдарламалардың мазмұны жастарды дәл осы заманауи қасиеттерге баулуы тиіс. Осы орайда, отандық жоғары білім беру жүйесінің көшін бастап тұрған – Назарбаев университеті еліміздегі білім ордаларына бағдар бере алатынын ескеру қажет.

Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, ең алдымен, жастардың мақсат-мүддесін көздейтін бірегей жоба. Бұл қоғамды жаһандық өркениеттің теңдессіз жетістіктерімен таныстыратын, жаңа құндылықтарға, атап айтқанда, сындарлы көзқарас пен еңбекке деген сүйіспеншілікке тәрбиелейтін кең ауқымды бағдарлама. Алайда, біз халқымыздың рухани мұрасына адал болып, өткеннің сабақтарын ұмытпауымыз қажет.

Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да – жастарды ұлттық құндылықтарға баулитын өте керемет туынды. Мемлекет басшысының мақаласы жас ұрпақты ата-бабаларымыз мұра еткен жетістіктермен таныстыратын құнды дүние.

Мемлекет басшысы бастама жасаған жаңа ауқымды жобалар жастар саясатындағы жүйелі өзгерістерді қамтиды.

Бұл тұста білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, жастардың арасындағы кәсіпкерлікті ынталандыру, денсаулықтарын нығайту, жас ұрпақ үшін тиімді жұмыс істейтін әлеуметтік сатыларды іске қосу туралы сөз болып отыр.

Жастарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша назар аударылатын болады. Әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша еліміздегі жастардың 40 %-ға жуығы тұрақты түрде жұмысқа орналасу проблемаларын бастарынан өткізеді екен.

Алайда, қазіргі уақытта жастардың арасындағы жұмыссыздық барлық әлемде өткір мәселеге айналып отыр. Соңғы деректер бойынша жастардың жұмыссыздық деңгейі 13%-ды құрайды, ал кейбір елдерде 40%-ға жетеді. БҰҰ деректері бойынша әлемдегі әрбір бесінші жас оқымайды және жұмыс істемейді.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, жастардың жұмыссыздығын жоюдың басты мүмкіндіктерін шағын және орта бизнес саласынан табуға болады.

Біздің жастарымыздың бойында кәсіпкерлік бастамаларды іске асыра білу қабілетін тәрбиелеу қажет. Қазақстанмен салыстырғанда экономикалық жағдайы анағұрлым қиын жағдайдағы көрші мемлекеттердің жастарының қаншалықты икемді, іскер екені, өз шағын бизнестерін жүргізуге бейімделгені байқалып отыр. Бұл елдерде жастар жаңа мамандықтарды игерген, өз туыстары мен өз мемлекетіне қолдау көрсету мақсатында өздігінен жұмыс тауып, шетелдерде де жұмыс істеуде.

Өкінішке орай, кәсіпкерлік саласы Қазақстан жастарын әлі де қызықтырмай отыр. Әлеуметтік сауалдардың деректері бойынша сұралған жастардың 51 %-ының бизнеспен айналысу туралы ой жоспарында жоқ екен. Бұл проблемаға басқа жағынан қараған дұрыс. Мүмкін, біз бизнеспен айналысу үшін өзіміз тиісті жағдай жасамай отырған шығармыз?

Жоғары және кәсіби білім беру салаларында нарықтың сұраныстарын бағдарға алудың жоспарланып отырғаны маңызды. «Жас маман» бағдарламасы жаңғыртылған 200 оқу орнының негізінде индустриялық және сервистік бағыттағы 100 аса қажетті мамандық бойынша мамандарды даярлау көзделіп отыр.

Жастардың кәсіпкерлігін ынталандыру «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша гранттардың көлемін екі есе ұлғайтуды көздейді. Жастардың стартаптарын қолдау қоры құрылып, жастарды бизнестің негіздеріне оқыту жолға қойылады, әр өңірде саны 100 мыңға дейінгі білімді жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға арналған «Жас кәсіпкер» бағдарламасы дайындалатын болады.

Қазақстан жастарға аса мықты мемлекеттік қолдау көрсетіп отырған бірден-бір ел. Әлемнің ешбір мемлекеті дәл осындай белсенді шаралар жүргізген емес. Сондықтан біз жастарға зор үміт артып қараймыз және олар әрқашан алға ұмтылады деп кәміл сенеміз. Бұл жерде мемлекеттен үнемі көмек күту туралы сөз болмауы тиіс. Бастамашыл, ұтқыр және еті тірі адамдар ғана табысқа жететінін естен шығармауымыз қажет. Бұл – әлемде қалыптасқан үрдіс.

Туризм жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту бағытында келешегі зор салаға айналады. Біздің елімізде экологиялық, спорттық-сауықтыру және экстремалды туризм салаларын дамыту үшін барлық мүмкіндіктер бар. Туризм саласы бойынша білікті мамандардың жетіспеушілігін ескере отырып, еліміздің жоғары оқу орындарында туризм және қонақүй бизнесі факультеттерін кеңінен ашу қажет.

Ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін нығайту – маңызы айрықша міндеттердің қатарында. Дүниежүзіне әйгілі IT-компанияларда үлкен жетістіктерге жеткен отандастарымыз да бар. Осындай болашағы зор жас мамандар ел игілігі үшін, экономикамызды дамыту жолында қызмет етуі қажет. Әрине, ең алдымен, біз оларға қажетті жағдай жасауға тиіспіз. Дарынды жастарға жеткілікті деңгейде қолдау көрсетпей, «алдыңғы қатарлы зияткер мемлекет» қатарына қосылу қиын екенін мойындауымыз керек.

Қазіргі әлемде волонтерлік институтын дамытуға үлкен мән берілуде. Волонтерлердің азаматтық қоғамды құру ісіне және оны нығайтуға қосып отырған үлесінің маңызы жоғары. Мемлекет басшысы волонтерлік қызметпен белсенді айналысып жүрген студенттердің шәкіртақыларын көбейту туралы тапсырма берді. Парламенттің алдында «Волонтерлік қызмет туралы» Заңды жетілдіру, пысықтау жұмыстарын жүргізу міндеті тұр. Заңның қолданыстағы редакциясы волонтерлік қызметті ынталандыру мен көтермелеудің нақты тәсілдерін регламенттемейді.

Жастарды парламенттің және жергілікті өкілетті органдардың жұмысына кеңінен тарту қажет деп есептеймін. Біз өздерінің азаматтық көзқарасын белсенді түрде білдіре алатын және оны табандылықпен қорғайтын жаңа буын өкілдеріне қолдау көрсетуіміз керек.

Алға қойған мақсаттарына қол жеткізіп, өзін-өзі дамытуға талпынған жастарға шынайы қолдау қажет. Қазақстандық жастар өз болашақтарына сеніммен қарауы тиіс, олар үшін Қазақстан мемлекеттік басқарудан бастап ғылым мен шығармашылыққа дейін сан алуан салаларда табысқа жетуге мол мүмкіндіктер беретін ел болуы тиіс.

Бүгінгі күні барша қоғам балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мәселесіне баса назар аударып отыр.

Айрықша назар аударуды қажет ететін әлеуметтік проблемалардың бірі – жастар арасындағы қылмыс деңгейі. Жыл сайын елімізде жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың 50 %-ға жуығын жастар жасайды екен. Мәселен, 2017 жылы барлық қылмыс жасаған адамдар санының 46 %-ы 14 пен 29 жас аралығындағы жастар болған.

Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдары және танымал қоғамдық қорлардың қызметі арқылы белгілі болып отырған, мектептерде орын алған күш көрсету, қорқыту мен қорлық көрсету әрекеттері кең көлемде қоғамның наразылығын тудырып отыр.

Бұл проблема барша әлемде кеңінен орын алуда. ЮНИСЕФ балалар қорының деректері бойынша әлемде 13-15 жас аралығындағы әрбір екінші оқушы, шамамен 150 млн-ға жуық бала мектептерде немесе оған жақын жерлерде өз құрдастары тарапынан қорлық көреді екен.

Мектептерде орын алып отырған зорлық-зомбылық жағдайлары – бұл барлық мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшілік екенін мойындау қажет. Бұл мәселеге көз жұмып қарауға болмайды. Осы түйткілдің шығу себептерін анықтап, мектептерді жайлаған қорқыныш пен үрейден түбегейлі құтылу үшін нақты шаралар қолдану қажет. Бұл мұғалімдердің, ата-аналар мен жастар ұйымдарының, барлық деңгейдегі әкімдердің және тұтас қоғамның алдындағы маңызды міндетке айналуы тиіс.

Жастардың дінге байланысты қарым-қатынасы - біздің назарымыздан тыс қалып жататын маңызды мәселелердің бірі. Қазақстан барлық дәстүрлі діндерге төзімділікпен қарайтын зайырлы мемлекет болып табылады және алдағы уақытта да солай бола беретіні анық. Әр үш жыл сайын Елорда төрінде өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі барша өркениет өкілдерінің басын қосатын жаһандық деңгейдегі бірегей бастама болып табылады.

Еліміздегі әрбір жас азамат, өзінің діни сенімінен тыс мемлекетке, оның заңдары мен нышандарына құрметпен қарауы тиіс. Мектептердегі жүріс-тұрыс әдебі және киім кию үлгісі халықаралық тәжірибені, ең бастысы, халқымыздың ұлттық дәстүрлерін негізге алуы керек. Шын мәнінде, біз шетелден келген «жалған діни стереотиптерді» емес, ұлттық дәстүрлерімізді арқау етуіміз тиіс. Бүгінгі таңда діни сеніміне бола балаларды білім алу мүмкіндігінен айырып, олардың білім көздерінен қол үзуіне мәжбүр болған жағдайлар орын алып отыр. Менің ойымша, бұл мәселе бойынша әлі де толыққанды шешім табылған жоқ. Сондықтан осы күрделі мәселе жөнінде келісілген және орынды шешім табу үшін Парламент пен Үкіметті бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын.

Әділбек Қаба

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588