Бауыржан Байбек бірқатар негізсіз шығындардан арылуды ұсынды
Бауыржан Байбек Алматыда бірқатар негізсіз шығындардан арылуды ұсынды. Қала әкімі өзінің сөзінде Алматы әкімдігі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелерімен бірге әлеуметтік мәні бар шешімдерді қабылдар кезде бюджет шығынын тұрақты тексеріп, оңтайландыру жүргізілетінін айтты.
«Универсиаданы еске алайықшы, оңтайландыру арқасында операциялық шығындардың өзінен ғана 18 млрд. теңгені үнемдедік. Өткен жылы қаланың көшелерін, саябақтары мен скверлерін реконструкциялағанда қаржының 40 пайызын үнемдедік. Өткен аптада қаланы дамыту жөніндегі жобаларды қараған кезде Есентай өзенінің жағалауын реконструкциялау жобасы оңтайландырылды. Бұл жобаны алдымен халықпен бірге талқылап, толықтырып, содан кейін ғана жүзеге асыру қажет. Біз қазірдің өзінде 3,5 млрд. теңгені үнемдедік. Жалпы, бірқатар негізсіз шығындардан арылған жөн. Мысалы, Жеңілатлетика манежінің құрылысы. Оны тағы бір рет мұқият қарап шықсақ, едәуір үнемге қол жеткіземіз деп ойлаймын», - деп атап өтті Алматы әкімі.
Үнемделген қаржылар бұрынғыдай қала тұрғындарының өтініштері негізінде әлеуметтік мақсаттарға жұмсалады. Олар - жаңа жұмыс орындарын құру, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға, оның ішінде көп балалы аналарға және басқаларға көмек көрсету спектрін ұлғайту.
«Бүгінгі күні Алматы бюджеті әлеуметтік бағытқа негізделген, халықты әлеуметтік жағынан қамтуға бөлінетін қаржы жыл сайын өсуде. Бюджеттің 50%-ы немесе 200 млрд. теңгеден астам қаржы денсаулық сақтауға, білім беруге, әлеуметтік жағдайы төмен жандарды қолдауға, коммуналдық шығындарды субсидиялауға, түрлі жәрдем төлемдеріне және басқаларға жұмсалады. Партияның қалалық филиалы, «Нұр Отан» фракциясы мәслихатта түрлі әлеуметтік мәселелерді көтереді. Барлық ұсыныстар жергілікті атқарушы органдарда оң шешімін тауып, қалада ойдағыдай жүзеге асуда. Мысалы, партия фракциясы ұсынысының арқасында 2016 жылдан бастап бала бақша төлемі 27 ден 15 мыңға төмендеді. Осы мақсатқа бюджеттен жыл сайын 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, 60 мың отбасыны қамтиды», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Қалада соңғы 4 жыл ішінде мемлекеттік тапсырыс есебінен жеке бақшаларда орын саны 3 есе артып, 4,7 ден 15,5 мыңға өсті. Жалпы, бала бақшалардың орындарын субсидиялауға жыл сайын 18 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл цифр 3 жыл ішінде 2 есе өсті. Бұлардан өзге, көпбалалы отбасылардың 11 сыныпқа дейінгі балалары тегін тамақтанады және мектеп формасымен қамтамасыз етіледі. Мұндай қажеттіліктерге жыл сайын қала 800 млн. теңгеден астам қаржы бөлуде. Тұрмысы төмен отбасылардың 4 мыңнан астам балаларының тегін демалысы үшін жыл сайын бюджеттен 230 млн. теңге қарастырылған.
Айта кетерлігі, соңғы 4 жыл ішінде партия ұсынысы бойынша көпбалалы отбасылардың мүшелері, мектеп, колледж оқушылары ЖОО студенттері мен зейнеткерлер жолақының жеңілдетілген 50 пайызын ғана төлейді, бұған жыл сайын 5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады. Жеңілдікпен 350 мыңнан астам адам қамтылған.
Партия бастамасы бойынша түрлі өтемақылар беріледі. Мысалы, 2,3 мың отбасының, оның ішінде көпбалалы аналардың коммуналдық шығындары өндірілді. Осы категориядағылардың үйлеріне есептегіш коммуналдық қондырғыларды орнату шығыны өтелуде. Бүгінгі күні 1000-нан астам отбасыға 50 млн. теңгеден астам қаржылай көмек көрсетілді.
Алматы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі
Abai.kz