Жексенбі, 24 Қараша 2024
2747 3 пікір 21 Ақпан, 2019 сағат 10:58

Сенаторлар «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заңды іске асыру мәселелерін талқылады

Сенатта «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заңды іске асыру барысы талқыланды. Шараға ішкі істер, қаржы, әділет, инвестициялар және даму, ұлттық экономика, ақпарат және коммуникация министрліктері мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері қатысты.

Отырысты Сенаттың  Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Георгий Ким ашып, аталған заң жобасы 2016 жылғы 10 маусымда Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Елбасының берген тапсырмасы негізінде қабылданғанын еске салды. Сенатор атап өткендей, заң қабылданған мерзімнен үш жыл өтті және цифрландыру саласында елеулі өзгерістер орын алды. Осыған байланысты 2021 жылы күшіне енуі тиіс заңды іске асыру мәселесі жіті қарауды қажет етеді.

ІІМ жедел-қылмыстық департаментінің бастығы Әлішер Мұхамедов пен қаржы министрінің орынбасары Татьяна Савельева негізгі баяндама жасады.

Ә.Мұхамедовтың айтуынша, ІІМ «Тұлғаны биометриялық сәйкестендіру» ақпараттық автоматты жүйесін құру» мемлекеттік инвестициялық жобасын іске асыруға әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Осы жобада тиісті жабдықты сатып алу, оны орнату және іске қосу, жүйені қолданысқа енгізу және ақпарат қауіпсіздігі талаптарына сәйкес оны аттестаттауға байланысты жұмыстың едәуір бөлігі қамтылады.

Сонымен қатар, Ә.Мұхамедов атап өткендей, 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетте осы жобаны іске асыруға қаражат көзделмеген. «Осы заңды уақтылы іске асыруды қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, ІІМ ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында қаржыландырылмаса, заңды іске асыруды одан кейінгі мерзімге шегеру қажет деп есептейді», - деді баяндамашы.

Т.Савельева қаржы министрлігі дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заңнаманы материалдық-техникалық және қаржы-ұйымдық қамтамасыз етуге арналған қажетті қаражатты бюджетке енгізуге әзір екенін жеткізді. Алайда, ІІМ құзыретті орган ретінде қажетті техникалық-экономикалық негіздеме мен тиісті сараптамалардың қорытындыларын ұсынған жоқ.

ҰҚК ақпараттық қауіпсіздік департаменті басшысының орынбасары Виктор Арсенов заңды күшіне енгізу мерзімдерін 2021 жылдан 2020 жылға ауыстыру қажет деп санайды. Бұл биометриялық мәліметтер мен тұлғаларды сәйкестендіру жүйесін енгізу көзделіп отырған мемлекеттік шекарадан өтуді бақылау жүйесін толық жаңарту жұмысын аяқтауға байланысты.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшелері талқылауға қатысты.

Депутат Владимир Волков мемлекеттік органдардың жұмысында үйлесімділіктің болмауына байланысты алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, мүдделі мекемелер талқыланып отырған заңды іске асыру мен басқа да құқықтық актілерге мониторинг жасауды тиімді жүзеге асырмайды. Сондай-ақ, сенатор өміріне қауіп төнетін кәсіп өкілдеріне қатысты дактилоскопиялық тіркеуді қолдану саласын кеңейту ІІМ өкілдерінің назарын қажеттігіне аударды.

Сенатор Нұрлан Бекназаров бірқатар нақты ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, кейінге қалдыру шартымен бюджет жобасына енгізуден бас тарту үшін негіздемелердің тізімін заңнамалық тұрғыда бекіту қажет деп есептейді.

Депутат қаржы министрлігін Парламент қабылдайтын заңдарды іске асыру бойынша қаржы жоспарын бекітуге үндеді. Осы жоспар нақты шаралар мен оларды іске асыру мерзімдерін және бюджет қаражаттарын бөлуді (сараптама өткізу, техникалық-экономикалық негіздемені, жоба-сметалық құжаттаманы мемлекеттік органдармен келісу мерзімдерін) қамтуы тиіс.

Одан басқа, Н.Бекназаров әкімшілік бюджет бағдарламалары үшін лимитті анықтаған кезде қаржы министрлігіне жыл сайынғы қажеттіліктерден тыс қосымша қаражат көзделуін ұсынды. Аталған барлық шаралар қабылданған заңнама актілерін уақтылы және әуре-сарсаңға салмай іске асыруға мүмкіндік береді.

Сенат депутаты Сәуле Айтпаева талқыланып отырған заңды қаржыландырудың созылып кетуін сынға алып, заңды іске асыру барысын Үкімет отырысында қарауды ұсынды.

Сенат комитетінің төрағасы Георгий Ким отырысты қорытындылай келе барлық мүдделі мекемелерді заң ережелерін уақтылы және сапалы іске асыру бойынша бірлесе жұмыс жүргізуге шақырды. Осы құжат мемлекет қызметінің маңызды салаларының бірін цифрландыруға арналған. Одан басқа, бұл құжат қауіпсіздік жағдайына, виза тәртібі мен мемлекеттік шекарадан өтуді бақылауға ықпал етеді.

Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенатының баспасөз қызметі

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5608